«Жыбырлақ жеңеше»

12 Қыркүйек 2018

Бала күнімде өзіме жақын екі жеңгем болды . Негізі менің жеңгелерім көп болатын , өйткені көршінің қатындарында жеңеше дейтінмін . Бір қызығы солардың бәрі маған жеңеше боламыз деп атымды айтпай “Әй бала “деп жүретін . Содан бір күні үйде сойылған малды тазалап жатқан жаңа түскен үйдегі жеңешем шақырып алып :


– Анау жеңешеңді шақырып келші мен үлгірмей жатырмын -дейді . Анау жеңешең дегенін түсінбей қалғаным рас , қайта сұрадым.

– Анау » жыбырлақ шешейдіше » деп алып ,соңынан Әмина жеңшеңді дейді құлағыма сыбырлап . Содан не керек Әмина жеңшемнің үйіне жетіп бардым . Сөйтсем авганец ағамыз түнде ішкенбе , жеңешем айқайды салып жатыр екен . Ол ағамыз ішті дегенше ауылда ит үріп , мысық мияуламайтын , содан қатты қорқатынмын . Мен мен бе ол ағам ішсе бүткіл ауыл қорқатын . Оның үстіне шешем де айтып отыратын , бұл қан көрген жынды , мұнан ішсе аулақ жүр балам дейтін . Бірақ сол ағамыз қанша жынды болсада Әмина жеңшемнен әрі асалмайтын . Не сыры барын білмеймін , араққа тойып алып тойларда топан шығарып жатқанда жеңешемді көрсе болды басын бұтына тығып жым болатын . Қысқасы қақпадан кіргенімнен , сол ағамыз шап беріп ұстап алмасы бар ма ?Аяқ қолымнан жан кетіп тілім байланды да қалды .
– Неғып жүрсің , кім керек?- дейді . Аузыма сөз түспей қорқып кеттім .
– Ей дейді , саған кім керек өзі ?Сенен сұрап тұрмын мен -дейді қолымнан тартып- тартып жіберіп . Тұтығып барып » Жыбырлақ шешей » керек еді деп қойып қалдым . Сөйтсем :
– Немене дейсің ?Қандай шешей?- дейді көзі аларып . Оған дейін үйден жеңешем шығып айқайға басты .
– Әй жынды , жібер баланың қолын . Апам мал сойып құран оқытқалы жатыр . Мен соған көмектесіп келейін . Сен алқаш қаңғып кетпей үйде бол –деді де мені ертіп алып біздің үйге қайттық .

Тәпішкесін тарсылдап алдыма түсіп жортып келеді . Соңынан еріп мен келемін . Содан үйге жетті де қатулы қабағымен жұмысқа араласып кетті . Ашулы екені көрініп тұр . Қазан ошақты салдырлатып болып жүр . Мұны көрген өз жеңешем сасайын деді . Көзінің астымен маған қарап – қарап алып ымдап тұрып мені шақырады . Мен оған бара қоймаймын . Бір шақырды бармадым , екі шақырды тағыда бармадым . Ал бармаған себебім жұмсайма деп бармай тұрмын . Ол болса шақыруын қоймайды . Ақыры шыдамы бітті .
– Әй бала бері келші , мына асықты қарашы . Әдемі сақа екен- дейді . Әрине маған асық керекқой , жетіп бардым . Сөйтсем құлағыма сыбырлап жатыр .
– Әй бала , әй Ғанөк . Сен жаңағы сөзді жеңшеңе айтып қоймадың ба ?-дейді . Түк түсінбей « нені ?»деп қайта сұрадым . Сөйтсем жаңағы ше ,жаңағы -дейді . Жаңағысы не екен деп миым жетпей тұрғаныма , күйіп кетті , Туу бір , жаңағы сөз ше . » Жыбырлақ шешей » дегенім ше , соны деймін мына жеңшеңе айтып қоймадың ба? Ашулы ғой , сәлем берсем қарамады- дейді .
– Ааа деппін . Ия жеңше ия , айтып қойып едім деп қойып қалдым . Мәссаған! Енді менің жеңешем аяқ қолы дірілдеп тілден қалды . Содан отырған жерінде құйрықпен билей бастады . Настроениесі наскиге түсіп кетті . Асық жайына қалды . Басын ұстап үні өшті . Содан көп өтпей екі бетін шымшылай бастады . Онсыз да ағам сүйе беріп салбырап кеткен екі езуі онан сайын созылып қызарып кетті . Онан көзі аларып маған қарады . Сезіп тұрмын , іштей жеп қойғысы келіп тұр . Бірақ жәудіреген көздерінен үрей қорқыныш көрініп тұр . Жаным ашып қатты аяп кеттім .
– Жоқ жеңше , айтқаным жоқ . Мен жәй қалжыңдадым сізбен -дедім . Міне енді жеңшеме қайтадан жан бітті . Сала құлаш тілі қайта шықты . Кір – кір бетімнен шөп еткізіп сүйіп алды . Айтпа ойбай айтушы болма- деп тазалап қойған екі асықты қолыма ұстатты . Ақылдысың , ақылыңнан айналдым сенің деп мақтап тастады . Осымен жаңа түскен жеңешем үшін бәрі ойдағыдай аяқталды . Бірақ …екеуміз үшін үлкен жеңешемнің аты сол » Жыбырлақ шешей » боп қалды . Ал үйдегі жеңешем менен біразға дейін бәлеге қалды .
– Бұртиып алып айтып беремін -десем ол айтпашы деп жалынатынды шығарды . Содан не керек : Күбіге піскен май менікі , жаңа піскен айран менікі .Тамақ піссе ет менікі . Сол замандағы қотыр кәмпиттің түр – түрі менікі . Қысқасы сол жеңешеме, ақ дегенім алғыс ,қара дегенім қарғыс боп тиді . Сөзім бұлжытпай орындайтын қып – қызыл документ болды .Тап қазір » Жыбырлақ шешей » Майқұдықта тұрады . Орнына » Жыбырлақ жеңше » атанып өзі қалды . Біз қазақ негізі ат дегенді қалай болса солай қоябереміз ғой » Жыбырлақ жеңше » деп әлі айтамын , түк ренжімейді .
Не дейін , аман болыңдар менің асыл жеңгелерім !

Ғани Әлихан
Дереккөз: el24kz


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика