Жүсіпбек жұмбағы (жалғасы)

20 сентября 2018

Жүсіпбек_Аймауытов_Күнікейдің_жазығы-әңгіме-cover«Күнікейдің жазығы» қаһармандары

Жүсіпбек Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы» повесі – оқырманды қазақ халқының дәстүрлі этнографиялық ортасына жетелеп енгізетін ғажайып шығарма екені белгілі. ХІХ ғасырдың соңындағы көшпелі елдің тіршілігін қанық бояулармен суреттеген, ақ өлеңмен өрнектеген осы аяулы шығарманың қыр-сыры әлі де ашылған жоқ. Повестің мазмұнын ой таразысына сала отырып, оның өн бойы бір рухпен, бір леппен жазылмағанын сезінеміз. Шығармада кейде жазушының қажыған, тарыққан үні естіледі, кейде шалқыған көңіл райы, әдемілікке ғашық жүрегі лүпіл қағады. Мысалы «Күнікейдің аққудай сұңқылдап, күмістей сыңғырлап, бұлақтай сылдырлап, бұлбұлдай құбылтып, бұлқындай жұтынып, жүйкені босата, сүйекті шымырлата сорғалатқан, кестедей нақысты, ботадай сүйкімді, балдай тәтті, күндей сұлу әніне көш бойындағы қыз-бозбала, қатын-қалаш жиналып қалды» деген жолдардың ішкі поэзиясы, қуаттылығы сондай, өзің де бейне бір жас және талантты әншінің жанында отырғандайсың. Қалай болғанда да, Жүсіпбек шығарма қаһармандарына еріп, олардың ортасына емін-еркін еніп, саналы күйден ырықсыз бейсана күйге түсіп, табиғат пен тұрмыстың әсері мен күшіне бой алдырып кетеді. Шығармашылық шабыт оны баурап, жетелеп, бақсыдай зікір салдырып, дуанадай кезбе қылып елді аралатып, немесе мал баққан, жайлауға көшкен елмен бірге түйесін бұйдасынан тартып, ауған жүгін түзеп, асауды қуып кетеді. Экспрессия шығарманың өн бойында түгел бірдей емес, алғашқы тараушыларында басым, кейінгі тараушаларында сылбырлық та бар.
Жалпы шығарма аяқталмай қалған дүние болуы тиіс, не жазушы шығарманы аяқтауға асығып, соңын шолақ қайырған сияқты. «Күнікейдің жазығы» ертеде қазақ өмірінің үлкен панорамасы сияқты жаспарлануы да мүмкін. Жүсіпбек бір хатында «Әуелі қазақты оқу керек, Қазақты білемін дегенмен көбіміз біле бермейміз…Малы қандай болса, мінезі де сондай жұрт. Бұл мәселе түбірленбей тұрғанда бізде даудың шегі болмайды…» дейді. Кейін саяси ахуалға байланысты автор қазақтану бойынша жазбаларын негізгі ойын бүркемелеу үшін «Күнікейдің жазығын» кестелеуде пайдаланған. Біз «Жүсіпбек жұмбағы» атты мақаламызда осы жағына көбірек көңіл бөлдік (Қараңыз: Ж.Артықбаев. Жүсіпбек жұмбағы//Алаш мұрасы және Жүсіпбек Аймауытов мұрасы. Республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Астана, 2014, 204-208 бб.).
Оқырман назарына ұсынылып отырған жаңа мақаламызда да біз осы жағына назар аударамыз. Біздің ойымызша, автордың негізгі идеясы этнографиялық сюжеттердің тасасында жасырылған. Оны өзі де «жігіттер, құлағыңды сала бер, көкейіңе ұнаса, мәнісіне қана бер» деп ишара қылады (1, 348 б.).
Егер біз бұл шығарманың мәнін оның өн бойындағы табиғи бояуларынан іздеп көрсек қайтеді? «Күнікейдің жазығы» натуралистік әдіспен жазылған шығарма екені белгілі. Профессор Ж.Жақыпов «Жазушыда революциялық рухтан көрі, эволюциялық рационализм, парасат басым. Ол парасатқа революция қайшы. Ал іштегі талант сыртқа шығуы қажет. Сондықтан сөз зергерінің тапқан жолы табиғи болды» дейді (2, 213 б). Толық келісеміз. Парасатты әдебиеттің орыс большевиктеріне керегі жоқ еді. Оларға Томазо Кампанелланың «Күн қаласы» сияқты жарқын болашақты төндіре суреттеген утопистік еңбектер керек болды. Ресей сияқты крепостнойлық құлдықтан жаңа ғана шыққан, өндірістің дамуы артта қалған, Бірінші дүние жүзілік соғыс пен Азамат соғысынан тас-талқан болған ел үшін коммунизм қиял болатын және Жүсіпбек Аймауытов сияқты парасатты жазушы оның іске аспайтынын түсінді. Ресейдің орталық аймақтарында да М.Булгаков сияқты парасат иелерінің қаламынан туған «Мастер и Маргарита», «Собачье сердце» шығармалары – социализм идеясының Швондер сияқтылардың қолына түскенін анық сезгеннен кейін туған дүниелер еді. Ең бірінші – басы кесілетін адами қасиеттер, екінші – еркіндік, үшінші – рух. Бұл жағынан Жүсіпбекті біз тек қана қазақ жазушылары ғана емес, орыс жазушыларының да алдын орады деп білеміз. «Күнікейдің жазығы» Эзоп тілімен орыстық соцализмнің қазақты құлдыққа кіргізіп жатқанын сипаттау. Пролетарлық әдебиет сыншыларының натурализмге қарсы шығуы да осы себептерге байланысты. Олардың ішінде де жаңа жүйеге бейімделген, немесе оны амал жоқ қабылдаған, бірақ әңгіменің астарын сезетін терең білімді адамдар болатын. Повестегі ауыл өмірі, құда күту, көш сияқты ауқымды суреттердің бәрі көз алдаушы құрал екенін олардың ішінде сезгендері болды. ХХ ғасырдың 20 жылдарының соңына қарай әдебиетте партиялық принцип орныға бастады. Бұрыңғыны сол қалпында суреттеуге болмайды, оны тек қара бояумен беру керек, себебі натурализм «адамдарды жаңа үшін ескімен күрестен оқшау әкетіп, «буржуазиялық барға» қанағат етуге шақыру». Қазақ әдебиеті социалистік реализм жолында дәстүрді құрбан қылды, натурализмді пайдалана отырып ескіні жығу, тепкінің астына алу әдебиеттің тәртібіне, басты шартына айналды. Бұл жолды тұтынбағандарға қарсы репрессиялар басталды. ХХ ғасырдың 90 жылдарына дейін қазақ әдебиетінің негізгі ережесі осы және оны біз қазақ совет әдебиетінің негізін салған азаматтардан бастап бүгінгі күні ортамызда жүрген жазушылардың шығармаларынан көреміз. Өзіміз де осы әдебиетті мектеп жасында оқып өстік.
Жүсіпбек үшін натурализм белгілі дәрежеде көркемдік құрал. Күн, жел, бұлт, атан түйе, көк бұқа, қос қарлығаш соншалықты жанды суреттелгендіктен повестің негізгі қаһармандары сияқты болып кетеді. Екінші бір мәселе, жазушы повеске таза табиғи қалпында туып-өскен ауылын, өзінің ағайын- туыстарын кіргізе салған. Баян мен Қызылтаудың баурайында қыстап, Шідертіні жайлаған Сүйіндік елінің ортасындағы ауылдың ішкі тіршілігі сияқты. Бір қызығы, адам есімдері де өзгермеген. Бұл автордың негізгі идеяны жасыру үшін жасаған бүркеме амалы ма, әлде идея пісіп жетілмегендіктен оның кем-кетігін этнографиялық шынайы көріністермен толтыру ма? Бұлыңғыр идеяның қажеті қанша болды?

Шығарманың табиғи кеңістігі мен уақыты:

«Күнікейдің жазығы» оқиғалары Баянаула-Қызылтау алқабында болғанын және оқиғаның қай уақытта орын алғанын автор повесте ашық айтады: «Ол күнге жиырма жылдан асып кетті, жиырма бес жыл да болып қалған шығар. Ол күнде айдабол, күлік, ақ бура, тұлпар, қозған, қақсал Шідерті бойын жайлайды. Өлеңті мен Шідерті – қатар аққан өзен. Өребасы Есіл, Нұрадан келе ме, кім білсін. Өлеңті – Ақкөлге, Шідерті – Жайылмаға барып сарқады. Онда Шідертінің суы мол кезі. Жалғыз-ақ Шиқылдақ ауылы болмаса, ол кезде Шідертінің бойын қыстаған ел де жоқ. Сәуірдің алашабыр бұлты арылмай-ақ Баянауыл, Қызылтаудағы қалың сүйіндік атандарын алқынтып, бұйдасын көш құлаш созып, Бөкембай, Арқалық, Жаманадыр, Желдіадырдан асып, Шідертіге қарай ағыл-тегіл құлай бастайды» (1, 353 б.)
Ешқандай қоспасыз, нақты жасалған сипаттама. Біздің де аталарымыз осы әңгімені айтатын. Олардың да жаз жайлайтын жері Шідерті. Ертеде қазақтың өз заманында жаз жайлап сонау Қызылжарға дейін барады екен, ХІХ ғасырдың ортасынан бастап өріс шектелген. ХІХ ғасырдың соңында Шідертіден аса алмаған. Қазақтың саны мен малы өсті, қазақтың жері алдымен дуандарға, одан келе 1868 жылдан бастап облыс, уезд, болыс болып бөлінді. Әйтеуір, бұрыңғы еркіндігі шектелді.

Шығарманың кейпкерлері:

Шығарманың негізгі кейіпкері «Қалың Сүйіндік елі». Оқиға Ордабай атты байдың ауылында өрістейді: «Ордабайдың үш баласы үш ауыл ғой», «Ордабайдың төрт ауылы бірге көшетін», «Ордабайдың қыз-келіншектері бәт құндыз бөріктерінің үкілері желкілдеп, жорға мен жүйрік мініп, алдыңғы көшке өте шығады…». Ордабай Жүсіпбектің өз ағайыны, Арғын ішінде Сүйіндік, одан Күлік болып келеді. Күліктен Ақыл-Сексен, одан Бейбіт болып тарайды. Жүсіпбектің аталарын «Дулыға балалары» дейді. Оның әңгімесі көп, қаймана қазаққа керегі жоқ. Мәшһүр шежіресі бойынша: «Дулыға балалары – Тоқанай, Топай. Топайдан Өтебай молда. Тоқанайдан Оразайлар. Оның бәйбішесінен Күнтай, Танашбай. Танашбайдан Қуан бай жалғыз. Танашбай ел тауға қонып жатқанда өлген екен. Сол күнде Қуанда үш жүз қой бар екен, бір жүзін сойып, әкесіне ас беріпті. «Қалған екі жүз қойының бір жүзі егіз тауып, Қуанның өзі көзі тірісінде он екі мың қой тұяғы болғанын көріпті» деген сөз бар» (4, 10 т, 14 б.). Қуан балалары: Ордабай, Дәндебай, Молдабай, Ноғай. «Молдабай қотанынан бес мың тұяқ өргенін осы қаламды ұстап отырған өз көзімен көрген кісі» дейді Мәшһүр (4,10 т, 14 б.). Қуан балаларының бәрі дәулетті болған. Жүсіпбек өзінің аталарын кедей дейді «Дәндебайдың бәйбішесінен Аймауыт пен Иса, тоқалынан Оспан, Абайдылда, Әбдрахман туған. Бәйбіше балалары кедей, тоқал балалары ауқатты болған. Оның үстіне Оспан орысша оқып, фельдшер мамандығын алған, әуелде мал дәрігері, кейін тілмаш, болыс болған адам. Исаның балалары Оспанның жылқысын бақты, біз Аймауыт балалары тоқал тұқымының уақ балаларын оқытып, кебеже, шкафтарын, жастық тыстарын кестелеп, керегіне жарадық». Шын мәнінде ХІХ ғасыр соңындағы статистикалық есептерге қарасақ жеті шаңырақтан тұратын Оймауыт ауылында 276 жылқы, 167 сиыр, 43 түйе, 749 қой тізімде тұр, яғни күн көрістері жоқ, жалаңаяқ кедей деуге бомайды (3, с.186-188).
Повесте «Ноқаң ауылы» деген бар. «Жонның қар суымен шығып, желкілдеп тұрған бидайық, шалғынын жеймін деп жанталасып күліктен алдымен Ноқаң ауылы көшеді». Жүсіпбектің «Ноқаң» деп отырғаны – Қуан баласы Ноғай деген ақсақал. Ауқатты, ақылды, тілді адам болса керек. Мәшһүр шежіресінде «Ноғай ескі законде ат арқасына мінген, бірнеше жыл болыс болған. Өзі тірі күнінде баласы Тайшық әм көп жыл болыс болған» деп суреттеледі. Десе дегендей, ХІХ ғасырдың соңындағы статистикалық есепте Ноғай ақсақалдың шаруашылығында 500 ден астам жылқы бар (4, с.186-188).
Повесте Ордабай, Ноғай аттарымен қатар бірталай азаматтардың аты аталады. Соның бірі – Рақыш: «Сонымен олай-бұлай екшеп келіп, қыз ибаны Рақыштікіне беруді ұйғарысты. Ол ауыл әрі жақын, әрі бастас өз тұқымы, әрі тілмаш та сол: елдің бір тұтқасы ғой» (1, 374 б.). Немесе «қыздар қызыл құнажындай қылаңдап, сылаңдап, шоқтанып, топтанып, сылдырлап, былдырлап Шідертіні өрлей Рақыш ауылына бет қойды…» (1,379 б.). Бұл Рақыш Исабай баласы Күлік ішіндегі орта дәулетті адам. Ауылдары алты шаңырақ. Ордабайлармен бір атадан, бәрі Бейбіттен тарайды (4, с.186). Сүлеймен деген орта шаруа аты аталады: «Расында да Сүлеймен партияда ел аларлық, дүние шашарлық, салмақ боларлық кісі емес, біртоға, сыпайы, шаруақор адам еді» (1, 374 б.). Бұл аталған Сүлеймен Итқара баласы. Повесте осы аты аталғандардан басқа да өмірде болған шынайы адамдар толып жатыр, бәрінің де аттары құжаттарда, статистикалық есептерде аталады.
Дегенмен аздап өзгертілген, не ойдан жасалған қаһармандар да бар сияқты. Мысалы, Байман – ойдан жасалған шартты образ. Бірақ образды сомдағанда Жүсіпбек өзінің ағайыны Молдабайдың немересі Шайман серіні пайдаланады.
«Күнікейдің жазығында» жағымды қаһарман жоқ. Шығарманың басынан аяғына дейін құлдар мен күңдерді көп кездестіреміз. Неге құлдар мен күңдер көп? Жүсіпбектің малшы қатынды суреттегені: «Қарыны кебежедей бір можа биеге малшы қатын мінем деп, үзеңгіге аяғы жетпей мықшыңдап жатыр еді.
Ана жаман күңді атқа салып жіберші! — деп Қара бәйбіше Сәрсембайды жұмсады…» (1, 356 б.).
Жоғарыда аты аталған Байман бір жағынан текті ер азамат сияқты, ал шын мәнінде, «топтан, ойын-сауықтан, дүрмектен, қымыздан қолы босанбай, көбінесе «мырзалармен» ат үстінде жүрген жігіт». Жасы ересек, Күнікейдің шешесі Шекермен жасты делінеді. Байман әлі ақылы кірмеген, есі толық емес даланың жабайы адамы. Құда тартуға қатысатындай қара күші бар, одан басқа өнері де жоқ. Құлқынның, қызықтың құлы. Күнікейдің оған не себептен ғашық болғанын табудың өзі қиын….
Осы сияқты суреттемелер повестің негізгі қаһарманының бірі Тұяқты оқырман өз мағынасында қабылдауы үшін қолданылған құрал болуы да мүмкін. Жазушы повестің алғашқы беттерінде-ақ оқырманға Тұяқты «… Ордабайдікіне қымызға барғанда, жүктің бұрышында: «пұп-пұп» деп былғарыға су бүркіп, құжыраңдап жатқан мойны ішіне кірген бір жаманды көруші еді…» деп таныстырады. Жүсіпбектің жасынан сегіз қырлы, бір сырлы азамат болғаны белгілі. Бір өнері – етікшілік. Баян маңындағы етікшілерді түгел білгені сөзсіз, оның ішінен ол заманында он жеті мың жылқы айдаған Қаржас ішінде Ақмырза Азынабай тұқымы делінетін Тұяқты алып отыр. Азынабайдың бел балаларын патша үкіметі Кенесары көтерілісіне қатысқаны үшін жазалады. Тайжанды Ақмолада атты, Сейтенді ит жеккенге (Березов -Қайың тұра) жер аударды. Кейінгі «Азынабай балалары» деп жүргендер құлдары мен қоңсыларынан тарағандары. «Күнікейдің жазығы» арқылы жазушы ХХ ғасырда қазақ тағдырының Тұяқ сияқты құлдардың қолына түсетінін алдын ала болжағаны ма ? Азынабайдан кейін Ақкелінге Шорман мен Сәтбай балалары ие болған. Қазіргі уақытта бұл әулеттерден де ешкім қалған жоқ, Совет үкіметі кезінде репрессияланды, не басқа жаққа жан сақтап кетті.
Повестің «Күнікейдің жазығы» болып аталуы да жұмбақ. Шын мәнінде автор Күнікейді жазықты қылып отырған жоқ. Қазақ ауыз әдебиетін білетін адам Күнікейдің ар жағында Күн астындағы Күнікей қыздың бейнесін бірден көреді. Жүсіпбектің өзі де ара-тұра «Күнікей түйені тіркеп, тақиясын түзеп киіп, оң жағына қарағанда Ордабай айналасының барлық шаңырағынан да үлкен, күлімдеген қызыл жақұт Күн көктің бір өңірін сары алтынға малып, екі түйенің арасынан абажадай болып адырдан суырылып келе жатыр екен…» немесе «Күнікейдің жанына майдай жағып, дүние өзіне бола жаралғандай, алтын күн өзіне бола туғандай көрініп келеді. Күннің мұндай айбынды, сұлу екенін Күнікей бұрын көрсеші! Мына күн тап өзінің, өз үйінің күні тәрізді. Жып-жылы, жап-жарық!» деп бұл образды Күнмен байланыстырады (1, 360 б.).
Күн астындағы Күнікей қыз Күнді Құдай көрген біздің ата-бабаларымыздың дүниетанымы туғызған қаһарман. Ол Бай ана (Ұмай ана, Май ана) бейнесінің бір түрі (ипостась) десек те, Жаратушының жер бетіндегі өкілі десек те сиымды. Қазақ «Ой-бай-ана» дейді, молдалар «Ойбай -шайтанның аты, тіліңді кәлимаға келтір» дейді. Қалайша құлды менсінбеген Күн астындағы Күнікей қыз жазықты болады? Жүсіпбектің Күнікейді құл тектес пенделердің ортасына енгізуіне, оны нанымды қылу үшін қазақ дәстүрін бар нақышымен, сәнді бояуымен суреттеуіне не себеп? ХІХ соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының асылынан айрылып азғындығы көбейіп бара жатқанын көрсету үшін бе? Осылар емес пе екен жазықтылар? Бұл жерде орыс қоғамдық ой пікірінде үлкен серпіліс жасаған Герценнің «Кім жазықты?» дегені еске түседі. Қазақ қоғамы Жүсіпбек болжаған қара түнекке өз еркімен бара жатыр. Повесте бәрі бар, бірақ елдің дұрыс адал ниеті жоқ, не ақылды сөзді айтатын тұлғасы жоқ. Күшті әлсізді жеп жатыр, қулар ақыл айтып отыр, сорлының ақ адал малын дүлей арам өлтіреді, алдау- арбау шығарма қаһармандарының күн көрісінің тетігі сияқты, жан-жағынан жабылған құлдар мен күңдер Күнікейді азғындыққа итермелеп жатыр. Жүсіпбектің де айтпағы осы ма?
Дегенмен де үміт сәулесі бар еді. Қазақтың өз билігі өз қолынан кеткенімен, Ресейде оң өзгерістер болады деген қиял болды. Жүсіпбек Мағжанға 1923 жылы жазған хатында «Болғанды «болды» деуден болашақты болжау қиын. Әлде болашаққа сендіру, қараңғы тұманда жылтылдаған сәуле көрсету қиын ба? Қазақтың келешегіне һеш бір сенім жоқ болса, жоғалатын елге сұлу сөз – әдебиет неге керек?» дейді (2, 58 б.). Сенімді жоғалтпа деп насихат айтады. «Біз сенен дертке дәрмен болғандай, рух бергендей, ауыр халден шара тауып шыққандай, келешекке, мәдениетке, игілікке сүйенгендей сөз іздейміз» дейді. Бірақ 1928 жылы орыс мұжығының қанқұйлы «үкіметі» орнады. Жүсіпбек заманның өзгергенін, енді жарық Күннің қазақ үшін көп уақыттар қайта шықпайтынын түсінді.

Ж.Артықбаев
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің профессоры, т.ғ.д.


1. Аймауытов Ж. Шығармалары. Алматы, 1989.
2. Алаш мұраты және Жүсіпбек Аймауытов мұрасы. Республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Астана, 2014 (Т.Жұртбай, Ж.Жақыпов мақалалары пайдаланылды).
3. Көпейұлы М.-Ж. Қазақ шежіресі. Шығармалары. 10 том. Павлодар, 2007.
4. Материалы по киргизскому землепользованию. Павлодарский уезд. т.4.Воронеж,1903:


«Жүсіпбек жұмбағы» туралы пікірлер

Филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы:

Жәке, ойыңыз жақсы екен. Қисыны орайлы.
Айтқандайын, мұны бір жерге жарияларда «Мағжанның ақындығы туралы» (Жүсіпбек баяндамасы) 1923 жылы емес, 1925 жыл деп көрсеткеніңіз мақұл. Әу баста қате кетті де, жұрт «1923» деп көз үйретті. Осыны марқұм Т.Кәкішев ағамыз қайта-қайта айтып жүрді.

Дихан. 16.11.2015.

Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Теңгеш Кәленова:

Сәлеметсіз бе, құрметті Жамбыл Омарұлы!
Біріншіден, Сізден хатыңызға жауапты өте кеш жазып отырғаныма ғафу өтінемін!
Қарындасыңыздың бір айыбын кешіріңіз!

Екіншіден, Сізге Жүсіпбек бабамыздың жұмбағынан кем түспейтін жұмбақты сыры мол мақалаңызбен танысуға мүмкіндік бергеніңізге рахмет!

Сіздің мақалаңызды оқи отырып, Жүсіпбек Аймауытұлы әлеміне бойлау үшін
талай жұмбақты шешуге тура келетінін түсіндім)
Әрине, шама жеткенше ізденеміз ғой)

Жамбыл О., Сіздің ой тереңдігіңіз, көркем сөзді саптауыңыз, қазақи болмысты
негізге алып, тарихты зерделеуіңіз ерекше.

Алла деніңізге күш-қуат берсін!

Құрметпен, қарындасыңыз Теңгеш. 15 қараша 2015 жыл.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Жантас Жақыпов:

Жәке, «Күнікейдің жазығынан» мен саяси бүркеме іздей алмаймын. Социалистік реализмге үйлеспейтіні анық. Натурализм — социалистік реализмге сәйкеспейтін ағым. Батыстан келіп отырғаны анық. Жүсіпбектің батыстың натуралистерін аударғанын ескерсек, бұл айқын болады. Бұл туралы мен 90-жылдардың басында жазғанмын (Жүсіпбектің Күнікейі мен Золяның Терезасы» деген мақаланы). Айтпақшы, Жансая Жарылғапов бұл шығарманың натрулизмін дұрыс түсіндіреген. Кейіпкерлері туралы жазғаның «Прототип пен көркем бейне, шындық пен көркем шындық, жазушының зертханасы» дейтін үлкен бір мәселенің ұшығын шығарайын деп тұр екен.

Жантас. 17.11.2015.

Жамбыл Артыкбаев
Рахмет ! Қалай болғанда да шығарма жазушының көңіл күйінің жемісі емес пе, Жәке ? Ал Жүсіпбек сияқты ойлы азаматтың көңіл күйі дәл сол кезде көтеріңкі болды деп айтуға болады ма ? Ал сол көңіл-күймен қаламды алған соң, ар жағын Құдірет өзі шешеді ғой. Жәке, бұл жерде жазушы экзистенциясына көңіл аудару керек сияқты, ол адамның деңгейіне қарай, күнделікті қисынға жанаспайтын, жоғарыдан ғана алатын шындыққа (трансцендетті) итермелейді деп ойлаймын.

Ж.А.17.11.2015.

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қайырбек Кемеңгер:

Жамбыл аға!

Сізді тарихшы ғана деп жүрсем, алаш дәуірінің қалам қайраткерлері сынды әмбебам жан екеніңізді байқадым. Осылай жаза берсеңіз, біраз әдебиетші жолда қалатын секілді. Біздердің де тарихшылардың қазанына қол салатын кезіміз болады. Дегенмен әдебиетшілер тарихтың, сіздер әдебиеттің мәселесін қозғасақ, одан ұтатынымыз көп деп білемін. Сіз көркем шығарманы тарихшы, этнограф көзімен оқыған екенсіз. Сол жағынан алғанда, әдебиетші байқамайтын қызық талдаулар жасағансыз.
Мақалаңызды толық оқып шықтым. Ұнады. Жүсіпбектің тамаша туындысында өзім аңғармаған дүниелерді көрдім. Шығарманың бас кейіпкері Күнікейге тегіннен-тегін ертегі қаһарманының есімі берілмегенін тарихшы-этнограф ретінде жақсы ашасыз.
Ертегіге жүгіну, ертегіден сюжет пен кейіпкер іздеу, ертегі арқылы ойын жеткізу – Жүсіпбек заманындағы қазақтың классикалық көркем әдебиетінде орыққан дәстүр. Мысалы Мағжанның «Ертегі», «Өтірік ертек», «Қорқыт», «Қойлыбайдың қобызы», «Жүсіп хан» дастандарында, «Ескендірдің мүйізі» секілді бірқатар өлең-жырларында фольклорлық дәстүр айқын аңғарылады.
Қазақтың басынан ескі заман, ертегі заман, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған дәуір өтіп бара жатыр деген ойды Жүсіпбек «Күнікейдің жазығы» арқылы тамаша жеткізген. Автор кейіпкерін Майгүл немесе Айгүл деп те атауына болатын еді. Ол жағдайда біз шығармада жатқан терең мағынаны аша алмайтын едік. Жүсіпбек Күн атаулы кейіпкері арқылы оқырманға үлкен ой салады. Осы орайда Мағжанның атақты «От» өлеңін еске алсақ орынды. Мағжан да Күнге табынады, Күнге табынған заманды көксейді:

Күннен туған баламын,
Жарқыраймын, жанамын.
Күнге ғана бағынам.
Өзім — күнмін, өзім — от,
Сөзім, қысық көзімде — от,
Өзіме-өзім табынам.
Жерде жалғыз тәңірі — от.
Оттан басқа тәңірі жоқ…

Кейде жылан арбайтын,
Кейде аждаһа жалмайтын.
Сескенбес, сірә, кім сенен;
Шынында, менің өзім де — от,
Қысылған қара көзім де — от.
Мен — оттанмын, от — менен,
Жалынмын мен, жанамын.
Оттан туған баламын.

Қараңғылық бұққанда,
Қызарып күн шыққанда,
Күн отынан туғанмын;
Жүрегімді, жанымды,
Иманымды, арымды
Жалынменен жуғанмын.
Жүрегім де, жаным да — от,
Иманым да, арым да — от.

Жарқырап от боп туғаннан,
Белімді бекем буғаннан,
Қараңғылық — дұшпаным.
Сол жауызды жоюға,
Соқыр көзін оюға
Талай заулап ұшқанмын,
Әлпіге барғам Алтайдан.
Балқанға барғам Қытайдан…

Күннен туған баламын,
Жарқыраймын, жанамын.
Күнге ғана бағынам.
Өзім — күнмін, өзім — от,
Сөзім, қысық көзім де — от.
Өзіме-өзім табынам.
Жерде жалғыз тәңірі — от,
Оттан басқа тәңірі жоқ.

Жалпы Жүсіпбек өз туындыларында кейіпкеріне ат қойғанда әлемдік классикалық әдебиетте орныққан тамаша тәсілді жиі қолданған. Оның Құлтумасы, Шекері, Тұяғы – кейіпкердің болмыс-бітімін, кәсібін, мамандығын, мінезін, тіпті шыққан әлеуметтік ортасын ашатын атаулар. Егер Тұяқ егін шарушылығымен айналысқан адам болғанда, оның есімі Соқа аталар ма еді? Екіншіден, автор Тұяқ дегенде оның әлеуметтің шыққан ортасын меңзегендей.
Әлем және орыс әдебиетінде бұл орыныққан дәстүр болатын:
В XVIII веке театральный зритель еще до начала представления знал, каких героев он увидит на сцене. Драматургу предписывалось давать персонажам «говорящие» фамилии. Прочитав в списке действующих лиц «Скотинин, Простаков и Вральман» или «Милон и Правдин», несложно было догадаться, что за характеры автор вывел в пьесе.
Классицизм с его строгими правилами ушел в прошлое. Но «говорящие» фамилии полюбились драматургам. Часто пользовался ими и Островский.
В комедии «Свои люди — сочтемся! » главного героя зовут Самсон Силыч Большов. Почему Большов и Силыч — понятно: большой, сильный, т. е. влиятельный купец. Но и имя Самсон не случайно. Самсон — библейский герой-силач, утративший свою силу из-за женского коварства.
Важно также, как в списке действующих лиц именуется тот или иной персонаж: по имени, отчеству и фамилии или сокращенно. Так, в «Грозе», только три героя названы полностью: Савел Прокофьевич Дикой, Марфа Игнатьевна Кабанова и Тихон Иванович Кабанов — они главные лица в городе.
Борис Григорьевич, племянник Дикого, сын его брата, тоже Дикой. Но фамилия Бориса ни разу не звучит в пьесе — настолько она не сочетается с его характером.
Фамилия Дикой говорит сама за себя. И имя Савел напоминает имя евангельского персонажа Савла, гонителя христиан, под именем Павла ставшего усердным проповедником их вероучения. Но с героем «Грозы» подобного превращения, увы, не происходит. Прокофий — значит «преуспевающий».
Имя «Кабанихи» Марфа в переводе с греческого — «госпожа», «хозяйка», что вполне согласуется с положением героини. Тихон, ее сын, тоже Кабанов, но он «тихий» Кабанов. Фамилию эту Островский не выдумал. Известно, что она встречалась среди русских купеческих фамилий (как и фамилия Большов) . Но из бесчисленного множества реальных фамилий Островский выбирал «говорящие».
Катерина — тоже имя не случайное. По-гречески оно означает «чистая», т. е. опять-таки характеризует героиню.

Мақалада кездескен пунктуациялық, кейбір стильдік қателерді көрсетіп қойдым. Қыстырма, қаратпа сөзден кейін қойылатын үтірді, тире мен девисті ажыратып қызылмен боядым. Нүкте, леп белгісі, сұрақ белгісі алдынан пробел қажет емес.

Мақаланы оқып отырғанда Баянаулада бір заманда беймарал өмір сүрген, берекелі күн кешкен ата-бабаларымның тұрмыс-тіршілігі көз алдыма елестегендей болды.
Баянның Сарытауында жерленген Кемеңгер бабамның басына туған-туысқандарыммен, бала-шағаммен құран оқуға барып тұрамын. Ең алғаш рет ол жерде бозбала он бес жасымда болдым. Үлкен тебіреніс, терең толғаныс күй кешкенім есімде. 1997 жылы Кемеңгер бабамның басына кезекті бір барғаннан кейін «Тегім» атты шежіре-өлең жаздым. Мен де, Қошке атамыз айтатындай, өлеңді ермек қылатын қазақпын. Жиырма жаста жазылған сол өлеңде мынадай жолдар бар:

Т Е Г І М

Әу баста біз Сыр бойында еркін ескен жел едік,
Орта жүздің Арғынынан асып туған кең едік.
Тағдыр-көкпар талқысынан көшіп-қонып, ақыры
Сарыарқада Баянтауды мекен қылған ел едік.

Сол Баянның Сарытауы еншімізге тиіпті,
Сарытауда қайран баба талай ұрпақ сүйіпті.
Қой құйрығын көтере алмай жатып қалып жайлауда,
Таудан аққан өзендері қымыз болып құйыпты.

Тау-тастардың арасынан бейіттерді табамыз,
Сүйіндіктің Қаржасынан Ақша біздің бабамыз.
Маман, Манақ, Жиеналы – үш ағайын бір туған,
Ал Маманнан маған дейін жеті ата арамыз.

Атан, Татан, Оды, Шүрек, Аманжол мен Аралдан
Осы күні талай ұрпақ, талай ауыл таралған.
Ағайынды ол алтауы – бел баласы Маманның,
Алтауынан алты Алашқа ардақты ұлдар жаралған.

Ал Атанға Балпангерді, Тобангерді тағы да
Кемеңгерді, Жамангерді Құдай берді бағына.
Ұрпақтары осы күні өсіп жатыр гүлденіп,
Өсіп жатыр бабалардың аруағына табына.

Кемеңгерде Дүйсенбай мен Дүйсебайдай ұлы бар,
Екеуінен жаратылды ел сыйлаған ұлылар.
Хан Кененің заманында көшті бабам Баяннан,
Көшті бабам Омбы жаққа, көшуінде сыры бар.

Үміттенді Омбыда сол бақ, дәулетті табам деп,
Келешекте мақтанарлық асыл ұрпақ бағам деп.
Дүйсенбай мен Дүйсебайдан он ұл туды шұбарда,
Дүйсебайдан мен туыппын, төртінші ұрпақ заман кеп.

Қажы бабам Дүйсебайға бес ұл берді Тәңірім,
Кәрі тарих беттерінде ізі қалды бәрінің.
Сол бесеудің арасында асыл туған Қошке атам,
Әттең, әттең, сөндірді ерте сұм жендеттер жарығын.

Орманбеттің Нарманбетін ырым қылып атақты,
Бабам Қошке жалғыз ұлын Нарманбет деп атапты.
Желмаядай жылдар жылжып жиырмасыншы ғасырда
Көрсетіпті атамызға көп бейнет, аз рахатты.

Айдалғанда әке-шеше өтті талай мұңды күн,
Сенді бірақ бір ашарын Құдай көңіл түндігін.
Мың тоғыз жүз елу үште, қаңтардағы боранда
Ризабегі – әкем туып, жалғады оның кіндігін.

Баянауыл, Сарытау
1997

Қайырбек Кемеңгер
15.11.2015


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика