Жұрттан жиналған жылудың жартысы қоқысқа тасталады

6 мая 2017

Жұрт жылу жинауды үйіндегі қажетсіз ескі-құсқыны үлестіру деп түсінетін тәрізді. Өйткені Ақтөбеде тасқын судан зардап шеккендерге халықтан жиналған дүниенің тең жарымы жарамсыз болып шықты. Халық қайырымдылық ретінде жұртқа қажет заттарды емес, өздеріне керексіз болып қалған киім-кешектерін жинап берген. Олардың көбі жыртық, кір, әрі киуге жарамсыз. Сондықтан ұйымдастырушылар оларды қоқысқа тастамақ.

«ҚазАқпараттың» дерегінше,  қайырымдылыққа келген заттардың ішінде 300 келіден астам тұз бар, ал ет жоқ. Мақалада келтірілген дерек бойынша, іріктеліп алынған заттар (4 кілем, 2 төсеніш, 20 көрпе және т.б заттар) 200 адамға таратылған. Оларды адамдарға үлестірмес бұрын химиялық тазартуға беруге тура келген. Ал азық-түлікпен қамтуға негізінен Қызылорда облысы көмектескен. Өңірден келген 7 «КамАз» көлігі 8,5 тонна ұн, макарон және күнбағыс майын жеткізген. Ақтаудан көмек екі «Газель» көлігімен жеткен, онда киім-кешек және аздаған азық-түлік болған.

Сондай-ақ, басылым дерегі бойынша, Алматыдан 1 газель аттанған, бірақ ол әлі Ақтөбеге жетпеген. Мән берерлік бір жайт, көмекке келген заттардың ішінде тұз өте көп: он келілік он қап, 25 келілік 4 қап, тағы 600 қорапша тұз жіберілген.

Табиғат апатынан зардап шеккендерге ақтөбеліктер азық-түлікпен көмектескен. Ал «Қолғанат» қоры 100 миллион теңге қаржы жинап берген. Ол ақша зардап шеккен тұрғындарға қалай үлестірілетіні әзірше белгісіз.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика