Жұмбақ жағдайда жоғалған жігітке қатысты жантүршігерлік дерек шықты

15 февраля 2018

Алматы облысы Шамалған ауылында жұмбақ жағдайда жоғалып кетіп, Ақтөбеден аман-есен табылған 23 жастағы  Темірхан Иман-Зұппар Айуғанұлының туыстары такси жүргізушісіне алғыс білдіргісі келеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

23 жастағы жігіт 13 ақпанда табылған болатын. Бұл туралы Қоғамдық Қауіпсіздік Кеңесі бастамашыл іздеу тобы Facebook желісінде хабарлаған еді.

«Темірханды такси жүргізушісі тауып берді. Оны кездейсоқ көріп қалып, тоқтаған екен. Темірханның киімсіз тұрғанын көріп, оған көмек керек деп ойлаған шығар. Сол жақтан Темірханды Ақтөбе аудандық ІІБ-не жеткізген. Такси жүргізушісімен дұрыс сөйлесе алмадық. Оған әзірше тек телефонмен алғыс білдірдік. Мүмкіндік болып жатса, оларға барып қайтамыз», — дейді жоғалып кеткен жігіттің әпкесі Баян Сейітова.

Сондай-ақ, Баян Сейітова Темірхан Иман-Зұппар Айуғанұлының Ақтөбеден ақпанның 14-нен 15-не қараған түні жеткізілгенін айтты.

«Ол Ақтөбеден шет жерден табылды. Үстінде киімі жоқ, есінде ештеңе жоқ. 6 ақпанда не болғанын білмейді. Кеше түнде үйге жеткізді. Қазір тексерістен өтіп жатыр. Жағдайды бір түрлі, түсініксіз. Психолог әзірше оған көп сұрақ қоя бермеуді сұрады. Енді онымен психолог жұмыс істейтін болады. Тек жұмысқа бара жатқаны есінде қалған екен. Әрі қарай не болғанын еске түсіре алмай тұр. Осыған дейін мұндай жағдай болған емес. Ертең дәрігерлер консилиум құрады. Алматыда тексеріледі. Қатты тоңып қалған, біраз жер жаяу жүрген, ешкім тоқтамаған. Сол кезде -21 градус суық болған еді. Денесінде ешқандай жарақат жоқ. Бірақ ол бүкіл денесінің ауырып тұрғанын және басы айналып тұрғанын айтып отыр», — дейді Баян Сейітова. 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика