Жұмат Әнесұлы. Жүрегімнің саздары

22 сентября 2016

КҮЗ ДЕ КЕЛДІ

Күз де келді,
жаңбыры көп,
жұпары қандай тамаша!
Жаңбыры сел,
Лебі салқын,
Күз де келді жаңаша.
Жел кеулеген қайыңдар да,
би билеп тұр балаша.
Жапырақтары селдіреген
қарағаш тұр оңаша.
Күз қалада,жаңбыр далада,
мен де қалдым оңаша.
Ойым жалғыз,
өзім жалғыз,
қу тақырда қараша!

АППАҚ АҚҚУ БОП ҰШАРМЫЗ

Сен жаттың да,
сүйдің.
дірілдеттің сезімді.
Дауылдаттың,
толқындаттың,
шығардың ау,
есімді.
Жан рахатын сыйладың да,
Есіме салдың сонау кезімді.
Сыйлар ем саған осы үшін,
бүкіл әлемді,
бағымды.
Бірақ, мен де байлық жоқ қой,
Сыйлаймын мен де саған
сол сезімді жағымды,
дірілдейсің, толғанарсың,
От боп мүмкін жанарсың,
бақытты содан боларсың,
Нұр төккен бота көзіңе қарармын,
Бақытты мен де содан табармын,
Тек екеуміз ғана содан соң,
көкпеңбек аспанға сонау шексіз,
аппақ аққу боп ұшармыз!

ЖАҢҚАДАЙ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ

Қиқымдар бар,
Ешкімге пайдасы жоқ,
Қоқысқа лақтыратын.
Жаңқалар бар, 
басқаға қимайтын,
Отқа лақтырсаң,
пешті жылытатын.
Кейде сол жаңқадай болғым келеді,
біреуге пайдам тиетін,
Өмірдің мәні болатын.

САҒЫНЫШЫМДЫ БАСТЫМ

О,туған Жер!
талай белесіңнен астым.
Ыстық құмыңды
табаныммен бастым.
Ақкөл мен Жаркөлдей көл қайда,
Торғайдай сайын Жер қайда!
Жалбызың мен жусаныңды иіскеп,
Сағынышымды тасыған, бастым!

БАРЛЫҒЫ ҚАСЫМДА

Тауларым— қасымда,
Шабытты сәттерім көтеріп,
қанатпен асуын асатын.
Шыңның да бір қайтпас мысы бар,
кеудемді кейде басатын.
Бауларым— қасымда,
жазымда жайқалып өсетін,
Жаухари гүлдерін иіскеп,
жанымның рахатын алатын.
Достарым да— қасымда,
шаршаған,қажыған
сәттерім болса, егер,
қолтықтан демеп,
жолыма шығарып салатын.
Жауларымда бар шығар, көрінбес,
ошағанды жолға шашып тастайтын.
Сондықтан ба, жалаңаяқ далаға,
кездерім бар, шыға алмай қалатын.

СЫРЫМ БАР АЙТАТЫН МӘҢГІЛІК

Сағыныш, 
мұң іштегі,
Бәрі. бәрі есте еді.
Жастық шақ,
Махаббат,
Ғашықтық,
Көңіл күйімнің піспегі.
Сырым бар айтатын 
мәңгілік,
Әнім бар айтатын 
таң қылып.
Сүйдірген,
күйдірген
Аққуды еске алсам,
Жүрегім қалады
сан жылып.

АМАН БОЛСЫН, АМАН БОЛСЫН, ЕЛ АМАН

Аман болсын, аман болсын,
Ел аман.
Аман болсын Ел қорғаған 
Ер аман!
Арамдар мен сатқындардың заманы,
Аман болсын,
Жер қорғаған,
Ер аман!
Ерім болса,
Қорғалар ау, Жер аман.
Елім болса, сақталар ау,
Тіл аман!
Ардағым да,
Жалғызым да
ТУҒАН ЖЕР!
Пана іздесем,
Көлеңкеңе тығылам!

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика