Жұмат ӘНЕСҰЛЫ. ТӨРТЕУДІҢ ПІКІРІ (МЫСАЛДАР)

5 Қазан 2017

ТӨРТЕУДІҢ ПІКІРІ (МЫСАЛДАР)Ертеде бір  ауыл ұйысқан шағаладай болып, орманның шетінде тұрыпты. Ауылдың иелері адамдар, ал, орманның иелері аю, қасқыр, түлкі екені белгілі.Төртіншісі кәдімгі «үйкүшік» көртышқан. Ауылдың шетінде балалар ойнайтын алаң мен ойын құралдары бар екен. Аю соған келіп, ойын құралдарын сындырып, жайпап, бір жерге жинап жатса, жұрт үйлерінен шығып, «Ойбай, аю  балалардың ойнайтын жерін құртты!» деп айғайлап тұр екен. Сонда аю айғайдан ығысып, орманға кетіп бара жатып: «Осы адамдар қызық, шашқан дүниесін жинап берсең де, рахметін айтуды білмейді» деп қынжылған екен.
Ауылдың іргесін жайлап, күнін көріп жүрген қасқырдың тиыш жүргенін  кім көрген. Апта сайын ауылдың бір- екі қойын жеп кету олардың дағдысына айналыпты. Содан бір көкжал қораға түсіп, бірер қойдың құйрығын асап жатқанда, үй қожасы келіп қалса керек. Ызалы қожайынның қасқырды атайын десе мылтығы жоқ, содан оны  жаяу айырмен қуып келе жатса, айырлы жаяу кісіден аса саса қоймаған көкжал орманға қарай жортып бара жатып: «Осы адамдардың брюцеллезбен ауырып жүрген қойларын жейм, сонда да өлтіруге бар, сосын мен анау күнде тауықтарын қырып жүрген түлкіні жейм, бұл жұрт сонда да менің жақсылығымды білмейді ғой» депті. Ал, түгі құлпырған қызыл түлкі  жәй қызықтырғаны болмаса, аңшылардың қолына оңайлықпен түспейтін қу. Сондай құлпырған қызыл түлкі бұл ауылдың маңында баршылық. Сол қара тұмсық қызыл түлкі аяғын байқап басып, ауылға таяп келе жатады. Мұның барар жері- ауылдың тауық қорасы. Қоралардағы тауықтардың шиқылдаған дауысы анық естілген сайын, түлкі аяғын аңдап басып: «Мен де қудың қуымын ғой, бірақ бұл адамдар менен өткен қу. Олардың қақпанды қай жерге құрғанын байқамай қаламын ғой. Сөйтіп, бұлардың менен қулыған  кейде асырып кететіні бар» деген ғой.   
Сонда аюдың дүниені жайпап, қасқырдың қойды қалай жеп жүргенін, түлкінің қалай тауық ұрлап жүргенін күнде көріп жүрген көртышқан: « Мыналар өздері адамдарды білмейді екен ғой, айтқандарының бәрі далбаса, қазақ дегенің аңқау, аққөңіл жұрт, мен көздерін бақырайтып қойып, күнде тонап жүрген жоқпын ба!» деген екен.

«БАЙЛЫҚ БАҚЫТҚА ЖЕТКІЗБЕЙДІ ЕКЕН…»

Оның азан шақырып қойылған есімі – Сары. бірақ, түсі қап қара. Кәдімгі қара қоңыз ғой. Бұл қарақоңыздардың мекені -сарыдаланың шетіндегі таудың етегі екен.Сол Сары (қарақоңыз) есейген соң бақытты болуды армандапты.  Сосын  ауылының үлкеніне барып: «Бақыт деген не?» деп сұрапты. Қарақоңыздардың үлкені: «Махаббатыңды тапсаң, бақыт деген сол» депті.Сосын Сары көрші қарақоңыздардың ауылынан бір қызға ғашық болып, үйленіпті. Бірер жылдан соң, Сары отбасынан бақыт таба алмай, өз ауылының үлкеніне келіп: «Үйленіп бақыт таба алмадым, енді қайтсем бақытты болар едім?» депті. Сонда қарт қарақоңыз: « Бүкіл еліңе бастық болсаң, бақытыңды мүмкін сонда табарсың» деген екен. Бақытқа жету жолында Сары барлық күшін сарп етіпті. Ол сол жолда боқтың арасынан, иненің көзінен, биіктің үстінен өтіп, ақыры қарақоңыздардың бүкіл еліне қожа болыпты. Сары қарақоңыздың елін билеген тұсында басынан қара бұлт кетпепті. Қарақоңыздар мұны үнемі мүйіздеп, сынап,мазасын кетіріпті. Содан Сары биліктен қашып, баяғы қарт қарақоңызға ақыл сұрауға қайта келіп: «Биліктен де бақыт таппадым, енді не ақыл айтасыз?» деп сұрапты.  Сонда қартайып, қалжырап жатқан қарт әлсіз дауыспен: «Әркімнің бақыты әрқилы. Мүмкін сенің бақытың байлықта шығар»депті. Енді Сары (қарақоңыз) байлықты іздеп даланы, тау- тасты кезіп кетіпті. Бұрын қыраттың  етегін мекен еткен Сары  жанындағы таудың бір биігіне, сосын екінші биігіне шығыпты.Үшінші биігіне өліп- талып  шыққанда алдынан бір қуыс кездеседі. Соның ішіне енеді,ең тереңінде ғажап құбылысқа кез болады – іннің қабырғасы көздің жауын алатындай тұтастай алтын мен асыл тастардан қаланғандай  екен. Сары (қарақоңыз)ойда жоқта кез болған байлыққа көңілі марқайып, осы жерде біраз өмірін өткізеді. «Алтыннан қақ қалады» деген, күн өткен сайын қарақоңыздың түсі өзгеріп, үстіндегі қара қабыршақтары алтын түске боялыпты. Бір күні Сары үңгірінен далағы шығып, серуендеп жүрсе, сол маңда ойнап жүрген балалар мұны қызық көріп, ұстап алып сыртындағы алтын қабыршықтарын сыпырып алып, мұның өзін лақтырып жіберіпті. Содан ойда жоқта өлімнен аман қалған Сары қарақоңыз: «Байлықпен де бақытты бола алмайды екенмін» деп, таудың етегіндегі еліне қайта оралыпты.

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ,

Арнайы «Қасым» порталы үшін


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика