Жұмат Әнесұлы. Қазақ жерінің алғаш картаға түсірілу тарихы

2 ноября 2016

Қазақ картасыҚазақ жерінің, Орта Азияның алғашқы карталары қай кезде жасалғаны, оны кімдер жасағаны әлі тың, толық зерттелмей жатқан тақырып. Бұрынғы Алтын Орданың орталығы Сарайшық қаласының маңын (Астрахань), Каспий теңізін зерттеуді Ресейдің алғашқы императоры I-Петр қолға алған. Ол әсіресе, Қазақ жерінің картасын түсіруге аса ынталы болған. Ол әуелгі кезде Каспий арқылы Орта Азияның оңтүстігі мен Үндістанға сауда қатынасын орнатуды көздеген. Петр патша ол кезде Амудария Каспийге қосылған ба, қосылмаған ба, соны нақты білмеген екен. Егер өзен теңізге қосылмаса, оны қосу мүмкіндігін зерттеуді өзінің барлаушыларына тапсырады. Бірақ, ол кезде білікті картографтар сирек болғандықтан, 1691- жылы Орта Азияны, Қазақ жерін зерттеуге А. Неприпасов дегенді жібереді. Ол Тобыл, Есіл, Торғай,Сарысу өзендерінің саласы арқылы Хиуаға жетеді. Оны Тәуке хан тұтқындап, зынданда өледі. Одан кейін 1693- патшаның тапсырмасымен Ф.Скибин деген казак «саяхатшы» деген желеумен қазақ жеріне табан тірейді. Ол А.Неприпасовтың жүрген жолымен яғни, Тобыл, Шалқар,Торғай, Ұлытау арқылы, Қаратаудың жондарын басып, Хиуаға жеткен. Мұны да Тәуке хан ұстатып, тұтқындаған. Ол тұтқында он бес ай жатып, ретін тауып, қашып құтылады. Содан түрлі айламен Тобылға жеткен. Тобыл мен Хиуа арасының жолы осы Ф.Скибиннің айтуымен С.Ремез деген кісі ол картаның жобасын түсіріпті. (Бір қызығы кейінгі зерттеушілер осы алғашқы картаны түсірген С.Ремезов» деп жазып жүр). Бірақ, бұл картаның кейін көп жылдардан кейін түсірілген картадан көп айырмашылығы болған және дәлдігі болмаған. Осы себептен I-Петр Астрахань маңы мен Каспий теңізінің, Орта Азия, оның ішінде қазақ жерінің картасын түсіру үшін кеме штурмандарын пайдаланған. Сонымен I Перт патша 1715-жылы Астрахань( Аштархан) маңын, Каспий теңізінің картасын түсіру ұшін А. Черкасскийді бригантинамен жолға аттандырады. Ол сол жылы Астрахань жерін, Жайық өзенінің теңізге құятын саласын, Каспий теңізінің оңтүстігі мен солтүстігін картаға түсіреді. (Осы күндері «Англиядан, АҚШтан табылды» деп жүргені осы А.Черкасский 1715-жылы түсірілген карта. (Бұрын соңды не шетелдік, не орыс картографтармен аталмыш жерлер мен Каспий теңізі картаға түсірілмеген)
I-Петр А.Черкасскийдің сызған картасына сеніңкіремей, штурман Верден мен Ф.Саймоновты сол жаққа қайта жіберген. Дегенмен, А.Черкасскийдің алғашқы картасы дұрыс түсірілгені анықталады. Сондықтан, Каспий теңізінің картасын алғаш түсірген А.Черкасский деп танылған. 1719-жылы Петр патшаның арнайы тапсырмасымен А.Черкасский 3 мың қарулы адамдарымен Каспий жағалауы арқылы Амудария құйылысын, Аралды картаға түсірмек болып Хиуаға келеді. Петр оған « Амудария Каспийге құя ма, құймай ма, құймаса, оны Каспиймен жалғастыруға бола ма, соны анықта» деген. Осы мақсатпен келген А.Черкасский хиуалықтардың қолынан қаза табады.
I-Петр патша қазақ жерінің солтүстік- шығысын картаға түсірту үшін 1722-жылы С.Унковскийді жабдықтап, сол жаққа аттандырады.. Ол Тобыл, Ертіс, Шар өзендерінің салаларын аралап, Тарбағатай, Алакөлде болып, одан соң Алтын емелде, Шарында,Есік көлінде, сосын Іле өзенінің бойымен жүріп, Балқаш маңын түгелдей картаға түсірген. 1722-1723-жылдары солтүстік шығыс қазақ жерін алғаш картаға түсірген С.Унковский екені картография тарихынан белгілі. Одан кейін де қазақ жерінің ойлы, қырлы жерлерін, өзенді жолды жерлерін картаға түсірген картографтар болды. Соның бірі И.Муравин деген картограф, ол 1740-жылға дейін Арал теңізінің шығыc бетін, Әмудария мен Сырдария өзендерін, оның Аралға құятын сағаларын картаға түсірген. Ресейдің барлаушылары мен картографтары жылдарға дейін Каспий теңізінен бастап, Арал теңізінің маңын, Орскіден бастап, Шығыстағы Тобыл, Ертіс, Тарбағатай асуы арқылы Қорғасқа дейін баратын жолдарды, өңірлерді, өзендерді, көлдерді жолдардың бәрін картаға түсіріп алған. Ал, Орскіден Тобыл, Торғай, Бетпақдала арқылы Түркістан,Хиуаға қарай өтетін жолдардың Скибин, Ремезов түсірген шала карта ғана бартын. Ресей осы олқылықты толтыруды 1742-жылы бастады. Оған сол кезде Қазақ хандықтарында болған нақты оқиғалар себеп болды.

Орталық Қазақ жерінің алғаш картаға түсе бастауы

Кіші жүз бен Орта жүз хандықтары 1731-жылы Ресейдің қол астына кіргенімен, әлі де Жоңғар қалмақтарының ықпалында болатын. 1741-жылы Галдан Церен Сырдарияның бойында қыстап отырған Әбілхайыр ханға «әр үй басына төленетін алым мен Әбілхайыр ханнан, Әлмембет ханнан, Барақ сұлтаннан, Шақшақ Жәнібек батырдан аманат тапсыруды талап етіп, әйтпесе соғыс бастайтынын айтып, қорқытқан» хат жеткізген. 1742-жылы осы мәселеге байланысты Кіші жүз бен орта жүздің сұлтандары, билері (1500адам) жиналып құрылтай өткізген. Онда қалмақпен соғысуды қаламаған көпшілік Г.Церенге алым мен аманат беруді қолдайды. Тек, Әбілхайыр хан мен Шақшақ Жәнібек батыр оған келіспеген. Содан кейін, Әбілхайыр хан Орскідегі Неплюевке Жоңғар ханының талабы туралы айтып, Ресейден қолдау сұраған. Осы оқиғаға дейін Кіші жүз бен орта жүз Ресейдің қол астына ресми енгенімен, Ресей патшалығы қазақ пен жоңғарлардың арасына түспей,тек сырттарынан бақылап отырған еді («бірін- бірі қырып жоя берсін»деген саясат қой).
Ресейдің патшалық сыртқы істер ведомствосы (Елизавета патшайымның кезі) Әбілхайыр ханның Неплюевқа жіберген хатынан кейін, Орта Азияда, Қазақ жерінде қалыптасып отырған саяси жағдайға назар аудара бастайды. Бұл кезде ағылшындар Орта Азияға Ресейдің ықпалының күшейуінен қорқып, Үндістан арқылы Хиуа ханына Ресейден қорғану үшін қару жарақ бере бастаған кез. Және Галдан Цереннің әлі күнге кіші жүз бен орта жүзге ықпал жүргізіп отырғанын есепке алып, Орскіде отырған өкілі Неплюевке елші арқылы Галдан Церенге «Кіші жүз бен орта жүз Ресейге бағынышты екенін айтуды, сондықтан осы екі жүздің хандарынан алым және аманат сұрауға болмайтынын жеткізуді» тапсырады. Осы нұсқау бойынша И.Неплюевтің Г.Церенге жазған талап хатында ресми екі талап болған:
Бірі — «Кіші жүзбен Орта жүздің жылғы келісімге сәйкес, олардың Ресейге қарасты екендігі, сондықтан екі жүзге жоңғар қалмақ тарапынан қойылатын талаптар тек Ресей арқылы жүзеге асуы тиіс» делінген. Екіншісінде -«Әбілхайыр ханның күйеу баласы, сұлтан Абылайды босату (1741-жылы Абылай сұлтан бірнеше адамымен жоңғар қалмақтарының қоршауына түсіп, тұтқындалған) туралы талап қойылған. И.Неплюев жоңғар қалмақ елінің басшысына жазылған ресми талап хаттан басқа, елшілік басшысы К.Миллерге, орта жүздің биі, әрі батыры тархан Шашақ Жәнібек батырға содан бір жыл бұрын орыс керуенін тонаған ұлы жүздің Қойкелді атты батырынан керуеннің төлемін қайтаруды тапсырған. Неплюев Г.Церенге елші болып бара жатқан К.Миллерге ең басты құпия тапсырмасын ауызша айтады. Ол- «жүрген жерлерінің барлығын картаға түсіру» туралы ерекше тапсырма болатын. Сондықтан И.Неплюев орыс әскерінің майоры К.Миллерге Түркістанға, Хиуаға, Қырғыз Алатауына тікелей апаратын (бұрын жүрілмеген) Бетпақдаламен баруды ұсынады. Сонымен 1742-жылдың (қыркүйекте) күзінде Неплюевтің бұйрығымен ( Шақшақ Жәнібек тарханның келісімімен) қасында он бір адамы ( ішінде Ералы сұлтан болған) бар, елші Карл Миллер жоңғар қалмақ билеушісі Галдан Церенге Ресей патшалығы атынан хат тапсыру үшін жолға шығады. Сонымен К.Миллердің бастаған елшілік тобы Тобыл, Қара Торғай, Ұлытау, Бетпақдала, Қаратау,Шу бойымен жүріп отырып, Қорғасқа екі жарым ай шамасында жетеді. Қырғыз Алатауының бер жағында бұларды жоңғар қалмақ әскерінің башысы Шара Манжи тосып алып, Іле бойының басында тұрған қоңтайшы Г.Цереннің үргесіне жібермей ұстайды. К.Миллер елшілігі мен Г.Цереннің арасындағы Ш.Манжи арқылы жүрген келіссөз екі айдан астам уақытқа созылған. Осы уақыт ішінде Г.Церен И.Неплюевтің хат арқылы қойған екі талабына нақты жауап бермеген. Сосын тамыз айында Түркістанға қайтыс болған бәйбішесін жерлеуге келген Тархан Шақшақ Жәнібек батыр Қойкелді батырмен келіссөз жүргізу үшін елші Миллерді Түркістанға шақырады.

Бірінші шегініс

(Қойгелді батырдың ісі бойынша Түркістанда болған оқиға туралы)

Ресейдің Ордағы өкілі И.Неплюев елшісі К.Миллерді оңтүстікке аттандырар алдында тархан
Шақшақ Жәнібектенде орыс керуенін тонаған Қойкелді батырдан керуеннің өтелімін қайтаруға көмектескенін қалаған еді. 1743-жылы 31-қаңтарда Шақшақ Жәнібек батыр Түркістанға келгенде Қойкелді батырдың іс әірекетіне билік айтуы үшін осында кіші жүздің, орта жүздің, ұлы жүздің билері, сұлтандары да жиналған екен. Ол туралы 1993-жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Қазақтың би шешендері» атты кітапта ( бет) мынадай жолдар бар:
«Бұл жиынға орыс тарапынан К.Миллер, орта жүзден Қаз дауысты Қазыбек би, Ташкент қаласының биі Қоқым би, қарақалпақ биі Сасық би, Шақшақ Жәнібек батыр,Түркістан қаласының билеп тұрған Сейітхан би, Барақ сұлтан қатысты. …Сонда бәрі келісіп, билік айтуды Түркістан өлкесінің биі Төле биге беріпті. Сонда Төле би:
«Мен ел қамы үшін өз қолымды өзім кескелі отырмын. Қойкелді бәріңнен бұрын маған жақын.Бірақ, елдің бірлігі, амандығы одан қымбат. Қойкелді орыс керуенінің шығынын екі мың жылқы беріп өтесін» деген билік айтыпты. («Қазақтың би шешендері» 74- бет).
Осы оқиғадан кейін К.Миллер Орға бет алып жолға шығады. Шақшақ Жәнібек батыр онымен Торғай жеріне дейін сапарлас болған. Жол үстінде 1743-жылы сәуір күні бұларды орта жүз ішіндегі қоңырат руынан шыққан Мәмбетбай деген кісі қуып жетіп, Галдан Цереннің «Мен Абылай сұлтанды босатып өзінің қонысына қайтардым,сонымен бірге Әбілмәмбет ханның аманаты ұлын, басқа адамдарын да босаттым» деген сәлемін арнайы жеткізіпті (И.Ерофеева. «Между всеми старшинами знатнейший» атты кітабынан. 137-бет.)

Екінші шегініс

(Абылайдың тұтқыннан қалай босағаны жөнінде)

Абылай жас кезіндегі оқиғалар туралы әңгімелер, аңыздар баршылық. Соның бірі «Абылай жекпе же айқаста қалмақтың Шарыш деген батырын өлтірген екен, Ол жоңғар ханы Галдан Цереннің туысы екен, Абылай сол шайқаста қалмақтардың қолына жолдастарымен түсіпті» деп басталады. Тарихи дерек бойынша, Абылайдың қалмақ батыры Шарышты өлтірген айқасы 1732-1733- жылдары болған.Ал, Ордағы Ресей өкілі И.Неплюевтің Г.Цереннен «Абылайды босату туралы» хаты 1742-жылы жазылған. Яғни, Абылай деректер бойынша қалмақтардың тұтқынына 1741-жылы түскен. Абылайды қалмақтардың қолынан босату үшін Неплюевтен бұрын үш жүздің хандары, сұлтандары, билері өзара ақылдасқан. Содан көптің шешімімен Қазыбек би қалмақ қоңтайшысы Галдан Цереннің алдына барып, Абылайды босатуын сұрайды. Қазыбектің шешендігімен бұрыннан таныс қоңтайшы оны тыңдамай «Біріншіден, Абылай мен оның серіктерін Әбілхайыр хан, Әбілмәмбет хан, Барақ сұлтан, Шақшақ Жәнібек батыр аманаттарын маған тапсырғанда, екіншіден қазақтар Ресейден бас тартып, маған қосылғанда ғана босатамын» деп бет бақтырмайды. Содан Қазыбек би елге оралып, Әбілмәмбет пен Барақ сұлтанды Г.Церенге аманат беруге көндіріпті. Жоңғар қоңтайшысы да Қазыбек бимен кездесуден кейін ойланып, қазақтардың орыстарға біржола қосылып кетуінен қауіптеніп, Абылайды қасындағы адамдарымен босатыпты. Қоңтайшы онымен бірге отыз екі қаланы Түркістанға бірге қайтарыпты. Әбілмәмбет соған хан сайланып, Абылай Арқаға сұлтан болыпты» деген («Қазақтың би шешендері» кітабынан.108- бет) жолдар бар.
Яғни, аңыздар бойыншада Абылайдың қалмақтардың тұтқынынан босаған жылы -1743- жылға келіп тұр. Демек, Абылай қалмақтардың қолынан Қазыбек бидің арқасында құтылды деп те айтуға болады. Ал, орыс тарихының деректері «Неплюевтің хатының арқасында Абылай қалмақтардың тұтқынынан босады» дегенді дәлелдейді.

Миллердің картасы

Қайтар жолында да Миллер сол келген жолымен Талас, Шу,Іле, Бетпақдала, Ұлытау, Қара Торғай арқылы Орға келеді. Миллер Ордан Қырғыз Алатауына, Түркістанға барып келуі бар, барлығы төрт мың шақырымдай жерді жүріп өткен екен. Ол Орға келісімен жүрген, барлаған яғни, сол Қорғастан Балқашқа дейінгі аралықты, Түркістан, Қаратау, Талас, Шу, Іле, Бетпақдала,Ұлы таудағы бедерлерін, жолдардың бәрін картаға түсірген.
И.Неплюев осы сапардан кейін, оның қорытындысына, орай К.Миллерге,тархан Шақшақ Жәнібек батырға «Ресей империясына сіңірген еңбегі үшін» деп ресми алғыс жариялаған. (И.Ерофеева, жоғарыдағы аталмыш кітабынан).
К.Миллер жүріп өткен жолмен, яғни Бетпақдала арқылы Қазақ жерінің оңтүстігіне өткен бұрын соңды орыс, не шетел саяхатшылары болмағанын кейінгі зерттеушілер айтқан. (Ханыков, Магидовичь, И.Ерофеева). Ресей отаршылары үшін бұрын Бетпақдала арқылы Қазақ жерінің оңтүстігіне (Түркістанға және т.б.) өту « өте қиын» деп саналған.
К.Миллердің Г.Церенге елші болып барған жолы түсірген Орталық Қазақ жерінің картасы көп жерлерді картографияның заңдылықтарына орай дәл түсірілгені кейін дәлелденді. Орталық Қазақстанның Миллер түсірген алғашқы картасы автордың өзінің шетелде жариялаған материалдары арқылы, Ресейдің Географиялық қоғамының жаңалықтары ретінде шетелдерде кезінде белгілі болған. Олардың сол кездегі ескі нұсқасы Англияның, Американың кітапханаларында осы күнге дейін сақталған. Қазақ жерінің алғашқы карталарының «ескі нұсқасы Америкадан, Англиядан табылды» деп журналистердің сенсация жасауы содан.

ҚОРЫТЫНДЫ СӨЗ

К.Миллердің Қырғыз Алатауын мекен ерткен қалмақ жоңғар басшысы Галдан Церенге елшілік жолы Ресей империясы үшін өте маңызды болды. Біріншіден, Миллер әлі Ресей қарамағына өтпеген Ұлы жүз хандығының жағдайы туралы, Хиуа хандығы мен Жоңғар қалмақ хандығының әл қуаты, адамдары, орналасқан жерлері, қару жарақтары туралы жан жақты мәліметтер алып келді, карталарын түсірді.
Жоғарыда XVIII-ғасырдан бастап, Қазақ жерінің карталары түсіріле бастағанын айтқан едім. Қазақ жерінің Шығысын, Батысын, Орталығын, оңтүстігін картаға түсіру кезеңдері жарты ғасырға жуық уақытқа созылды. Орталық Қазақ жерінің жолдарын елші болып оңтүстікке барған К.Миллер 1743-жылы картаға түсірді.
Міне, осы уақыттан бастап,яғни, Қытайға дейінгі қазақ жерінің географиясын, жолдарын анықтағаннан кейін,, ондағы мекен еткен хандықтардың, әсіресе, жоңғар қалмақ қоңтайшысы мен Хиуа,Қоқан хандықтарының әл қуатын зерттеп білгеннен кейін, Ресей империясы Орта Азияны толық отарлау саясатына мықтап кірісе бастады десе де болады.
Г.Церенге елші болып барған Миллер туралы әлі біраз тарихи деректер айтуға болады, бірақ ол басқа тақырып, басқа әңгіме.

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ,
жазушы, тарихшы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика