Жұмат ӘНЕСҰЛЫ: Дарынды ақын Кеңшілік Мырзабековтің туған жері туралы эссе

10 октября 2016

ТҮЙЕМОЙНАҚ, АҚШЫҒАНАҚ, ҚАРТ ТОРҒАЙДЫҢ ҚАНАТЫ…

Кеңшілік ақынКеңшілікпен бала кезімізден Түйемойнақта бірге өстік. Түйемойнақтың табиғаты ерекше жер. Торғай өзені Тосын құмын осы жерден ортасынан қақ айырып Ырғызға қарай өтеді. Құм іші арша, тобылғы,жиде ағаштарына толы. Сағыз шағыр, тау жуа да осында. Өзеннің бергі бетіндегі құм шағылдың ұзындығы жеті сегіз, ені үш төрт шақырымдай. Осы құм шағылдардың Кеңшілік екеуміздің баспаған қуысы қалмаған шығар. Ең қызықты балалық дәуреніміз осы құмның ортасындағы Түйемойнақ ауылында өтті. Кеңшіліктің үйі өзеннің арғы бетіндегі Көртоғайды қыстайтын. Бастауыш мектепке Кеңшілік өзеннің арғы бетінен келетін. Бір күні өзен жағасында тұрсам, Кеңшілік қасында екі үш адам бар, қалтылдақ қайықпен бергі бетке өтіп келе жатыр екен. Қайық толқыған сайын Кеңшіліктің ойбайлаған дауысын естіп тұрған менің оған күлгенім есімде қалыпты.
Қалай десек те, біреулерге ақындық өсе келе дариды, біреуге ақындық туғаннан, қанында болады. Кеңшілік бала кезінен әсершіл, сезімтал еді. Кеңшілік өзінің балалық шағындағы әсерлерін жүрегінде мәңгілік сақтап қалыпты. Кеңшілік балалық шағы туралы, замандастары біз туралы,
туған жері Торғайға талай тамаша өлең арнаған ақын.:
«Көртоғайдан» кешкілік бір топ бала,
Жидек іздеп,күндер- ай, қыр таптаған.
Адырлардан әрі алып кетуші еді,
Бұралаң жол белдегі бұлтақтаған…»
Біз, Кеңшілік соғыстан кейін өмірге келген ұрпақтармыз. Біз соғыстан кейінгі тұрмыстың қиыншылығын көрдік. Жасымыз жетпей үлкендермен бірге еңбекке араластық.. Кеңшілік осы соғыстан кейінгі дәуірдің тынысын, замандастарының образын, елдің келбетін жырлары арқылы, балладалары арқылы керемет сомдап, артына үлкен мұра қалдырған ақын.
Мәселен, Кеңшіліктің соғыстан кейінгі ауыл өмірін суреттейтін «Қырман басында» атты атақты өлеңіне тоқтала кетейік:
«Қырық тоғызыншы жылы қырманға барғаным есімде,
Тайынша жетектеп, тырбаңдағаным есімде.
Қайрағым да жоқ, орағым да жоқ қолымда,
Күн құлап кеткен бесінге,
Құрдан -құр барғаным есімде.
Кешке жақын, дала салқын,
орып алған егістік қара барқын,
Жанымда Хайдолла бар,
Хайдолла қара нартын..
Сарғайған сабанның торсықтай дәні тырсылдап,
Белі шойрылсада Хайрекең,
Бауды тізгіндеп жүр ырсылдап.
Күн қағып әбден бозарып кеткен көйлектен,
Тобылғы майдай тамады тамшы шым -шымдап.
Орақ аяқталған,
Күз таяп қалған
Бармақтай дәнді көріп,
Хайдолла тояттаған…» («Қырман басында» өлеңінен үзінді)
Кеңшіліктің балақ шағында көріп суреттеп отырған бұл кезеңі маған жақсы таныс еді. Кеңшіліктің «егістік» деп отырғаны, ауылда ол кезде шағын тары алқабы болды.Соны күзде колхоз жинап алатын. Кеңшіліктің осы жырында аталып отырған кейіпкер Хайдолла күзетші елге есімі белгілі жыршы еді. Бұл жырдың бір ерекше қасиеті, оны оқып отырып, халықтық дәстүрлі әндердің ырғағына түсіп, ыңылдап ән айтқың кеп кететіндігінде. Бұл өлеңнің тағы бір ерекше қасиеті, ақынның соғыс жылдарынан кейінгі өмірін шынайы түрде көз адыңа алып келе алатын полотнолық суреткерлігінде. Жоғарыда соғыстан кейін туған ұрпақтардың тағдыры туралы айтып кеттім. Біз тіршіліктің қадірін ерте білдік, ерте есейдік. Ерте есейгені ғой, «Жолда» атты өлеңді Кеңшілік балаң мұрты жаңа шығып келе жатқанда жазған. Бұл өлеңде жас баланың фермадан колхоз орталығына өгіз арбамен май әкеле жатқандағы, өгізге ие бола алмай көрген «қорлығы» суреттеледі.
«Қайқиған қырдың қарсаңы- ау, деймін,
Сары кідір өгіз шаршады- ау, деймін,
Бір білем шүйге,біріккен жиде,
Желкесін сірә, шаншады -ау, деймін,
Жаздың бір жолы қиын шағында,
Ырдуан арба ыңырсығанда.
Үргедек шіркей үйір боп қонып,
Өгіздің ылғал құйымшағына.
Шілденің шыбын шіркейі шалдуар,
Құйрығын қағып, үркеді жануар.
Шалқайып кетіп, шыңылтыр аспан,
Сәулесін сәске бүркеді сәруар…» (өлеңнен үзінді).
Бұл жырдағы күн шыжғырған ыстық күні құмды жолмен сона шіркейден мазасы кетіп келе жатқан өгіздің бейнесі ғажап суреттелген. Сөзді ойнату арқылы суреттелген жол оқиғасының динамикасы оқырманды өзіне еріксіз тартып отырады.
Соғыстан кейін туып, тұрмыстың тауқыметін көрген балалардың психологиясын, айқай, дөрекі бригадирлерден қысым көрген жас келіншектердің образын келістіріп сомдаған Кеңшіліктей суреткер жоқ та шығар. КЕҢ ақынның сол кез туралы жазған «Көшу атты балладасын күрсінбей, көзіңе жас алмай оқу да мүмкін емес!
«…Сықырлап былғары ері тақымдағы,
Бір кезде арбамызға жақындады.
Жеңешем бет жыртқан жоқ, кешіккен соң,
Кінәсін үнсіз ғана мақұлдады.
-Әй ,бала ештеңе жоқ жасқанатын,
Сенен кем бе, басқа ұл, басқа қатын,
Бар, күркеге тіге бер,қосқа апарып,
Сендейінде жігіттер тас жаратын.
Жеңгеңменен екеуміз қыстауға анау,
Тұқым жинап қайтамыз, кешке жақын!…
Жан- жағымда иен қыр дала жатыр,
Жеңгем маған жәудіреп қарады ақыр.
Ала өгізді атты адам жетекке алып,
Есіз жатқан қыстауға бара жатыр…». Баланы тастап, иесіз қыстауға бет алған бұл екеудің бейнесі, тек баланың ғана емес, сырт көз болып отырған оқырманның да жүрегін селт еткізері сөзсіз.
1959-жылы Тосынның арғы шетінде аудандағы оншақты шаруашылықтың бірі болып, совхоз ашылды. Орталығы Ақшығанақ болды. Түйемойнақтағы орта мектеп Ақшығанаққа көшті. Содан бастап, Кеңшілік, Серік, мен совхоздың орталығында оқыдық.
Кеңшіліктің сол кез туралы жазғаны.:
«Түйемойнақ, Ақшығанақ,-
Қарт Торғайдың қанаты…». Бұл жолдарда ақынның туған жеріне сағынышы да, мақтанышы да бар. Ақшығанақ Жангелді ауданының ең түкпірінде, Ақтөбе облысының Ырғызымен шектесіп жатқан жерде тұр. Содан -ау, Кеңшіліктің Ақшығанақ туралы, турасы Тосын құмы туралы;
«Шалқардан Ырғыз арқылы,
Торғайдан тартсаң — Нұрамен.
Тосынның орғыл сар құмы,
Томсарып жатқан бір әлем.
Бір шеті -анау Ұлықұм,
Бір шеті -мынау «Балақұм»,
Бір шеті айбын Ұлытау,
Бір шеті -айдын Аралым.
Жиектеп құмды қарт Торғай,
Алқымы кеппей ағатын…» деп салмақты суреттеп шығатыны бар.
Кең ақынның алғашқы жинағына енген «Әубәкір туралы балладасын», «Ақ көйлек» атты жырын оқығанда осы Ақшығанақ еске түседі. Әубәкір «серінің» шынында да Кең ақын суреттегендей іс әрекеті ел аузында жүретін кісі еді. Ақшығанақ совхоз орталығы болып, еңбеккерлерге шатырлы үй салып беріп жатқанда, ауылдың Ырғыз жақ бетінде киіз үйін тігіп алып, ісмерлігімен көзге түсіп жүретіні менің де есімде. Кең ақынның «Әубәкір туралы балладасы» былай басталатын:
«Әубәкір жалқы, әкеден жалғыз әулеті,
Әубәкір әуей,ақ көңіл жігіт, әулекі.
Албарда қой көп, аулада той боп жататын,
Он саусағы өнер, қолының кірі дәулеті.
Әубәкір салсын, әуелетіп бір ән салса,
Топқа да барсын, тойға да кірсін, тамсанса,
Ел ақтап кетіп, апталап кейде келгенде,
Әйелі жұртқа бастаңғы беріп, қарсы алса,
Қимылына бір риза болмай, әйтеуір,
Ұрмай тынбайтын, қолына бір қамшы алса..
Ер тұрман жасап, тарамыс тартып, таспа өріп,
Келіншектердің қасында жүрді қас керіп.
Байғазыға да байтал мінгізген Әубәкір,
Бәсекелерде бас алып, және бәс беріп…» деп ақын балладасының бас кейпкері Әубәкірдің образын сан қырынан шебер сомдап өтеді. Бұл балладаның аяғы өте аянышты драмамен түйінделген.
«Әр үйге тарап, құсауызы мен қышқашы,
Әйелін алды, әйелі өлген тұстасы…».деп. Осы балладаны аяқтағанда әуелде әкеден жалғыз, сан қырлы өнерімен елге сыйлы да, әуей болған Әубәкірдің артына ұрпақ қалдыра алмай өмірден өте шығуы оқырманның сезіміне ине қадалғандай әсер етері сөзсіз. Оның басты себебі бізге соншалықты қазақы тағдырдың шынайы, көркем тілмен суреттелгенінде болуы керек. Қазақ әдебиеті тарихында ақын Кеңшілік Мырзабековтің балладалары өзіндік айшықтарымен лайықты орынын алған. Кезінде Кең ақынның жақсы лебіз айтылып, мақталған балладалары мен жырлары, поэмалары біршама башылық. Соның ішінде мен жақсы көретін балладалары «Төлеутайдың төрт қызы» мен «Ақ көйлегі».
Кең ақынның «Төлеутайдың төрт қызы» атты балладасы «Әубәкір туралы» балладасымен «туыстас», «тағдырлас», жаныңды « от шалдырмай» өртейтін шығарма. Ұлы жоқ, көп қызды отбасының қазақы тағдыры туралы. Баллада:
«Соғыс бітіп, солдат келіп жатқан кез,
Ел мейрамға, ен мейрамға батқан кез.
Бізге көршіТөлеутайдың төрт қызы,
Бойжеткен кез, шеттерінен боп кербез…» деп басталады. Бұл баллада шағын болғанымен, сол кездегі соғыстан кейінгі өмірдің шынайы, қаз қалпында шеберлікпен суреттелетіні сондай,Төлеутай мен оның төрт қызының тағдырларына ішің ауырып, соларға тілектес болып, сол өмірдің арасында өзің жүргендей халге түсіретіні бар. Төлеутайдың үш қызы «Бірі шолақ, бірі молақ, бірі ақсақ кісілерге тисе де, баллада соңында оқырманның да жүрегін лүпілдетер мынандай жолдар бар:
«Келер жолы күйеуімен келді Ұлдай,
Қолдарында ұлдары бар балғындай,
«Сүйегіне таңба салған» қызының,
Сүйіп ұлын, Төкең мейірін қандырды ай!
Ғайып болып қапа көңіл бұлтаңы,
Қос күйеуін қарсы ап жатты бұл тағы.
Күбірледі «Күйеулерім соғысқа,
Берді, берсе аяқ қолын намыс па.
Ал, әйтпесе, жігіттердің сұлтаны!…»
Бұл баллада соңында айтылған Төлеутайдың ішкі сөзі., пәлсапасы! Адам тағдыры осындай философиясымен құнды. Ал, сол өмірдің шындығын қапысыз жеткізіп тұрған ақынның шеберлігін айтсаңызшы! Ақын Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВТІҢ жырлары, балладалары соғыстан кейінгі қазақ өмірінің тұтастай көркем полотносы тәрізді сол дәуірдің шынайы суретін, кейпкерлерін көз алдыңызда дәлме дәл елестетуге мүмкіндік береді.
Ақын Кеңшілік Мырзабековтің шығармашылығының терең сыры, мәні, тамырлы өзегі оның туған жерінің тарихында жатыр. «…Түйемойнақ, Ақшығанақ,
Қарт Торғайдың қанаты» деп Кеңшіліктің өзі жазғандай, Тоңқаймада. Түйемойнақта, Ақшығанақта тархан Шақшақ Жәнібек батыр бабамыздың, Ұлт азаттық көтерілісі басшыларының бірі Оспан ханның іздері жатыр. Түйемойнақ, Ақшығанақ біздің қатарымыздың, ақын Кеңшіліктің балалық қызық дәурені өткен жерлер! Сонау тарихтың 16-жылғы оқиғаларын еске алсақ, Ырғыз жақтан келген Лаврентьевтің жазалаушы отряды пен Оспан ханның сарбаздары арасында Ақшығанақта, Түйемойнақта, Тоңқаймада үлкен шайқастар болған. Азаттық үшін, елдің келешегі үшін болған осындай бабаларымыздың ерлігін, ақындарының ел аузындағы жырларын басқалар ұмытса да, тарих, ел ұмытпайды.

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ,
әдебиеттанушы, жазушы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика