Жолдыбай АЙТҚҰЛОВ: Біз Шәмшінің көзін көрген жандармыз…

5 августа 2019

Жолдыбай АйтқұловОл әке әміріне құлақ асып, өнер ордасынан туған топырағы Ойылға оралған. Бірақ оған еш өкінбейді. Өйткені, есімін елге қайта танымал еткен әуезді әндері тап осы Ойылдың топырағында туды. “Ойылым менің…” деп басталтын әдемі әні қазір оның жерлестерінің тұмарына айналып кеткен. Ол елуге жуық ән-күйдің, сахналық қойылымның авторы. Ол Ақтөбенің Ойылынан шыққан тұңғыш эстрада әншісі. Ол –ақын, сазгер Жолдыбай Айтқұлов.

— Аға, сіздің атақты “Ойылым менің” әніңізді бала кезімізден айтып өстік. Тіпті халық әніне айналып кетті. Жолдыбай Айтқұлов десе бірінші осы ән ойға оралады. Ойыл өлкесінің әнұраны іспеттес осы әннің шығу тарихы қандай? Алғашқы орындаушысы кім еді?

— 1992 жылы Ойыл ауданының 60 жылдығы тойланатын болды. Туған жерімнің осындай тойында бір ән арнамасам, сазгерлігімнен не пайда?! Сол уақытта осы “Ойылым менің” әні дүниеге келді. Ән мәтінін де өзім жаздым. Алғашқы орындаушылары Әлім Сәндібаев пен Мұқан Сатыбаев болатын. 

Халық арасына кең таралып кеткен себебі – ол кездің адамдары өнерді жан-тәнімен түсіне білуші еді ғой. Естіген бойда бірден қабылдап, жаттап, тез таралып кетті. Ол кезде жиын-той әнсіз өтпейтін. Шағын отырыстардың өзінде ән шырқалатын. Жасы бар, жасамысы бар, бәрі бірдей ән айтып, кештің көрігін қыздыратын. “Ойылым менің” әні осындай кештерде айтылып, ел арасында кең танымал болып кетті. 

— “Ол кезде жиын-той әнсіз өтпейтін” дейсіз. Сіздің ойыңызша, қазір қалай?

— Қазіргі тойлар жалдамалы әншілермен өтеді ғой. Бұрынғыдай тойдан демалып қайтпаймыз. Шаршап қайтамыз. Өйткені, келген қонақтардың “тойда отырмын-ау” дегендей көңіл-күйі мүлдем болмайды. Бәрінің қолында бір-бір ұялы телефон. Соған үңіліп, әркім өзімен өзі отырады. Тойға келіп ән айтып, арқа-жарқа билеп, ақ тілекті жаудырып, сол тойдың құрметті қонағы екеніңді шын сезінбегеннен кейін, тойдың сәні бола ма? Тойды айтам-ау, қазір қарапайым кештерде, жақын адамдарыңмен өткізген туған күндердің өзі тым-тырыс өтеді. Бұрын біздің отырыстарымыз ду-ду болып, келген қонақтар ән айтудан жарысып, кезек тимегендері өкпелеп кететін. 
Қазіргілердің үйінен емге домбыра таппайсың. Есігінің алдында 300 мыңның көлігі бар, ал үйінде 30 мыңның домбырасы жоқ. Қазір балаларға арналған түрлі үйірмелер бар. Олар кез-келген аспапты тегін үйретуге әзір.”Білгім келеді” деген баланың бар жағдайын жасап отыр. Үйінде домбыра көрмеген бала қайдан домбыра үйірмесіне барсын?! Бұл бір қарағанда ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде үлкен проблема. Ұлттың төл аспабын күн санап ұмытып бара жатқандаймыз. Бұрын төрде тұратын қара домбыра қазір табалдырықтан аттай алмай қалды…

— Бір өңірге есімі белгілі ақынсыз, сазгерсіз. Ең алғаш жазған әніңіз есіңізде ме? Жалпы өнер жолын қалай бастадыңыз?

— Қазақ “Жігітке жеті өнер де аз” деген. Кімнің өнерлі, бай-бағлан, батыр болғысы келмейді дейсің? Құдай қаласа бай, жүрек дауаласа батыр да болар. Бірақ осының ішінде өнердің жайы қиындау. Егер өнер басына қонбаса, жаратылысынан соған бейім боп тумаса, кім-кімнің де жай үйренумен алысқа ұзай алмасы белгілі. 

Менің шынын айтқанда, ондай дәріс алатын өнер мектептерім де болған жоқ. Әйгілі тарышы Шығанақ Берсиевтің қонысы Қарасу ауылында, 1949 жылдың жазында дүниеге келдім. Әкем Айтқұл сауаты кем болғанымен, әр нәрседен хабары бар, көкірегі даңғыл адам еді. Бәйгеге ат жаратып қосатын атбегі болатын. Сондай бір бәйгеге атқоса барған сапарында, мектеп табалдырығын аттап үлгермеген маған домбыра, енді бірде орыстың гармоны мен балалайкасын әкеліп берді. “Әке — балаға сыншы” дегендей, жүрегі бірдеңені сезген де болар.

Қалқанқұлақ қара баламын. Бұл саз аспаптарын ешкімнің көмегінсіз-ақ, бүйірдегі бұйығы ауылда жатып-ақ тез меңгердім. Сөйтіп, осындай өнерімнің арқасында ауылдағы өзім оқыған сегіз жылдық, кейін Ойылдағы қазақ орта мектебінің өнерпаз оқушысына айналдым.1966 жылы орта мектепті бітірдім. Домбыра, баян, балалайканы еркін тартатыным өз алдына, сурет те салдым, спортсмен де болдым. Өз ауданымды түгел аузыма қараттым десем де болатын шығар. 

Мектеп бітірген соң, арман қуып Алматыдағы алғаш құрылып жатқан республикалық эстрада-цирк студиясына оқуға қабылдандым. Кейін қазақ өнерінің жұлдызы болған Қайрат Байбосынов, Қапаш Құлышова, Ұлықпан Есеновтермен бірге дәріс алдым. Күйшілік, әншілік өнерімді ұштадым. 1969 жылы студияны және “Қазақфильм” жанындағы актерлік шеберхананың дубляж цехын бітіріп шықтым. Осы жылы тұңғыш құрылған республикалық “Гүлдер” ансамбліне жұмысқа қабылдандым. Күйшілігі бірінен-бірі өтетін Қайырлы, Қуаныш есімді жігіттермен қосылып, сахнада трио болып орындаған күйлеріміз сол тұстағы өнерсүйер қауымның есінде әлі де бар. 
Осы жылдары өзіміздің өңірге тән Ғарифолла репертуарындағы кең тынысты әндермен бірге, Арқаның әндерін де шебер орындайтын дәрежеге көтеріліп, Қазақстанның батыс өңіріне таратушы болдық.

Ең алғашқы әнім “Ойылым – ерке өзенім” деп аталды. Сегізінші сыныпта оқып жүрген кезім. Алғашқы әнімнің сөзін де өзім шығардым. Бұл ән араға 15 жыл салып, 1980 жылы Алматыда өткен республикалық сазгерлер конкурсында жүлде алып, Қазақ радиосының алтын қорына жазылды. Кейінгі жылдары жазған “Ағайынды Жұбановтар көшесі”, “Ардагерлер- арман ерлер” атты әндерім қалалық, облыстық байқауларда жүлдеге ие болды. Жаңа әнім Нұрлыбек Қалауовтың сөзіне жазылған. “Жайдары қыз, қайдасың?” деп аталады. 2012 жылы республикалық сазгерлер байқауында Нұрлыбек Қалауовтың сөзіне жазылған “Сәуір самалы” атты әнім жеңімпаз болды. Ол әнді Ғ. Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншісі Арман Төресинов орындап шықты.

— Әжептәуір танылып қалған кезіңізде елге оралған екенсіз…

— Ия, “Гүлдер” ансамблінің құрамында ұзақ болған жоқпын. Эстрада-цирк студиясын бірге бітірген курстастарыммен бірге Жамбылда алғаш ашылған облыстық филармонияға аттандық. Жамбыл жерінде “Жас толқын” атты эстрадалық ансамбль құрып, артист-орындаушы болып қызмет еттім. Басымыздан талай қызықты оқиғалар да өтті. Артист ретінде бағам өсіп, әжептәуір таныла бастадым. 700 сом айлық алатынмын. Ол кезде 700 сом өте көп ақша. Бірақ күнде думан, күнде той, тапқан ақшамның берекеті болмады. Осыны сезді ме екен, қартайған әкем “елге қайт” деп бұйырды. Әкенің бұйрығын орындамайтындай басымыз екеу емес, елге келдік осылай. Елге келіп, өшіп қалған түгім жоқ. Шығармашылығым шыңдалды. Туған жердің топырағы тәуір әсер етіп, көптеген жаңа әндер дүниеге келді. Сазгерлік қырым ашылды. Сөйтіп жүргенде ауылдың Бәтима деген сұлуына үйленіп, елде түбегейлі қалып қойдым.

— Шығармашылық адамдары жиі ғашық болады дейді. Жұбайыңыз сіздің лирикалық өлеңдеріңізді оқып, қызғанған сәттері болды ма?

— Бәтима марқұмның әйелдікке салынып қызғанып, шатақ шығарған сәті болмапты. Сабырлы, салиқалы жан еді. Қандай өлең болсын, әнім болсын, қабағын шытпай тыңдайтын.Үйге келген қонақтарымның алдында құрдай жорғалап қызмет ете білетін.

Жиі ғашық болған да шығармын. Өлең, ән дегеннің өзі жүректен шықпаса, жүрекке жете ме? Өзім ғашық болған аруларды ән мен өлең жазуға ғана “пайдаланғаным” болмаса, пәлендей зияным тимеді. Бір өкінішім бар… Бәтима марқұмға көзі тірісінде бірде-бір ән немесе өлең арнамаппын. Осы ақымақтығымды жуып-шаю үшін соңғы жинағымдағы туындыларымның 90 пайызын Бәтиманың рухына арнадым.

— Сазгер ретінде қазіргі әндердің сапасына көңіліңіз тола ма?

— Қазіргі әндер – қандай бағытқа жүзерін білмейтін кеме секілді. Музыка, ән деген жаны бар нәрсе.Тура адам сияқты. Оның табиғаты, болмысы болады. Лирикалық, патриоттық, рухты әндер бар. “Құлақтан кіріп, бойды алатын” әндерді бір тыңдаған соң ұмыта алмайсың. Жадыңда жатталып, санаңда сақталып қалады. Бірақ мен қазіргі әндердің табиғатын түсінбей-ақ қойдым. Қазіргі композиторлар әр әннен бір бөлшектен алып, құрастыра салатын болыпты. Біздер, кәсіби сазгерлер әннің болмысын тез түсіне қоямыз. Қазіргі әндерді билеуге ыңғайлы болсын деп жазатын секілді. Табиғаты бір-біріне мүлдем ұқсамайтын бірнеше әннің фрагменттерінен құрастырып, бір робот-ән жасай салады. Сондықтан қазір бір тойда билеген әніңді сол тойдан шықпай жатып-ақ ұмытып қаласың. Есіңде қалмайды. Өйткені, жаны жоқ. 

Біз Шәмшінің көзін көрген жандармыз. Ол кездегі сазгерлердің ән жазудағы өздеріне қоятын талаптары деген енді… Сөзбен айтып жеткізу қиын. Бір әнді жазу үшін өзін отқа да тастайтын, суға да салатын. “Пәленшенің әні осы ма?” дегізбес үшін бар талантын, бар өнерін, бар қуатын салатын. Есесіне, сапалы ән туатын. Халық бірден қабылдайтын және ұмытпайтын. 

— Өте өкінішті… Бірақ мұның бәрі өтпелі деп үміттенейік. Ал өзіңіз өміріңізде не үшін өкінесіз?

— Кезінде Алматыға барып, журналистика факультетіне оқуға түсе алмағаныма өкінемін. Ол кезде журналистикаға жылына 25 адам ғана қабылдайтын. Конкурстан өте алмадым. 75 адам қабылдап жатқан филологияға неге бара салмадым?- деп әлі күнге өкінемін.

— Кешіре білесіз бе?

— Иә, адамдарды кешіре білемін. Рас, жасаған қылығы үшін оған деген сенімім түп-тамырымен жойылып кетер. Бірақ кешіремін. Мүлдем кекшіл емеспін.

Жақсы адам деген кім? Жаман адам деген кім?

— Адамның жақсы-жаманы болмайды. Рас, білімді-наданы болар. Меніңше, кітап оқымайтын адам жақсылық та жасай алмайды, жамандық та жасай алмайды. Ол бір қуыс кеуде. Кітап оқитын адам алдымен өзін түсінеді, кейін өмірді түсінеді. Өмірді түсінген адам жан баласына жамандық жасауға қолы бармайды.

— Адам бақытты болу үшін не керек?

— Денсаулық. Бір рет инсульт алып, екі рет жүрегіне ота жасатқан ағаңның сөзіне сен, балам. Денсаулық болмаса, басқасының көк тиындық құны болмай қалады екен. Байлық та, атақ-даңқ, дәрежең төсекке таңылып жатқан сәтіңде өзінен өзі шетке ысырылып, елеусіз күйде бір бұрышқа үйіле береді. 

Ал бақыт деген шартты ұғым. Әркім санасы мен ойлау деңгейіне орай оны өз биігінде түсінеді. “Ергежейліге есектен биік көлік жоқ” деген. Біреу бақытты байлықтан, ақшадан іздесе, біреу қасымда тек шүйіркелесіп отыратын адамым болса екен деп тілейді. Мен үшін бақыт – балаларым мен немерелерімнің амандығы. Балаларымды көрген сайын көзім сүйсінеді. Бақытты адам екенімді түсінемін. Немерелерімді әр иіскегенім – он жасқа жасартады. Менің бақытым – осы.

— Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен: Индира Кереева
Дереккөз: Керек-info.kz


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика