Жоламан Əйткен. Бұлқынған сезім

13 июня 2017

Жоламан Əйткен Төлеутайұлы — 1996 жылы, 18 наурызда Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Жұмат Шанин ауылында дүниеге келген. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінің студенті. «Жыр жазамын жүрегімнен» атты жыр жинақтың авторы. Өлеңдері «Жыр-Тұмар» жинағында, республикалық, облыстық газет-журналдарда жарық көрген.

Өмір-ай

Қыранның тайып бастан бағы да,
Тауықтарың мәз шашқан тарыға.
Мысықтың мысы жетіп барысқа,
Айналды барыс жасқаншағыңа.

Ер өлер тиіп оғы айналып,
Ездің алда нық жолы сайланып.
Қорқақ батыр боп жалған сөзімен,
Батырдың жатыр қолы байланып.

Елін сүйгенді ел көтереді,
Елімсіз толдым деу бекер еді.
Қарапайым боп қара тайым жүр,
Көк есек неге кеуде кереді?!

Бағаламай біреу бастағы барды,
Үмітін үзіп тастады тағы.
Қаттыдан қорқып күн кешіп біреу,
Жайсаң жандарды жастанып алды.

Тынымсыз елім түнді тосады,
Білімсіздерің үлгі жасады.
Жұлдызға қарай ұмтылып біреу,
Жердегі әсем гүлді басады.

Пайдасыз ағаш өнім беретін,
Қоғамда қалай көңілденемін.
Танаға жеккен соқадай болып,
Өтіп барады өмір дегенің…

Қайтемін

Батпағым қалар жөнелсем ағындылардай,
Өтермін бәлкім жалғанда арым былғанбай.
Сәйгүлік көріп түсімде, ұйықтап кетіп,
Оянбай қалсам қайтемін Табылдылардай?!

Оянбай қалсам, айтшы, кім жалғамақ жырды?
Шығарып шыңға, бұл жалған жарға лақтырды.
Тығылсам қайттім түбіне терең нүктенің,
Жығылсам қайттім өмірде тайғанақ сынды.

Таусылса қайттім әндерім далада салған?!
Жөнелсем қайттім кемемен бабалар барған?!
Азамат өтіп — аттанып сапарға алыс,
Қазанат кетіп, даттанып тағалар қалған.

Жүк қалар еді ортада арманым бармай,
Құтқарар мені ертеңгі амалым қандай?
Парызым қалса қайтемін қаза боп кеткен,
Қарызым қалса қайтемін жаралы жандай?!

Ананың сүті қайтемін ақталмай қалса?!
Әкенің ізі қайтемін сақталмай қалса?!
Бұлқынып тұрса кеудемде ет жүрегім де,
Өтелер парыз басымнан бақ та таймаса.

Мен емес бірақ ойыммен тұншығып өтер,
Белестің әлі-ақ бойымен күн шығып кетер.
Иман бер, Алла, жүрекке намазда тұрар,
Ғұмыр бер, Алла, пендеңе құлшылық етер.

Аялдама

Сезімнен не күт демекпіз,
Қарсы оған жоқ амалым да.
Таңертең кетіп себепсіз,
Бір кеште ораламын ба?!

Қыс. Дала. Аялдама. Жол.
Ақ боран өбіп кеп ұрған.
Мен мінем баяу ғана сол,
Кез келген көлікке тұрған.

Ойларым алысып барад,
Мұң қосып бақытқа ептеп.
Автобус жарысып барад,
Беймəлім бағытқа беттеп.

Көлікте үсіп барамын,
Мұңдар мен қаяу қамаған.
Мен сосын түсіп қаламын,
Белгісіз аялдамадан.

Ақшам шақ. Меңіреу дала.
Айналам қайта түн болды.
Мейірімді кейбіреу ғана,
Көрсетер қайтатын жолды.

Мені елім оңалып, күтіп,
Мен жайлы айтар ол əнін.
Өмір боп жоғалып бітіп,
Өлең боп қайта ораламын!

Түс

Қай фəни үстем?!
Кей нəпсі досқа айналды жай тани түскен.
Ғафлет ұйқыға амалсыз тереңнен батып,
Шошып ояндым қым-қуыт шайтани түстен.

…басқа бүйірмен,
Кездерім көп пе жалғанда босқа күйінген.
Дұғамды оқып қайтадан көз ілемін де,
Рахмани түсті көремін досқа сүйінген.

Ұйқы да — парыз!
Қорқыттың көрі — түстегі бейкүнə аңыз.
Вольтер мен Август, Вагнер мен Бетховен, Моцарт,
Керек десеңіз Декарт та ұйқыға қарыз.

Түстер де — өңге,
Ақындар көрген айналар түстер өлеңге.
Отырмас едік кен санап кестеге қарап,
Қарт Менделеев сол түні түс көрмегенде.

Қорқыт бабам да,
Өз көрін көрген əр жерден жортып ғаламда.
Тым ұсақталып кетпес еді ұрпағы ханның,
Бұқар Жырауға сол түсін жорытпағанда.

Жақсы, жаманға жорытсаң, сол бұрын келген,
Түстер — ақиқат.
Өлшенбес ол ғылымменен.
Дұғамды оқып тағы да ұйқыға кеттім,
Оң қырымменен.

Жұлдыз жорамал

Балықтар. Сіз қалай болса да, ренжіткен достарыңызен
қайта татуласыңыз, ал кешке жарыңызбен ренжісесіз.
Бүгін бір пайдаға кенелесіз. Жаңа өзгерістерді қабылдау-
дан қорықпаңыз.
Газет бетінен

Ойыма келіп қонақ-арманым,
Шашудан қиял орап алғанмын.
Қайда барсам да ұрынған көзге,
Оқыдым жұлдыз жорамалдарын.

Көңілім көкке қалықтар ма еді?!
Жұлдызым қайсы?!
Балықтар ма еді?!
Анықтар ма еді болашағымды,
Не дейді екен жарықтар елі?!

Достар арасын дұрыста дейді,
Әйеліңменен ұрыспа дейді.
Төсекте қанша жатсаңыздағы,
Бүгін бір пайда, ырыс бар дейді.

Оқыдым-дағы көңілім түсті,
Жорамалсыз-ақ өмірім күшті.
Жатсынып тұрды астролог сөзін,
Аллаға деген сенімім ішкі.

Досымдай артпас өзге ешкім сенім,
Ренжіткен жатқа сөз де естірмедім.
Қабырғамменен керіспек түгіл
Жар болар жанды кездестірмедім.

Аспан ғажабын көрмеді жандар,
Жорамалдағы келмеді сандар.
Жұлдыздар біткен жол көрсетеді,
Адаспас үшін жердегі жандар.

Баянауыл 18.03.2017

Кімдер (Депрессия)

Бəріне жаным сене калады,
Ой түзеу бізге керек шамалы.
Оның пышағы неге кызыл кан,
Жон арқам менің неге жаралы?!

Сырларға толып тұрады кеудем,
Бір жандар мені ұғады деумен.
Біреуге жүрміз күдікпен қарап,
Қай кезде мені жығады деумен?!

Кімдерге барсам құлып тұрады?!
Кімдер уайымды ұмыттырады?!
Қайғырсам егер мұңданып бірге,
Белгісіз кімдер күліп тұрады?!

Жанымда кім бар жаңылсам демер?!
Қайсысы бүгін шақырсам келер?!
Кім жанын салып құтқарып алар,
Үміт қайығын батырсам егер.

Кім жазар жанды салғанда қаяу?!
Кім болар бірге таңдарда баяу?!
Кім барын берер жүргенде мұңды,
Кім атын берер қалғанда жаяу?!

Біреу сөзімді ұқпасы анық,
Біреу өзімді жықпасын алып.
Қоңырауларды шала бастасам,
Кім көтереді тұтқасын алып?!

Кім демер ауыр жүгіме дейін?!
Кім келер туған күніме кейін?!
Кім қалар тастап жарты жолымда,
Кім барар бастап түбіне дейін?!

Тұра ма сөзде сөз берем деген?!
Жоғалып кетер көз көрем деген.
Кім сырды сақтар айтылған жерде,
Кім бөліседі өзгелерменен?!

Кім бірге айтшы құлап, тұрады?!
Кімдер күдікті жырақ қылады?!
Көңілден қалған кейбіреу үшін,
«Кім?» деген ойда сұрақ тұрады!

Жол

Көшесіне қалай барам Ақылдың?!
-Былай, былай.
Келе жатып қара жолдан жаңылдым,
Құдай! Құдай!

Мынау көше қалай қарай бастайды?!
Үйі ме екен Сабырдың?!
Қақсам неге есіктерін ашпайды,
Бəлкім тағы жаңылдым.

Тобыр біткен топас қылып жібермек,
Таланғанды талаңдар.
Қойсаңдарда жол табамын шідерлеп,
Ей, мейірімді Адамдар!

Бұлқынған сезім

Махаббатсыз өмірдің мәні бар ма?!
Бір жан керек аңсарга, сағынарға.
Білерім көп сен жайлы, сосын шығар,
Жүрегім жоқ ақылға бағынарға.

Суретіңе, сен салған көп қарадым,
Құр қараудан жаным-ау жоқ па амалым?!
Саған деген сезімді ұшан теңіз,
Бір өзіңе айтуға оқталамын.

Оқталам да, қаламын тағы бұғып,
Мұз жүректің қалар деп сағы сынып.
Гүл ұсынған жүрекке сен тұрсаң ғой,
Махаббатпен басыма бақ ұсынып.

Айналып жүр басымыз жер секілді,
Екеумізді өзгелер көрсе күлді.
Он жетіңде жүректі жараладың.
Он жетінші беттегі мөр секілді.

Жерге түссе аспанның жасындары,
Деп ұқ оны сезімнің тасынғаны.
Сағым болып кетпессің таңымменен,
Бағым болып қаласын басымдағы.

Кешірім күні

Тыңдамай кеткен мен сені күндерім үшін,
Көз ілмей күткен еңсері түндерім үшін,
Даусыңнан қатты естілген үндерім үшін,
Кешірші мені, Анашым.

Тәлімің болса мен кеткен алмай сенімді,
Күніңді бұзсам ермекпен қандай көңілді,
Жіберсем текке сен төккен маңдай теріңді,
Кешірші мені, Әкешім.

Үлгіңнен сенің жаңылып қалғаным үшін,
Артыңа еріп артық мұң салғаным үшін,
Мойныңа түскен бар болса салмағым үшін,
Кешірші мені, Ағатай.

Елемей кеткен мен үшін кеңдікпен болсаң,
Менен орасан келешек сен күткен болсаң,
Болмашы сәтте сіздерді ренжіткен болсам,
Кешірші мені, Әпкелер.

Тигізбей кетсем керекте қолдардың ұшын,
Бұрылмай кеткен сендерге жолдарым үшін
Менде кететін өкпенің болғаны үшін,
Кешірші мені, Ағайын.

Сені ұмытып мұңымнан арылмай қалсам,
Ұшқынға бола ышқынып жалындай жансам,
Сынды сағатта жаныңнан табылмай қалсам,
Кешірші мені, Достарым.

Тілімнің бағын басқаға байлатар болсам,
Жырымның оғын жалған мен жайға атар болсам.
Ұлтымның қамын ойламай жай жатар болсам,
Кешірші мені, Қазағым.

Болғаны үшін бойымда күнәлі ісім,
Парызым қалып жалғанға құмарым үшін,
Оқылмай қалған Намаз бен Құраным үшін,
Кешірші мені, о, Аллаһ.

Бойдағы дерт пен нәпсінің есіріп гүлі,
Қалмасақ болды сұрауға кешігіп түбі.
Кешірім сұрап бірінші барған жан менен
Құдайым өзі қолдайды кешірімдіні.
Кешірім сұрап тұрармын «Кешірім күні».


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика