Жоламан Әйткеннің поэзия кеші өтті.

11 ноября 2019

 

Кеншілер қаласында жыл сайын дәстүрлі түрде «Жылдың үздік ақынын» анықтайтын халық қаһарманы Жұмабек Тәшенов атындағы мүшәйра өтеді.  Аталмыш игі шараны айтыскер ақын, жас дарындардың жанашыры Айтпай Ботпайұлының ұйымдастырады. «Жылдың үздік ақыны» атанған шайырдың кітабы жарық көреді. Кітап – меценат, атымтай жомарт Сапар Ипкеевтің қаржылай қолдауымен саны 500 тираж болып шығады.  Осылайша халық қаһарманы Жұмабек Тәшеновтың ерлігі ұлықталып, жас ақындарға қолдау көрсетіледі. Осы уақытқа дейін мүшәйра аясында 9 ақын кітап авторы атанды.

Солардың бірі және де бірегейі Жоламан Әйткен. Ол 2018 жылдың «Үздік ақыны» атанып, оқырмандарға «Ғасырауған» жыр жинағын тарту етті. Қазіргі әдеби ортада мойындалған, оқырмандары бар жас ақын. Кітабына «Ғасырауған» деп ат берген Алаштың аяулы ақыны – Светқали НҰРЖАН еді. Бұл да бір Жоламанға артылған зор сенімнің, үміттің белгісі деп білеміз.

2019 жылдың 10 қарашасында «Камила» мейрамханасында Жоламан Әйткеннің «Жүрегім саған аманат» атты поэзия кеші өтті. Кеш барысында «Ғасырауған» кітабының салтанатты түрде тұсауы кесілді. Қызыл лентаны Ақын, жазушы, Қазақстан жазушылар Одағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Серік САҒЫНТАЙ, айтыскер ақын Айтпай Ботпайұлы қиды. Дарында жас ақын, «Өмірқос» кітабының авторы Еламан Қабділәшім поэзия кешінің жүргізушісі болды.

«Ұлағат» шығармашыл жастар клубының мүшелері Жоламанның лирикалық өлеңдерін оқыды. Республикаға танымал талантты әнші Саян Бөдесов ән шырқап, қобызшы Сәтқозы Мұхтар Қорқыттың күйін орындады.  

Алғашқы кітап — ақынға үлкен жауапкершілік жүктейді. Аренаға жаңа ақындар шыққан сайын қазақ поэзиясының даму процесі жақсаратыны анық.

 

 

Ерік НАРЫН

Qasym.kz


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика