Жоламан Әйткен: Не дейді екен жарықтар елі?!

13 Маусым 2018

Жоламан Əйткен Төлеутайұлы – 1996 жылы, 18 наурызда Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінің түлегі. «Жыр жазамын жүрегімнен» атты жыр жинақтың авторы. Өлеңдері «Жыр-Тұмар», «Баян-Жыр» жинақтарында, республикалық, облыстық газет-журналдарда жарық көрген.

 

 

 

Түс

Қай фəни үстем?!
Кей нəпсі досқа айналды жай тани түскен.
Ғафлет ұйқыға амалсыз тереңнен батып,
Шошып ояндым қым-қуыт шайтани түстен.

…басқа бүйірмен,
Кездерім көп пе жалғанда босқа күйінген?!
Дұғамды оқып қайтадан көз ілемін де,
Рахмани түсті көремін досқа сүйінген.

Ұйқы да – парыз!
Қорқыттың көрі – түстегі бейкүнə аңыз.
Вольтер мен Август, Вагнер мен Бетховен, Моцарт,
Керек десеңіз Декарт та ұйқыға қарыз!

Түстер де – өңге,
Ақындар көрген айналар түстер өлеңге.
Отырмас едік кен санап кестеге қарап,
Қарт Менделеев сол түні түс көрмегенде.

Қорқыт бабам да,
Өз көрін көрген əр жерден жортып ғаламда.
Тым ұсақталып кетпес еді ұрпағы ханның,
Бұқар Жырауға сол түсін жорытпағанда.

Жақсы, жаманға жорытсаң, сол бұрын келген,
Түстер – ақиқат.
Өлшенбес ол ғылымменен.
Дұғамды оқып тағы да ұйқыға кеттім,
Оң қырымменен.

Жұлдыз жорамал
Балықтар. Сіз қалай болса да, ренжіткен достарыңызен
қайта татуласыңыз, ал кешке жарыңызбен ренжісесіз.
Бүгін бір пайдаға кенелесіз. Жаңа өзгерістерді қабылдау-
дан қорықпаңыз. (Газет бетінен)

Ойыма келіп қонақ-арманым,
Шашудан қиял орап алғанмын.
Қайда барсам да ұрынған көзге,
Оқыдым жұлдыз жорамалдарын.

Көңілім көкке қалықтар ма еді?!
Жұлдызым қайсы?!
Балықтар ма еді?!
Анықтар ма еді болашағымды,
Не дейді екен жарықтар елі?!

Достар арасын дұрыста дейді,
Әйеліңменен ұрыспа дейді.
Төсекте қанша жатсаңыздағы,
Бүгін бір пайда, ырыс бар дейді.

Оқыдым-дағы көңілім түсті,
Жорамалсыз-ақ өмірім күшті.
Жатсынып тұрды астролог сөзін,
Аллаға деген сенімім ішкі.

Досымдай артпас өзге ешкім сенім,
Ренжіткен жатқа сөз де естірмедім.
Қабырғамменен керіспек түгіл
Жар болар жанды кездестірмедім.

Аспан ғажабын көрмеді жандар,
Жорамалдағы келмеді сандар.
Жұлдыздар біткен жол көрсетеді,
Адаспас үшін жердегі жандар.

Өмір-ай

Қыранның тайып бастан бағы да,
Тауықтарың мәз шашқан тарыға.
Мысықтың мысы жетіп барысқа,
Айналды барыс жасқаншағыңа.

Ер өлер тиіп оғы айналып,
Ездің алда нық жолы сайланып.
Қорқақ батыр боп жалған сөзімен,
Батырдың жатыр қолы байланып.

Елін сүйгенді ел көтереді,
Елімсіз толдым деу бекер еді.
Қарапайым боп қара тайым жүр,
Көк есек неге кеуде кереді?!

Бағаламай біреу бастағы барды,
Үмітін үзіп тастады тағы.
Қаттыдан қорқып күн кешіп біреу,
Жайсаң жандарды жастанып алды.

Тынымсыз елім түнді тосады,
Білімсіздерің үлгі жасады.
Жұлдызға қарай ұмтылып біреу,
Жердегі әсем гүлді басады.

Пайдасыз ағаш өнім беретін,
Қоғамда қалай көңілденемін.
Танаға жеккен соқадай болып,
Өтіп барады өмір дегенің…

Аққан жұлдыз

Жанарыма о, ғажап, жарық түскен,
Алқаларын пәк аспан тағыпты іштен.
Мені ойлап әлдекім жылайды үнсіз,
Шоқ жұлдызға көз тастап ағып түскен.

Жұлдыз ақты…
жүрегім дірілдеді,
Ит тірлігі біреудің сүрілмеді.
Бірақ бүгін ешкімнің өлгені жоқ,
Бірақ бүгін ешкім де тірілмеді.

Балалық-ай, жұлдызды санаушы едім,
Бір тілектің болғанын қалаушы едім.
Аққан жұлдыз, білдім бе, оқ екенін –
Бұзып шыққан жын үшін алау шебін.

Балгер – сорлы, ғайыппен араласқан,
Хабаршы жын ат-тонын ала қашқан.
От пен нұрдың айқасқан алаңында,
Жанына ем іздейді жаралы аспан.

Жаралы аспан, осылай, тұнжырады,
Жаңбыр жауса, дейсің бе кім жылады?!
Жер бетінде қаза көп, мола да көп,
Таусылмады аспанда жұлдыз әлі.

Жанарыма о, ғажап жарық түскен,
Алқаларын пәк аспан тағыпты іштен.
Мені ойлап әлдекім жылайды үнсіз,
Шоқ жұлдызға көз тастап ағып түскен.

Сезім айнасы

Әлемде жоқ қой мінсіз адамың,
Дәлелде деме текке кеп.
Мен саған сосын гүлсіз барамын,
Үнсіз қаларсың өкпелеп.

Солып қалады гүл де арада,
Мәңгілік нені сағындық?!
Күншілдер көрер күнге қарама,
Айға қара да, жанымды ұқ.

Жанымды ұқ менің, ұққың келсе егер,
Өзгелер анық ұқпасы.
Биікке бірге шыққың келсе егер,
Жүректің, міне, тұтқасы.

Биікке шықсақ тек сенің арқаң,
Құлап та қалар кезіміз.
Өмір – сүргенге жеп-жеңіл, қалқам,
Қиындататын өзіміз!

Тағдырды адам сүрген бе жазып?!
Басқа жол шаршап іздеме.
Аруды сүйдім гүлден де нәзік,
Солмайтын қыста, күзде де.

Сəуле боп кіріп кей түнгі шақта,
Жанымда гүлдей жайнашы.
Кіршіксіз таза кейпіңді сақта,
Махаббатымның айнасы!

Кімдер

Бəріне жаным сене калады,
Ой түзеу бізге керек шамалы.
Оның пышағы неге кызыл кан,
Жон арқам менің неге жаралы?!

Сырларға толып тұрады кеудем,
Бір жандар мені ұғады деумен.
Біреуге жүрміз күдікпен қарап,
Қай кезде мені жығады деумен?!

Кімдерге барсам құлып тұрады?!
Кімдер уайымды ұмыттырады?!
Қайғырсам егер мұңданып бірге,
Белгісіз кімдер күліп тұрады?!

Жанымда кім бар жаңылсам демер?!
Қайсысы бүгін шақырсам келер?!
Кім жанын салып құтқарып алар,
Үміт қайығын батырсам егер.

Кім жазар жанды салғанда қаяу?!
Кім болар бірге таңдарда баяу?!
Кім барын берер жүргенде мұңды,
Кім атын берер қалғанда жаяу?!

Біреу сөзімді ұқпасы анық,
Біреу өзімді жықпасын алып.
Қоңырауларды шала бастасам,
Кім көтереді тұтқасын алып?!

Кім демер ауыр жүгіме дейін?!
Кім келер туған күніме кейін?!
Кім қалар тастап жарты жолымда,
Кім барар бастап түбіне дейін?!

Тұра ма сөзде сөз берем деген?!
Жоғалып кетер көз көрем деген.
Кім сырды сақтар айтылған жерде,
Кім бөліседі өзгелерменен?!

Кім бірге айтшы құлап, тұрады?!
Кімдер күдікті жырақ қылады?!
Көңілден қалған кейбіреу үшін,
«Кім?» деген ойда сұрақ тұрады!


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика