Жезөкше деп шақырғаны туған қызы болып шықты

1 октября 2017

Дөкей кабинетінде отыр. Қағаздарын жинастырып, шығарда хатшысына: 


— Бүгін Астанадан менің құрметті қонағым келе жатыр. Ұят болмасын, бір әдемі құрбыңды дайындап қой. Төртеуміз ғана отырамыз. «Демалатын» жерді қосымша хабарлаймын.

Үйінде әйелі бөтен еркекпен звандасып, сыбырласып, сырласып жүр. Анда-санда трубканы сүйіп-сүйіп қояды. Бойжеткен қызы телесериал көріп отыр. Шешесіне қарап қояды. Былқ етер емес. Шешесі трубканы сүйіп, қимай қоштасады. 
Дөкей үйіне келеді. Диванда отырады. Әйелі: 
— Қызың аттестатын алды. Директорына, мектеп меңгерушісі айтып жатып бағаларын да тураладым. Енді жұмыс-жұмыс дей бермей, қалаға апарып, оқуға орналастырып келсеңші. Біреуге жаутаңдатпай, жатақханада қайыршының күйін кешкізбей, пәтер алып бер өзіне. Қатарынан кем болмай оқысын. 
Дөкей дауыстап: 
— Жансұлу!, —дейді. Қызы келеді. 
— Қандай оқуға түскің келеді? 
— Бәрібір, әйтеуір мұғалім болмасам болды. 
— Мұғалімнің несі жаман екен? 
— Қойшы, өмір бойы миымды ашытып мектепте жүрем бе, жынды сияқты. 
— Енді кім болғың келеді? 
Қызы иығын қиқаң еткізеді. Шешесі: 
— Несін сұрай бересің? Қай оқуда жақсырақ танысың болса, соған апара бермейсің бе? Баланың миын ашытып… 
— Ойбай-ау, түсіруін түсіремін ғой. Бірақ адамның өз ойлаған мақсаты болу керек емес пе? 
— Бастық болғым келеді, —дейді қызы. Бәрі күледі. 
— Сөйтпейсің бе бағанадан бері…

Әкесі, қызы, шопыры ауданнан шығып келеді машинамен. Қалаға жетеді. 
Ресторанда универдің деканымен бірге дастарханда отыр. Декан: 
— Өзім оқытам, өзім қадағалаймын. Қызыңыз тек қана сабаққа келіп тұрса болды, қалғанын өзім реттеймін. Әкесі: 
— Менің де естігім келгені осы сөз еді. Мына портфельдегі менен сізге сыйлық болсын. Ал ішінде айтқан ақшаңыз толық бар. Кейінірек тағы керек болып жатса, хабар берерсіз. Жеткіземіз! Жеткізу үшін жүрміз ғой осында! 
Екеуі қол алысады.

Түнжарымда қыз дискотекада жұлқынып билеп жүр. Музыка бітеді. Үш-төрт қыз-жігіт құшақтасып шығып машинаға мініп кетеді. 
Әйелі телевизор көріп телефонмен сөйлесіп отыр: 
— Қайным-ау, ағаң тағы командировкаға кетті. Әйеліне қарауға уақыты жоқ. Бүгін кешке үйге келсеңші! Білесің ғой, үйде ешкім жоқ. Сен жақсы көретін тамақты дайындап қоямын. 
Сылқылдап күледі. 
— Алдымен келсеңші, қалғанын көреміз ғой. 
Әйелі телевизор каналын ауыстырып отырады. Ауыстырған каналында имам уағыз айтып отыр: «Құранда зинашы ерге зинашы әйел лайық, мүшрік ерге мүшрік әйел лайық екені анық айтылған», —дегенде, әйел жақтырмай, телеканалды ауыстырып жібереді.

Дөкей қонақ үйге келіп орналасады. Газеттен «қыз» іздейді, звондайды. Бір әйел сөйлеседі: 
— Қанша жастағы болсын. Ұлты кім болса да мейлі ме? Әлде өзіміздің қаракөздерден жіберейін бе?.. Әрине… Әрине… Бәрін өзі жасайды, ұятқа қалдырмайды. 

Қыз әкесі орналасқан қонақ үйге жеңгетай әйелдің «арнайы шақыртуымен» келе жатыр. Баспалдақпен көтеріліп келеді. Көкірегін ашып қояды. 
Дөкей әндетіп телевизор қойып, әтір сеуіп, столды жайнатып қойған. 
Қыз есікті қағады. Дөкей есікті ашып, қызын танып, жүрегін ұстап құлайды. «Жедел жәрдем» машинасы көшеде келе жатыр. 
«Ненің қызығын көп көрсең, соның күйігін бір тартасың»…

 Әсет Әссанди

 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика