Жезқазғанда шағын футболдан «Қасым кубогі» турнирі өтті

19 октября 2016

Өшпес рухты үш тұлға мерейлі мереке өзегіне айналды

Қасым кубогыЕл Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Ұлытаудан шыққан қос тарлан Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановтың туғанына 100 жыл толуына орай Арқаның Атымтайы Бекзат Алтынбеков басқаратын Жезқазған бизнес және көлік колледжінде «Тәуелсіздік – тұмарым, Мәңгілік ел – тұрағым» атты тағылымды іс-шара өткізілді. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы, қала әкімдігі, Бизнес және көлік колледжі бірлесіп ұйымдастырған бұл мерекеде өшпес талантымен таңдай қақтырып, өршіл ерлігімен танылған тау ұлдарының рухына тағзым жасалды. Қос жұлдыздай жарқырап көрініп, ерте ағып түскен келте ғұмырларының ғибратқа толы жолдарын еске алу аясында алуан шаралар ұйымдастырылды. Мерейлі мерекенің екінші күні республикалық деңгейдегі өнер иелері арасындағы дәстүрге айналған шағын футболдан дауылпаз ақын Қасым Аманжолов атындағы «Қасым кубогі» турниріне ұласты.

Қарқаралы қауышып Ұлытаумен

Дәл сол күні қастерлі Ұлытау бөктеріндегі мыс шаһарын үш тағаны – Қасым, Баубек, Мұқан болып қайнаған қасиетті қара қазанға ұқсаттық. Ғұмырлары жалынға шарпылған үш ұлы тұлға көтеріп тұрған рухтың қазаны! Сан ғасыр бойы азаттық аңсаған арманымыз да, ширек ғасырлық жасампаздығымыз да осы қазанда қайнап жатқандай көрінді бізге.

Иә, Жезқазған өңірі екі күн бойы Қасымның, Баубектің, Мұқанның өшпес рухымен тербеліп тұрды. Халқы қаhарман ұлдарының есімдерін ұлықтап, рухын аспандатты. Ұрпақтары тарланбоз тағдыр иелеріне бас иді. Бірден айтқан жөн, Бизнес және көлік колледжі ұжымының тікелей атсалысуымен атқарылған мерекелік шаралардың ұйымдастырылуы – ұтқыр, ажары айтарлықтай, мазмұны мәнді болды. Колледж ауласына тігілген үш ақшаңқан үй сонадайдан көз тартады. Үш тұлғаның есімін иеленген үш үй – үш ауыл болып көркейіп тұр. Баубек, Мұқан, Қасым ауылдарының қатарласа бой түзеуінің өзі қандай жарастықты! Бір дәуірдің қатар өскен тарлан таланттарының ізгі өнегесі осы ауылдардың ауласындағы дала сахнасында ән болып әуелеп, жыр болып төгілуде. Қала әкімінің ізгі тілегін жеткізген аппарат жетекшісі Ержан Есетов тағылымды шараға сәттілік тіледі. Айшықты мерекені «Ақ әжелер» ансамблі Жақия Бимағанбетовтің «Ұлытау» әнімен ашты. Ширек ғасыр ән шырқап келе жатқан әжелердің өнер ұжымы Тәуелсіздігіміздің төлқұрдасы. Ұйымдастырушылар атынан сөз тізгінін алған облыстағы жастар саясаты жөніндегі басқармасының басшысы Мирас Құттыбай Қарағанды аймағындағы тұрғындардың 25 пайызын құрап отырған жастардың үлкен күш екенін алға тарта отырып, қатысушы студенттердің жігерін қайрайтын ойлы сөздерін арнады. Бұл колледжде бүгінде республика бойынша кеңінен өріс алған «Серпін – 2050» бағдарламасы шеңберінде 80 жас түлек білім алуда.

Негізінде, Бизнес және көлік колледжі жаңашыл бастамалардың жаршысына айналған, танымал оқу орны. Соның айғағындай, колледж жанынан «Шабыт» әдеби-мәдени бірлестігі құрылып, жастардың шығармашылық белсенділігін өрістетуге айтарлықтай ықпалын тигізуде. Бірлестік осы жолы Б.Бұлқышев пен М.Иманжановтың 100 жылдығына арналған «Тау ұлдары» атты ақындар мүшәйрасын жариялаған болатын. Бір шеті Қарқаралы, Қарағандыдан бастап оған оннан аса ақындар қатысты. Осы мерекеде жыр бәйгесінің қорытындысы шығарылып, жария етілді.

МарапаттауМүшәйра жеңімпаздарын қалалық мәслихаттың депутаты, Білім меценаты, Бизнес және көлік колледжінің құрылтайшысы Бекзат Алтынбеков марапаттады. Жыр бәйгесінде бірінші орынды жеңіп алған сәтбаевтық ақын Дәуренбек Бұланбаевқа 60 мың теңге ақшалай жүлде тапсырылды.

Қарағандыдан қатысқан шайыр Ерболат Қуатбеков 50 мың теңгелік екінші орын жүлдесіне ие болды. Үшінші орынды еншілеген қарағандылық Қайрат Иманбековке 40 мың теңгенің жүлдесі бұйырды. Талап үдесінен шыққан қалған ақындарға 25 мың теңге сыйлық пен Алғыс хаттар тапсырылды. Жыр мүшәйрасының жалғасын Қарағандыдан қонаққа келген ақындардың өлеңі қыздырды. Мерекелік шараға Қасым рухын арқалап жеткен Қайрат Асқаров, Сәттібай Жүнісов, Жәлел Қуандықұлы, Қуаныш Медеубаев сынды бір топ ақындар отты жырдың шоғын маздатып, өлеңдерін оқыды. Бұл дәстүрді іліп әкеткен мүшәйра жеңімпаздары да сахнаға көтеріліп, тұлғалар рухын паш еткен жырларын төгілтті. Т. Қалмағанбетов атындағы филармония әншілері мен колледж өнерпаздары әуезді әндерімен кеш шырайын одан әрі аша түсті.

Естен кетпейді, сонау жылдары марқұм сыршыл ақын Сайлаухан Нәкенов жыл сайын ұлт ұландары Сәкен мен Баубекке арналған жыр кештерін өткізуге дәнекер болып, жас таланттарды өлең ауылына тартып жүруші еді. Тұлғалар туралы ой қозғаған қаламгер, Жазушылар одағының Жезқазған аймақтық бөлімшесінің төрағасы Батырбек Мырзабеков осы бір ізгі дәстүр туралы тебірене еске алды. Өнер мен білімге мейірімін төгіп, қолдау танытудан бір танбай келе жатқан Атымтай-Жомарт Бекзат бауырымыз мерейлі салтанат үстінде «Тау ұлдарына» арналған мүшәйраның бұдан былай дәстүрге айналатынын жеткізіп, өнер сүйер қауымды қуантып тастады.

Сөз жоқ, талаптанған балапанды қанаттанған қыранға айналдырар бастама! Бастама емес-ау, рух жанашырының серті!

Не керек, тура сол күні Алаш көгінде сұңқардай самғаған қайсар Қасымның рухы Ұлытау көгінде қалықтап, Баубек пен Мұқан сынды Тау ұлдарымен қауышқан. Қауышып, сырласқан. Қарқаралы мен Ұлытау болып…

Тың бастамамен – тыңғылықты іске

Қазақтың рухын аспандатып, халқының жүрегінде қалған үш ұлы тұлғаға арналған ұлағатты шара аясында оларға құран бағышталып, ас берілді. Колледж ұжымының ізгі дәстүрлері одан әрі жалғасын тапты. «Тас түскен жеріне ауыр» дейді қазақ. Сол айтқандайын, колледж құрылтайшысы, жалпыұлттық «Алтын жүрек» сыйлығының лауреаты Бекзат Алтынбеков пен колледж директоры, қалалық мәслихат депутаты Светлана Жұмкина бастаған шағын ұжым тік тұрып қызмет жасап, жалықпай қонақ күтумен болды. Киіз үй тігіп, дастарқан мәзірінен бастап ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға дейінгі бәсірелі бәсекелер де әсерлі болды. Оның да қорытындысы түйінделіп, тиісті бағасы берілді. «Баубек ауылын» баптаған Гүлнәр Әмзина жетекшілік жасайтын Білім кафедрасына, «Мұқан ауылы» киіз үйін жайнатқан Қарлыға Саринаның бизнес кафедрасына және Жанат Әбінағиева жетекшілік ететін мамандықтану кафедрасы қызмет жасаған «Қасым ауылына» алаламай, бәріне бірдей бас жүлде табысталды.

Мереке аясындағы тағы бір шырайлы шара ретінде колледждің Жастар орталығының ашылуын айтуға болады. Ол жеке ғимарат та жарастықты жабдықталыпты. Орталықтың жетекшісі Ұлан Тоқтарқұл іске белсене кірісуге бейім жігерлі жастың бірі көрінді. Облыстағы 75 осындай арнайы орта білім беру ұяларындағы бұл тұңғыш орталық екенін атап көрсеткен облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы М.Құттыбай осы жерде бір топ белсенді жастарға марапат жасап, басқарманың Алғыс хатын тапсырды. Сондай-ақ, Жастар орталығына байғазы ретінде музыкалық орталық сыйласа, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы М. Мырзабекова да ізгі бастамадан сырт қалмай жастар театрын ашуға қаржы бөлінетінін жеткізді. Жалпы мұнда «Серпін» бағдарламасымен білім алуға еліміздің Оңтүстік өңірлерінен келген жастарға жан-жақты жағдайлар жасалған. Жайлы жатақханасы бар, шағын асхана жұмыс істейді. Ғылыми-шығармашылық жұмыстармен айналысушы студенттерге оңтайлы мүмкіндік туғызу үшін жақында колледж базасында «Бекнар» баспаханасы ашылыпты. Жастар мұндай қамқорлыққа дән риза. Кешкілік қала әкімінің қабылдауына арналған мерекелік дастархан басында да тәлімді әңгіме жалғасын тауып, тамылжыған ән қатар өрбіді.

«Қасым кубогі» – «Мәдениет майталмандарында»

Айшықты мерекенің екінші күнінде ақын Қасым Аманжолов рухын асқақтатқан дәстүрлі алтыншы «Қасым кубогінің» жарысы «Металлург» стадионының жасыл алаңында салтанатпен ашылды. Жезқазғанның өнерлі жастары мен спорт саласындағы ұландар Қарағанды және Астана командаларымен шағын футболда шеберлік сынасты. Қарағанды ақындық мектебінде қайнап шыққан жас ақындардың «Рух» командасы өткен жылы топ жарып, Қасым кубогын еншілеген еді. Биыл да жасыл алаңдағы ойын тартысы өрнекті өтті. Жарыс қорытындысында дауылпаз ақын атындағы кәделі кубок Жезқазған қаласының «Мәдениет майталмандары» құрама командасының еншісінде қалды. Жезқазған спорт сүйер жастарының «Ұлытау» құрамасы екінші, Қарағандының «Арқа» командасы үшінші орынды еншіледі.

Қарағанды

Қазақтың киелі Ұлытауы мен қасиетті Қарқаралысы Жезқазған төрінде осылай қауышып, қайсар ұлдарының ұлағатын ұлықтап, өшпес рухын аспандатты. Екі күнге созылған ұланғайыр шаралар жас ұрпақты өршіл сөзімен Баубек болып жігерлендірсе, Мұқан сынды сыршыл ойларымен тебірентті, «өртке тиген дауылдай» отты жырымен Қасым болып жасындай жалындатты. Тағылымы мол шарадан Отаншылдық рух пен ерлік қасиет, сондай-ақ, азаматтық жауапкершілік жүгін сезіне білген жастар ерекше бір серпіле түскені анық.

Ерсін МҰСАБЕК,

Амандық РАХҰЛЫ.

«Орталық Қазақстан» газеті


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика