Жетім қыздың өгей анасы туралы айтқаны

1 Желтоқсан 2017

Сегіз жасар баланың анасы қайтыс болады. Әкесі жыл уағы өтер-өтпестен, қайта үйленді. Бір күні әкесі қызынан: «Балам, сенің бұрынғы анаң мен қазіргі анаңның қандай айырмашылығы бар екен?» деп сұрайды.

 

Қыз: «Бұрынғы анам өтірікші, қазіргі анам шыншыл екен» деп жауап береді.

Әкесі қайран қалып: «Қалайша?» деп сұрайды.

Сонда қыз:

– Бұрын мен анамды ренжітсем, анам маған: «Сен мені өкпелете берсең, саған тамақ бермеймін!» дейтін. Мен сонда да оны ренжіте беретінмін. Ал, ол болса, мені ауылды шарлап іздеп жүріп, тауып әкеліп, тамақ жегізетін. Ал, қазіргі анамды ренжітсем: «Егер мені ренжітсең, тамақ бермеймін» дейді. Сөзінде тұрды. Екі күн бойы аш отырмын. Бұрынғы анам: «Енді жылама, жыласаң, далаға шығарып жіберемін» дейтін, бірақ сонда да жылай беретінмін, ал ол болса мені ұрмай-соқпай бауырына басып: «Балам, жылама, қай жерің ауырады, кім тиісті?» деп уатып алатын. Қазіргі анам «жылама, жыласаң ұрам» дейді. Айтқанында тұрады, ұрады. Бұрынғы анам үнемі өз ыдысындағы етті маған беретін де: «Сіз неге жемейсіз?» дегенімде, ол кісі: «Балам, мен етті жақсы көрмеймін» дейтін. Қазіргі анама: «Менің ыдысымда неге ет жоқ?» десем, «Көп сөйлемей, тамағыңды іш, барлық адам етті жақсы көреді, еттің бәрін сен жесең, біз не жейміз?» дейді, – деп жауап қатады.

– Әке, әсілі бұрынғы анам бәрін өтірік айтқан екен, ол да етті жақсы көретін сияқты ғой, иә?… Әке, неге жылап отырсыз?..

 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика