Жеті баланың анасы баспанасыз қаңғып жүр

23 Маусым 2017

Өйткені, пәтер түгілі, қара нан алып жеуге жағдайы жоқ. Отағасы өзектен тепкендерді тума-туыс та, пәтер иелері де үйінің маңына жолатпайды. Сондықтан, шиеттей бала-шағаға жол шетінде отырып тамақ ішіп, шөп арасында түнеуден басқа шара жоқ, деп хабарлайды КТК арнасы.

7 баласын жетектеген Шынар бүгін түнейтін жер іздеп жүр. Жоқшылық жүдеткен отбасының пәтер жағалап, кезбе өмір сүргеніне біраз болған. 3 күннен бері тіпті нағыз қаңғыбасқа айналыпты.

“Қожайыным: “Балам үйленеді, жөндеу жасаймын босатыңдар” деді. Ақша қосайын деп, айттым.  Ол «жоқ» деді”, – дейді көпбалалы ана Шынар Сәрсенбаева.

Содан бері бұлар көше кезіп қалған. Өйткені, басқа барар жері жоқ. Ал, отағасы 4 жыл бұрын 7 баланы еңіретіп тастап кетіпті. Тума-туыс та теріс айналған. Ыстық тамақ жеу шиеттей мына бала-шағаға арман. Өйткені, батыр ананың мемлекеттен алатын 14 мың теңгесі қара наннан артылған емес!

“Тамақты далада ішеміз. Кішкене балалар жылайды. Екеуі әлі оны түсінбейді”, – дейді Шынар Сәрсенбаеваның қызы Толқын Сәрсенбаева.

Бұл отбасы ең болмаса жалдауға арзан баспана тапсақ дейді. Бірақ, оны да іздей-іздей шаршаған. Өйткені, баланың көптігін естіген пәтер иелері тұтқаны қоя салады. Сәрсенбаевтар көмек сұрап шенділерді де жағалаған. Бірақ, олар да көмектесуге қауқарсыз.

“Бұл кісілер Алматы қаласында тіркеуде тұрған жоқ. Қаскелең ауданында тіркеуде тұр. Сол үшін үй мәселесін, пәтер мәселесін шешу біздің қолымыздан келмейді”, – дейді Наурызбай ауданы әкімдігі әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Жанна Қожамбердиева.

Алайда, көпбалалы отбасының аянышты тағдыры шенділерді бей-жай қалдырмапты. Сондықтан, қазір олар қоғамдық қорлармен сөйлесіп, бұларға бас сауғалайтын жер іздеуде. Ал, батыр ана көпке қол жаюдан аулақ. Арзан пәтер табылса, 7 баласын өз еңбегімен асырауға дайынмын деп отыр.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика