ЖЕСІР ӘЙЕЛДІҢ ЗАРЫ

24 Қаңтар 2018

(қаз – қалпында)

90 -жылдардың бас кезі. Қолы күс-күс, тілім-тілім болып күнге күйген келіншектің өксіп жылап келе жатқанына да екі сағаттай болды. «Құдай жазаңды берсін сенің» деп біреуді күбірлеп қарғап келеді. Көлеңкесі жоқ жазық далада бір жұтым суға зар болып, кеуіп қалған жұтқыншағы бүлкілдеп қоя берді. Бұл күнді Гүлнәр ешқашан ұмытпас. Бесікте жатқан құндақтаулы сәбиін есіне түсіргенде омырауынан сүті ағып кеткенін байқамай қалды. «Ботам-ау, ботам, кешірші мені» ,- деді егіліп. Барлығынан үйдегі шиеттей балаларының қазір қолына қарап: «Анашым, не алып келдіңіз?» деген жасаураған жанарынан қорқады. 

Қыз
– Е, Құдайым-ай, не істеймін, айтыңызшы?! – деді де, құмға екпетінен талып құлады. Қанша жатқаны белгісіз, бір кезде күбірлеген адамдардың дауысынан селт етіп оянып кетті. Басындағы орамалды шешті де, бетін жуған жасын сүрте берді. 
– Апажан, тұрыңыз, – деген ер адамның дауысынан шошып кеткен Гүлнәр:
– Тиіспеңіз, маған! – деді айқайлап.
Анадай жерде тұрған жеңіл көліктің ішінен бір топ еркек сау етіп түсті де:
– Не болған бұл әйелге? – деді қатқыл дауыспен.
– Білмедім…Қатты шошыңқырап қалған-ау деймін, – деді жас жігіт әйелдің жүзіне аяушылықпен қарап. 
-Есі ауысқан қатын шығар, – деді көліктің жанында тұрған алып денелі тақырбас еркек мысқылдап. 
Аяқ-қолы дірілдеп, тістері қалш-қалш етіп, беті топырақ пен жастан айғыздалып, шаштары алба-жұлбасы шыққан келіншекті көрген адам шынында есі ауысқан деп ойлар еді. Көліктен түскен шашы бұйра-бұйра жауырыны қақпақтай ер кісі аяғын алшаң басып, кейуананың жанына келді де:
– Апай, тұрыңыз! Не болды айта қойыңыз? Жыламаңыз, – деді де, – қолын созды. Топтасқан еркектерді көрген байғұс әйел зәресі зәр түбіне жетіп тұрған еді. Соны байқаған бұйра шашты кісі:
– Су ішесіз бе, апай? – деп жәймен сұрады. Әйел басын изей берді. Алпамса денелі шаштары тікірейген жігіттер зыр жүгіріп мәшинеден торсыққа құйылған ағарғанды ұсынды. Бір кесе айранды ашқарақтана сіміріп ішіп жатқан әйелді көрген еркектер қатты мүсіркеп қарады.
– Апай, қорықпаңыз бізден. Өзіңізбіз. Онан да бізге айтыңыз, кімсіз? Неге жыладыңыз? Кім жылатты?
Әйел сұсты еркектердің жылы сөйлегенінен бе, әлде, іші толып кеткеннен бе, аңырап жылап алпамсадай еркектің аяғына жығыла кетті. Мұндайды күтпеген бұйра шашты кісі әйелді жерден тұрғызып:
– Апажан-ау, мұныңыз не? Тұрыңыз, – деді де, жәймен қолтығынан демеп, тұрғызды. 
– Жолдасым былтыр сүзектен қайтыс болды. Ішімдегі сәбиім мен сыртымдағы төрт баламен жесір қалдым. Бұрын күйеуім бар кезде аштықтың не екенін білмеген едік. Үлкен қызымның жасы он бесте. Сол қызымды балаларға бас-көз етіп қалдырамын да мынау жердегі егістікте жалданып күндік жұмыс істеймін. Қожайынымыз жеті ағайынды жігіттер. Осы ауылды ұстап тұрғандар. Барлығымыз қорқамыз. Бірақ, жан сақтау үшін соларға барып жұмыс сұраймыз. Күнде таңертең 5-тен бастап сол байдың гектарлап еккен егістігіндегі алма, жүзім бақтарын баптаймыз. Бір жұтым су бермейді. Бір мезгіл демала қойсақ, кейде ұрып-соғады. Балаларымның қу тамағы үшін барлығына шыдауға бармын. Құлдың өзін бұлай ұстамайтын шығар. Аяғы ауыр келіншек бар болатын, қатты шаршап отыра кетті де маған: «Су әкеліп беріңізші, ауа жетпей жатыр», -деді. Енді су толған бөшкеге жете бергенімде, қожайын Нұрлан:
– Ей, қатын, былай тұр! Ішпейсің! – деп айқайлай бастады. Шошып кеттім. Қасыма ежірейіп, көзі аларып келе жатыр. Сосын мен: 
– Айналайын-ау, біз өз жұмысымызды жасап жатырмыз ғой. Неге көңілің толмайды? Тегін тұрған қара суды да аяйсың ба? – дегенім сол еді, шапалақпен жағымнан салып қалды. Жерге жалп етіп отыра кеттім.
– Сен қатын байыңды жұтып, бейшара болғаныңды ұмытқан екенсің. Кім саған жұмыс беріп, наныңды жегіздіріп отырған, айтшы?! – деді. Мұндай қорлыққа шыдамайтынымды білген мен:
– Оттама! Менің күйеуімнің әруағынан қорықсаң нетті?! Қайтар кешеден бергі күндік ақшамды!- деп едім, ол маған тылағын шығарып:
– Мә, саған! – деп бетіме басты да, – жоғал көзімнен! Енді бұл жерге келуші болма! – деді айқайлап. Содан төрт километр жерді жаяу жүріп, бір жұтым суға зар болып жылап келе жатып осы жерде ес-түсімнен айырылып құлап қалыппын, – деп аяқтады. 
Бұйра шашты еркек: 
– Апай, жүріңіз, отырыңыз машинаға! Ол әкеңнің ауызын…көрсетіңіз! Әкесін танымай жүр екен, көрсетейін! – деді тістеніп.
(жалғасы бар)

Бибігүл Дәулетбекқызы

Фейсбук парақшасынан

 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика