ЖЕР САТЫЛСЫН!

7 Қыркүйек 2018

ТӨРТЕУДІҢ ХАТЫ НЕМЕСЕ ҚАЗАҚТЫ ҚАЛАЙ ҚҰТҚАРАМЫЗ?
(әр қазаққа 3 миллион 600 мың доллар берілсін!)

Бүгін Елордамызда ұлтын сүйген бірнеше азаматпен отырып, қазақтың болашағы жайлы ойландық. Бұл қазақты қалай құтқарамыз? Ел болуымыз үшін не істесек болады? Болашағымыз не болмақ? Осы сияқты сауалдардың аясында өрбіді әңгімеміз.
– Біләә, қазақ қашан байыйды? Қашан бүгінгі 47 мың теңгеге күнелтіп жүрген қандастарымыз адамша өмір сүре бастайды? – деп мұңын білдірді бір досымыз.
– Айтпа, бро! Өзі санымыз 10-ақ миллион! Әлемдік аренада жұмыс істеп жағдай жасауға мүмкіндік тіптен аз. Енді қайтпек керек? – дедім мен сұраған кейіп танытып.
– Бұлай әлсірей берсек, ертең бәрібір үстімізден орыс, жанымыздан қытай басып ала салатын шығар! – деп кейіді келесі жігіт.
Үмітсіз билік. Үміт үзген халық. Ертеңі не боларын білмейтін қоғам. Болашағынан бейхабар жоғалған жастар. Шымкенттегі әпкеміз ұлының коллледж ақысын төлей алмай отыр. Мұхтар ағамыз коммуналдық қызметтерді төлей алмай отыр. Енді бір ағамыз үйін бітіріп алуға ақша жеткізе алмай жатыр. Баспанасыз жүрген тек қазақтар. Кедейлер тек қазақтар. Кедей болған соң ұрпағына білім де бере алмайды. Сондықтан, негізгі білімсіз масса да сол қазақтар. Біләәә, 10 жылдан кейінгі өміріміз не болмақ? Біләәәә, бұл кетіспен Ресейге баратын гастарбайтерлердің қатарынан табыларымыз анық боп қалды ғой. Онсыз да Кореяда жүрген жастарымыз аз емес. Сонша төмен болып кеттік пе енді? Аталарымыз қалдырған Егемендік осы ма еді? Кешегі 350 теңгелік 1 доллар бүгін 382 теңгеге өсті. Оооох, алдымызда бір сұмдықтың келе жатқаны белгілі еді. Соғыс немесе біреудің жаулап алуынан бұрын қазақты жоятын нәрсе ол – кедейлік/аштық екені анық. Әрине, оның мысалын өткен ғасырда да көрдік. Ал, аш халықтың жерін тартып алу еш мәселе емес. Сонымен не істемей керек?! Сөйтіп отырғанда басымызға қазақты анық құтқаратын ең төте жол, ең керемет идея келді. Ұрпақтың қарғысына емес, алғысына жеткізер сұмдық ой еді бұл.
Қазақта адам болу үшін бір ғана жол қалды. Ол – ЖЕР САТУ. Иә, иәәәә! «Отанымызды қалай сатамыз?», «Ана жерімізді сатқан не сұмдық бұл?» дейсіздер ғой қазір. Асықпаңыз! Қазір түсінесіз.
Құрметті достар! Мына үкімет қазір оңалмайтынын сіз де мойындайсыз. Кетті делік. Кім келеді? Тағы соның сарқыншақтары келеді де, бұл тағы 50 жыл жалғасады. Қанға дейін сіңіп кеткен коррупция бар кезде, қазақ ешқашан жақсы өмір сүрмейді. Ал, өміріміз өтіп жатыр. Тағы 50 жылдан соң, сіз де біз де жоқпыз. Ендеше, осы өмірімізді соншалық түкке тұрғысыз кейіпте өткізгеніміз дұрыс па? Бір рет қана келеміз өмірге. Болды сонымен. Ең дұрысы болатын тірлік жасайық! Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде 9 орында тұр. Жеріміз толған қазба байлықтар. Бірақ… Бірақ, ол байлық ешқашан бізге бұйырмайды. Ал, бізге түк пайдасы жоқ, әркім келіп гептил сиіп кететін һәм ішіндегі байлығын қалағанынша сорып кететін бұл жерден не пайда? Өлгенде 2 метр қабірімізден басқа ешқандай пайдасы жоқ жерді неге сонша аялап отырмыз? Сатайық бұл жерді! Осылай ойлай келе, барлығын есептеп шықтық.
Қазақтың 2 700 000 км. кв жеріміз бар.
Ол дегеніңіз 2 700 000 000 000 м. кв болады.
1 соток 100 м. кв болғанда, жалпы 27 000 000 000 соток жеріміз бар екен.
Әр соток жерді орта есеппен 50 000 теңгеге сататын болсақ, жалпы табыс 1 350 000 000 000 000 Қазақ теңгесі болады. Қазіргі ресми доллар курсымен аударсақ, 36 000 000 000 000 АҚШ долларын құрайды екен. Ал оны осында көздері мөлейіп жартылай аш отырған 10 миллион қазаққа бөлетін болсақ, әр қазаққа 3 600 000$ келеді. 3 миллион 600 мың доллар әр қазаққа! Ойлай беріңіз енді. Әр қазақ соны бөліп алайық та, қалаған жағымызда жақсы өмір сүрейік деп ойлауыңыз мүмкін басында. Бірақ, ол дұрыс емес. Қазақтың бүгінгі пейілімен ол ақша 10 жылда жоқ боп кетуі мүмкін. Бірақ, нағыз көшпенді өмір салтымызға ораламыз солай. Басында басқа нұсқалар болды. Мадагаскар сияқты бір аралды сатып алып сол жерде ел құрсақ та болар еді. Неге болмасқа? Пляжы бар. Бүкіл жұрты бізге қызмет қылады. 5 миллион қазақ сыртта жүрсе, 5 миллион елде болады. Бірақ, бұл да қиындау. Қазақтарды Еуропаға тартып тұратынын ескердік те, ең дұрысы сол жақтан қарау екендігін ойға алдық. Сөйтіп, қазіргі Монтенегро/Черногорияны ойладық. Бірақ, ол жер тым кішкентай болды. Ал, енді қайтпек керек?
– Дауайте, Греция нұсқасын таңдайық! – деді арамыздан біреу, – Как раз экономикасы өліп жатыр. Халқы қартайып кеткен. Кезінде өркениеттің ошағы болған. Оның үстіне Алпамыс жырын ұрлаған бізден. Олар үшін де, біз үшін де жақсы вариант болады. Кейіннен кәріледі өледі де, квартира өз атымызға қалады.
«Біләәә, осы идеал нұсқа» деп ойладық. Кедей арабтарды қабылдап жатқан Еуропа әрқайсысында 3 жарым миллион доллар бар қазақтарды қабылдамаушы ма еді? Жаны кіріп тұрып қабылдайды.
Бірақ, бәрібір ана топырағымыз емес қой. Бізге өзіміздің жер сияқты қысы суық жазы ыстық шөлейт жер керек болды. Оның үстіне жауынгер халықтың ұрпағымыз. Онсыз да сан жыл пәтерде тұрып жатырмыз. Бұл нұсқа да бізге келіңкіремеді.
Бізде жоғарыдағы бюджеттен бөлек жер асты байлықтарымыз бар екенін ұмытпаңыз.
Сөйтіп отырып, Ұлы Шайқыларыңыздың басына гениал ой келді. Ол былай еді. Жерден түскен ақшаны қазаққа бөліп береміз де, жер асты байлықтарынан түскен ақшаны зерттеу һәм білімге жұмсаймыз. Қазақтар үшін мына жер ендігіне өте тар ғой. Бізге бір мемлекет яки бір материк емес, біз үшін толық бір планета керек. Ал, өмір сүру мүмкіндігі бар қай планета? Дұрыс! Ол – МАРС/Қызыл Жұлдыз! Оған адамдар жіберуге байланысты жобалар да жоқ емес қазір. Как раз Илон Маскты жалдап алып, бүкіл жобаларына инвестиция жасаймыз. Байғұс ол Марсқа адам апара алмай жүрген көңіліне біздің ұсыныс мәлһәм болмақ. 5 жылдың ішінде «Қазақтарды Марсқа қоныстандыру» бағдарламасын жасақтап шығып, үлкен габаритті ракеталар жасап шығарамыз. Ол уақыттың ішінде өзіміздің мықты инженерлер де дайын болады.
«Қызыл Жұлдыз – Отаным» атты ақындар мүшайрасын ұйымдастырып, идеологиялық жұмыстар жасай бастаймыз. Сөйтіп, келер 10 жылдың ішінде қазақтар жаппай Марсқа көшіп сол жақта жаңадан бір цивилизацияның негізін қалайтын боламыз. Ұлы Жүзден – негізгі инвестиция, Орта жүзден – білімді кадрлар шығатын болады. Ал, Кіші жүзіміздің оғландары Марсқа барған кезде сол жақтағы жатпланеталықтарды *ігіп салып, Марсты өзіміздікі етуге ықпал етеді. Маңғыстаудың табиғаты Марстікіне ұқсайтынын ескерсек, әсіресе Адайларда ол жақты жаулауда көбірек мотивация болады. Кейіннен Оңтүстіктің қазақтары ол жақты жасыл желекке айналдырып жібереді. Географтарымыз болса, ол жақтағы тау мен судың атауларын елдегідей қайтадан атап шығамыз. Міне, сол нағыз біздің ҰЛЫ КӨШІМІЗ болады. Әлем тарихында ешқашан ондай көш болмайды кейін. Ал, ол жаққа жетіп алған соң, «Марстық қыздарымызды жатпланеталықтарға бермейміз!», «Марс тек қазаққа тиесілі!» деген сияқты ұрандарды қалағанымызша айта берсек болады. Тіл мәселесі де біржолата сол жақта шешіледі. Сондықтан, құрметтілерім! Біз үшін ендігі қалған жалғыз жол осы ғана. «Жерді сатпаймыз!» деп бос ұрандамай, болатын тірлікке қарай бет бұрайық. Әйтпесе, мына өмірден зайыбал шығып кетті, әкессстің!
Ержан бауырымыз жерді тезірек сатып тастауды ұсынып отыр. Өйткені, доллар деген Ертөстік сияқты жыл сайын емес, күн сайын, сағат сайын өсіп жатыр.
ОСЫ ІСТЕ БІР ЖЕҢНЕН ҚОЛ ШЫҒАРА ЖҰМЫЛЫП, ЕЛДІГІМІЗДІ КӨРСЕТІП ЖІБЕРЕЙІК. ОЛ ҮШІН ДӘЛ ЕРТЕҢНЕН БАСТАП, «ЖЕР САТЫЛСЫН!» ДЕГЕН ҰРАНМЕН, ОСЫ ЖЫЛДЫҢ СОҢЫНА БҮКІЛХАЛЫҚТЫҚ РЕФЕРЕНДУМҒА ДАЙЫНДАЛАЙЫҚ, АҒАЙЫН! БОЛАШАҒЫМЫЗ БҮГІН ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА! НАҒЫЗ КӨШПЕНДІЛЕР ҰРПАҒЫ ЕКЕНІМІЗДІ ДӘЛЕЛДЕЙІК!

Аталмыш жобаны бүгінгі Шайқының қорқорында отырған 4 азамат ресми бекітіп отырмыз. Енді, Елбасының қолы болса жеткілікті…

Жазба Michael Sherimbek-тің facebook парақшасынан алынды


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика