Желтоқсан көтерілісіне қатысты кейбір деректер

15 декабря 2018

Желтоқсан монументі 1986 жылы 16-17-18 желтоқсанда өте көп жастар Л.И.Брежнев атындағы алаңға жиналды. Олар 16 желтоқсанда болған Қазақстан Орталық Партия Комитетінің Пленумында бірінші хатшы болып сайланған Колбинге қарсы, Пленум шешімдерін өзгертеуді талап етті. Қала жастарын осы көтеріліске қатынасуға шақырып 5 мыңдай жастар бірнеше көшелерімен жүріп үгіт жүргізді. Ол өз нәтижесін берді.
18 желтоқсанда алаңға 20 мыңдай жастар жиналды. Оларға қарсы Ташкент, Тбилиси, Мәскеуден бас кесер арнаулы әскерлерді дереу жеткізді. Саперлік күрекпен, қамшымен тағы басқада қарулармен жабдықталды. Жастарды тарату мақсатымен өрт сөндіретін машинамен көпшілікке су шашты (Аяз 20-25º). Оларды республиканың барлық қалаларының жастары қостап көтерілді.
Мыңдаған студенттер мен жұмысшыларды түрмеге отырғызды. Көпшілігін ұрып-соғып қаланың сыртына апарып тастады. Біразы қашып кетіп өз туған ауылдарында ауруға шалдықты. Өлді. Олардың тізімін ешкімде айта алмайды. Басында олар заң орындарынан қорқып айтпады. Қазір де қорқып айта алмайтындар көп. Мыңдаған студенттер оқудан шығарылды.
Алматының республикалық архивіндегі құжаттар бойынша 92 адамның сотталғандары анықталды. Оның ішінде 17 адамның ісі Астананың республикалық ұлттық мұрағатында Л.И.Брежнев атындағы алаңға алғашқы шыққан жастар туралы, сондай-ақ Алматыдады республикалық архивте (1680 қор, 2 тізім, 3364 істің 76 бетінде) мынадай хабарлама бар:
1986 жылы 17 желтоқсан күні тәңертеңгі сағат 9-дан 15 минут кеткенде Қазақстан Компартиясының үйіне таяу алаңға бір топ қазақ жастары келді. Шамамен алғанда 600 дей адам жыйналды. Олар әртүрлі өлең айтып трибунаның алдында тұрды. Біраздан кейін қолдарында 5-6 плакаттары бар жастар Орталық партия кемитетіне естілетіндей етіп трибунаның алдынан өтті. Ол транспаранттарда: «Әр халыққа өз көсемі», «Жасасың Ленин идеясы», «Біз ерікті түрдегі одақты қалаймыз, зорлықпен қосылмаймыз». «Ешбір халыққа артықшылық берілмейді», «Жасасын Қазақстан», «Бірінші хатшы қазақ болуын қалаймыз». «Орыс емес» деп айғайлап ысқыра бастады.
Желтоқсан көтерілісін аса қатал жауыздықпен талқандаған. Жастарды ұрып соғып алаңнан қуғандары, оларға қарсы қолданған аюан істері туралы, мемлекеттік конституцияны аяққа таптап заңсыздыққа жол берген ішкі істер министрлігінің, прокуратураның, соттың, қауыпсіздік комитетінің басшыларын жауапқа тартуды талап еткен арызды беруші қазақстанның азаматтық козғалысының «Азат» атты қоғамының басқармасы және осы көтіріліске қатынасқан, сотталған азамат Х.Қ.Қожа-Ахметтің арызы бойынша Қазақстан республикасы, конституциялық соты Рогов И.И. былай деп мәсімдепті: Қазақстан республикасының конституциялық соты» мынадай жағдайды тапты. Сол бойынша шешімге келді:
1. ССР кезіндегі Советтер Одағы мен Қазақ ССР-ының басқару мемлекеттік орындардының қабылдаған шешімдерінің конституцияға сәйкес келетіндігін және әкімшілік, сот, заң қорғау орындарының істеріндегі жоғарғы басқарушы адамдардың Алматыдағы желтоқсан уақиғасы кезіндегі іс әрекеттерінің заңдылығын» тексеру туралы конституциалық сот ісі қозғалсын.
Міне осы күннен бастап конституциялық соттың комиссиясы мына төмендегі жағдайларды аңықтады:
… «Желтоқсан көтерілісі кезіндегі заңсыздықтар туралы конституция сотына арыз түсті. Соның қортындысы туралы мынадай қысқаша хабарлама берейін.
1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне байланысты – 99 адам сотталды (оның — 91 ісін таптым, ал Асанбай Асқаров мен Бекежановтың ісі Фрунзе де деп бермеді, қалған 5-уының ісі белгісіз үш адам еріксіз емделуге жіберілді (олар естерінен ауысқан адамдар) Б.Н.).
Ұлтшылдығы үшін, нәсілге бөлгендері үшін және көпшілікпен бірге тәртіпсіздікке қатынасқандары үшін – 78 адам, әдейі кісі өлтіргені үшін екі адам, адам өлтіруге ұмтылғаны үшін 2 адам, ал басқалары әртүрлі қылмыстар жасағандары үшін сотталды. Бостандықтарынан айырылғандары – 82 адам. өлім жазасына кесілгендері – 2 адам, 15 адам бостандығынан айырылмай шартты түрде сотталды».
Міне осы берген мәлімдеменің өзі де дұрыс емес. Сотталып түрмеде отырып жазаларын өтегендері. 91 адам (өлім жазасына кесілген Рысқұлбеков Қайрат пен Абдықұлов Мырзағұлды қосқанда). Сонда 7 адамды неге қоспаған. Жоғарғы соттың, Бас прокурордың берген жеңілдіктерімен босатылды деген 55 адамдар кімдер екені белгісіз. Сотталған 92 адамның бірде-біреуі Президенттің жарлығына дейін босатылған жоқ. Тіпті жергілікті сот, прокуратуралар Президентің жарлығының өзін орындамай желтоқсандықтарды жарты немесе бір жылдан кейін босатқан. Олардың моральдық, материалдық шығындарын қайтаруды дер кезінде қарамай желтоқсандықтарды сандалтып қойған сот орындары аз емес. Кейбіреуі аман-есен құтылғандарын олжа тұтып ол шығындары сұрауға батылдары бармағандары да жеткілікті.
1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан көтерілісіне байланысты 18 желтоқсанда осы көтерілістегі жаппай тәртіпсіздікті тексерге тексеру тобын құруға арнаулы қаулы қабылданған екен.
Сол қаулыға сәйкес ол топтың құрамы мына төмендегідей белгіленіпті:

1. Республика прокурорынан – 43 адам.
2. Алматы облыстық прокурорынан – 6.
3. Алматы көлік прокурорынан – 7.
4. Алматы қалалық прокурорынан – 18.
5. Қауыпсіздік комитетінен – 16.
6. Ішкі істер Министрлігінен – 25.
Барлығы 105 қызметкерлер іске кірістірілген.

Жалпы басқару жұмысын Қазақ республикалық прокуратурасының тексеру бөлімінің бастығына жүктелген.
Қаулыға қол қойғандар республика прокуроры Елемесов, КГБ-ның басқарушысы Мирошник, Ішкі істер министрлігінен Князев.
Бұл комиссия желтоқсан көтерілісіне қатынасқандарды тексеру кезіндегі заңсыздықтарды жасыру әрекетімен ба, әлде шын мәнінде тек Одақ басшылары мен республикалық Ішкі істер министрлігі ғана кінәлі ма көптеген құжаттарды құртып жіберген. Ол туралы республикалық ұлттық мұрағатта №5 қор 2 тізім 14 істе (т.г) мынадай хат кездесті. Онда былай депті:

Қазақстан ІІМ, Алматы;
Ішкі істер Бас басқармасы
480012, Алматы, Масанчи, 55
тел: 61-07-61
27.11.1992 ж. 1/590
Қазақстан республикасы
Ішкі істер Министрлігінің штабы

1986 жылғы желтоқсан уақиғасына Ішкі істер министрлігінің бас басқармасының қатысы туралы құжаттардың бөлігі 1989-1990 жылы республиканың жоғарғы кеңесінің комиссиясына берілді. Олардың талабы бойынша әртүрлі тез қимыл жасау туралы ойластырылған шаралар мен жасалған істер туралы 1986 жылғы құжаттар жойылды. ССР-оның ІІМ 1988 жылғы 10.10 тамыздағы №172 бұйрығы бойынша оның сақтау мерзімі 3 жыл бекітілген. Басқадай қызметкелердің, бөлімшелердің 1986 жылғы желтоқсан уақиғасына қатысы бар құжаттар Ішкі істер басқармасының саяси бөлімінде жинақталған. Оның жартысы Қазақстан Компартиясының Алматы облыстық комитетінің әкімшілік бөліміне берілді.
Ішкі істер басқармаларындағы саяси бөлімдері қысқартылғаннан соң олардың істері туралы барлық құжаттарды жойған. Оның ішінде 1986 жылғы желтоқсан уақиғасына байланысты құжаттарда бар. (1991 жылы 29 қаңтар акт №3/9 с).
Бастық, милиция генерал-майоры С.Исабаев

Мұрағатта осы істің 116 бетінде мынадай деректер көрсетілген:
Демонстрацияға қатынасқандарды қурып жіберу туралы арнаулы жоспар жасалған. Сырттан келген күш көрсетушілерге де арналған. Бұл жоспарға «Метель – 1986» деген код беріпті. Ол ССР Ішкі істер министрлігінің 1985 жылғы 19 желтоқсанда берілген №0385 бұйрығына сәйкес жасалған.
Қазақстанда бұл жоспардың атын өзгертіп басқаша аталыпты: «Қазақ ССР-ы Ішкі істер органдары және оған берілген қоғамдық тәртіпті қорғау және республикада, Алматыда жедел жағдайда қауыпсіздікте қамтамасыз ету үшін жасайтын істің жоспары».
Артынан республиканың ішкі істер министрлігіндегі кейбір басшыларға зияны тиетін болғандықтан бабасшылардың тілегін орындап құжаттарды практикалық маңызы жоқ деген сылтаумен құртып жіберіпті. Оның 2-ші экземплярінде Алматыдағы желтоқсан қозғалысын жаншып, басу кезіндегі милиция, солдат тағы басқалардың орналасқан жерлері туралы схемасы бар. Қазақ ССР-ы Ішкі министрілігінің басшылары комиссияға беруден бас тарттып бермепті. Томның 117 бетінде мынадай дерек бар екен: «Штабтың қарамағында жедел қимылдайтын үш топ және 2922 адамнан құралған арнаулы отряд болыпты».
Желтоқсан көтерілісіне қатынасқан қарусыз жастарға қарсы қолданылған күштер бір ірі мемлекетпен соғысқа дайындалғаннан кем болмапты.
Бұл сұмдық қырғынды ұйымдастыру үшін Алматы гарнизонында 5700 адам сақадай-сай тұрыпты (оның ішінде 1982 адам резерв). Одан басқа Мәскеу ішкі істер министрлігінің арнаулы әскер бөлімшелерін жіберіпті: Алматыдағы — №5443, №7552 әскери бөлімшесін, Алматы облысындағы Қара-Темірден — №6654 бөлімшені, Фрунзеден — №3450 бөлімшені, Ташкенттен — №3408 және №5432 бөлімшелерді №5426 из г.Челябинск, №5427 из г.Новосибирск, №5424 из г.Уфа, №5425 из Свердловска, в/ч Тбилиси.
Өздеріңіз көріп отырғандай Мәскеудің зәресі ұшып, естері кетіп бірден күш жұмсауды, ұйымдастырғанына көз жеткіздіңіздер.
Енді ол қырғын туралы, жастардың ерлігі туралы куәлар не дейді екен саған көшейік.
Сол кездегі Алматыдағы ССРО Ішкі істер министрлігінің арнаулы милиция мектебінің бастығы генерал-майор Есболатов Мақан Есболатович 1994 жылы 28 наурызда былай депті:

…Менің ойымша 1986 жылы 17 желтоқсанда күндіз демонстрация бейбіт бағытта болды. Митингіге қатынасқандар Қазақстан Компартия Орталық комитеті VI Пленумының шешімін өзгертуді талай етті. Бірінші хатшылыққа республикаға танымал, елдің ерекшеліктерін білетін беделді адамды тағайындауды сұрады.
Амал не, республиканың Саяси басшылары конституциялық заңды бұзып басқа республикалардан әскер бөлімшелерін сураты.
Одан кейін олар митингідегі жастарды бөлшектеп тастап алаңнан кууды жоспарлады. Ол жоспар керісінше халықты ызаландырды, олардың одан әрі күресе түсуіне себепші болды.
Түнгі сағат 23-те жоспар бойынша алаңдағы барлық күштер жастарды ығыстыра бастады.

Заң қорғау орындары кешірілмес қателер жіберді. Олар жастарды бірінен кейін біріп топырлатып бөлімшелерге әкелді. Республика прокуратурасы уақытында жедел тергеу группаны құрған жоқ. Жеке адамдарды ұстаған кезде олардың неге екендерін анықтамады, барлығын автобустарға тиеп қаланың милиция бөлімшелеріне жеткізді. Онда апарған кезде оларды алаңда болғандарын көрген ешкім жоқ. Милицияның ешқандай түсіндірмесі де жоқ. әскери нарядтар ұстағанда не үшін ұстағандарында білмейді.
Осы кезде «Совет милициясы туралы ереже»нің талабы орындалған жоқ. Онда милиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бұзған деп күзіктенсе, онда ол адамды 3 сағаттан артық ұстауға болмайды.
Оның кім екендігін анықтамады, оның не үшін жауапқа тартылатының белгілеп Қазақ ССР-ының қылмыстық – процессуальдық кодекстің 109 статьясы бойынша әрі қарай устауға шешім қабылдамады. Немесе тұтқындаған болса онда прокурордың санкциясы бойынша босатылады.
Ал сол кездегі Ішкі істер министрінің көмекшісі Султанов Ғазиз Слямхановичтың берген жауабында былай депті:
«1986 жылы 17 желтоқсан күні және желтоқсанның басқа күндерінде Қазақ ССРы Ішкі істер министрі Князев Г.Н. бірден айтты: «Мен Қазақ халқының салтын, мінезін және ерекшеліктерін білмеймін». Өйткені таяудан бері ғана жұмыс істеймін. Сол себепті басшылықты министрдің бірінші орынбасары жолдас Э.О.Басаровқа тапсырамын» — деп өзі көлеңкеде қалды.
Менің ойымша негізгі шешім және не істеу керектігі туралы ақыл-кеңес жоғарыдан келді. Ал Басаров Э.О. жантәнімен орындаушы болды.
Басаров трибунадан декабристерді қорқыта сөйлеп: «Мен күш көрсетуге рұқсат алдым. Тез арада тараңдар» — деді. Осы сөзімен декабристердің қозғалысының одан сайын өршелене түсүіне, халықты арандатуға жол ашты. Ақырында ол водометтерді, өрт машиналарын қолдануға бұйрық берді.
Көтерілісшілердің ішінде болған инспектор Абдибаев Б.Ж. (қай жерден екенін жазбапты) конституциялық сотқа былай жазыпты:

…Суықтан бозарып кеткен, баскиімсіз, жеңіл куртка киген жас бала айғайлап: Трибунада сөйлеп тұрғандарға сенбеңдер? Олар қазақтарды мазақтаушылар, орыстандыру саясатын ерекше жалынды түрде орындаушылар, бүкіл Отанымыздың жерін ядерлық қалдықтармен ластады, ана тіліндегі мектептерді жапты, ұлтымыз құрып бара жатыр» — деді. Оның жанында капитан Кализолин: «Всем своим жуликоватым видом показывает посвященным. Этот гад от меня не уйдет – выловлю, установлю, доложу» — деп тұрды. Түнде және кейінгі екі күн жаныңды түршіктіретін айғай, қорғансыз жас сәбилерді ұрып-соғып машиналарға лақтырып тиеп жатыр. Прожектордың жарығы көзді өртеп бара жатыр, иттер, темір таяқтар.
Алаңда, оперативтік жыйналыстарда Дастан Теміров өз қызметкерлерінен талап етті: ұрып-соққанды тоқтатыңдар. Бұл сендердің қолдарында ғай! Ол погранучилищенің подполковнигін қолынан ұстай алды. Подполковник жастарды желкесінен темір таяқпен бірінен кенін бірін ұрып жығып жан рахатына бөлініп жүрді.

Трибунаның астындағы үкімет бөлмесіне келіп, сонда отырған басшыларынан келіп тоқтатыңдар деп талап етті, сұрады, жалынды. Ал оған: «Олар өздері бастады ғой» — деген жауап алды.
Осы жағдайдан кейін Дастан Теміровті «психушка»ға жіберді. Ол ешкімге қастандық жасаған жоқ.
Конституционлық сотқа Республикаға ерекше еңбек сіңірген зейнеткер Садыков Мүбарек Наурызбайұлы арыз жазып, сол комиссияның мүшесі болуға сұрапты. Оның ұсынысын қабылдапты.
Осы патриот өзінің хатында былай депті:

…Кенеттен подполковник Секерин «Қуыңдар» деген бұйрык берді.. тобырлар жүгіре бастады. Жастар алаңда тайғақ мұздан тайып жатыр. Зор денелі солдаттар қолдарында қалқандары бар (кімнен қорғанбақшы), қазақ қыздарын шаштарынан, аяқтарынан сүйреп, ішкі құрылыстарын аяқпен сабап адам айтқысыз қылмыс жасады. Іштің төменгі жағынан ұрып милицияның машиналарына тиеп әкетіп жатты.
Мұнда иттер көп болды. 10 адам қызмет ететін иттерімен жүрді. Алаңда 10 өрт машинасы суық сумен демонстранттарға қарсы қимылдады.

Прокуратура мен сот орындары милиция қызметкерлері сияқты ертерек Республика прокурорының орынбасары Мызнаковтың (25.12.1986ж.) дайындап берген справкасын толтырып жастарды айыптады.
…Кейбір республика басшыларына қазақ жастарының сана сезімдерінің оянғаны ұнамаса керек. Олар «Казправда» газетін оның жалынды органына айналдырып айдап салды. Орталық партия комитетінің бөлім бастығы, үгітші, шовинист А.А.Устинов оларға жел берді. Орыс газеттері бірімен бірі жарысып қазақтан интеллигенттерін жамандап, оларды қүрту әрекетін іздеп мақалаларды бүркыратты.
Осы айтылған күәгерлердің сөздерін дәлелдеуші тағы бір хат кездесті. Оны толық берейін.

Шымкент облысы
Бөген ауданы Қараспан совхозы
Ақжал ауылының тұрғыны
Зейнеткер Молданазарова Мақпалдан

Арыз

Менің балам Молданазарова Кенжегүл 1965 жылы 19 наурызда туган. Мектепті алтын медальға бітіріп, Алматыдағы медицина институтына түскен еді. 1986 жылы желтоқсанда көшедегі елді ұрған солдаттардың соққысы басына тиіп, ауырып ауылға келді. Өйткені Алматыдағы аурухана Кенжегулді бір күн ғана қарап шығарып жіберіпті. Кенжегүл алаң жақта байланыс техникумында оқитын Гүлсім Анар Бадыреновнаның не жағдайда екенін білмек болып барған еді. Анарға да солдаттардың соққысы тигенмен кейін жазылып кетті. Ал Кенжегүл Арыс, Шымкент қалаларындағы аурухана да бірнеше күн жатып тәуір болмаған соң Ташкентке жіберілді. Соқққы оның қаракұсынан тиіп, миы қанталап кеткен екен. Сонымен балам Ташкенттегі аурухана да, операциядан кейін операциядан соң 1887 жылы 18 наурызда дәл 22 жасында қайтыс болды.
Жазықсыз жастай қыршыны қиылған Кенжегүлімнің өліміне себепкер солдат, милицияларды халықты жауапқа тартуыңызды сұраймын.

Ал енді айтыңыздаршы. Сол жауыздарды кім, қашан жазалады? Неге олар жауапқа тартылмады? Тартылса кімдер? Қазақ халқын үнемі жамандауды міндетіне алған, қазақ халқының тарихын керек қылмайтын «Казправда» газеті неге мылкау? Осы газеттің өзі қазақ халқына керек па? Соған бюджеттің ақшасын бермей өзімен өзін жіберген дұрыс-ау.
Сол кездегі Коммунистік партияның басшылары, КГБ т.б. алаңдағы жазадауды аяқтап енді шабуылды бейбіт уақытта қазақ интеллигенттеріне ауыстурды.
Алматы мен Астанадаға мемлекеттік ұлттық мұрағаттарда 25 том желтоқсандықтарды жауапқа тарту туралы және конституциялық соттың құжаттары жатыр. Кейбір беттерін кім алғаны белгісіз жұлып-алып кетіпті. Олда іздерін көрсеткісі келмеген бір ірі әлділердің ісі болса керек.
Енді сол интеллигенттердің ішінен үш қайраткердің хаттарына тоқталайын:
Еліміздің ардақты, беделді басшысы болған, ең бірінші қорлауды естіген аяулы ағамыз Қонаев Дінмұхамед Ахметұлының хатын оқып берейін (мен қысқаша беріп отырмын):
Мағаң сізді Колбин шақырады деп көмекшісі қоңырау соқты. Келісім бердім. Мен келген соң Колбин: «Сіз мына тобырларды тоқтатыңыз. Сөйлесіңіз, таратыңыз» — деді.
Мен: «Мені тыңдаса жақы ғой, сөйлесейін» — дедім. Сол кезде Колбинге Горбачев қоңырау соқты. Мен кабинетте отырғандарға: «Жігіттер қабылдау бөлмесіне шығып тоса тұрайық. өзі сөйлесіп алсын» — дедім. Сөйтіп қабылдау бөлмесінде біраз уақыт отырдық. Қайтадан шақыратын түрі жоқ. Бір кезде көмекшісі келіп: «Сіз қайта беріңіз. Сөйлесудің қажеті жоқ» — деді. Сонымен мен кетіп қалдым.
Ал кейіннен естуім бойынша Колбин Горбачевқа «Қонаев бүлікшілердің алдында сөз сөйлеуден бас тартты» — деп айтыпты.
Ол шындыққа жанаспайды. Мен сөз сөйлеуден бастартқан жоқпын.
Қазақ халқының дана ұлының бірі, таяуда ғана 80 жылдығын атап Батыр атағын берген Олжас Сулеменовті жамандап жазған Орталық партия комитетінің бөлім бастығы Смаиловтың хаты мұрағатта жатыр.
Оған жауап ретінде үш беттен тұратын Олжас Сулейменовтің хатының әр жерінен танысайық.
Бұл оқиға 17 желтоқсан күні бейбіт жолмен аяқталуы мүмкін еді.
Бірақ бұл Советтер Одағындағы ең бірінші демократиялық жолмен жастардың Советтер Одағы коммунистік партиясының Орталық комитетінің шешіміне қарсы көтерілген аса ірі қозғалысы болды. Менің түсінгімде оны міндетті түрде тәртіп сіздікке жеткізіп арандату жолымен аяусыз басу қажет болды. Бұл бүкіл одақ халықтарын дүрліктіріп олардың коммунистік партияның шешіміне қарсы шығатын жол екенін дәлелдейтін масқара қозғалыс. Халық Өкіметтің әрбір қисынсыз әрекетіне қарсы шығады. Қозғалысты аяусыз басу үшін оларға сылтау қажет болды. оларға экстремистік қимыл, арақ тарату және бірінші тас милиционерлерге тиуі қажет болды. алғашқы тас лақтырушылар студенттер, жұмысшылар емес, жастардың арасындағы арандатушылар.
…Уақиғадан кейін оларды ұйымдастырушыларды іздеуге кірісті. Оның бірі, ең басты ұлташылдықты уағыздаушы идеологы деп мені атау қажет болды. Халықтың алдында менің абыройымды түсіру міндетін шешу қажет болды. Сол үшін Орталық партия комитетінің үгіт насихат бөлімі, Парткомиссиясы, Мемлекеттік қауыпсыздік комитеті, Қазақ ССР-ы прокуратурасы, ішкі істер минимтрлігі менің саяси зиянды, қауыпты адам ретінде халықтың көзін жеткізбекші болды. Азда болса криминалды, компроматты барлық жерлерден іздеді. Оны бір кезде қызмет атқарған жерлерден іздеп, туыстарымнан жауап алып, тіпті мен аттас, әкем атындағы адамдарға дейін тексеру ұйымдастырған. Жеке өміріме, тіршілігіме араласып өкіметке зиян тигіз еді-ау деген деректерді де іздеген.
Сонымен менің конституциялық және еркін творчестволақ, ерікті еңбек азаматтық құқығымды аяққа таптады. Қылмыс жасады деген заңсыздаққа дейін жол берді. Мен қайда жүрсем де соңыма тыңшы қойғаның сезіп жүрдім. Менің телефоным осы күнге дейін тыңдалады.
Қазақстан компартия орталық комитетінің хатшысы З.Камалитденов 1987 жылы Советтер Одағының орталық комитетінің шілде Пленумында сөйлеп былай деді: Сулейменов 1986 жылы 17 желтоқсанда таңертеңдегі сағат 4 Қонаевқа қонырау соғып, жастар көтерілуге дайын» деді.
Қонаевта, Сулейменовте оған ондай хабар берген жоқпыз. Ол, шамалауым бойынша ССРО-ның депутатты тыңдайтын арнаулы бөлімінің берген жаңылыс дерегіне сүйенген болар. Ол жолы да маған жала жабуға шамалары келмеді. Бұл жерде мені Горбачевтің тікелей кірісуі құтқарды.
Қазақ халқының ғалымдарының ішінде аса зор дарын иесі, шын мәнінде ұлтын сүйген, нағыз қазақ, нағыз азамат Ақселеу Спанұлы Сейдімбековті құдалау тіпті де сорақы, нағыз қиянат.
Марқұм Ақселеу ол кезде филология ғылымының кандидаты (кейіннен докторы), жазушы қазақстан жазушылар Одағының лауреаты болды.
Енді сөзді Ақселеуге берейік: «Бәрімізге белгілі, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін бүкіл Қазақстан бойынша мемлекеттік деңгейде қазақ ұлтшылдарын табу, жүргізілді ғой.
Ол кезде мен республикалық ғылыми көпшілік журналы «Білім және еңбектің» Бас редакторы болып істедім. ВЛКСМ орталық комитетінің құрметті грамотасымен және құрмет белгісімен наградталған едім.
Науқан басталған кезде мемлекеттік қауыпсіздік комитеті (КГБ) тарапынан нақақ құдалауға ұшырап, зардап шектім.
Желтоқсан оқиғасынан кейін ВЛКСМ орталық комитетінің бірінші секретарь қатысқан Казақстан ЛКСМ Орталық комитетінің пленумы болып өтті. Осы пленума Казақстан Компартиясы Орталық комитетінің секретары Закаш Камелитденов сөз сөйлеп, онда: «Білім және Еңбек» журанлының Бас редакторы А.Сейдімбеков журналды қазақ ұлтшылдарының органына айналдырды. Қазақ байларын, хандарын, Алашордашыларын дәріптеп, орыстардың идеологиясын жамандайды» — деді.
Мені жамандап КГБ «Лениншіл жас» және орысшасына мақала ұйымдастырды. Оны өздері дайындап жалған авторлардың атымен жарияламақшы болды.
Желтоқсан оқиғасының алдында Қазақстан ЛКСМ орталық комитетінің бюросының шешімі мен маған төрт бөлімі үй берілген болатын. Сол үйдің ордері сөзбаққа салынып қолыма тимей қойды. Пәтер бөлетін мекемеге барып білсем, Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің шешімінің бір шекесінде «Ұлықсат жоқ» деген З.Камалитденовтың бұрыштамасы тұр.
Мұрағатта осы сияқты қазақ зиялыларының хаттары жеткілікті.

Жалғасы…

Болатбек Нәсенов,
тарих ғылымдарының докторы
«Қасым» порталы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика