ЖЕДЕЛ! Қазақстандық банктер шабуылдың астында қалып отыр

28 марта 2017

Банк клиенті болсаңыз, сақ болыңыз, алдымен. Қазақстандық банктер хакерлердің басты нысанына айналып отыр. Осыған дейін еліміздің бірқатар екінші деңгейлі банктеріне кибер шабуыл жасалғанын хабарлаған болатынбыз. Хакерлер түрлі айла-шарғы қолдану арқылы азаматтарды арандатып, олардың жеке мәліметтерін ұрлап келген болатын. Ал бұл жолы олар банк жүйесіне тікелей шабуыл жасауға көшіпті. 

«Соңғы апталарда алты бірдей қазақстандық банк алаяқтар шабуылына ұшырады. Олар: Қазақстан Халық банкі, Qazkom, Альфа-банк, Сбербанк, Kaspi Bank, ЦентрКредит банкі. Оқиғалардың дені онлайн-банкинг жүйесін қолданушыларға қатысты болды, ал бір шабуыл тікелей банк серверіне жасалды», — деп хабарлайды ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің жауапты хатшысы Жанат Қожахметов.

Хакерлер банк клиенттерін браузердің модификацияланған баптауын қолдана отырып, зиянды сайттарға кіруге мәжбүрлейді. Ол үшін адамдарға түрлі форматтағы хаттар жіберуі мүмкін. Мұндай хаттарды ашқан жағдайда оның компьютерінде сақталған мәліметтер алаяқтардың қолына түседі. Кейін осыларды қолдана отырып азаматтардың жиған-тергендерін сыпырып кетуі мүмкін. Сондықтан да мамандар онлайн-банкинг жүйесін қолданушыларын барынша сақ болуға шақырады. Ол үшін ең әуелі жеке компьютердің, планшет немесе смартфонның қауіпсіздігін арттыру керек және банк тарапынан күдікті хат алған жағдайда бірден техникалық қолдау қызметіне хабарласқан дұрыс.

Естеріңізде болса, наурыз айының бас кезінде екінші деңгейлі банктер кибер шабуылға ұшырағандықтарын айтып, мәлімдеме жасаған болатын.

Сұлтан Жомартұлы

«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика