Жау келгенде әжетханаға тығылған әскериге рақымшылық жасалды

5 мая 2017

Ақтөбеде лаңкестер шабуылы кезінде әжетханаға тығылғаны үшін айыпталып, 4 жарым жылға сотталған Қайнарбек Тастамбеков рақымшылыққа ілікті. Әскери қызметкер жазаның 3 жыл 8 айын енді бостандықта жүріп өтейтін болады. Бұл туралы «Астана» арнасы хабарлады.

Естеріңізде болса, өткен жылдың бесінші маусымында Ақтөбе қаласында болған лаңкестік шабуыл кезінде №6655 әскери бөлімінің қызметкерлері Қайнарбек Тастамбеков пен Қайырғали Оразжанов әжетханаға тығылып, кейін оқиға орнынан қашып кеткендері үшін сот алдында жауап берген еді.  Екі майордың Әскери жарғыны бұзып, оқиға орнынан кетіп қалғаны дәлелденді. Қайырғали Оразжанов 3 жыл 5 айға, Қайнарбек Тастамбеков 4 жыл 5 айға сотталған болатын. Сот шешімімен «Рақымшылық туралы» Заңға сәйкес Тастамбековтың бас бостандығынан айыру жазасы бас бостандығын шектеуге алмастырылды.

«ҚР Қылмыстық кодексінің 78-інші бабы, екінші бөліміне сай, рақымшылық актімен орта деңгейдегі қылмыс жасағандардың жазасын жеңілдету қарастырылған. Сотталушы Тастамбековке мынадай міндеттер жүктелді: ол тұрғылықты мекенжайын өзгертпеуі керек, мемлекеттік атқарушы органдардың рұқсатынсыз және ескертпей жұмыс істемейді және өзінің әрекеттері туралы хабардар етіп отыруы қажет.  Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», — деді  Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің жетекшісі Илиада Досова.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика