Жастар – жарқын болашақ иелері

25 октября 2017

Қарағанды экономикалық университетінде «Жастар дәстүрлі құндылықтар үшін» республикалық форумы өтті. Ауқымды шараның басты мақсаты — жастар бойында дәстүрлі құндылықтарды, қазақстандық патриотизмнің жаңаша ұстанымдарын және де халқымызға тән діни сана-сезімді қалыптастыру, сондай-ақ прагматизм мен критикалық ойлау дағдыларымен байланысты сұрақтарды талқылау, — деп хабарлайды Qasym.kz

 Қарағандыда жастар сарайы бой көтереді

Форумға Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов және аттары алты Алаштың баласына танымал зиялы қауым өкілдері:  ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің вице-министрі Абзал Нүкенов, Қазақтың тұңғыш ғарышкері, «Халық Қаһарманы», Кеңес Одағының Батыры Тоқтар Әубәкіров, «Нұр-Мүбәрак» Ислам мәдениеті Мысыр университетінің ректоры Жуда Бассыни, Қазақстан ММА аралас жекпе-жек федерациясының президенті Анатолий Ким қатысты.  

Жастар форумын салтанатты түрде ашқан Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, дәстүрі құндылық ең алдымен отбасыдан бастау алатындығын атап өтті.

Әлемнің қай ұлтын алып қарасақ та, отбасы институтын алдыңғы орынға қояды. Өйткені баланың бойындағы ұлттық таным, ел мен жерге деген құрмет, адамгершілік сезімдерінің барлығы отбасында көрген тәрбиесінен алынады. Қай ата-ана болмасын өзінің бақытын баласынан іздейді. Сондықтан жастардың бойына дәстүрлі құндылықтарды сіңіріп,   қазақстандық патриотизмнің жаңаша үлгісін қалыптастыру – форумның ең негізгі талабы болмақ.

Жиын барысында жастар облыс әкіміне және спикерлерге өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойды. Олардың ішіндегі ең негізігісі кеншілер шаһарына жастар сарайын салу мәселесі. Бұл сауалға жауап берген аймақ басшысы Жастар сарайының құрылысын бастау жоспарда тұрғанын жеткізіп, жастарды бір қуантып қойды.

«Қаламызға көптеген нәрселер қажет. Бізге үлкен концерт залы, үлкен монша және шығармашылық үй қажет. Мұның барлығы жоспарда бар, алайда оларды іске асыру үшін уақыт керек. Келесі жылдан бастап біз екі нысан құрылысын қолға аламыз. Олар 1250 орындық үлкен концерт залы мен Балалар мен жасөспірімдер сарайы, онда қаладағы ең үлкен 50 метрлік бассейн болады», — деді аймақ басшысы.

Форум аясында халық қаһарманы, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубакіров елдің шынайы патриоты болу үшін құр айтып қана қоюдың жеткіліксіз екендігін жеткізді. Батырдың айтуынша, патриот болу үшін ең алдымен халыққа қолдан келген жақсылығыңды жасау керек. Оның көлемі маңызды емес, бастысы өзіңнің патриот екеніңді іспен дәлелдеуге тиіссің.

«Мен Қазақстанды сүйемін деп айтумен құтылу бұл – патриотизм емес. Ұлтжандылық – сенің халыққа істеген жақсылығың. Мемлекетті жаңарту үшін жасаған ерлігің. Сонда ғана мен елімнің патриотымын деп айтуға негіз бар», — деді Тоқтар Әубакіров.

Жастар  адаспауы керек

«Жастар дәстүрлі құндылықтар үшін» форумы аясында ел іргесінің беріктігі үшін маңызды рөл атқаратын құжат қабылданды. Яғни Қарағанды облысы әкімдігінің және Қарағанды облысы бойынша ҚМДБ бөлімшесінің өкілдері  мысырлық «Нұр Мүбәрәк» ислам мәдіниеті университетімен өзара ынтымақтасық жөніндегі меморандумға қол қойды. Енді аталмыш келісім бойынша, мысырлық мамандар облысымызға теолог мамандар дайындауға қолұшын созбақ.

— Басты маңызды мақсаттардың бірі – ол діни білім алу тәртібін реттеу. Дәстүрлі құндылықтардың бірі – ол жастардың теріс дін жолына түспей, дұрыс жолды таңдауы. Осы орайда мемлекет пен діни бірлестіктер көптеген түсіндіру жұмыстарын өткізіп жатыр. Алайда, осы тұрғыда біздің облысымызда теолог-мамандар жетіспейді. Сол себепті біз бүгін «Нұр Мүбәрәк» университетімен әрі қарай бірлесе жұмыс жасау үшін және кәсіби теологтарды даярлау, оларды Қарағанды облысына жұмысқа тарту бойынша келіспекпіз. Бұл аймақ тұрғындарының діни сауаттылығын арттыруға көмектеседі, конфессияарылық келісімді жақсартуда, дін саласындағы заңдылықтарды іске асыруда маңызды рөл атқарады,-деді Ерлан Қошанов.

Қазіргі таңда әлем елдеріне діни экстримизм қаупі төніп тұр. Жастардың санасын улап, жат ағымның жетегінде түрлі бүлікке араластыруды көздейтін арам пиғылды топтар бар. Сондықтан да оң-солын енді танып келе жатқан азаматтарды қара ниетті құзғындардың құрсауына бермей, құтқарып қалу керек. Ол үшін діни сауатты мамандарды көптеп дайындау қажеттілігі туындап отыр. Енді оны мысырлық университет өз мойынына алмақ.

Жоспар бойынша, алдағы бес жылдың ішінде облысымызда 50-ге тарта адам «Нұр Мүбәрәк» ислам мәдіниеті университетінде теолог және дінтанушы мамандықтары бойныша білім алады. Форум аясында қол қойылған Меморандум бойынша, Мысыр университеті жыл сайын біздің облысымыз үшін 10 теолог маман даярлайтын болады. Ал оларды оқытуға грант бөлу мәселесін қарастыруды облыс әкімдігі өз мойынына алып отыр. Ал ҚМДБ Қарағанды облыстық бөлімшесінің өкілдері болса, арнайы білім алып келген жас мамандарды мешіттерге орналастырып, жұмыспен қамтамасыз етпек.

«Нұр Мүбәрәк» ислам мәдіниеті университетінің ректоры Жуда Бассынидің айтуынша, жастар діннің мейірімділік, адамгершілік тәрізді қағидаларымен терең сусындап өскен жағдайда барып  халықтың ғасырлар бойы жинаған рухани құндылықтарын сақтай алады. Оны өмірде жаңғыртып, бүгінгі қоғам игілігіне жаратады.Рухани жаңарған жастар жат идеологияға тосқауыл болады.

Облыс әкімінің кубогі кімге бұйырды?

«Жастар дәстүрлі құндылықтар үшін» форумы  Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған  «Сөз атасы – бірлік» атты  облыс әкімінің  кубогі сарапқа салынған республикалық жайдарман фестиваліне жалғасты.

Фестивалге Қарағанды облысының әзілкештерімен  бірге  Маңғыстау облысынан және Астана қаласынан келген командалар   бірге сынға түсті. Ойынның тізгінін  «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті   Есен Елеукен өз қолына алып, лайықты деңгейде жүргізді.

 Байқауда қазақтың үш биі – Қазыбек, Төле, Әйтеке атындағы жүлделер сарапқа салынды. Бас жүлдені Шет ауданынан келген команда иеленіп, 350 мың теңгелік сыйлықты қоржындарына байлады. Ал   Қазыбек би атындағы арнайы жүлде  (150 000 теңге) — Тұран университетінің «Тұран – Астана» командасына,  Төле би атындағы жүлдеге (150 000) — Қарағанды экономикалық университетінің құрамасына берілсе, Әйтеке бидің атындағы сыйлықты  Жаңаөзен жастар құрамасы  жеңіп алды.

Бұдан бөлек, өзінің әзілдерімен, сахнадағы шебер ойынымен көрерменнің көзайымына айналған  «Тұран – Астана» командасының ойыншысы Жүсіпжан Жамаш – үздік ойыншы атанды. 

PS: «Жастар-болашаққа апаратын алтын көпір»,- дейді дана халқымыз. Қазақстанның әрбір жасы өздерін елдің патриотымын деп ұғынып, мемлекеттік өркендеуі жолында аянбай еңбек ету мүдесін бәрінен жоғары қоюы керек. Мағжан сенім артып, Елбасымыз үміт күтіп отырған жас буын өкілдері – Қазақстанның келешегі. Сондықтан да олардың дұрыс жолда болып, терең білуі алуы және қоғам өміріне белсенді араласуы ерекше маңызға ие.  Ел сенімін, үмітін ақтау-жастардың  қолында.

«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика