Жас жұбайлардың «шақыруы» жұртты қыран-топан күлкіге кенелтті

3 Мамыр 2017

Қазақстандық жас жұбайлардың тойға шақыру билетін көрген желі қолданушылары өз таңданасын жасыра алмады. Біреуі күлді, екіншісі келемежге айналдырды, ал әлдебіреуі түсіністікпен қарады. Qasym.kz тілшісі мәселенің мән-жайын анықтаған болатын.

Еліміздегі ең дамыған бизнес түрі – той бизнесі. Қазір екінің бірі думандатып той жасайды. Жағдайы келсін, келмесін — маңызды емес. Бастысы басқаның тойынан кем болмауы керек. Ол үшін миллиондап несие алудан да тайынбайды. Не үшін? Бір күндік мақтан үшін ғана.
Әйтсе де тойды артық шығынсыз, үнеммен жасайтындар да бар екен. Мәселен мына бір шақыру билетіне зер салыңызшы. Бұны көрген атыраулық Болаткүл Женисова бір күліп алды да, кейін түсіністікпен қарады.

—  Жиенімнің тойына шақыруды қаладан сінілім алып келу керек болатын. Өткенде келді. Біраз әңгімелестік. Бір кезде мен шақыру қайда, көрейік те дедім. Ұшақ іспеттес умаждалған қағазды ұстатты. Ашсам — шақыру. Содан өзімнің «Одноклассникидегі» парақшама салғам, артық ойсыз, оның өзі туған-туыс көрсін деп. Біреу бөлісіп әкетіп, жан-жаққа таралып кеткен. Енді әркімнің аузына қақпақ бола алмайсың ғой, елдер соны қызық көрді. Біреулер торт та қағаздан бола ма деп қалжыңдапты. Бәріне түсіністікпен қараймыз,-деді Болаткүл Женисова.

Қарапайым қағазға, үйдегі принтерден А-4 қағазға басып шығара салған. Болды. Қонақтардың атын жазып, таратып берді. Кереметтей шығын да шыққан жоқ.

Мойындау керек. Қазақ үшін шақыру билеті сән-салтанаттың бір нышаны ғана. Кейбіреуі тіпті алтынмен жалатуға дайын.
Егер батыс елдерінде қонақты мейрамханаға билетін тексеріп кіргізсе, бізде қонақтың билетіне ешкім қарамайды да. Тіпті оның не үшін керектігіне де ешкім бас қатырып жатқан жоқ. Билет беріп, қонаққа шақырды. Болды. Баруың керек. Билетті не отбасылық альбомға салып қоясың. Болмаса бұрышқа қарай ысыра саласың. Ал оны дайындау үшін кеткен қаржы босқа ысырап болады. Солай емес пе?

Сіз қалай ойлайсыз?

Назерке Жүнісова,
«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика