Жас суретшілер көрмесі ашылды

5 октября 2017

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында жас дарындарды қолдау мақсатында балалар шығармашылығының көрмесі ашылды. Көрмеге Шахтинск қаласындағы Әубакір Ысмайылов атындағы балалар көркемөнер мектебінің тәлімгерлері өз жұмыстарын ұсынды, — деп хабарлайды Qasym.kz тілшісі.

Кеншілер қаласындағы көркемөнер мектебіне биыл 30 жыл толып отыр. Осыдан үш жыл бұрын мектепке Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, танымал суретші   Әубәкір Ысмайыловтың аты берілген болатын. Суретші есімі Қазақстанға және одан тысқары жерлерге кеңінен мәлім. Ысмайыловтың елге ерекше танылуы пейзаждары мен тақырыптық суреттерінің ғана арқасы десек қателесеміз, оның актерлік, режиссерлік, бишілік, балетмейстерлік өнерлері де ел-жұрттың үлкен қызығушылығын тудырған.

 Көркемөнер мектебі  2007 жылдан бастап ЮНЕСКО клубы болып табылады. 2011-ші жылдан бастап мектеп ЮНЕСКО-ның «Балалар әлемді бейнелейді. Орталық Азия», «Балалар әлемді бейнелейді. ИСЕСКО», «Mitsubishi Asian Children’s Enikki Festa», Канагавада өткен «Балалар суреттерінің әлемдік көрмесі» атты балаларға арналған жаңа жобаларына қатысып келеді.

Қарағанды қаласында өткен көрмеге жас өнерпаздар  «Отбасы», «Туған өлке», «Кеншілер», «Үй», «Балалық шақ» тақырыптарына салынған жұмыстарын ортаға салынды. Әр баланың суретінің астарында олардың өмірге деген көзқарасы, шынайы бақыттың бейнесі көрініс тапқан. Мәселен, «Кеншілер» тақырыбында салынған суретте балалардың әкесі, ағасы, таныстары бейнеленген. Шахтинск қаласының тұрғындарының негізгі кәсібі кен орындарымен тығыз байланысты. Мұны балалар да жақсы түсінеді. Сондықтан көзін ашқалы көріп жүрген кәсіп иелерінің жұмысы қаншалықты ауыр екендігін жақсы түсінеді. Әрі барынша шынайы бере білген.

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Бейнелеу өнері және дизайн кафедрасының профессоры Лариса Золотареваның айтуынша, балалардың суреттері олардың кәсіби машықтарын анық көрсете алған.

— Өте ауқымды көрме, балалар бұл мектепте түрлі техникаларды меңгереді, әртүрлі материалдармен жұмыс істейді, өнердің түрлі жанрларында машықтарын жетілдіреді. Мұнда түрлі тақырыптар келтірілген. «Мәңгілік ел» бағдарламасында үйдің, отбасының және балалық шақтың рөлі нақты белгіленген, — деді профессор Лариса Золотарёва.

Ал мектеп басшысы Шахмұрат Әбдіғалықовтың айтуынша, олар мектепке келген әр баламен жеке тіл табысуға тырысады екен. Өйткені баланың алғашқы талпынысы, құлшынысы оның өнерін әрі қарай жетілдіруге тікелей ықпал етеді.

«Балаларға өздерінің туған өлкесін бейнелеу, кеншілер тақырыбында сурет салу өте ұнайды. Биылғы жылы Тортунда кеншінің портреті бірінші орынға ие болды», — деді   Шахмұрат Әбдіғалықов.

Айта кетейік, жас өнерпаздардың сурет көрмесі қазан айының он бесінші жұлдызына дейін жалғасады.  

«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика