Жас қыз әпкесінің күйеуін тартып алған

17 Сәуір 2018

Бүгінде бәйбіше мен тоқал күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселелердің бірі десек артық айтқандық болмас. Соның кесірінен қаншама отбасының шаңырағы шайқалып, іргесі сөгілуде. Қайынсіңілілерімнің басына түскен жайды оқырманмен бөліскенді жөн көрдім. Бәлкім біреу ақыл қосар, басу айтар дегендік еді менікі…

Негізі әу баста қазақтың басым бөлігі бәйбішеден, тоқалдан, аққолтықтан тараған ғой. Егер осылай жалғаса бергенде бүгінде мұндай мәселе туындамас еді. Жетпіс жыл өзгенің жетегінде кетіп, «бір әйелге — бір күйеу» қағидасын мықтап санасына сіңірген соң қиын екен. Осы принципті мықтап ұстанғандар бүгінде күйеулерінің етегіне жармасып, аңысын аңдып, лаң шығарып жүр. Оған тиылып қалған күйеуді және көрмедік. Есесіне ойраны шыққан отбасы, екі жақта да жанары жәутеңдеген жетімдер қаптауда. Кім білген, уақыт өте келе бұл мәселе де шешімін табар. Еркектердің екі-үш әйел алуға деген құмарлығы соған әкеп тірейтін сыңайлы ғой өзі…

Үлкен әулетке келін болып түскенімде қаптап жүрген қайынсіңілілерімді көріп «бұлардың тілін қалай табам?» деп басым қатқаны есімде. Бақытыма қарай бәрі де тәрбиелі, өз жөнін білетін болып жолықты. Бірде-біреуімен іщщәй десіп көрген емеспін. Ең кішкентай қайынсіңілім әсіресе үйіріліп менің қасымнан шықпайтын. Ерке еді өзі, ерке болса да есті-тін. Мектептегі бар қызықтарын, ішіндегі бар сырын маған ғана ақтаратын. Екеуміздің әңгімеміз таусылмайды. Күйеуім жұмыстарымен кейде қалаға кетсе менің бөлмеме келіп ұйықтайтын. Таң атқанша әңгіме соғушы ек. 

Айымның қыз дәурені қысқа қайырылды. Алыстан туыс болып келетін жегжаттар «сүйек жаңғыртамыз» деп құда түсіп, сырға салып алып кетті. О баста тулап, жылап еңірегенмен пайда жоқ, қайынатам қатал адам, айтты ма бітті. Айым жылай жылай ұзатылып кетті. Барған жері қарапайым ғана өскен, өнген жандар екен, күйеубаламыз да қарапайым көрінген. Бара аяғы ауырлаған Айым аяғы құтты болып бірінен кейін бірі 5 баланы дүниеге әкелді. Бөлек шығып, тұрмыстары да тәуірлене бастаған. Айымның көзінен жас құрғамауы кейін бертінде басталды. Өзінің бөле сіңлісі Мақпал қалада тұратын үйі болмаған соң Айымның қолында тұрып жұмыс істейтін болды. Оның зымиян әрекетін ешқайсысымыз да сезген жоқпыз әу баста. Шарап зауытында жұмыс істейтін ол Айымның басын айналдырып үйінде шарап сатуға көндіреді. 90-шы жылдардың аяғы елдің бәрі қиналып жүрген кез болатын. Әйтеуір күйеуімнің табысына қосымша болсын деген Айым келісім беріп екеуі шарап сата бастайды. Мақпал түнде зауыттан ұрлап, бөшке-бөшке шарап алып шығады, оны күйеубаламыз тосып алып үйге тасиды. Сонымен ә дегенде тастары өрге домалап аз ғана уақыттың ішінде қорлана бастады. Біраз ақшаның басын жинап есіктерінің алдынан дүкен ашып алды. Бәрі де Мақпалдың идеясы ғой. Дүкен ашқан соң олар тұрмыстары шалқып дүркіреп кетті. Екі қабатты үй, қос-қос мәшине. Айымның ішкені алдында, ішпегені артында. Жақсы көретін қайынсіңілімнің тұрмысы оңалғанына қуанышты едім расында. 

Бір жолы келгенінде Айымның көңілінде кіреуке бар екенін байқадым. Екеуміз оңашаланған соң, еңіреп жылағанын көріп шошып кеттім. Күліп жайраңдап жүргені әншейін екен ғой, Айым бар шындықты жайып салғанда жағамды ұстадым. Соларды байытып жіберді деп жүрген Мақпалымыз сұрқия болып шықты. Бірде қатты ауырып ауруханаға түседі Айым. Күйеуі артынан бір екі рет келіп жүреді де кейіннен мүлдем аяқ баспай қояды. «Үйге барып шайынып келейін» деген Айым ойында түк жоқ кешкісін үйіне келеді ғой. Бала-шағаның бәрі дүкенде жұмыс істеуге кетіпті. Үйін аралап жүріп Мақпалдың бөлмесін ашқанда өз көзіне өзі сенбей тұрып қалады. Төсекте күйеуі мен бөле сіңілісі Мақпалдың жатқанын көреді. Күйеуі болса түк болмағандай «әкемнің қалауымен алғанмын сені, саған деген ешқандай сезімім жоқ, не істейсің, кетем десең жолың ашық» депті. Мұны естіп өзі ауырып жүрген Айым естен танған ғой. «Тана көзін сүзбесе бұқа жібін үзе ме? Бар бәле Мақпалдың өзінде, еркекте ес бар ма, егер жездесі өзеуреген күннің өзінде кеудесінен итеріп, болмаса басқа үйге кетіп қалмай ма? Босқа мені күйдіргенше?» деп еңірегенде Айымның етегі жасқа толды. Не деп жұбатарымда білмедім. Балалары үшін бақытын жерлеп тастаған Айым бүгінде бәріне мойынсұнған. Мақпал үй салып бөлек шыққан бүгінде. Ағайындар барып, басу да айтты. Бірақ күйеубаламыз Мақпалдан бас тартпайтынын айтып отырып алды. Бүгінде жүр екі үйдің ортасында. Айымның күйеуіне деген сезімі өшкен, амалсыз балалары үшін өз бақытынан бас тартып құр сүлдері жүр. Әпкесін аямай осындай тірлікке барған Мақпал жүр тайраңдап. Оның осыншалықты сұрқиялығы үшін бәріміз жек көреміз оны. Апалы-сіңілілер осылайша бәйбіше тоқал болып жүр. Айымды аяймын, бірақ қолымнан келер қайран жоқ. 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика