Жас филолог — 2015

12 Тамыз 2018

DSC_0445Қараша айының 27-жұлдызында Қарағанды облыстық Білім басқармасының келісімімен және Қарағанды «Болашақ» академиясының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Жас филолог» облыстық олимпиадасы өткізілді. Олимпиадаға Қарағанды қаласының және аталмыш облыстың түпкір-түпкірінен жиналған тіл жанашырлары қатысты.

Жыл сайын өткізілетін бұл сайыстың негізгі мақсаты шығармашылық жұмыспен айналысып жүрген дарынды жастарды анықтау және қолдау, мектепті тәмамдайтын жас түлектерді кәсіби бағдарлау және академияның мектептермен байланысын күшейту болып табылады. Биылғы жылы олимпиадаға Қарағанды, Балқаш, Осакаровка, Жәйрем, Приозерск, Көкпекті, Теміртау, Ақшатау, Шет, Ағадыр, Қарқаралы сынды өңірлерінің жалпы саны 68 мектебінен 102 талапкер бағын сынамаққа келді. Олимпиада жеңімпаздарына „Бұқар жырау„, „Қазыбек би„ және „І. Есенберлин„ атындағы 3 грант ұсынылады және осы грант бойынша бір жыл тегін оқуға мүмкіндік беріледі, ал ІІ және ІІІ орын иегерлеріне сәйкесінше 50% және 25% жеңілдіктер, барлық қатысушыларға белсенділік танытытып, шараға ат салысқаны үшін 5% жеңілдік беріледі. Олимпиадаға қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының білікті оқытушылары қазылық етті.
Олимпиада басталмас бұрын академиямыздың профессоры, филология ғылымдарының докторы Хамзин М.Х. қатысушыларға ақ батасын беріп, төл тіліміз бен әдебиетіміздің маманы болудың маңызын айтып өтті. Одан кейін қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Сембиев Қ.З. үміткерлерді олимпиада шарттарымен таныстырып, «Жастар — еліміздің тірегі, болашағы», – деген сөздермен барлық қатысушыларды алғашқы кезеңге шығарып салды. Олимпиаданың алғашқы кезеңінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен алдын ала әзірленген тест сұрақтары берілді. Бұл кезеңде оқушылардың ана тілдерін қаншалықты меңгергендіктері сынға түсті.
Қатысушылардың жетекшілермен жеке жұмыс жүргізілген болатын. Нақтырақ тоқталсақ, мектеп мұғалімдеріне академия оқытушылары семинар өткізіп, қазіргі қазақ тілінің ең өзекті мәселелерін талқылап, сабақ беру әдістемесінің кемшіліктерін қарастырып, тәжірибе алмасып, өздерін толғандырған сұрақтар турасында әңгіме қозғады. Жаңаша оқыту технологиясы бойынша (оның ішінде сабақ беру барысында интербелсенді құралдарды пайдалану туралы) академияның ғылыми және әдістемелік жоспары бойынша әдістемелік семинар өткізілетіндігі жөнінде айтып, мектеп мұғалімдерін академиямен тығыз байланыс жасауға шақырды.
Бірінші кезең өз мәресіне жеткен соң, қатысушыларға қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының студенттері арнайы даярлаған концерттік бағдарламасын ұсынды. „Ашық микрофон„ жарияланып, оқушыларға да сөз берілді. Олар өздерінің сиясы кебе қоймаған шығармаларын ортаға салды және басқа ақындардың өлеңдерін оқып, барынша белсенділік танытып отырды. Олимпиаданың екінші кезеңінде көркемсөз оқу шеберлігі бағаланды. Бұл кезеңнің негізгі мақсаты — қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет арқылы тіл мәдениетін шыңдау және ана тілінің көркемдігін, бай қорын тәуелсіздік жылдарындағы ақындар поэзиясы арқылы насихаттау. Екінші кезеңде қатысушыларға үш тапсырма берілген болатын. Олар: өз қалауымен халық ауыз әдебиеті үлгілерінен немесе жыраулар поэзиясынан үзінді оқу, тәуелсіздік жылдарындағы ақындар поэзиясынан үзінді оқу және өз шығармашылығына немесе басқа қаламгерлердің шығармашылығына көзқарас, ой-пікір білдіру. Олимпиадаға әрбір қатысушы барынша дайындалып келген, әрқайсысы барынша ерекшеленуге тырысты. Дегенмен олипиаданың қортыныдысы бойынша ең мықты деген талапкерлер топ жарып шықты.
Екі кезеңнің нәтижесі бойынша үздік болып бірінші орынды қанжығасына байлағандар: Әліпбаева Маржан(Жәйрем, №11 ЖББ ОМ), Сәкенова Аида(Қарағанды, №36 ЖББ ОМ) және Сәбитова Іңкір (Жезқазған, №8 ЖББ ОМ). Екінші орынды Ағадыр мен Жәйремнің үмітін үкілеп келген қатысушыларымыз ие болды. Олар: Жұматай Аружан мен Мейрамбекова Мунира. Ал үшінші орынға табан тірегендер: Нұртаева Назерке, Сейсенбек Азиза және Бәйтенов Жәнібек атты қатысушыларымыз болды. Барлық қатысушыларға аталмыш іс-шараға қатысқандары үшін алғыс білдіріліп, жетекшілері алғыс хаттармен марапатталды. Қатысушылар да өз тарапынан академия әкімшілігіне жылы лебіздерін білдірді.

Серикова Асыл
«Болашақ» академиясы
К-14-1 тобы студенті

 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика