Жас боксшы Абылайхан Жусуповтың ата-анасымен сұхбат: «Абылай алға қойған мақсатына жетпей қоймайды»

18 мая 2019

Қазақ спортында жарқырап көрініп жүрген жас боксшы Абылайхан Жусуповтың ата-анасымен жолығып, сұхбаттасудың  сәті түскен болатын. Он тоғыз жасында әлемді мойындатқан жас дарынның отбасы, шыққан тегі және балалық шағы туралы білгіңіз келсе, сұхбатымызға зер салыңыздар.

Абылайхан Жунусовтың ата-анасы

Жусупов Қайрат — Жусупова Бахытгүл

— «Қанына тартпағанның қары сынсын» дейді қазақ . Тектілікті басты орынға қоятын халықпыз. Абылайдың осындай жетістікке жетіп, елдің баласы атануы әуелі өзінің еңбекқорлығы мен бапкерлерінің арқасы болса, ар жағында батыр бабаларының қаны жатқан шығар бәлкім? Әңгімемізді Жусуповтар әулетінен бастасақ.
Әкесі: — Біз әйгілі батыр Баянның ұрпақтарымыз. Тікелей ұрпағы болмасақ та аталас жандармыз. Жалпы қазақтың арғы-бергі заманда найза ұстап, жауға шаппағаны кемде – кемғой. Сондықтан бар қазақтың баласы батырдың тұқымы десек бекер айтқанымыз емес. Атамыз Нұрмұхан деген кісі елге аты мәшһүр болған бай, би болған адам. Қазақ даласынан қажыға барған алғашқы адамдардың бірі екен. Өз өмірінде үш мәрте қажыға барыпты. Қажыға бару дегеніңіз ол кезде екінің бірінен қолынан келе бермейтін іс еді. Қазіргіндей бірер сағатта ұшып баратын жер емес. Айлық алыс жол жатыр. Сол бабамыз үшінші рет қажыға барған сапарында аға сұлтан Құнанбай қажыға жол көрсетуші болыпты. Бізге жеткен аңыз солай дейді. Бірақ нақты тарихи деректер жоқтың қасы. Қазір тарихымыз қайта жаңғырып жатырғой. Бәлкім құжаттар табылып, нақты деректермен расталар деген ойымыз бар. Балаларымның нағашы жұрты да кенде емес. Әйелімнің төркіні Абайдың елі. Қалың тобықтының қызы.
— Өз отбасыларыңыз туралы да айта отырсаңыз.
Әкесі: — Құдайға шүкір, үш ұл екі қызым бар. Ұлдарымның бәрі жастай спортпен айналысты. Үлкен ұлым біраз уақыт спортпен шұғылданып, жарыстарға қатысып жүрді де есейген соң қойды. Білім жолына түсіп, оқу оқып, кәсіп соңында кетті. Одан кейінгі осы Абылай. Бұл балам мектеп кезінде оқу мен спортты қатар алып жүрді. Бірақ мектепті бітірген соң таза спортқа  назар аударып, қазір осы салада жүр. Кенже ұлымыз да ағасының жолын қуып, бокспен шұғылдануда. Әлі жасқой. Болашақта үлкен ағасына ұстап білім қуа ма жоқ кіші ағасы тәрізді спорт шыңына шыға ма, оны уақыт өзі көрсете жатар.
— Абылайхан спортқа неше жасында келді? Кім себепкер болды?
Әкесі: — Абылайханды боксқа анасы ертіп апарған болатын (күліп), өзі айтсын.
Анасы: Абылайханды 2006 жылы 9 жасында Абай қаласындағы бокс мектебіне алып келіп, бапкерімен таныстырдым. Ол кезде өзім сол мекемеде жұмыс істейтін едім. Сондықтан балам уақытын босқа өткізбесін, спортпен шұғылдансын, ер азамат болып шыңдалсын деген ойым болды. Балам үмітімді ақтады. Алғашқы күннен бастап бокс үйірмесіне құлшынысы жоғары болды. Жаттығуды жіберіп алмауға тырысатын. Қолы босаған сәтте қапшығын арқалап, спортзалға баруға асығып жүрді. Әуелде бапкері оны еш жарысқа қатыстырмай, тек таза дайындық жұмыстарына ғана салып жүрді. Кейін он үш жасында болуы керек Степнагорск қаласына барып, сол жақтан жүлделі орын алып келді. Ол кезде қасында бірге дайындалып жүрген балалардың жасы он бес – он алтылар шамасында еді. Жасөспірім кезінде де ең жас боксшы атанғаны бар. Одан кейін де талай додаға қатысты. Бірнеше дүркін Қазақстан Чемпионы атанды, әлем чемпионы атақтарын иеленді.

Абай бокс мектебінің негізін салушы - Райш Андрей (оң жақта)

Абай бокс мектебінің негізін салушы — Райш Андрей (оң жақта)

— Бахытгүл ханым, балаңызды бокс мектебіне өзім ертіп бардым дейсіз, Абылайханның өзі бұған дейін бұл спорт түріне қызығушылық танытқан ба еді? Әлде сіз айтқан соң ғана барды ма?
Анасы: — Абылайды боксқа дейін басқа да спорт үйірмелеріне берген болатынмын. Біраз уақыт футбол ойнады, күреске де барды. Бірақ ешбірін ұнатпай, шамалы уақыт барған соң, әрі қарай қатысудан бас тартты. Сөйтіп жүргенде Абай бокс мектебіне жұмысқа орналастым. Сөйтіп баламды ертіп әкеліп Андрей Райш пен Бауыржан Аманбаевтің қолына тапсырдым. Бәлкім бапкерлердің мықтылығы себеп болды ма, білмеймін. Балама бокс үйірмесі бірден ұнады. Мен өзімді таптым деп, барлық бос уақытын жаттығуға арнайтын болды. Боксты жаны қалағандықтан қазір осындай жетістіктерге жетіп жүр деп ойлаймын.
— Абылайхан спортқа бала жастан бастап қатысты дейсіз. Қазір жетістікке жетіп, жас та болса ел аузына аты ілінген боксшы болуына осының ықпалы болған болар бәлкім. Ал енді айтыңызшы, спортпен айналысу оның мектептегі оқуына кедергі келтірген жоқ па? Көп ретте спорт саласында жүрген балалар оқуды екінші қатарға ысырып тастайды емес пе?
Әкесі: — Жоқ. Абылайхан бокспен қатар мектептегі оқуын да қатар алып жүрді. Мектепті үздік аяқтады десек те болады. Ол спорттық жарыстардан бөлек пән олимпиадаларына да жиі қатысып, жүлделі орындарға ие болып тұратын. Біз оның сабағын жақсы оқуын үнемі назарда ұстап келдік. Себебі, ол болашақ наны емес пе? Жетістікке жету оңай, бірақ, адам болып қалу қиын. Ол үшін баста білім, жүректе иман болуы керек. Сондықтан баламыздың тәрбиесі мен оқуын назардан шығарған жоқпыз.
Анасы: — Абылайхан жастайынан алға қойған мақсатын орындамай тынбайтын. Бастаған ісін соңына дейін жеткізетін және нәтижеге қол жеткізетін. Ол сабақ оқуды кейінге ысырған емес. Барлығына үлгеріп жүрді. Мал жайғау, үй жұмыстарына қолғабыс тигізу, сабағын оқу, жаттығуға бару. Қандай жұмыс тапсырсақ та бәрін уақытымен орындап шығатын. Мектепті өте жақсы оқыды. Тоғызыншы сыныпты қызыл аттестатпен бітірді, он бірінші сыныпта алтын белгіге ұсынылған болатын. Бірақ соңғы екі жылда отырып сабақ оқыған жоқ. Түрлі жарыстарға қатысып, жан-жаққа кетіп жүрді де ҰБТ-ге дұрыс дайындала алмады, ел қатарлы тест жаттаған жоқ. Соның өзінде 74 балл алып шықты. Ешбір сабақтан екілік алған жоқ. Дайындықсыз кіріп, осындай балл жинауының өзін жетістік деп бағалап отырмыз. Әйтпесе жатпай-тұрмай дайындалса да төмен балл жинап қалып жатқан балалар да болды.
— Мақсат демекші Абылайханның болашаққа қандай жоспары бар? Ата-анасы ретінде сіздермен сыр бөлісіп тұра ма?
Анасы: — Қазір оның басты арманы Олимпиада. Олимпиадаға қатысу, Қазақстанның атын шығару. Осы бағытта тынбай еңбектеніп жатыр. Жаңа айтып өттім ғой, балам алға қойға мақсатына қалай да қолжеткізеді деп. Мен ұлымның өз арманына жететініне нық сенімдімін.
Әкесі: — Бапкерлері әлі олимпиадаға баруға ерте, тым жассың деп айтады екен. Бірақ ол жаста болса өз қатарластарын оза шауып жүр. Сондықтан олимпиадада ел намысын қорғағаны дұрыс деп санаймын өз басым. Қазір оның алдында тұрған үлкен белес сол. Оған дейінгі белестердің бәрін өтіп қойды.Бокс Жасөспірімдер арасындағы турнирлердің бәрінен алтын алды. Қазақстанның барлық қалаларын аралап, жарыстарға қатысып жүрді. Сөйтіп жүріп «спорт шеберіне үміткер» атағына тапсырған болатын. Оны сәтті қорғап шықты. Бірақ жасы келмей, атақты алу үшін біраз күтуіне тура келді. Кейін «Спорт шебері» атағын алған кезде де жасы жетпей біраз күтті.
— Абылайханның спорттағы айтулы жетістіктеріне тоқталып өтсек. Қандай байқауларға қатысты? Қандай нәтиже көрсетті?
Әкесі: — 2012 жылы Якутияда өткен «Дети Азии» халықарылық турнирне қатысып, Қарағанды облысынан барған жүзден астап спортшының арасынан бокстан жалғыз алтынды алған болатын. Содан бастап әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатыса бастады. 2013 жылы Украинада өткен жасөспірімдер арасындағы бәскеде әлем чемпионы атанды. 2013 жылы Банког қаласында өткен жарыста алтын алып, Азия чемпионы атанды. Нанкин қаласында өткен жасөспірімдер олимпиадасында алтыннан алқа тағып, чемпион атанды.
Осы жасөспірмдер олимпиадасында Қарағанды қоршыжынына алғашқы алтынды кезінде Геннадий Головкийн салса, одан кейін біздің ұлымыз әкелді.
Осы жылы Қарағанды қаласында өткен Ғалым Жарылаповты еске алу турниріне қатысқан болатын. Бірақ бапкерлерінің араласуымен финалға дейін бармай, орта жолдан жарыстан шығып қалды. Себебі дәл осы турнирде былтырғы жылы жеңген болатын. Қазір оның алдың да бұдан да ірі жарыстар тұр. Сондықтан бапкерлері күшін сарқымай, байрақты бәсекелерде бақ сынау үшін дайындалуға жарыстан шығарып алды. Көп ұзамай Венгрияға барып, Будапеш қаласында өткен Иштван Боскайды еске алу турнирінен алтын медаль қанжығалап қайтты.Серік Сәпиев және Абылайхан Жусупов Енді оның алдында Қытай тұр. Қытайда өтетін турнирде бағы жанып, жеңіске жетер болса олимпиада ойындарына қатысуға лицензия алады.
— Абылайханға дейін де Абай қаласынан нақты айтқанда Абай бокс мектебінен талай дарынды былғары қолғап шеберлері шықты. Соның бірі еліміздің мақтанышына айналған Серік Сәпиев ағамыз. Абылайхан мен Серіктің қарым-қатынасы қалай? Абылайхан бауырымыз Серік ағасыныан қамқорлық көріп жүр ме?
Анасы: — Әрине көріп жүр. Абылайхан жарыстан келіп, үйде болған кездері үнемі Серікті айтып жүреді. Ағалық қамқорлығын көрсетіп, ақыл-кеңесін айтып отырады екен. Онысына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Екеуі де елдің алдында жүрген балалар. Аман болсын. Еліміздің атағын аспандата берсін дегім келеді.
Әкесі: — Серік бауырым Абылайханға қарағанда тісқаққан боксшы ғой. Баламның осылай жетістікке жетіп жүргені сол кісінің арқасы деп айта аламын. Бокспен кезінде мен өзім де айналысқанмын. Оның да талай ішкі құпиялары болады. Соның бәрін Абылайға айтып, білгенін үйретіп жүргені үшін үлкен рахмет.
— Риясыз әңгімелеріңізге рахмет. Абылайханның Қытайдан жеңіспен оралып, олимпиада ойындарына жолдама алуына, көк байрағымызды желбіретіп, еліміздің абройын асқақтата беруіне тілекшіміз. Күллі қазақ елі осыны тілейді десек артық айтқанымыз емес.

Нұрлыхан Қалқаман
«Қасым» порталы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика