Жаңбыр жауса екен…

23 июня 2019

Жауын жауса екен...…Жаңбырдың әдемі екенін бұрын білмеппін. Тіпті сезінбеппін де. Жер лайланып, батпақтар бауырласып, аяқ киіміңе жабысқаннан жек көрерім жоқ. Оның үстіне күлімдеген күн жүзін бұлт торлап, аспанның әсем ажары қара түнекке оранса жан дүнием көңілсіздікке бой алдыратын. Найзағай жарқылдап күшке енгенде күн мен сұр бұлт көкте төбелесіп, өзара қақтығысып жатқандай көрінетін маған. Көшпелі бұлт күнді күңірентпей еркіне қалдырып жылатпай кете барса деп тілеуші едім. Көк тәңірі екі көзіне ерік беріп, етегі жасқа толса, мөлтілдеген мол моншақтарды жерге тигізбей аппақ орамалыммен сүртуге асығатынмын. Ал түнгі аспанда жұлдыздар бұлт артына жасырынып, жылап тұрғандай сезілетін.
Бала күнімде жылаған күнді үнемі жұбатып жүруші едім. Сұр бұлттан ауыр соққы алып, жеңіліске ұшыраған аспанды жұбату үшін жаныма өзім құралыптас балаларды жиып ап, ауыл шетіндегі биік шыңда «Ақ шелек, көк шелек құйма, құйма», «Сарф, сарф» деп айқайлайтынбыз. Кейде оған сес көрсетіп, жоғарыға жұдырық түйіп тас ататынымыз және бар. Сәбише солығын баса алмағаны үшін сөгіс те жариялайтынмын. О, тоба, аспанның жұбануы қиын. Қалай уатсаң да, жылауын қоймайды-ау, бәтшағар.
— Апа, мынау аспанға қой деші! Сіз ұрыссаңыз пәлем жым болады, — деймін еркелеп. Бала көңілін ұғынған апам маржандай тістерін көрсетіп жымиып алады да:
— Аспантай, қоя ғой, жарығым. Көкең көрсе екеумізге де қиын болады дейтұғын. Апам көкке басу айтқанда, мен мына жақтан жағаласып, «Аха, апамдікі жөн. Үлкенді тыңдау керек» деп бас шұлғып қостайтынмын. Жаңбыр сәл басылса, апамның еңбегін ерлікке балап, «Менің анам алтын» дейтінмін.
— Апа, әні көрдің бе, сіздің кеңесіңізге аспан да құлақ түрді. Бұдан былай мені ешкім тыңдамайды деуіңді қой, — деп өзімше анама ұрсып аламын. Мұндайда апам ақ жаулығының ұшымен аузын баса күлетін. Ал апамның ақылына аспан дес бермей, көктігі басылмаса қорада мал жайлап жүрген көкеме жалынатынмын. Ол апамдай мейірімді емес. «Ой, әкеңнің…» деп бастап, аспанды сыбап тастайтын. Ал тыймай көр жасыңды…
Әлі есімде бірде ауылда бірнеше күнге созылған дамылсыз қатты ақ жауын болды. Өрістен мал ығып, ауыл адамдары әлекке түсті. Көкем де көпшілікпен сиырларды түгендеуге кетті. Апам етегі далақтап біресе қой қайырып, біресе қозыны түгелдеп жүр. Үйдің үлкені болғандықтан, бұзау менің мойнымда. «Егер мына екі бұзау өрістен келмей, енесімен жамырап қойса, басыңмен жауап бересің!», — деді бірде көкем. Ол кісі айтса заң. Бұзау үшін бастан айырылар шама жоқ. Терезе сыртынан аспанға жалынып, көз жасын тыюды өтініп, мал қораға көз салсам о, тоба, бұзау сарайдың аузы ашық тұр. Көзімді уқалап бірнеше мәрте қарадым, жаңа жапқан есік айқара ашық. Енді қайттім? Долы дауылмен жарысып ақ нөсерге ырық беріп, жел ашуын қоздырған аспанды көкемше менде «сыбадым-ай» кеп… Жауыннан ығып кеткен қос бұзауды таба алмай денеме суық өткізіп, көп уақыт ауруханада ем алдым. Содан жауын менің жауым болған…
…Өткен жылы күзде мен барғанда бұл қала жасыл кеудешесін шешіп, сары күртешесін киіпті. Сірә, тоңған болуы керек! Жаздай жадырап тұрған күн екі көзіне ерік беріп, сары күртешені әлсін-әлсін жуады кеп, жуады кеп! Түні бойы үй терезесін үздіксіз соққылаған жауын денеңді еріксіз тітіркендіріп, тоңдырады. Жаным қаламаса да, қолыма қолшатырымды алып көшеге шықтым. Бас қалада мен тындырар іс көп. Түнгі үздіксіз жаңбырдан соң қала көшесі моншаға түскендей тазарып, бейкүнә күйге еніпті. Аспанды тесіп өтердей дүрсілдеген найзағай дыбысы да, ызғырық желдің ашуы да басылған. Жым-жырт. Жай ғана аспан дыбыссыз жылап тұр. Сары жапыраққа оранған қаланы мен жөнді білмеймін. Сірә, жерді жатсынбасын деді ме шаһардың аспаны мені жауынымен «шомылдырмады». Қолшатыр астына тығылған күйде аялдамаға жеттім.
— Жаңбырдан қашпа, қарындас. Жауынды ұнату керек, аспанның нөсері ғана көңілдегі кірбіңді жояды, — деген ер адамның даусы еріксіз кері бұрғызды. Тосыннан жауынға қатысты мақтау есту мен үшін күтпеген сый. Абдырап қалдым.
— Такси қажет пе? Қай көшеге баруыңыз керек еді? Көлік ішінде жап-жас жігіт аузы-аузына жұқпай самбырлап тұр.
— Мен… Мен қаладағы көп ғимараттарды аралауым керек еді. Сіз жол көрсетесіз бе?
Ол жымиып күлді де, «Сіз маған уәде бересіз бе?» деді. Тосылып қалдым. Мынау өзі қызық адам екен. Танымайтын адамға уәде бері несі.
— Менің уақытым аз еді. Ақшасын төлеймін. Болмаса, басқа таксимен…
— Тоқтай тұрыңыз, маған мұнан соң жаңбырдан тығылмауға уәде бересіз бе? Менің алдымды іштегі ұзын сонар ой орады. «Көп адамның арасынан жауынды жек көретінімді мына адам қайдан білді? Алде аспанға үркіп қарап келем бе? Жо, жоқ. Кәнігі адамдардай жолда келем ғой. Оның жүзіне аң-таң ұзақ қарадым. Уақыт аз әрі уәдеге берік болу керек. Осы жолы қыз қулығымды іске асырайын…
— Жарайды, қолшатырым қолымда жүрсін. Жауында сізбен бірге жаурауға бармын…
Біз екеуміз әсем ғимараттар бой түзеген сұлу Астананың көшесін ұзақ уақыт араладық. Ол менің жұмыстарымның реттелуіне көп септігін тигізді. Көлік ішінде жауынды ұнаттым. Ал көшеде қолшатырсыз жүру, аспанның жасымен жүзімді жуғызу ауыр тиді. Амал жоқ, «Уәде құдайдікі»… Көшеде жауынға қарсы атойлап келе жатқан тек екеуміз. Ол жаңбырды ессіз «сүйеді».
— Жаңбыр біздің ішкі көріністеріміз ғой… Жауын ғана ойларымды алдеқайда алысқа, алдеқайда биікке жетелейді. Жаңбыр адам жанын тез ұғады, адам да мұның жанын тез түсінуі керек. Бұл менің өмірімдегі аса бір маңызды ұғым болып кетті ғой… Шофер жігіт пікірі осыған саяды.
Үйге келген соң ұзақ ойландым. Бала күні ашуыңды келтіретін жауынды, есейе келе… Жоқ… Ұнату әсте әбестік. Бірақ уәде бердім емес пе?.. Іштей арпалысқан ой елегінен мені телефон үні ажыратты.
— Бұл мен ғой. Жаңбырды жақсы көргізген жігіт.
— Кешір, мен жауынға бауыр баса алар емеспін. Ұната қоюым да …
— «Айтылған сөз атылған оқ». Бүгін театрға барсақ деп ем… Бәлкім, мұнан соң жауынға деген ынтызарлығыңыз күшейер. Тек қалың киініңіз. Жауын жақсы көрген адамын тоңдырады…
Біз театр алдында кездесуге бел байладық. Терезе әйнегін күшпен сабалаған жауын, «кезек сенікі» дегендей сес көрсетеді. Міне, қызық, жауыннан қорғар қолшатырым жоқ. Іздемеген жерім қалмады, таппадым. А, есіме түсті, жазған басым, кеше оны әлгінің көлігіне қалдырған екенмін ғой. Қап, бұл жігіт мені әбден әуре-сарсаңға салды… Қолшатырсыз жауынмен айқасып, театр қасындағы ақ қайыңның жанында оны ұзақ күттім. Ол әлі жоқ. Он бес минут… отыз минут… бір сағат өтті. Шыдамым таусылып, ашу шақыра бастадым. Тал тасасында ашуым теріме сыймай тұрған менің ойымды аспанның тамшылары үзе берді, үзе берді. Спектакль уақыты жақындады. Театрға жалғыз кірдім. Залға жұрт көп жиналған. Көп ортасына сүңгіген соң спектакльге елітіп жалғыздығымды ұмыттым. Кенет сахна төріне әлгі… Әлгі жігіттің шыға келмесі бар ма? Қолында менің кәдімгі қолшатырым.
— Мынау өзі, әлгі, таксист жігіт қой. Менің қолшатырымды алып кеткен, — даусым қатты шықса керек, жанымдағы жігіт күліп, — Қателесесіз, бұл театрдың белді актері ғой дегені. Ұяттан бетім ду етті. «Ол белді актер»…
Спектакль аяқталды. Көрермен актерларға ұзақ қол соқты. Ол сахна төрінде бас игенде залдағылар оған ұзақ құрмет көрсетті. Мен де қолшатырымды қолданған жігітке қолым қызарғанша алақан соқтым.
Театрдан жалғыз шықтым. Жауын да тынған, ашуым да басылған. Көңілдімін. Езуіме еріксіз күлкі үйіріліп, аспанға ауық-ауыз көз саламын. Жаумайтыны несі… Көше қиылысынан қолшатырымды ұстап ол шықты. Басын оң жаққа қарай сәл қисайтып, жымиып күлгенде, қысық көздері одан бетер жұмыла түседі екен. Мен оның жанына барғанда, манадан бері бұлт арасында жасырынған саф алтындай тамшылар сыздықтай бастады. Ақ жауын… аппақ жауын аспаннан жерге үнсіз домалағанда жанарымнан жас кетті. Бәлкім, мен жаңбырға ғашық болған шығармын, бәлкім… Бізді аспанның көз жасы мен қолшатыр осылай табыстырды.
Жаңбыр жауса екен!..

Айгүл Жұбаныш


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика