Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ. Көбелек. Ең қысқа әңгіме

18 октября 2019

Көбелек

(әңгіме

Бұл ит дүниеге адам көзімен қарасам дейтін. Иесінің әр бұйрығын қалт жібермей тыңдар еді. Не үшін екені белгісіз, ол таяқ лақтырады, бұл арсалаңдап барып алып келеді. Таяқ әкелгенге иесінің неге осынша мәз болатынына бұл түсінбейтін. Екеуінің тамақ ішкендері де қызық. Екі-үш айдан бері шыныдан жасалған «көбелектер үйіне» қарап отырады. Сол жерде ауқаттанады. Бұл да алдындағы тамағын иесі құсап сырбаз, сыпайы, асықпай ішетін. Иесіне ұқсағысы келетіндіктен.

Көбелек үйінде нән құрт бар еді. Тойымсыз. Былапыт. Сол көз алдарында қуыршаққа оранды. Күндер өткен соң қуыршақтан көкжиектен керіле атқан таң құсап, қызыл көбелек шықты. Қанатын жайып, біраз қимылсыз отырды. Әр жері шұрық тесік жапырақтарға аяушылықпен қарайтындай ма, қалай? Ит оған «сен шыққан қуыршаққа құрт кірген. Бұл соның лаңы. Сол тойымсыздың ісі» деп арсылдап үрді. Бұның үргенін иесі түсінген секілді. Жымиып басынан сипайды. Ит өзін адамша үріп тұрмын дегенге әбден сенді. Бұның үргенін түсінбеген көбелекті бұл ессіз мақұлық санаған. Мүмкін керең шығар деп те ойлады…

…Үйдің іші онсыз да былығып жататын. Соқа басты еркек. Сабалақ ит…

Бір күні бауыры сыздап, тас үстінде жатқандай денесі мұздап оянды. Бұрын иесінің жаны ұядай жылы болатын… Әдетінше бетін жалап еді, оянбады. Қолынан тістеп көрді. Құлағынан тартты. Тіпті шындап кетіп, құлағын жырып ен салды. Әрине, байқамай. Одан тамшы қан шықты. Иттік инстингімен оны жалап алды да өз-өзінен жеріді. Бұл ит дүниеге адам көзімен қарасам дейтін. Адам қан жаламайды…

Дамылсыз үрген дауыс пен апаттық сиренаның үніне көбірек ұқсаған үздіксіз ұлудан кейін көршілер есікті бұзып кірді. Кірді де бәрі итке қарап қатып қалған…

Бір кісілер келіп иесін ақ матаға орап тастады. Ол бәрін енді түсінді. Көбелек пен құрттың бір екенін ұқты. Қандай керемет?! Құбыжық құрттан ғаламат сұлу көбелек шықты… Иесіне ұзақ қарап жатты. Баяғыда екеуі «көбелектің үйін» бағып қарайтын көзқарас. Алакөбе бөлме ішіне қарап, шұрық тесік жапырақ секілді шала желінген қазы мен неше күн тұрып көгеруге айналған кеспе көжеге қарады. Бәрі айнымай қайталанады деп ойлады. Ол адамша ойлағысы келетін. Адамша ойлайтынына сенетін… Иесінің көбелекке айналуын ұзақ күтті… Күтті ұзақ…

egemen.kz

 


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика