Жанат Жаңқашұлы. Ақын туралы аңыз бар… ақиқаты ауылда…

28 Қазан 2015

kasym_amanjol…Орыстар Пушкинді зерттегені соншалық, ақынның тек 12 күнде ғана не істеп, қайда болғанын білмейді. Ал қалған ғұмырын парақтап, құрап шыққан. Мозайканың жетпей қалған үңірек тұсы сол 12 күн. Пушкиннің естияр кезінен бастап Дантестің оғынан шейт болған уақытына шейін «лупамен» зерттеген. Ағылшындар Байронның өлеңін қалай жатқа оқыса, 36 жылдық ғұмырын да солай жатқа айтып береді. Француздар Оноре де Бальзакты жете таныды һәм әлемге танытты. Біз ше? Абайды жаппай зерттеудің арқасында там-тұмдап білдік. Әлихан, Ахмет, Мағжандар туралы да аздап мағмұрландық. Ал Қасым?

Ол құдды бір бағзы заманда өмір сүрген эпос батыры сияқты ел аузында алыпқашпа әңгіме, түбі тұман аңыз. Айтатынымыз Алматыдағы азапты күндері. «Баспанасыз жүрді…», «Дәрі-дәрмекке қаражаты жетпеді…» Оның Семейде оқып, Оралда қызмет атқарған жылдары туралы дерек жоққа тән. Қала берді бала күндері хақында да білеріміз аз. Қасым туралы жазылмады емес, жазылды. Бірақ қызыл империяның ауызыңды басып отырып, «сөйле!» дейтін уақытында. Қасымтануға соның салқыны тиді. Әуезов Абайды жазу үшін Құнанбайды құрбандыққа шалды дейді ғалымдар. Қасымды зерттеушілер де ақынды өзге оброзға теліді. Қасымның жетім екені рас. Бірақ, анау айтқандай тобығы шыққан кедей емес-тін. Тәуелсіздіктің таңы атып, тіл күрмеуі шешілгенмен де алдыңғы буын Қасым туралы ақиқатты айтуға асығар емес. Саяси сахнаға сай бетіне опа жағылған оброздар кімге опа әпереді? Ұлт зиялыларын өз бейнесімен танып, олар туралы бар шындықты білген ләзім. Еліміздегі филолог ғалымдарды санасақ санынан жаңыламыз. Алайда, еңбектерін ауыз толтыра айтып, қол соғып мадақтауға тұра ма? «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарар» деу керек пе, қалай? Тың дүниені зерттеуден қарағанда оларға таптауыр болған тақырыпты алып, ғылым докторы атану әлдеқайда жеңіл әрі қымбаттырақ. Ұлт үшін іс атқарып, жоқ іздеп жүргендер саусақпен санарлық. Өткеніне салауат айтпайтын ұрпақ қайтіп сауатты атанады? Ғалымдар Қасым, Жұмекен сяқты әлі де тоңы төңкеріле қоймаған, зерттеле қоймаған ақындар өмірімен айналысса нұр үстіне нұр болар еді…

Қазақ жөн сұрасқанда «сүйегің кім?» деп сұрауы тектен емес. Дала абыздары сүйектің әкеден, еттің анадан бітетінін тап басып таныған. Қасым Арғын ішіндегі Қаракесектің Қара-Шор руынан. Осылардың ішінен Қара руын ажыратып, ет-сүйегін айырып қарасақ, тегі асыл. ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген Оразғұлға 18 мың жылқы бітіпті. Ол шақ Қаракесек руының Сыр бойын жайлаған кезі. Оразғұл он бір ұлы бар ұрпағы мен дәулеті тең ата. Үлкен ұлы Сеңкібай Абылайханның сенімді батырларының бірі болған. Көкдауыл атымен жау ордасына талай атой салған баһадүр. Қалған ұлдары да апайтөс жауынгер. Бесінші баласы Ақжол Қасымның атасы. Қара руынан елге аты мәшһүр талай тұлғалар шыққан. Соның ішінде Әлімхан Ермеков пен Ақбайдың Жақыбын ерекше атап өту керек. Екеуі де ұлт зиялысы. Арбаның алдыңғы доңғалағы осылар. Қасым да ағаларының жолымен жүрді. Ұлт бостандығын аңсады. «Құл емеспіз, еркін жанбыз, азатпыз!» деп тепсініп еді ақын, құрыққа түссе де, құлдыққа түспей бұлқынып. 37-ші жылдардағы қырғыннан кейін: «Ей, Тәкаппар дүние! Маған да бір қарашы. Танисың ба сен мені? Мен қазақтың баласы» деуінің өзі ұяластарынан айрылған бөрінің Көк Тәңірге шағына ұлуы іспеттес. Әлбетте, Қасым да өзге ақындар тәрізді «Советтік менің өз елім» деп жырлады. Мәжбүрліктен. Артынша өзі: «жаман өлеңдерім жақсы өлеңдерімді асырайды» деген. Тапсырыспен түскен сол «жаман өлеңдері» ақынның өзін де асырады. Ол осындай мадақ өлеңдерді молырақ жазса өмірі жұмақ, кигені жарғақ тон болар ма еді?! Бірақ, ол өйтпеді. Ақындық ары, намысы жібермеді. Өзге елдің есігіне ергенек болған елінің тәуелсіз таңын аңсады. «Өзім туралы» өлеңін жеті жыл жазғанда заманадан бір жылымық күткендей еді. «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ» деп дем үзді. Қасымның өр рухы әу баста топырақтан бітіп, өзімен қатар жаралған. Ол туған жер «Саясат – хүкімет басынан таздың бөркін алумен бірдей. Тірі болсам хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың аулымен қатарлас. Әлихан, Әлімхан, Жақып туған жерде туа тұрып, оның ұлтшыл болмасқа хақысы жоқ еді. «Ат аунаған жерде түк қалады». Алашорданың үш арысы туған өлкеде ұлттық рухтың ұшқыны қалды. Ақын ұядан соны іле ұшты. Қасым Мағжанның ғұмырымен қатар үзілген қазақ поэзясын ұлттық нақышпен, дәстүрлі бояумен қанықтырып, бір белеске көтерді. Оны ғалымдар да, ақындар да әлдеқашан мойындаған. Ағылшындарда «Шекспир болмаса Ниютон да болмаушы еді» деген сөз бар. Қасым болмаса қазақ поэзиясы бүгінгі биігіне жетер ма еді? Қадыр Мырза-Әлі: «Біз әдебиетке келген кезде Қазақ поэзиясы жартылай ұйқыда болатын. Аға ақындардан елдің даусыз мойындайтыны Қасым Аманжолов қана болатын» (Иірім. 238 бет) дейді. Бұл сол кездегі ақындықтың жалғыз үлгісі Қасым ғана болды деген сөз. Сол заманда жас ақындар Мағжанның өлеңдерімен сусындай алмады. Абайдан кейін Қасымға кеп шөл қандырғаны анық.

Қасым бала жасынан қиындық көрді. «Еңбектеп келдім дүниеге, шалқақтап әкем шықты үйден». Әкесінен жастай жетім қалған ақын анадан тірідей айрылды… Қасымның аталары ауқатты да баққуатты, зайырлы адамдар болған. Қарқаралы ауданының қазіргі Сарыобалы аулында Аманжол қорасы аталатын қыстау бар. Ақынның ата жұрты Қызыл – Көшен тауының сайында. Одан төменірек ақынның әжесі Жақыпбала қаздырған құдық тұр. Таспен шегенделген құдық осы күнге шейін бәз-баяғы қалпында. Ат байлау үшін қораның ық жағына арқардың иір мүйізі бірге қаланған. Бұл Қасым үйінің қонақжайлылығының бір белгісі. Рақымжан асын беріп ел таныған, атын мініп жер таныған. Өнерді сүйген. Қасына кіл өнерпаздарды жиған. Қарқаралыға жолым түскенде Сарыобалыға көршілес Еңбек аулының тумасы Нұрбақыт Хамзақызымен әңгімелескенімде ол бір тың дүниені айтты. Атасы Хасен белгілі күйші болыпты. Кезінде Дина Нүрпейісованың өзімен сайысқа түскен екен. Осы Хасен күйшіге Рақымжан домбыра силаған. Кейінде балалары асыл мұрадан көз жазып қалыпты. Қарқаралыдағы мұражайдың Қасымға арналған бұрышында бір домбыра тұр. Сол ма екен деп елеңдеп ек, мұражай директоры М. Қасымжанов бұл домбыраның тарихын басқа арнаға бұрып, тапсырушы бөгде адам екенін айтты. Рақымжанның мәрттігі мен серілігін дәлелдейтін дәйек жалғыз бұл ғана емес. Оның үйіндегі тайжүзген сабасындағы қымызды пісуге ауыл жігіттері кезекке таласатын деседі. Себеп; сол үшін күлдәрі көйлекті сыйға алған. Агараки, тобығы шыққан кедей болса сығарға биті, сауарға малы болмаса тайжүзген саба ұстар ма еді? Рақымжан жиын тойға барғанда бозбалалар оның атқосшысы болуға құмартады екен. Оның мәнісі; ол атын жібекпен тұсайтын болған. Атты шешіп әкеп көлденең тосқан жігітке жібек олжа. Бұл Рақымжанның өз заманында серілік құрғанын, өнерге жақын жүргенін тағы бір айғақтайды. Қасым бірқатар музыкалық аспаптарда ойнай білген. Сегіз қырлы, бір сырлы болса онысы сері әкесінен жұғысты деуге әбден негіз бар.

Енді Қасымның әкеден өлідей, анадан тірідей айрылу қасіретіне тоқталайық. Естеріңізде болса ақынның «Тайжансың ба, сайтансың ба?» дейтін өлең жолдары бар. Бұл бала Қасымның жетімдік зардабын тартып, Қарқаралыға ағасы Тайжан екеуінің арып-аршып жеткен кездерінің көрінісі. Тайжан Рақымжанның екінші әйелінен туған. Анасы ертерек көз жұмып, Тайжан бұл кезде тұл жетім атанған… 1917 жылы әкесі аңға шығып жүргенде қаза тапқан соң Қасым үйінің шаңырағы шайқала бастады. Бәйбішенің төркіні әлді болса керек. Ақынның анасы Айғаншаға тізесін батыра түскен. Соңыра бір байға сатып тынды. Тоқалдыққа. Өзі өзгенің босағасына байланған жанда ерік бар ма? Қасымды қасына ерте алмады. Қасірет! Бұғанасы қатпаған баланы тағдырдың тәлкегіне тастап кете барды. Мейірсіз бәйбіше қос жетімді мүйіздеген үстіне мүйіздеді. Ақыры кетуге бейіл етті. Жолай кездескен бейіттерге түнеп, 11 жастағы ағасына ілесіп Қарқаралыға жетті. Арып-аршыған, жақ жүні үрпиген, қабырғасы қабысқан Тайжан мен Қасымды зират арасынан көргендер әуелде үрпиісе үркіп, артынан «Тайжансың ба, сайтансың ба?» деп сұрағаны бұ күнге шейін сақталып, ел аузында мәтелге айналған. Қарқаралыда тұратын Рақымжанның немере ағайыны Ақыжанды паналады. Ол ел арасында Жүзата атанған. «Халық айтса қалып айтпайды». Ақыжан мейірбан жан болған. Ақын Семейге оқуға кеткенінше осы кісінің үйінде тұрды. Осы шақта Қарқаралыдағы бір үйге Қасым тұрған үй деген тақтайша ілінген. Алайда, ол тақтайшаның өзі бұра тартудың нәтижесінде басқа үйге, байырғы бір көпестің үйіне ілінген. Қасымның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында ақын тұрған үйді келген қонақтарға көрсетер кезде нұсқыны қашқан Ақыжанның үйін жөндеп, әрлеп жатуды әбігер көрсе керек, одан сәл кейін орналасқан ақшаңқан үйдің бірін міне, мынау ақын тұрған үй деп нұсқай салған. Масқара деп бет жыртсаңыз да мейлі, аттан сап айқайласаңыз да мейлі ол тақтайша енді ешқайда тапжылмайды. Міне сізге, бүгінгі күннің бет-бейнесі. Жоғарыдан келетін қонақтарға жылтырағын көрсетіп, жігін жарастыра жалған сөйлеу еліміздің қай жерінде болмасын белең алған құбылыс, қоғамдық болмыс. Тіпті ақынның өмірдерегінің өзі бұрмалауға толы. Бұл тарихқа түкіре салатын тобанаяқтардың кесірі, кесапаты. Сөздің сыйқын кетіретін ағашауыздан, мен білдімсіген әулекіден естіген әшейін әңгіме. Ақын ақиқаты бұдан әлдеқайда бөлек жатыр. Көрбілте біреулердің айтқаны бойынша ғұмырнама жасауға бола ма? Тотолитарлық режимнің ыңғайына қарай әрленген оброзды әлі күнге шейін Қасымның болмысы деп тануымыз тұлыпқа мөңіреген аналықтың өзін алдартқаны тәрізді жалған да алдамшы дүние! Күндердің күнінде ішіне нығырлап салған сабаны шығып қалатыны сөзсіз… Сарыобалыда Қасымға байланысты бірде-бір ескерткіш жоқ. Ең құрмағанда ауылға кіре берісте Қасым Аманжоловтың туған ауылы деген жазу ілінсе етті. Жоқ, олай етпес. Себебі, Қасымның бұрынғы ғұмырнамасында ол Аққора ауылында туылды деп өрескел қателікке жол берілген. Енді оны түзеу ешкімнің де қаперіне кірмейді. Қасымтану осыдан кейін қайдан оңсын? Бұл тарихқа тоңмойындық таныту, бұрмалау! Тарих алыстаған сайын күлбадамданса, зерттеу жұмыстары ауырлай түсетіні анық. Сөз зергерлері, Қасымтанушылар енді қапыда қалмаса екен.

Қасымның анасы Қожа руынан. Пайғамбарымыз Мұхамед (с.ғ.с) үмметтерінің ұрпағы. «Жақсы жігіт нағашысынан» деп жатады жұрт. Айғаншаның ағасы Нақыпқожа ат үстінен жабағы-тайды тік көтеріп ап жүре беретін палуан адам болған. Ел аузында сақталған мына бір оқиғаға қайран қалмасқа лаж жоқ. Ыбырайдың Сүлеймені деген қара жерде із кесетін зайырлы адам екен. Нақып болса барымташы. Бірде бір байдың жылқысы жоғалып, ісі түсіп Сүлейменге келеді. Сүлеймен байдың базынасын құп алып із кесіп келе жатып, қайта-қайта бас шайқап, таңдай қаға беріпті. Мәнісін сұраған байға: «- сенің жылқыңды алған сайтан да емес, жында емес, Нақыпқожа» деп көрегендік танытқан. Сөйтсе, алдына салған бес жылқының ішіндегі бір тай семіздіктен барлығып жүре алмай қалған да, оны Нақып ойланбастын жал құйрығынан қатар ұстап тұяғын жерге тигізбестен өңгере сүйреп отырып, біраз тыныққан соң қайта жібереді екен. Сүлеймен кескен іздің бірде бесеу, бірде төртеу болып қалуының мәнісі осы. Айтқанындай төтелей жүріп Қалақтас тауына барса Нақып жылқыларды сайға жасырып, шығып келе жатқан үстінен түседі. Кейін, осындай барымта жасап, ел ішін бүлдірдің деп айыптап, Оразғұл балаларының ақсақал-қарасақалдары Нақыпты елден шеттетіпті. Одан беріде Қоянды жәрмеңкесінде әлденелерді кәсіп қылған. Арғы тағдыры белгісіз. Егер, ел-ішінде болса Айғанша тоқалдыққа сатылмас па еді? Қайткенмен барымташы, әрі палуан Нақыпқожадан сес қылар еді ғой. Тағдыр заңы оны да басқа арнамен әкетті. Айғанша мен бала Қасым тағы бір панасынан, тағы бір қорғанынан осылай айрылды. Бұл екеуінің тағдыр талайына жазылған қасірет еді.

Таяуда Сарыобалы аулының тұрғыны Дәулетқазы Егізбаевтың үйінен Қасымның кіндік шешесі Шәрияға берілген күміс білезік пен жүзік табылды. Бұның бәрі зерттеушілер үшін үлкен дерек… «Жалын жұтып, жанын жеп жазған құрлы, Өлеңінің өлмеуін арман қылды. Тасқа басып қалдырды тәккапар жан, Қан менен жас аралас тарлан жырды» (М. Мақатаев). Қан мен жас аралас тарлан жыр – халықтың мұңы, елдің зары, «Елім-айдың» ХХ ғасырдағы жаңғырығы болатын. Қасым өз жоғын іздеп, өз мұңын күйттеген жоқ. Ол тәккапар да, өр рухты ақын. «Жау жолына атам сені» дейтіндей оның жүрегі бомба еді. Құсадан жарылып кетті. «Қасым деген қалғыған жанартау ғой, жанартау ғой жанды да кетті өртеніп!» Иә, солай, оның ішкі азабы жанартау да, жүрегі бомба-тын. Оның өкпесіне түскен жегі құрт біздің қоғамды да күркілдек көксау етті. Оның емделуге қаражаты болмады. Біздің емделуімізге қаражаттың қажеті жоқ. Шипасы Қасымдай Ұлы ақындардың Рухшыл да өлмес өлеңдері!..

«Қасым – Ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика