Жамбыл Омарұлымен сұхбат. «Ұрпаққа әке керек…»

13 декабря 2019

Ауылы «пиардан», атақ, даңқтан шет қонған қайраткерлер, күрескерлер баршылық. Олардың мақсаты – ұлт пайдасы үшін қызмет ету. Басқа ештеңе керек емес. Біз сөз етіп отырған тұлғаның бірі – Жамбыл Омарұлы Артықбаев.

Жамбыл Омарұлы “Bolashaq” академиясына қонаққа келді. Ғылыми-көпшілікке ашық дәрісін өткізді. Аудиторияда жастармен қатар аға буын өкілдері, тіпті ақсақал ғалымдар болды. Ішінде  студент Жамбылдың ұстаздары, бала Жамбыл оқыған мектептің басшысы, ғалым Жамбыл жол көрсеткен, бағыт берген, жетекшілік жасаған жас ғалымдар легі де бар. Жәкеңнің өз қатарластары да осы дәріске қызығушылық танытып келіпті. 

Атағы Алашқа мәлім ғалымдар сол кездесуге келіп,  аузына қарап, екі сағаттан астам уақыт тапжылмай отырды. Иә, сыртынан қарасаңыз қарапайым ғана адам. Ал оның Қазақстан тарихы ғылымы үшін жасаған еңбектерін көрсеңіз, естісеңіз…

Әңгіменің турасына көшейік. Жамбыл Омарұлынан сұхбат алған едім. Соны назарларыңызға ұсынып отырмын.


 — XXI ғасырдың ақпарат ағыны өте күшті. Шындық әп сәтте өтірікке, өтірік шындыққа айналып жатыр. Біздің тарихтың да бұрмаланып жатқан тұстары бар екені жасырын емес. Осы жағдайда тарихымызды қалай сақтап, оны қалай дамытуға болады? Қазақстан тарихы ғылымының бірден бір жанашыры ретінде айтар ойыңыз?

 — Ғылымды сақтайтын ғалымдар. Ғалымдарға жағдай жасау керек. Себебі кез-келген мектеп оқулығын құрастыру барысында міндетті түрде ғылыми еңбектерге сүйенеді. Мен де бірталай оқулықтар жаздым. Егерде бір кезеңге байланысты монографиялар болмаса қиналып қаласың. Мәселен «Қараханид» дәуірін оқулыққа жақсылап тұрып еңгізгім келеді. Ол уақыт исламды қабылдаған уақыт, ұлы ғұламалар ғұмыр кешкен уақыт. Бірақ арнайы монографиялық зерттеу жоқ. Сол жазғың келген жұмысыңа керекті монографиялар болмағандықтан әртүрлі қияли дүниелер жазылып кетеді. Ғылыми дәлел, дерек жоқ жерде өтірік жайылып, кәдімгідей өркендеп, жапырақ жаяды. Кейін ол арам шөп тектес өтірікті бұтау қиынға соғады. Мен айтып отырған арам шөптер аз көлемдегі шындықты өсірмей қояды. Біздің жағдай осыған ұқсас.
Сізге бір мысал айтайын: Шыңғыс хан қазақ, моңғолстан деген ел жоқ дейді. Жәй ғана айтпай дәлелдесе жақсы болар еді. Жүздеген монография жаз, мыңдаған сілтеме жаса. Дәлеледе. Сосын барып айт. Дәлелің, дерегің, сілтемең жоқ екен, халықтың басын қатырма.

 — Жақсы. Рұқсат болса келесі сұрағымды қояйын. XXI ғасырға аяқ бастық. Тарих ғылымын сақтап, оны дамытатын соңдарыңыздан жаңа буын қалыптасып келе ме? Олардың беталысы қалай?

 — Жалпы Қазақстан мектептері осы кезеңге ыңғайланды. Жас буынды тәрбиелеуге, оқытуға арналған жақсы-жақсы оқулықтар басылды. Менің де жасап шыққан оқулығым жиырма жылдай айналымда болды. Мектептегі проблема оқулықпен ғана шешілмейді. Үлкен проблема – мектепте ер адамдардың болмауы. Олар ұстаз болғысы келмейді. Бала кезімізде бізге тарихты жұмысын жақсы көретін, тақырыпқа зор қызығушылықпен қарайтын ер адамдар оқытатын. Және ол заманда шежіреші ақсақалдар болды. Мен бала кезімнен солардың ортасына түстім. Шежіре – тамыр жүйесі. Тарих – орысша айтқанда «корневая система». Тамыры бар халық биікке өседі. Ондай халықтың баласын ешқандай жел, дауыл құлата алмайды. Ал тамыры жоқ баладан қытай да, орыс та жасау оңай. Сондықтан, сол мектеп баласы болашақта тұлға болсын десек, тамырлы болсын десек, мектепке ер мұғалімдерді көбейтуіміз керек. Бұл сөзіммен не айтқым келіп отыр: ғылымға мінез керек. Мінезі қалыптаспаған баладан ғалым шықпайды. Неге? Өйткені, ғылым табандылықты, мінезді, үлкен қажырды талап етеді.

 — Мектепте ер мұғалімдердің жоқтығы – қазіргі біздің қоғамның басты проблемасы ма?

 — Әрине! Қазіргі жас ұрпақта мінез жоқ. Ол ғылыммен айналыспақ түгілі Отанын, қарындасын, анасын, бауырын қорғай алса жақсы. Оның мысы жоқ. Мысы жоқ адам қалай ғылымды жасайды?!

 — Жалпы, барлық нәрсе ұлтымызға ең керекті «әке» философиясына кеп тіреліп тұр.

 — Ұрпаққа әке керек, мінез керек, жалын керек.

 — Осындай салмақты сұхбатыңыз үшін алғыс білдіреміз. Бүтін бір буын Сіздің еңбектеріңізді оқып, сол біліммен көзін ашып, Отанның бір бұрышында ел тізгінін ұстап, халқына қызмет етіп жүр. Ұлт үшін атқарған қызметіңіз орасан. Алғыс!

Сұхбат алушы: Ерік НАРЫН


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика