Бас прокурор Қытайда сотталған 9 қазақстандықты елге ауыстыруды сұрады

2 апреля 2017

Жақып Асанов ҚытайдаЖұмыс сапары барысында ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов ҚХР Әділет Министрі Чжан Цзюнмен кездесіп, заң саласындағы мемлекеттік қызметтерді ұсынудың ашықтығы және қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру мәселелері қаралды. Кездесуде Жақып Асанов Қытайда сотталып, айыбын өтеп жатқан 9 қазақстандық азамат туралы мәлімдеді. Олардың Қазақстанға ауысқысы келетіні, бірақ Қытай Халық Республикасында оларға салынған айыппұлды төлеуге мүмкіндіктері жоқ екендігі айтылды, — деп хабарлайды Qasym.kz тілшісі.

Өз кезегінде, Қытайдың Әділет министрі Қазақстанның өтініші бойынша, екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың жоғары деңгейін ескере отырып, бұл мәселені мұқият қарастырып, көмек көрсететініне сендірді.
Бұдан бөлек, сапар барысында Жақып Асанов Пекин қаласындағы Абай Құнанбаевтың ескерткішіне гүл қойды, сонымен қатар, Қытайда білім алып жатқан қазақстандық студенттермен екі сағатқа созылған кездесу өткізді.
Естеріңізде болса, осыған дейін қазақ қоғамында қытай түрмесінде отырған Ақжарқын Тұрлыбайды елге қайтару мәселесі кең көлемде талқыланған болатын. Ол осыдан 3 жыл бұрын есірткі тасымалдады деген айыппен ұсталып, Қытай түрмесіне қамалған. Кейін қазақстандық бойжеткенің айыбы дәлелденіп, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім кесілді.
Ақжарқын Тұрлыбай адвокаттарының айтуынша, қазақстандық бойжеткен нигериялық есірткі контрабандасымен айналысқан топтың құрбаны болған. Түнгі клубтардың бірінде жұмыс істеп жүрген қыз — таныстарының өтінішімен Қытайдың Гуанчжоу қаласына зат тасымалдауға барады. Сол жерде есірткімен ұсталады. Ол өзінің есірткі тасымалымен айналысып жүргенін білмеген. Қазақстандық қоғам бірнеше рет — жасы 23-ке енді толған бойжеткенді елге қайтаруды сұраған еді.

Нұрлыхан Қалқаманұлы,
«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика