«Жақсы ән болмаса, жақсы сөз тумайды»

23 апреля 2019

Қанат Жүнісов – әнші, ақын, актер, драмматург. Ел аузында жүрген елеулі әндердің сөзін жазып, халықтың ықыласына бөленген қойылымдарды өмірге әкелген. Ерекше образдарымен көзге түсіп, әсерлі әндерді тыңдарманға жеткізе білген өнер иесін әңгімеге тарттық.

Өнерге деген қызығушылығыңыз қалай пайда болды?

Мен көп балалы отбасының кенжесімін. Әкем домбыра тартып, көптеген қиссаларды жатқа айтатын. Анам қара өлеңдерді көп білетін. Ағаларым мен апаларым да қара жаяу емес. Араларында домбырамен ән салудан лауреат болғандар бар. Бірақ менен басқа ешқайсысы өнер жолын қумады. Оған қоса, менің туған жерім Аягөз ауданы, Тарбағатай ауылында екінің бірі ән салады. Шағын мекеннен әйгілі әнші-сазгер Тұрсынғазы Рахимов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мырзахан Сыдықов, Толғанбай Сембаевтар бастаған көптеген елімізге танымал өнер иелері шыққан. Негізінен отбасым мен өскен ортамның өнер жолын таңдауыма әсері көп болды. Шамамен жеті-сегіз жасымнан бастап қазақ радиосын тыңдай бастадым. Әсіресе Қазақстанның Халық артисі Қайрат Байбосынов орындаған әндер қатты ұнайтын. Қайрат ағаны алғаш теледидардан көргенде он бір жаста болатынмын. Әйтеуір Аягөз өзенінің бойына барып өлең жазғаным есімде. Әлі күнге ескі дәптерде сақтаулы тұр.

Көк балауса шалғындай шыққан жаңа,
Өнер қуған бала едім балғын ғана.
Қос ішекпен үндесіп әуелеген,
Әніңізге ғашықпын Қайрат аға.
Көп те болар баспаған тауымыз да,
Ана сүті кетпеген ауызымызда.
Бүгін-ертең әрине болмағанмен,
Бір барсам ғой, шіркін-ай, алдыңызға, – деп келеді. Сол бала кездегі арман жетелеп, 1991 жылы Қ.Байбосыновтың шәкірті атандым. Одан кейін Қазақстанның Халық артисі Кәукен Кенжетаев, Есім Сегізбаевтардың шеберханасында актерлық мамандықты тәмамдадым.

Туындыларыңыз халық арасында жиі айтылатын әндерге айналды. Соның ішінде балаларға арналған әндеріңіз бар ма?

Балаларға арналған мен сөзін жазған бірнеше әндер бар. Сазгермін деп айта алмаймын. Ел арасына жақсы тараған біраз әндердің мәтіні ғана менікі. Бірақ әнге сөз жазуға аса құлшынысым болған емес. Кейінгі уақытта өте сирек жазып жүрмін. Қазір бұрынғыдай емес, жас сазгерлердің көбі әнді бірінші шығарады. Содан кейін мәтін жаздырады. Бұл бір жаның қалай қоймайтын әуресі көп жұмыс. Кері процесс. Алдымен буындарын есептейсің, әрі мағыналы, әрі ұғынықты сөз іздейсің, әннің созатын тұстарына ашық дауысты дыбыстарды таңдайсың, ырғаққа бейімдейсің, ұйқасқа келтіресің. Бұларды ескермесең әнге келмейді. Бұрын әнді бірінші шығару Шәмші ағамыздың шығармашылығында да ара-тұра болған екен. Бірақ ол кісі поэзия заңдылығына іштей бағынған. Ұлылығы да сонда. Яғни, жақсы ән болмаса, жақсы сөз тумайды. Ән мен өлең әу бастан егіз. Кейде сазгерлер жақсы әуезді әндерін алып келеді. Бір тыңдағаннан-ақ әннің өзі «сөйлей» бастайды. Мәтін бірден құйылып түседі. Бірақ бұл сирек құбылыс. Жалпы поэзия заңдылығына бағынбаған әннен қазақы үн шықпайды. Дайын сөзге тек дарынды сазгерлер ғана ән шығара алады. Осындай себептерге байланысты әнге сөз жазуды азайттым. Ең жаманы жастардың басым көпшілігі тым жеңіл дүниелерді қалайтын болды. Әнші мен сазгердің көңілін жықпай жеңіл-желпі әнсымаққа сөз жазамын деп өкініп қалған кездер де жоқ емес. Негізгі сұраққа келер болсам, балаларға арналған мен сөзін жазған әндерді Жайна Ерболқызы, Ақарыс Өтеуіл, Нұрислам Доспай секілді біраз өнер адамдары үлкен сахнада орындады.

«Сәкен», «Өмір жолы» секілді деректі фильмдерде С.Сейфуллиннің рөлін ойнадыңыз. Образын аша алдым деп ойлайсыз ба?

Бұлар қысқа метражды деректі фильмдер болғандықтан, рөлде ойнайтын тұстары үзік-үзік болып түсірілген. Талап солай. Өйткені, онда образдан гөрі деректерге, ғылыми талдауларға көп мән беріледі.Осы уақытқа дейін Сәкеннің рөлін төрт деректі фильмде және «Жамбыл» көркем фильмінде ойнадым. Ашығын айтсам, бұл тарихи тұлға үшін жеткіліксіз. Сегіз қырлы Сәкеннің бейнесін ашуға толық метражды көркем фильм қажет. С.Сейфуллиннің тарихта атқарып кеткен еңбегі ұшан теңіз. Биыл ақынның 125 жылдығы. Осыған орай, Сәкеннің бейнесін толық ашатын екі бөлімді киносценарий жазып қойдым. Бірақ оған қашан қаржы бөлінетіні белгісіз. С.Сейфуллин жайлы киносценарийден басқа бірнеше көркем туындыларым бар. 2014 жылы Нұр-Сұлтан қаласында «Жас қала, жас қаламгер» атты шығармашылық апталығымның бесінші күнінде «Сәкен сұңқар» деген тарихи драмамның премьерасы өтті. Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры сахналаған бұл спектакль әлі күнге аншлагпен жүріп жатыр. Қоюшы режиссері – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков. Бұл қойылымда Сәкеннің қайраткерлік қырын көбірек қамтыдым. Жетекші сәкентанушы, академик Тұрсынбек Кәкішұлы, сыншы, профессор Әшірбек Сығай ағаларымыз спектакльді жақсы бағалады. Сәкеннің монологын жаздым, ақынға арнап бейнебаян түсірдім.

Театр мен кино актерінің арасында қандай айырмашылық бар?

«Кішкентай роль жоқ, кішкентай актер бар» деген ұғым қалыптасқан. Екеуін де оңай деп ешкім айта алмайды. Өзіндік қиындықтары бар. Театрда көрермендердің алдында бір-ақ рет ойнайсың. Кинода бірнеше дубль болуы мүмкін. Кейде театрда керемет ойнап жүрген актердың кинодағы еңбектері сәтсіз шығып жатады. Әрі киноға түсіп жүргендердің бәрі бірдей театр сахнасында ойнай алмайды. Театр мен кинода бірдей жақсы өнер көрсете алатын таланттар да бар. Сондықтан кастинг кезінде актерларды талғаммен іріктеген дұрыс. Әсіресе тарихи тұлғаларды ойнайтын мамандардың болмысының кейіпкермен ұқсастығын ескеру керек. Мен университетке ертерек ауысып кеттім де, нағыз сахнада ойнайтын уақытта аудиторияда дәріс оқып жүріппін. Сондықтан актерлық жағынан өзгелердің тәжірибесін көбірек мысалға алып отырмын.

Сіз «Әншінің пірі – Әміре» атты моноспетакльді сахналадыңыз. Демек дәстүрлі әншілер ішінен алғаш сахналанған Әміре болып тұр ғой?

«Әншінің пірі – Әміре» – монопьеса. Мұнда жалғыз адам ойнайды. Бір актер бірде Әміре, бірде Ақан сері, бірде Жас өнерпаз болып үш кейіпкерді сомдайды. Бұл монопьесаны сахналаған – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков. Әміре рөлінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші-сазгер Құмарбек Қалқатаев ойнады. Мен тек авторымын. Қателеспесем, бұрын Талдықорған қаласында Әміре жайлы театрландырылған көрініс қойылса керек. Ал толық қанды қойылым ретінде «Әншінің пірі – Әмірені» айтуға болады. Бұл Әміреге қатысты ғана мәлімет. Басқа Біржан сал, Ақан сері, Майра сынды әнші-сазгерлерге арналған спектакльдер XX ғасырдың орта шенінен бастап сахнаға шығып кеткен.

Әміре Қашаубаевтың әндерін өзіңіз орындайсыз ба?

Әміре Қашаубаев орындаған әндер репертуарымда бар. Әміренің дауысын үнтаспаға жаздырған – Әлихан Бөкейханов. Әлекеңнің осы бір игі ісінің арқасында Әміренің дауысы тарихта қалды. Кейін оны Мәскеу мұрағатынан тапқан Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, күйші, өнер зерттеушісі Жарқын Шәкәрім. Үнтаспаға жеті-сегіз ән ғана жазылғанмен Әміренің репертуары бай болған. Бекер «ән атасы» атанбаған ғой. Замандастарының естеліктерінде Әміренің дауысы сегіз шақырымға еркін естілгені жайында айтылады. Әншінің актерлық қабылеті де жоғары болыпты. Нөмірі бірінші бұйрықпен театрға қабылданған өнерпаз. Сол замандағы афишаларда Әмір Қашаубаев деп өте үлкен әріппен жазылады да, жанында театр қойылымы деген тәрізді хабарламалар кішкентай әріппен жазылады. Яғни театр өнеріне әлі бой үйретпеген халықты спектакльдерге Әміренің атымен жинаған. Солақай саясаттың құрбаны болған ұлы әнші театр өнерінің қалыптасуына зор үлес қосқан. Ал әншілік жағынан өзінен кейінгі әншілер бас иіп ұстаз тұтқан біртуар саңлақ. Мен көбіне Әміре орындаған «Балқадиша», «Дудар-ай» секілді әндерді орындаймын.

Өзіңіз «сегіз қырлы – бір сырлы» кісісіз. Сізге бірнеше өнердің басын қосып алып жүру ауырлық етпей ме?

Әрине, ауырлық етеді. Негізгі мамандығым әнші-актер. Бірақ көбіне поэзия, драматургия жанрына қалам тартып жүрмін. Ғылыми мақалаларым да жарыққа шығып жатыр. Бұлардың ішінде ең күрделісі – драматургия. Көп уақыт соған кетеді. Пьесада бес кейіпкер болса бірден бес кітап жазып жатқан секілдісің. Әрі сахна заңдылықтарына тәуелдісің. Сахна көп сөзділікті көтермейді. Қайшылық, тартыс, оқиға, әрекет керек. Сонымен қоса айтар ойы, астары болмаса жалаң дүние шығады. Көзге елестетіп әр кейіпкерді іштей ойнап отырып жазуға тырысасың. Сондай кездерде домбыра ұстауға уақыт болмай қалады. Үлкен сахнаға сирек шығамын. Ара-тұра кино режиссерлар әртүрлі рольге шақырады. Бірақ сценарий ұнамаса түсірілімнен бас тартамын. Киноға түсудің жөні осы екен деп көрінген жерге кірісе беруге болмайды. Бізде кәсіпқой актерлардың біразы ұсақ-түйек бағдарламаларға, мәнсіз сериалдарға қайта-қайта түсіп өз қадірлерін кетіріп алды. Ашығын айтсам, мені қазір драматургия жанры көбірек қызықтырады. Пьесаларым көп театрларда қойылып жатыр. Әлі театрларға ұсынбаған шығармаларым бар. Дегенмен, көңілім толатын шығарманы әлі тудыра алған жоқпын. Қалауымдағы рольді де әлі сомдамадым.

Балаларыңыздың болашақта қандай маман иесі болғанын қалайсыз?

Тұңғышым Ақжан мен ұлым Біржан ҚазҰӨУ актерлық мамандықта оқып жатыр. Ақжанды жақында Қаллеки театры жұмысқа шақырды. Мен олардың өнер жолын таңдағандарын алғашқыда қолдамадым. Бірақ әр адамның өз қалауы бар. Екеуі де таңдаған мамандықтарын жан-жүрегімен жақсы көреді. Ең бастысы сол. Олардан кейінгі екеуі мектепте оқиды.

Жастарға айтар тілегіңіз.

Жастардың ұлтжанды болып өсуін қалаймын. Адамның еліне, жеріне, тарихына, тіліне, дініне, салт-дәстүріне, рухани мұрасына деген құрметінің барлығы сол ұлтжандылық деген ұғымға саяды. Барған сайын ғылым қарыштап, технология дами бермек. Сол ұлы көштің соңында қалмау үшін әр жас буын өкілдері білімге, ғылымға ұмтылу қажет. Жас дегеніміз – көктем. Жаңару, өсу көктемнен басталады.

Дайындаған: Айдана ЕРНҰРҚЫЗЫ
Дереккз: NAR.KZ


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика