ДАБЫЛ! Атыраулықтар: «Күннен-күнге тұншығып барамыз»

3 апреля 2017

Атырау мұнай өңдеу зауытының іргесіндегі Перетаска ауылының тұрғындары дабыл қағуда. Олар аталмыш өндіріс ошағынан келетін жағымсыз иіспен тыныстап отырғанын айтуда. Ауылдың тең жарымы кәсіпөріннің санитарлық қорғау аймағына жатады екен. Демек ауылдың жұрты басқа аймаққа көшуі керек. Алайда шенеуніктер халықты жылы орындарынан қозғамауға бекініпті. Жұрт олардың бұл шешімін түсінбей отыр.

«КТК» арнасының хабарлауынша, мұнай өңдеу зауыты аумағының кеңеюіне байланысты ауылдың көшірілетінін әкімдік 2013-ші жылы-ақ ескерткен. Осыдан соң ауылдағы  159 отбасының 144-і буынып-түйініп, көшке дайындалып отыр. Көшу барысын ұйымдастыру мақсатында құрылған арнайы комиссия 15 түтінді жұртта қалдыру туралы шешім қабылдаған. 

Тұрғындардың айтуынша, зауыттан шығатын жағымсыз иістен дем алу мүмкін емес екен. Әсіресе жаз айларында жағдай ушығып, қолаңса иіс қолқаны қабады. Есік-терезені ашып, үйді желдету былай тұрсын, аулаға шығудың өзі мұңға айналады. 

— Таңертең тұрасың, сасып тұрады факельдің иісі. Қалай өмір сүреміз енді? Бізді көшіргені жақсы, сосын үй салайық десек, салдырмайды, көшесің деп айтады, дейді Атырау қаласының тұрғыны Қағаз Қарабалиева.

Зауыт тарапы Ресейден маман шақырып, санитарлық қорғау аймағының картасын жасатқан екен. Содан соң қалалық әкімдікпен бірігіп құжатты бекітіпті. Сонда 15 үй «қызыл аймаққа» кірмей қалған. Енді мөр басылып, бекітіліп кеткен дүниені өзгерте алмаймыз деп отыр басшылар.

-Тізімге ілінбей қалған 15 отбасының арызы бойынша айтарымыз – олар «қызыл аумаққа» енбейді, яғни оның сыртында орналасқан. Және қазіргі кезде бұл тұрғындарды көшіру немесе оларға өтемақы төлеу мәселесін біздің зауыт та, жергілікті әкімдік те қарастырып жатқан жоқ, — дейді Атырау мұнай өңдеу зауытының өкілі Марат Байғожин

Жергілікті әкімдіктің де айтар уәжі осыған саяды. Тек осы уақытқа дейін келіп тұрған су мен жарықты ажыратпаймыз деп уәде етіп отыр. Айта кетейік, «қызыл аймақтан» тұрғындарды көшіру үшін зауыт 2 миллиард 821 миллион теңге бөліпті. Көшіру жұмыстары осы жылдың маусым айында толық аяқталмақ. Ал жұртта қалатын мынау тұрған 15 үйдің тұрғындары енді облыс әкіміне шағымданамыз деп отыр.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика