ЗАМАНА ЗАРЫН ЖЫРЛАҒАН немесе жапондықтардың құрметіне бөленген Ұлықбек ақын туралы бірер сөз

16 Қараша 2017

…Біздің қазақ тағдырдың қаншама сынағын тартып, жанын жаралады. Алапат соғысты да, қанды қырғын репрессияны да, «Елім-айлап» зарлаған ұлы аштықты да басынан өткерді. Бірақ, осы нәубаттардың қай-қайсынан болмасынан тірі қалған ұрпақ болды. Олар өсті, көктеді. Алайда, тағдырдың тезі, аяусыз қамшысы тағы да қазақтың жон терісін сыпырып, мешеу етті. Бұл – қолдан жасалған қанды қырғын атом бомбасының жарылуы еді. Атақты да, қасіретті Семей полигоны – бір адамның ғана емес, миллион адамның басына қауіп-қатер тудырып, жарқын болашағын мешеу қылды. Сәбилер жарық дүниеге келмей жатып ақ, кемтар, жарымжан болып туылды. Сөйтіп, қасіретті ядролық қару қаншама адамның қанын бұзды. Қаншама адамды мүгедек етті. Қаншама тағдырды сындырып, оларңа ауыр тақсірет арқалатты. Иә, қатерлі тағдыр. Жүрекке зор қаяу түсірген осы бір қанды оқиға қаншама жылға ұласып, қаншама рет Ұлы Абай елінде атом бомбасы сынақ ретінде жарылып, қазақтың келешегі – қолдан жасалған экспериментті қылмыстың ойыншығы болды… КСРО-ның шаңырағы құлап, ордасы құлағаннан соң, Нұрсұлтандай дана да, дара басшымыз ең бірінші болып, ядролық қарудан бастартып, «Семей-Неведа» тақсірет жауып, азап арқалаған елге бостандық пен бейбітшілік, тұрақтылық пен еркіндік сыйлады. Елбасы Н.Назарбаевтың бұл ісі – тегеурінді де, айрықша ерлік еді. Бұл ісі – әлемдік аренадаға ең ірі ерлік еді. Адамға бейбіт өмір сыйлау дегеніңіз – бейбітшілік орнату емес пе!

Ұлы Абай елі жалпы жиыны – 456 ядролық және термоядролық ауыр жарылысты басынан кешті. Қазақ баласының тартқан қасіреті өте зор болған. Мәселен, тарихи шынайы дерекке жүгенсек, 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан қазақ жерінде жарылған ядролық зарядтардың қуаты 2,5 есе қуатты болған екен.

Атом бомбасы қасіреті жайында айтылған осынау ұзақтау әңгіменің төркіні – ұлт ақыны Ұлықбек Есдәулеттің шығармашылығына қатысты еді. Асылы, Ұлықбек Есдәулет – қазақ поэзиясына «жарылыс» тудырып, құбылыс болып келген үлкен ақындарымыздың бірегейі. «Алтайдың алтын тамырынан» нәр алып, көктегі «Жұлдыз жарығын» анығын байқап, «Алтай асуларынан» «қанақ қағып», маржан сөзді «Киіз кітабын» шығарып, хас сұлудың «Көздеріне ғашық» боп, «Ынтақ зар» халмен «Жүректегі жарылысын» тудырып, «Ұлыстың ұлы күніне» поэзиядағы «Ақ керуен» көш бастап, «Әбілхаят» суын әкеп, «Заман-ай» деп халықтың зарын айтқан сөзі келісті үлкен ақынымыз ғана емес, ұлт ақыны дәрежесіне көтерілген парасатты тұлғамыз! Шын ақын өзінің жеке басының қамын ғана емес, халқының сөзін, халқының мұңын жырлайды.

Ақын Ұлықбек Есдәулеттің 1999 жылы «Замана-ай» атты зарлы жыры оқырманға жол тартты. Бұл – ХХ ғасырдағы ең үлкен қасірет Семей полигонының тақсіретіне жазылған жоқтау еді. Бұл – халпыхалықтық жоқтау жыры еді. Ұлт ақыны Ұлықбектің жүрегінен жоқтау болып құйылып түскен осынау жыр кітабы – тек қазақ баласының тағдырына емес, жапонның Хиросима мен Нагасаки тақсіретін тартқан жандарының да жаназасы іспетті. Дәл қазіргі уақытта ұлт ақыны Ұлықбек Есдәулет ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы, профессор Үмітхан Дәуренбекқызы Мұңалбаева ханым бастаған делегациямен бірге Жапон елінде жүр. Токиядағы Орталық кітапханасынан «Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің орталығы» ашылып, Тұрсын Жұрбай, Ғарифолла Есім, Оңайгүл Тұржан сынды зиялы қауым өкілдері жапон жұртына қазақтың әдебиеті мен мәдениеті туралы мәлімет беріп, екі елдің әдеби-мәдени қарым-қатынасын нығайтуда. Осындай келелі істерді тындырған делегация құрамы кеше ғана Хиросима топырағын басып, атом бомбасының құрбаны болған шейіттердің рухына тағзым етіп, көпшілікпен кездескен еді. Әлеуметтік желілер арқылы профессор Ү.Мұңалбаева халыққа осы кездесу барысынан түрлі хабар таратып, ұтқырлық танытқан болатын. Заманауи басшының таратқан хабарын тамашалап отырып, ұлт ақыны Ұлықбектің сөзіне жазылған «Заман-ай» әнін шырқап, көзге жас үйірген жапон әншісін байқап қалдым. Хиросима қаласының тұрғындары қазақтың көрнекті ақыны Ұлықбек Есдәулеттің «Заман-ай» өлеңіне жазылған сазгер Төлеген Мұхамеджановтың әнін жақсы білетіндігін байқадық. Бұл әнді осы елдің әйгілі әншісі Томака ағылшын, жапон және қазақ тілдерінде жиі шырқайды екен.

Қазақстандағы Семей полигонының қасіретіне арналып шығарылған азалы ән «Заман-айды» Ryoko Michida нақышына келтіріп, дүйім жұртың көзіне жас үйіртіп, жүрегіңдегі шерменді шерді қозғап, әннің авторы Ұлықбек ақынды да, атом бомбасының тақсіретін тартқан жапондықтарды тебірентті. Әлеуметтік желі арқылы әншінің орындауындағы бұл әнді тыңдағанда, біздің де ет-жүрегіміз езіліп, көмейімізге өксік тығылды. Осындайда еріксіз «Қазақ пен жапонның тағдыры ұқсас» деп жылап, келер күннен амандық тіледік. Иә, бейбітшілік жасасын әлемде! Амандық болсын! Ұлт ақыны Ұлықбектің сөзі – халқымен, оқырманымен бірге жасай берсін!

Елдес ШОҚАН


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика