Ықылас Ожайұлы. «Ескендір»  синдромы

21 сентября 2016

(немесе нәпсі ішіндегі хал)

"Ескендір" синдромыБіздің  түсінігімізде шәкірт атаулы ұстаз  ұстанымын әрі  қарай  жалғастырушы мұрагер секілді. Кейде осы қағиданың  бұзылып, басқалай бағдар  тартып кететіні тағы да бар. Абай өзіне  пір  тұтқан Фзули, Шәмси, Сәйхали, Науаи, Сағди, Фирдауси, Хожа Хафиз іспетті алыптар шоғырының  көзқарасынан  бөлек, жекелей жол таңдаған  айрықша  тұлға. Бұған  мына бір деректі  келтірсек те болады. Төбедегі  аты аталған  ұстаздарының дені  Ескендір Зұлқарнайынды жеріне жеткізе мақтап, аспандатып  әкетсе, Абай керісінше жазған.  Абайдың алдыңғы ақындардан басты айырмашылығы, поэманы  тарихи  деректілікке  емес, танымдық  қабаттарға құрып, адам болмысының  мәнін  іздейді. Міне, біз  қаузамақ мәселенің  төркіні де осы.
Төбедегі  аты аталған  ұстаздарының дені  Ескендір Зұлқарнайынды жеріне жеткізе мақтап, аспандатып  әкетсе, Абай керісінше жазған.  Абайдың алдыңғы ақындардан басты айырмашылығы, поэманы  тарихи  деректілікке  емес, танымдық  қабаттарға құрып, адам болмысының  мәнін  іздейді.
Аңдаған адамға Абай  жазған Ескендірдің «соғысы»  жұмыр жер үстіндегі майдан емес,  адам  болмысының  ішіндегі нәпсімен  күрес. Қайыра айтайық,  бұған сыртқы ортаның  титтей  де қатысы  жоқ.
Мұны  хакімнің өз пәлсапасымен  пайымдар  болсақ, «махаббат пен ғадауаттың» бітіспес майданы  ғана.
Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?
Македония шаһары оған мекен.
Филип патша баласы ер көңілді,
Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен.
Өлеңнің алғашқы жолдары билеушінің  автобиографиясынан  ақпар берсе, соңғы жолы  оның «мақтансүйгіштігі»  мен «қызғаншақтығына» қатысты. Міне, гәптің бәрі осында жатыр. Осы екі феномен (мақтан мен қызғаныш) оқиғаның ең  негізгі қозғаушы күші десек те  болады. Абайға салсақ,  адам  тақылетінің тумысында бар «бұл екеудің»  кісіге  тигізер кесепаты мен жемірлігі жеті басты айдаһардан да күшті. Ал,  ол жекелей  кісінің ғана  емес, дүйім жанды билеген  патшаның  бойынан  табылса ше? Әрине, ойлаудың өзі қорқынышты. Десек те  мұның көпке келтіре қоярдай соншалықты зияны жоқ.  Неге дейсіз ғой? Көп көнгіш, ол сондығымен де  тобыр. Оның бір нәрсеге  бейімделгіштігі  сондай, кім билесін соның іс-әрекетіне  қарай  икемделе береді.
Хакімнің
«…Сол күнде хошаметші айтады екен:
Ханның ханы, патшаның патшасы деп» отырғаны да  сол. Бұл тенденция  жұмыр жер  бетіндегі исі  тобырдың табиғатына тән нәрсе  десек, қателесе қоймаспыз. Әйгілі жапон жазушысы Р. Акутагава өзінің  бір  әңгімесінде патшаның пар  өгіз  жеккен   күймесінің бір шаруаны  қағып кететіні  жайында жазады. Сонда әлгі  бейбақтың «осы бір  аса бақытты  сәтті» тағдырына жазған Тәңіріне  жылап алғыс айтатыны бар.  Міне,  тобырлық таным дегеніміз –  осы. Бүгінде сіз  бенен  біз Абай мен Акутагаваның бұл  мысалынан қаншалықты айырмашылық көріп отырмыз. Аумаған  өз халіміз  ғой…
Қазақ дүниетанымындағы «әбілхаят» немесе «мықан ағашы»  іспетті ұғымдардың негізгі мәні мәңгілік өмірге  қатысты. Құрандағы Қызыр мен Мұса ғалиһсәләмнің өлі балық  тірілетін  су жағасында  жолығуы да  осыны меңзейді.  Осы бір жырдан жырға, аңыздан аңызға  ауысып жүре беретін көшпелі  мотив Ескендір поэмасында да ұшырасады.
«…Кепкен балық келтіртті сонда тұрып,
Сол суға  балықты алды бір жудырып.
Исі, дәмі өзгеше болып кетті,
Таң қалды мұның бәрін суға жорып…».
Дәстүлі  түсінікке  салып пайымдар болсақ,  бұл  жердегі  «балық» ұғымы мәңгіліктің  мәні туралы.  Сонда адамның мәңгілікке  өмір сүруге құзіреті бар  ма өзі? Шәкәрімге салсақ: «Нәпсісін жеңген адам мәңгілік, оған  ешбір  өлім  жоқ» дейді. Халқымыздың  енді бір  ұғымында мәңгілік пәлсапасы бақиға  тиесілі. Қазақтың бақи  ұғымының  алдына мәңгі сөзін қосақтап «мәңгібақи» деп сөз  саптауы да осыны  меңзейді. Қысқасы, тұмса  түсініктің  шүңет ұғымдарының астарында «өмірдің мәнін» іздеу сұрағының  жасырылып тұрғандығы   аян.
«…Сол әскер суды өрлеп талай жүрді,
 Судың басы бір құзар шатқа кірді.
 Шаттың ауызын бекіткен алтын қорған,
 Қақпасын бекітулі көзі көрді…»
Қазыналы алтын қорғанды Алланың хикметі  десек, бұл жердегі «қақпа»  кәдімгі  физикалық қақпа емес, танымдық  мәселе  ғой.  Пенденің көкірек көзін  шелмен көмкерген  кәдімгі қара қақпа. «Жүректің  көзіне» қойылған осы бір  қақпа  аузындағы құлыптың   атауы   «мақтан» мен  «қызғаныш» екендігі  даусыз.
«…Қақпаның ар жағынан біреу келді,
Күзетшісі сол екен дыбыс берді.
Қақпаны саған ашар рұхсат жоқ
Бұл – құдайға бастайтын қақпа деді…».
Данышпан  жасырған жұмбақтың  құпиясы ептеп сетінейін деді.   Поэманың  барлық  шумағын талдап отыру  біздің негізгі  міндетіміз емес.
Бір нәрсені  анық дейміз. Ол Аллаға апарар жолдың адам кеудесіндегі  қақпаның  ашылуымен тікелей  байланыста екендігі ғана.

Ықылас Олжайұлы
Dalanews.kz сайтына шыққан «Ескендір» синдромы мақаласынан үзінді


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика