Стив Джобс пен Билл Гейтс хикаясы

8 января 2017

Қазір біздің қалтамызда iPhone жатады, алдымызда тұрған компьютердің бағдарламасы – Windows, бұрышта тұрған Xerox құрылғысына керекті құжатты дыз еткізіп көшіре саламыз. Бізде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде осы құрылғылар мен жабдықтар кәдеге жарап тұр.
Ал бірақ сол қалтамыздан, бөлмемізден, кабинетімізден орын алу үшін Apple, Microsoft, Xerox сияқты ірі компаниялар қалай таласқанын, соттасқанын білесіз бе?
Бәрі Xerox компаниясынан басталған еді…

«Xerox» «Xerox» сөзі біз айтатындай «ксерокс» деп емес, «Зиэрокс» болып оқылады екен. О баста гректің «құрғақ» («xeros») және «жазу» («grapho») деген сөздерінен шыққан осы сөздің қолданысқа еніп кеткені сонша, көшірмені «мынау – мына құжаттың ксероксі» деп түсіндіреміз. «Құжатты ксероксте» деп те айтамыз. Ал Монғолия тұрғындары біздің «ксероксті» «канон» дейді екен. «Мына қағазды канондап әкел», «құжатыңның каноны қайда?» Себебі, ол жаққа алдымен «Canon» компаниясы шығарған көшірме құралы барған. Сол үшін олар бұл құралдың атын «канон» деп кетті де, бізге «Xerox» компаниясының өнімі келген соң, «ксерокс» деп атап кеттік.
1906 жылы Нью-Йорк штатындағы Рочестр қаласында The Haloid Company атты компания жұмысын бастайды. Кәсібі – фотосурет шығаратын қағаздарды сату еді. Солайша, саудамен ғана айналысатын компания болып, Честер Карлсонға жолыққанға дейін елеусіз түрде қызметтерін істеп жатты…
Честер Карлсон – физиканың маманы болса да, заңгер болып қызмет істеп жүрген американдық еді. Жұмыс барысында халықтан түскен арыз-шағымдарды, өтініштерді көшіру үшін көп уақыты кететін. Сол қиындықты шешу үшін бірнеше жыл ізденіп, тәжірибе жасап, ақыры 1938 жылы 41 жасында жарық сезгіш жартылай тасымалдағыш пен сияның көмегі арқылы суреттің электрофотографиялық көшірмесін қағазға түсіреді. Заңның адамы болғандықтан, жаңалығын заңдастырып, 1942 жылы патент алып қояды.
The Haloid Company мен Честер Карлсонның тағдыр жолы 1947 жылы ғана түйіседі. Сол жылы көшірме аппаратының барлық құқықтарын компания заңгер-ғалымнан сатып алған еді. Сөйтіп, келесі жылы құрылғы «ксерография» деген атау алып, Xerox сауда белгісі дүниеге келеді.
Сол уақыттан бастап, Model A, Xerox 914 сияқты көшірме құралының нұсқаларын жасап, нарықты жаулайды. Кейін қағаз жұмысымен шектелмей, ақпараттық технологияға қарай қадам басады. Ол уақытта IBM компаниясы негізгі нарықты ұстап тұрған және одан озу оңай болмасы анық-тын. Сондықтан да 1970 жылы Калифорния штатындағы Пало-Альто қаласында Xerox PARC (Palo Alto Research Center – Пало-Альтодағы зерттеу институты) деген атпен зерттеу орталығы ашылады.
Ол жылы қос құрдас – Стив Джобс пен Билл Гейтс небәрі он бес жастағы балалар еді. Стив қазіргі бізге жақсы таныс HP компаниясында, Билл Computer Center Corporation-да қызмет істеп жатқан уақыт. Екеуі де алғашқы инженерлік табыстарына қол жеткізіп, біреуі тыңдау құрылғысын, біреуі компьютер ойынын жасап үлгерген болатын. Уақыты келген кезде осы екі жасөспірімнің тағдыры Xerox компаниясымен қиылысып, адамзатты компьютерлік мәдениетке жақындататынын ол кезде ешкім білген жоқ, әрине….
1970-80 жылдар аралығында Xerox PARC орталығы көптеген жетістіктерге жетеді. Факс пен лазерлі принтердің алғашқы нұсқасы жасалады. Xerox ALTO атты компьютер дүниеге келеді. Бұның ең үлкен жетістігі – осы күнгі адамдар қолданып жүрген тышқаны («мышка») мен графикалық интерфейсінің болуы еді. Яғни, оған дейінгі компьютерлерді қолданған адам пернетақта арқылы ғана өзіне керегін табатын, ал мониторда тек инженерге түсінікті кодтар тұратын. Ал Xerox ALTO-ның экранында бағдарламалардың түсінікті белгілері пайда болды, оны ашу үшін астында дөңгелегі бар тышқанды жылжытып апарып, басып қалу жеткілікті еді.
Кейінірек Xerox 9700 деп аталатын, минутына 120 парақ шығара алатын лазерлі принтер жасалады. Орталықтың (Xerox PARC) бірнеше қызметкері бөлініп шығып, қазір қызметін қолданып жүрген Adobe компаниясының негізін қалайды.
Бүгінде Xerox компаниясы – жыл сайын миллиондаған құрылғы шығаратын, әлемнің барлық бұрышын қамтыған ірі компания. 2011 жылғы дерек бойынша, жылдық қаржы айналымы 22,6 миллиард, ал тапқан таза пайдасы 1,3 миллиард долларға жеткен. 2010 жылы 136500 адамға жұмыс беріп отырғаны туралы ақпарат бар.
Бірақ Xerox қағаз көшірмесін жасау бойынша өткен ғасырда әлемдегі жалғыз компания болған болса, қазір онымен бәсекелесетін Canon бар. Бұл, Xerox-тің басқа американдық компаниялардай емес, бақталастарға қарсы жұмыс істемейтінін байқатса керек. Сол себепті де қазір тек кеңсе құрылғыларын шығарумен ғана айналысады, компьютер жасау саласына ене алмай қалды. Жоғарыда Стив Джобс пен Билл Гейтсті айтып өткеніміз есіңізде болар? Енді соларға тоқталайық. Өйткені…
Xerox – Apple – Microsoft
Стив пен ДжобсӨйткені Xerox PARC жасап шығарған компьютер тышқаны мен графикалық интерфейсті тұтынушыларға жеткізген Стив Джобс (Стив Уозняк екеуі) ашқан Apple мен Билл Гейтс (Пол Аллен екеуі) негізін қалаған Microsoft қой! Қызық, иә?!. Тарқатып айтайық.
АҚШ өткен ғасырдың екінші жартысында ғылымға ерекше көңіл бөлді. Ғылыми журналдар мен телебағдарламалар көбейді, мектеп жасындағы балаларға дейін инженерлер үйірмесін құрып, үйренгендерін ортаға салатын, бір сөзбен айтқанда, қазіргі компьютерленген өмірімізге дайындық болып жатты. Уолтер Айзексонның кітабына сүйеніп айтсақ, сондай әуесқой инженерлер үйірмесінде бірінде 15-16 жасар Стив Джобс пен Билл Гейтстің аты қатар аталыпты.
Ондай үйірмеде жас ғалымдар жаңадан үйренгенін, ойлап тапқанын басқаларға айтып, бір-біріне көмектесіп жатады екен. Ал Стив Джобс досы Стив Уозняк екеуі тапқан жаңалықты тегін бермей, сату керек екенін айтқан. Сол уақытта алыста тұратын Билл Гейтс те өзінің идеяларын ортаға салып талқыламауларын талап етіп, сәлем жолдапты. Идея ақша әкелетінін болашақ миллиардерлер сол кезден-ақ білген болса керек.
Стив – қызуқанды, ашушаң, дегеніне жету үшін өтірік те айтатын, дөрекі, бірақ адамдарды өзіне тарта білетін сүйкімі бар, іскер жігіт еді. Билл болса тұйықтау, мәдениетті, алды-артын ойлай білетін, іскерлік жөнінен Стивтен кем түспейтін, ең бастысы Стивке қарағанда инженерлік қабілеті жоғары жас ғалым болатын…
Қош, шиеленіс уақытына келейік. 1980 жылдар Xerox компаниясының гүлдену дәуірі болғанын айттық. Microsoft пен Apple компаниялары да қарқын ала бастаған кез.
Macintosh компьютерінің жасалуын қадағалап жүрген Стив Джобс Xerox зерттеу орталығында ерекше компьютер жасалып жатқанын естіп, оны өз көзімен көруге барын салады. Сол уақытта сәті түсіп, Xerox басшылары Apple акциясын сатып алуға мүдделі бола қалады. Джобс шарт қояды: «Акцияны сатамыз, тек ол үшін зерттеу орталығын аралап, ондағы жұмыстармен танысқым келеді». Xerox келісімін береді.
Бұндай аралаудың арты жақсы болмайтынын сезген Xerox инженерлері Стив пен оның командасына Xerox ALTO-ны көрсетпеу үшін барын салады. Бірақ бірбеткей Стив басшыларына қоңырау шалып, шағымданып, ақыры дегеніне жетіп тынады. Xerox ALTO бетіндегі перде ашылған бойда Джобстың есі шығып кетеді. Бұрынғы компьютерлердің экранында кодтар ғана болатын болса, бұнда керекті бағдарламалардың сүйкімді символдары тұр. Және оны ашу үшін пернетақтадан керекті әріптерді термей, жанында тұрған тышқан арқылы басып, таңдай салуға болады.
Зерттеу орталығынан шыққан бойда Джобс бұл компьютердің болашағы екенін айтып: «Біз бұны іске асыруға міндеттіміз» дейді. Сөйтеді де, келе салып инженерлерді жинап, тапсырма береді: графикалық интерфейсті, тышқанды жасау керек, және тышқан Xerox ALTO-дағыдай астында екі дөңгелегі бар, оңға, солға, астына, үстіне ғана қозғалатын емес, кез келген бағытқа жүре алатын, астында домалағы (шаригі) бар болуы қажет дейді. Ондай тышқаннын болуы мүмкін емес деген бір инженерді естіген бойда жұмыстан шығарып жібереді. Оның орнына «Ондайды істеуге болады» деп айтқан адамды алады.
Стив ДжобсБізге қазір қызық, бірақ ол кезде болашақта не боларын білмегеннен кейін бәрі де табиғи болған шығар. Қызықты қараңыз: Macintosh компьютерінің бағдарламасын жасауға Apple Microsoft-ты жалдайды. Яғни Стив Джобс Билл Гейтске тапсырыс береді
Сол аралықта Xerox ALTO да жарыққа шығып үлгереді. Бірақ ол көпшіліктің көңілінен шығатындай деңгейде емес еді. Стив өзінің командасымен шыққан күні-ақ дүкенге барып көріп келеді де, көңілдері жайланады. Тіпті сатып алмайды да. Өздері жасап жатқан компьютердің жанында Xerox ALTO түк емес еді.
1983 жылдың қаңтарында тышқанмен жұмыс істейтін, терезесінде тартымды белгілер ғана тұратын, Macwright, Macpaint, Exell сияқты бағдарламалары бар Macintosh жарыққа шығуы керек болады. Аталған бағдарламаларды жасап жатқан Microsoft болғандықтан Стив пен Билл өзара келіседі: Macintosh жарыққа шыққаннан кейін бір жыл бойы Microsoft бағдарламаларын басқа компанияларға сатпауы тиіс.
Бірақ шаруа Стив ойлағандай болмайды. Macintosh-тың жарыққа шығуы бір жылға кешіктіріледі. Яғни, келісім бұзылады. Сондықтан сол 1983 жылдың қарашасында Билл Гейтс салтанатты жиын жасап, Windows операциялық жүйесін IBM компаниясына арнап жасайтынын барлығына хабарлайды. Apple өзімдікі деп ойлап жүрген бағдарламалар енді Microsoft Word, Microsoft Exell деген атпен алдымен IBM-ге, кейіннен басқа да компьютер жасайтын компанияларға сатылып кете береді.
Стив жаңалықты естіген кезде: «Дереу Биллді менің алдыма алып келіңдер» деп айқайлап, ашуға булығады.
Ертесіне Билл Apple-ға өзі ғана келеді. Ондаған қызметкердің ортасында өзі ғана қалады. Бәрі Стив не айтар екен деп күтіп тұрады. Стив болса: «Сендер ұрысыңдар! Біз сендерге сендік, ал сендер болсаңдар бізді тонап кеттіңдер!» деп айқайлайды. Билл болса салқынқанды түрде: «Менің ойымша, бұл мәселеге басқаша да қарауға болады», – дейді де, тарихта қалатын сөзін айтады: «Екеуіміздің Xerox деген бай көршіміз бар дейік. Соның үйіне мен теледидар ұрлау үшін кірсем, сен менің алдымды орап кетіпсің».
Әрине, Стив сөзге тоқтай қойған жоқ. Ішіндегі бар ашуын шығарды, жағдайды өзгерту үшін бар амалды жасап көрді. Бірақ осы жағдайда заң тұрғысынан да, мораль тұрғысынан да Биллге ренжи алмайтын еді.
Кейін дау ушығып сотқа дейін барып, Micrоsoft жеңіп шығады. Ал Apple компаниясының басшылары Стивті өзі құрған компаниядан шығарып жібереді. Сол жылдан бастап Micrоsoft дамып, Apple құлдырай бастайды. Windows әлемді жаулайды. Ал Macintosh бағасы қымбат болған себепті, ойдағыдай табыс әкеле алмай қалады (Стив жұмыстан кетпей тұрғанда Macintosh-ты арзанға сату керек екенін ескерткен еді, бірақ ол ұсынысы жұмыстан кетуге және бір себеп болғаннан басқа пайда әкелген жоқ). Бұл жағдай он жылдан астам уақыт жалғасты.
1996 жылы Apple құрдымға кетіп бара жатқан кезде NeXT, Pixar («Ойыншықтар хикаясы», «Көліктер», яғни «Тачки» секілді әлемге әйгілі анимациялық фильмдерді жасаған студия) секілді компанияларды құрып, едәуір табыстарға жетіп үлгерген Стив Джобс көмекке келеді. Алдымен NeXT-ті Apple-ға сатып, өзі кеңесші болуға келісім береді. Ал 1997 жылы Стив Джобс Apple-ға CEO (бірінші басшы) болып тағайындалады. Сол күннен бастап, бүгінде байлық пен заманауиліктің белгісіндей болып кеткен iPod, iPad, iPhone секілді құрылғылар пайда болды. Ұмытыла бастаған Apple Micrоsoft пен Sony-ды (біркездері әуен тыңдайтын плеер жасайтын бірден-бір компания болатын), барлық ұялы телефон шығаратын компанияларды нарықтан тықсыратын алып Apple-ға айналды.
Билл Гейтс әлемнің ең бай адамына айналғаны өздеріңізге мәлім. Оның батыл шешім қабылдай білуі, алыстан ойлайтын қабілеті осы межеге алып келді.
Xerox болса, Apple мен Micrisoft-ты он орап кететін брэнд бола алатын мүмкіндігінен айрылып, жай ғана көшірме құралын шығаратын компания болып қалды.

Арман ӘЛМЕНБЕТ,
«Бекзада»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика