Василий Левит  «Біз біргеміз» акциясына қатысты

29 Қараша 2017

 Қарағанды облысы ҚХА жастарының Үйлестіруші кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылған «Біз біргеміз!» акциясы жалғасын тапты.  Осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отырған кездесу «Құлыншақ» балалар үйінде өтті. Бұл жолы үш дүркін Азия чемпионы, олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Левит қарағандылық жеткіншектермен кездесіп, өзінің  өмірлік тәжирибесімен бөлісті, – деп хабарлады Қарағанды облыстық ҚХА баспасөз қызметі.

 Қазақстан халқы Ассамблеясы тек қана ұлттардың ынтымағы мен достығын сақтап қана қоймай, азаматтардың  бойындағы қайырымдылық пен қамқорлықты және тәлімгерлік қасиеттерді дамытуға да ерекше көңіл бөліп отыр. Өйткені Елбасымыз айқандай, Қазақстанның кемел болашағы жастардың қолында. Сондықтан да оларды  төзімділік пен патриотизмге,  бірлік пен келісімге тәрбиелеу керек. Жер жаһанда тәрбиелеудің ең басты бағыттарының бірі – тәлімгерлік.  Балаларға қоғамдық қатынас пен өмірлік қиындықтарды жеңуге, баланың жетілген әрі жауапты тұлға болып қалыптасуға көмектесу мақсатында Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жастарының бастамасымен «Біз біргеміз» акциясы бастау алды.

Естеріңізде болса, бұған дейін Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жастарының үйлестіру кеңесі 28 казанда Серік Сәпиевпен «Таңшолпан» балалар үйінде кездесу ұйымдастырған болатын

Кеңес төрағасы Александр Урмашовтың айтуынша, бұл бастама  Қазақстан халқы Ассамблеясы көп көңіл бөліп отырған  қайырымдылық, қамқорлық пен тәлімгерлікті дамытуға қосылып жатқан үлес.

Болашақ жастардың қолында болғандықтан, олардың бойына төзімділік пен патриотизмді, бірлік пен келісімді сіңіруді мақсат еткен ұйым мүшелері акцияның «Біз біргеміз» – деп аталуының бекер еместігін жеткізді.

– Бүгінде біз жаңа Қазақстанның негізін салудамыз, – дейді Вида Грейчуте, кеңес мүшесі әрі әлеуметтік жобалар комиссиясының жетекшісі. – Әрбір саланы әрбір сананы жаһандандырып, ұлттар арасындағы ойдан шығарылған шекараларды жою – біздің мақсатымыз. Бірақ өкінішке қарай, көптегеен жастар балалар үйінен қорқады, балалардан қорқады. Олардың айтуынша, балалар үйінде тек уайым, қайғы, мұн ғана бар. Сондықтан да бұл акцияны кеңейту арқылы біз бұл пайымның жалғандығын атап өткіміз келеді.

Кездесу барысында балалар белсенділік танытып, қоңаққа түрлі сұрақ қойды. Осындай қызу сұрақ-жауап барысында жеткіншектер Василий Левиттен өмірдің сынына қарсы тұрып, арманға жету жолында қандай шыдамдылық таныту керектігін үйренді. Сонымен қатар, қоңақтар ең кішкентай балақайлардың орындауындағы ән мен бидің куәгері болды.

Дәстүр бойынша, былғары қолғап шебері балалармен суретке түсіп, қолтаңбасын таратты.

Бұл жолы Рио-де-Жанейродағы олимпиада ойындарының күміс жүлдегері акция эстафетасын шоумен әрі әртіс Әнуар Нұрпейісовке тапсырды.

 «Қасым-ақпарат»

 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика