Ұстаздарды құлша жұмсаған директор жұмыстан қуылды

26 апреля 2017

Мұғалімдер мен мектептегі қосалқы қызметкерлерге үйін жинатып, баласын баққызып, кірін жуғызуды әдетке айналдырған директор жұмыстан қуылды. Директордың өздерін әбден басынып алғанына наразылық танытқан ұстаздар мен ата-аналар БАҚ өкілдеріне Ақтөбеге қарасты Жосалы ауылындағы сорақылықты жайып салған болатын. Осыдан соң білім басқармасындағылар директорға қарсы шара қоладанған. 

«Nur.kz» порталының Ақтөбедегі тілшісінің хабарлауынша, мектеп директорының күйеуі аудандық  мәслихаттың депутаты екен. Ұзақ уақыт бойы бастарына шығып алған директордың әрекетінен төзімі таусылған тұрғындар  наурыз айында облыс әкімдігіне, прокуратураға арыз жазыпты. Соның негізінде тексеру жүріп, директор қызметінен аластатылған.

«Жосалы ауылының тұрғындарынан мектеп директорының үстінен арыз түсті. Арызға байланысты арнайы комиссия құрылып, жұмыс жасалып жатыр. Кеше мектеп директорымен, ауыл тұрғындарымен өзім кездестім. Түсініспеушілік наурызда басталған. Мектеп директоры негізсіз төрт қызметкерді жұмыстан шығарған.

Екі адам денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз құжаты болғанына қарамастан жұмыстан шығарылған. Екі адам өз еркімен жұмыстан шығуға арыз жазған. Қазіргі уақытта жұмыстан шығарылған төрт адамды қайта орналастыру шаралары жүргізіліп жатыр», — деді облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбекова.

Білім басқармасы ушыққан мектеп мәселесін дер кезінде қолға алмағанын мойындады. Мұғалімдерді қолдау үшін ата-аналар балаларын сабаққа жібермей, мұғалімдер журналистерден көмек сұраған кезде ғана білім басқармасы мектепке барған. 18 оқушы ұстаздарын қолдау үшін екі күн сабаққа бармай қалған. Сапарбаевтан үнемі сын естіп, «өтірікші» шенеунік атанған облыстық білім басқармасының басшысы шу шыққан мектепке екі айдан кейін ғана барғанын мойындады.

«Мектепке кеше бардым. Оған дейін барған жоқпын. Мектеп директоры мектепте жасайтын келіншектерді үйіне шақырып тамақ жасатқан. Директордың өзі олардан көмек сұрадым деп айтып отыр. Мен тексеретін құзырлы мекеме емеспін. Бірақ қызметкерлердің директордың үйінде жұмыс жасағаны анықталып отыр», — деді Сәуле Өмірбекова.

Аудандағы Жосалы ауылдық округінде орта мектепті 14 жыл басқарған Гүлмира Биісоваға қатысты қазір прокуратура мамандары тексеріс жүргізіп жатыр. Білім басқармасының басшысы мектеп директорының өз еркімен жұмыстан шығуға арыз жазғанын айтты.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика