Үш ғасыр бұрын жасалған қобыз табылды

26 Желтоқсан 2017

Үш ғасыр бұрын жасалған саз аспабы атақты бақсы, дәулескер күйші Досымбай Итемгенұлына тиесілі екен. Ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келген құнды жәдігер қазір бақсының бесінші ұрпағы Дастанбек ақсақалдың шаңырағында тұр. 

Қария қайтыс болғанымен, бәйбішесі Зипан әже қара қобызды көзінің қарашығындай сақтап келген. Зипан әжей көненің көзі болған киелі аспапты қадір тұтып, ақ матамен қаптап, төрге іліп қойған. 250 жыл бұрын жасалған қара қобыздың шектері босағаны болмаса, сынын бұзбаған. Жиде ағашынан тұтас шабылып, төменгі жағы терімен қапталыпты. Еспесі мен ысқышы жылқы қылынан тартылған. Ал құлақ бұрауының тұсында шолпылары және шанағында айнасы бар. Яғни осыған қарап-ақ бақсының қобызы екенін аңғаруға болады. Досымбай бақсы оны 19 ғасырда Баржығұл деген шеберге жасатқан екен. Кейін немересі Жұмаділдаға аманаттаған.

Зипан Досымбаева, Жезқазған қаласының тұрғыны:

– 82 жасында қайтыс болыпты ол кісі. Осы Жұмаділдә атам 2-3 жастағы немересі екен. Сонда айтыпты ол кісі: «Осы қобызды мына Жұмаділдәға беріңдер», – деп.

Кейін киелі аспап Жұмаділдә ақсақалдан баласы Дастанбекке өткен. Ал ері өмірден озған соң, әулеттің келіні Зипан әжей қара қобызды көзінің қарашығындай сақтайды. Тіпті 1973 жылы Ленинградтан орыс зерттеушілері келгенде де бермепті. Жергілікті мұражайға өткізуге де үзілді-кесілді қарсы болған.

Ғабдол Әуезов, тарихшы, археолог:

– Досымбайдың өзінің киесі бар деп айтылады халықтың арасында. Мүмкін сол себептермен мұражайға өткізбеуі әбден мүмкін. Қобыз – бақсылардың қобызы. Белгілі бір ерекшеліктермен жасалған.

Ұлытау бойында қобыздың қоңыр үнін күңіренткен Досымбай бақсы – кешегі Қорқыт бабадан, Қойлыбай күйшіден қалған дәстүрлі өнерді жалғастырушы. Аты қазақ даласына аңыз болып тараған соңғы бақсылардың бірі екені ақиқат.

«Алайда оның тұлғалық бейнесі әлі күнге толық зерттелмей жатыр», – дейді тарихшылар. Ал көне қобыз Досымбай бақсыға қатысты ашылған алғашқы жаңалық.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика