Ұрпағым қазақ болмай қала ма деп қорықтым…

25 мая 2019

Немістерді қуғындауЕкінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, Кеңес Одағының басшысы И.Сталин ашуланып, соғыс кезінде бейтараптық танытқан немесе фашистер жаққа көптеп өтіп кеткен халық өкілдерін қудалады. Соның нәтижесінде, Еділдің ен бойына қоныстанып, қос қапталын еміп жатқан ежелгі немістер мен қалмақ, ноғай, татарларды жылы ұясынан түп қопарып көшірді. Оларды Қиыр Шығысқа және Қазақстанға айдады.
Осы тұста біздің ауылға әке-шешесі жоқ немістің жетім балаларын әкеліп таратқан екен. Назар  Ауғанбаев дейтін ұста ақсақал өзінің екі ұлына қосып 4 жасар немістің баласын асырап алыпты. Баланың құжаттағы аты – Гаинс Редольф. Назар атамыз оны өзгертіп «Қайыс Ауғанбаев» деп өзінің атына жаздырып алған.
Хош сонымен… Көп заман өтті. Қайыс үлкен азамат болады. Қызық болғанда Назар атамыздың ұлдары оқып-тоқыған соң ауылға оралмапты. Қызмет бабымен елден алыстап  кеткен. Бірі Алматы да үлкен дәрігер, екіншісі шетелде елшілік қызметте дегендей… Ақыры қара шаңырақта Қайыс қалып қойды. Нәкең Қайысқа қойшы Зияахметтің оқымаған малсақ, қаражон қызы Дәмеліні алып берді.
Қайыс пен Дәмелі 90-шы жылдары совхоз тарағанда бір отар қойды жекеге алып Ащыбұлақтағы ескі қыстауға көшіп кетті. Назар ақсақал кемпірі екеуі орталықта қалып Қайыстың сап-сары ұл-қыздарын оқытты. Бір күні ауыл дүрлікті. Дәл сол жылы Назар мен кемпірі дүниеден өткен-тін. Біз 9-сыныпта оқитын едік. Германиядан Қайыстың ағасы іздеп келіпті. Ағасы інісін «Гаинс Редольф» деп ұзақ іздеген екен. Інісінің Қайыс болып өзгеріп кеткенін қайдан білсін. Ақыры тапқан. Қызық болғанда Қайыс ағамыз не немісше, не орысша білмейді. Ақыры екі ағайынға ветврач Қабдеш аудармашы жасаған.
Қайыстың ағасы Ресейдің бір түкпіріне айдалып барыпты (қасында тағы бір інісі бар). Одақ құлаған соң Германияға көшіп кетіпті. Кельн дейтін қалада тұрады екен. Ол мал соңында жүріп әдбен тотығып кеткен інісіне жаны ашып, бір аптадай шаруасына көмектескен болып жүрді де, кетіп қалды.
Келесі жылы ағалы-інілі екеу болып келді. Олар жай келген жоқ, інісіне мал суару үшін құдықтан су тартатын мотор, тұтынуға арналған су тазартатын құрылғы әкеліп орнатып берді… Келесі жылы ағалары Қайысты бала-шағасымен Германияға көшіріп әкетті. Екі ортада ауданға барып көрмеген Дәмелі апамыз Еуропаның төрінен бірақ шықты…
Сол екі арада біздер орта мектепті бітіріп, жоғары білім алып үлгердік. Өз басым көп уақыт ауылға бармадым. Себебі, үй-ішіміз түгелдей Алматы маңындағы Қарғалы ауылына көшіп келген еді.
Жуықта ауылда нағашы апамыздың ұлы үйленетін болып, біздің әулет атынан өкіл ретінде мен баратын болдым. Қыстың қыраулы күні жол жүру де оңай емес… әупіріммен 1200 шақырым жолды басып Көкпектіге жеттік.
Ертеңінде той малын сойып жатқан жігіттердің арасынан Қайыс ағамыздың сары ұлын байқап қалдым. Бұлар әке-шешесімен бірге Германияға көшіп кеткен сияқты еді ғой… Менің таңданып тұрғанымда аңғарған Самат нағашым бірден: «Е, бұлар Германияны тастап баяғы да қайта көшіп келіп алған» деді. Тойда Қайыс ағаны да көрдім. Қартайып еңкіш тартыпты. Бірақ әлі тың. Бір әредікте Кәкеңнен «Германия жақпады ма, неге қайтып келдіңіз?» деп сұрадым.
Қайыс ағамыз қалтасынан шылымын алып тұтатты, ауыл шетіндегі шағын зиратқа ұзақ қарап, ойланып отырды да, «Сен әлгі Сүйекеңнің (Сүлеймен атамды айтады) немересі емессің бе, жарықтық жақсы адам еді, ендеше сен балаға шынымды айтайын. Германияға баруын бардым, бірақ  ана зиратта жатқан әкемнің басын қиып кете алмай, қайта іздеп келдім… Жарықтық мені туған ұлдарынан кем көрген жоқ, қара шаңырағын маған сеніп тапсырды. Өзің ойлашы, шырағым, шалдың шаңырағының отын өшіріп мен қалай кетем. Аманаттап берген отының түтінін түтетіп отырмаймын ба?! Одан кейін ұрпағым қазақ болмай қала ма деп қорықтым…».
Кәкең дәл осылай жауап берер деген үш ұйықтасам түсіме кірмеген  еді… көзімнен жас шығып кетті. Менің де жеті атам басы осында жатыр. Менің жүрегімде туған ауылыма, ата-бабаның аманатына деген  Қайыс көкемдікі сияқты адалдық бар ма?!

Жансейіт Құмар
Namys.kz


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика