«Ұмытшақ көктем»: «Үш өлеңнің» құпиясы

10 марта 2020

(Арқалық Әмәлиятұлының «Ұмытшақ көктем» жыр жинағы туралы үшбу сыр)

Оның өлеңдері — мейірімсіз.
Оның өлеңдері — кек.
Оның өлеңдері — антракт. Көктемдегі күздің желі. Сырласы — тозақ. Сырасы — жұмақ. Сөзі — өлім. Əні — көрдегі періште. Тағдыры — драма. Түні — трагедия. Жайнамазы — іңір. Жұмасы — воскресенье. Ұйықтаса — философ, оянса — ұмытшақ. Құдайы — афоризм.
Ол — ол емес, ол — Ол.

Жұмекен. Жұмекен Нəжімеденовпен қоштасу кезінде Людвиг ван Бетховеннің «Қаhармандық» («Героическая») атты III-симфониясының екінші бөлімі ойналыпты. Ал, Арқалық Əмəлиятұлымен қоштасу рəсімінде(бəлкім,XXI ғасырдың II-ширегінде) рух-шарифіне мəрсия ретінде «Ұмытшақ көктем» жыр-жинағындағы «Үш өлең» оркестр болып оқылады. Факт — осы.»Үш өлең».
Меніңше, XXI ғасырдың ақиқаты — адасу. Адасу — саналар соқтығысы. Саналар соқтығысы — адасудың ең азапты жолы. Ол жолмен кімдер жүрмеді, кімдер өтпеді. Бізді оқырман ретінде адасу теориясынан құтқаратын (яки мені, яки сені) жалғыз амал, əрі амалдың жалғызы — «Ұмытшақ көктемді» XXI ғасырдағы жаңа қазақтың мəдениеті həм модерні екенін түсіну. Түсіну емес, поэзияға құлшылық ету.
Ол — поэзияны жасамады, поэзия — оны жасады. Өлген ойлары мен тірі ойлары санасына вирус жұқтырды. Еркін суреткерлігі де, күрескерлігі де содан. Алдымен, Құдайы кім?..Өзі. Тағы, Құдайы кім?..Өлеңі.

«XX ғасыр қазақ әдебиетінің алтын ғасыры, енді мұндай қуатты әдебиет болмайды» деген пікір тұжырым формуласы немесе жөні — өкініш. Келісетінім — қазіргі қоғамдағы қазақ әдебиетінің температурасы Қазақстан деп аталатын мемлекетте тұратын жан иелерінің әдебиет атмосферасына «похуизм» термині немесе темасымен қарайтыны(шындығы — бізге солай көрінетіні, ақиқаты — сол.), келіспейтін адвокатым — «Ұмытшақ көктем». Алға тартатын дәлел — жан философиясымен тән философиясының параллель процеске түсуі. Бұл жерде номадологияның атасы, француз философы Жиль Делездің тұжырымы Арқалықтың «поэзиясына» қан жүгіртеді. Оның тағдырын жазып жатқан, жазып қойған Құдай емес, өзі де емес. Кім дейсіздер ғой?! Мен білмеймін. Білетінім — Жұматайдың тағдырын Ләйлә жазса, «Ұмытшақ көктемнің» тәубәсінә — Күнікей сұлу шырмалыпты. Жұматай қаған «Ләйлә» десе, Арқалық ноян «Күнікей» дейді. Қазақ әдебиетіне сүйіншілей берсек болады.
Кітаптағы өнер тудырушының есімі прототип бейнемен ілкіден ымыраға келгенмен, болашақтағы «Ләйләға» ауыстыратынына оқырман санасы пәрмен алғандай. Ғазалы да, ажалы да — сол. Үнсіздік концепциясы, кітаптың желісі соның елесімен сағыныш симфониясында дәулескер домбырашыдай «Махаббат одасында» билеп тұр. Осыдан келіп, біз оқырман лауазымында нені аңғардық, нені түсіндік?! Аңғарғанымыз — XXI ғасыр әдебиетіне, қазақ әдебиетіне, әдебиет майданына «әдебиеттің жауынгері» келіп қосылғаны.(есімізге оралатыны, Әмірхан Балқыбектің «Сержант пен Солдат, жас әдебиетші және мадақтама» атты жас толқынға арналған мақаласы). Бізден құрмет.(оқырман тарапынан). Аңғармағанымыз — аңғара алмайтынымыз философиялық кеңістіктегі гуманизмнің туған жер, бабалар рухы, әруақтар алдындағы мінәжәті hәм дұғасы. Виртуалды әлемінің автормен тығыз байланысы сана биігінде, тіптен өзің-өзі тануына Құдайтану баянының шежіресі диалог құрады. Міне, осы факторлардың әсер етуі арқылы қоғамдағы адамдар әлсіздігін, сезімдердің мәңгүрттігін, серттердің опасыздығын көктемгі жауынның нөсерінде тұрып, ақ көйлегінің жеңімен көз жасын сүртіп, жүрегіндегі мейірім потенциалымен пендешілік ұғымын аластайды. Бәлкім, оның еркіндікке ұмтылысы, шарықтау шегіне жеткен қиялының ғұмыры — Өлең шығар. Кім білсін?! 2017-нің көктемі мен 2018-дің көктемінің топырағын жастанатын серттер кімге керек?! Обалы ше?..

Поэтиканы ұлттық романтикамен, заман ырғағымен үйлестірсек «Бейуақтағы сапарға» біз де, сіз де аттанасыз. Сапар шекпеске амал жоқ. Сондағы сапарымыз — қаңғыру. Діншіл де емес, Тәңіршіл де емес ақынның үрейі — құрбандық. Құрбандығының арқасында өмірдің, бұл фәнидің не екенін түсінген қаншама пенде, қаншама арманшыл ұрпақ дүниеден ауып түсті емес пе?! Олардың мәңгілік көктемі де, күзі де сол құрбандық емесіне кім кепіл бере алады?! Баз кешкен боздақтардың сұрақтарына біз қай деңгейдің сатысында жауап бере аламыз?.. Әлде музыка, әлде поэзия. Сол музыканыңызды да, поэзияңызды да адам жаны дүниеге әкеліп, тұсауын кеспей ме?! Жүректің емі үшін. Өнер қасиеті, сөз құдіреті адамзатты идеал мәртәбесіне көтермей ме?! Бұл ғасырлар, мыңжылдықтарды басынан өткерген жер планетасындағы тіршілік иелері біздер үшін шешілген иррационал теңдеу емес пе?! Арифметикалық жағынан да, геометриялық жағынан да. Жауаптары табылған, есептері шешілген тағдырымыз үшін таң бозынан құмырсқадай қыбырлап, іңірдегі байғыз үнімен қарасын қара түннің құшағына батыратын қоғамның дерті — мәңгілік ұйқы. Енді қашанға дейін, қай дәуір, қай эраға дейін қорылдап жата береміз, кім білсін. Ал, біздің «Ұмытшақ көктем» оянды. Оның өлеңдері мейірімді, өздерің мейірімсізсіңдер!
Постструктурализмнің атасы аталған Жак Дерриданың айтуынша, текст автордан биік, оның болмысынан автордың ойына кірмеген мән-мағына табуға еріктіміз. Иә, біз таптық. Қайдан?! Ойдан. Ой күнәсі. Ой күнəсі — «Ақынхана». Міне, бұ жерде әдебиет элитасы өзіндік сипатқа, қалыпқа ие болады. Шынайы тағдырлар, шынайы өлеңдер. Оның ендігі тағдыры — тағдыр, тағдыры — өлең.
«Тым жүдеулеу үйге қайтып келемін,
Түйсігімде бір ұғымы көненің.
Бар сырымды білген жанның қолынан,
Мен түбінде өлемін…»
Иә, Менде өлемін, Сенде өлесің, Сізде өлесіз. Құйрықты жұлдыздай аспан әлемінен қара жерге ағып түскен, әлде, қара жерден галактикалар шоғырына белгісіз сырларымен бір бума қағаздарын қойындарына құшақтап зымырай жөнелген Артығали Ыбыраевты, Әділ Ботпановты, Бибол Жұмағалиды, Еркеш Ибраhимді, Ізтай Мәмбетовты, Нұрлан Мәукенұлын, Қайнекей Жармағамбетовты, Әмірхан Балқыбекті жоқтайсың. Олардан сұрағын келеді. Бірақ, нені?! Біз тағы білмейміз. Өз сырымызға өзіміз өлім сыйлаймыз. Сонда ажалымыз қайдан?! Біз тағы да білмейміз. Сергей Есениннің кебін киіп, Артюр Рембоның саяхатына шығып, Николай Рубцовтың мүрдесіне аят оқып отыра берсек ше?!
Инстинкт…

Өз қасіретіне өзі ғашық өлкеде Құдайдан жұмақ жайын, тозақ жайын сұрау ақымақтық. Өнер — ойынның бір түрі — естелік ойыны (Ә.Бөпежанова). Естеліктер екінді мен ақшамның арасында шегілген шылымның ырғала билеген түтінімен көзіңді ашытады. Сағыныш та солай. Сағымдар сазы өнердің жаңа философиясын сезінеді. Жылдар жырларға, сырлар мұңдарға айналады. Ғұмырнамалық естеліктерін өлгенде жаныңды жай тапқызар ма екен?! Біз тағы да ой провасынан айырылып қаламыз. Ұлы мұраттарға ішкі дайындығымыз жетпейтіндігінен. Ал, біз сөз қозғап, поэзиясынан өзімізше сұрақтарға жауап іздеп отырған жас жауынгердің, әдебиет талапкерінің біз қойып отырған сұрақтарға жауап бермесі анық. Анығы, ол сұрақтарға өлеңмен жауап беріп қойғаны «Ұмытшақ көктемнің» «Үш өлеңінің» құпиясында тұрғаны сөзсіз жайт. Бұл кітап — әріптерін әріптеп, буын-бунағын санап, жызылу формасын сөз қылатын кітап емес. Есті оқырман естілігіне салса, «Әр адам — бір әлем» екенін түсінері хақ. Қай ракурстан алып қарасаңыз да «Ұмытшақ көктем» қоғамдағы арзан әңгіме мен жалған пафосқа, адасқан психология режиміне іңкәр жүрекпен, сезімтал санамен «мат!» қойды.
Ақ құсын құсни хаттармен құбыласы көк мұнар Алматыға ұзатқан үшінші көктем, екінші көктемнің табиғи детальдарын хаос гармониясында тербеп, бірінші көктеммен — мәңгілік көктемнің мұражайына Түркістан шәрін құлпытасқып орнатады. Шәр Түркістан мен аяулы Алматының ғұрпы Арқалық үшін метафикция. Адамзаттың ұрынып отырған жүйкелік дағдарысы Алматы мен Түркістанның ауасына симулякр кейіпте енгені адамдар психологиясына обадай жайлап кеткенін Ақынның жан әлемі тозаққа апарар жолдағы соңғы өлім, соңғы өлімнің соңғы сөзіндей сезініп, ең сәтсіз қиялының ең сәтсіз тұсына өзің-өзі құрбандыққа шалады. Көк түтіннің ысына көмілген бақсылар биі оны әлі талай құрбандыққа итермелейді.
«Адай қыздың бұрымындай жолдары,

Қожа қыздың меңіндей-ақ тағдыры…» бағзылар мифінен — ләззаттану механизміне дейінгі аралықта өтірікші көктемдерге азаттық сыйлайды. Оның «Үш өлеңінің» құпиясына да азаттық силадым!..
«brevis vita, sed ars longa est!»

(с) Мейір ОРАЗҒАЛИ


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика