ҮМІТТІҢ ҮЛБІР ЖЕЛКЕНІ

2 июня 2020

«ҮЗІЛМЕС ҮМІТ» кітабы оқырманға ұзақ даярланды. Мұқабасының өзі ерекше. Көк Туымыздың суреті тұр желбіреп. Екінші жағынан маған ол нәзік үміттің үлбіреген желкеніндей көрінеді.
Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, «Память» қоғамдық қорының төрағасы Сағындықов Болат Мағазұлымен 2008 жылдың шілдесінен бері таныспын. Бір жасында әкеден жетім қалып, тағдырдың небір тауқыметін көрсе де, ағамыз өзінің өмірге құштарлығын, рухының қайсарлығын сақтап келе жатқан адам. Өмір деген ғаламат небір асау толқынымен соққыласа да, қасқайып қарсы тұрып, еңсесін түсірмей, өзгелерге қайрат-жігер беріп келеді. Шаруашылық, кеңес-партия қазанына жастай араласып, түрлі қызметті атқарған Бөкең, зейнетке шыққаннан соң, қоғамдық жұмыстарға етене араласып, жаңа Қазақстанның рухани саласының кем-кетігін толтыруға белсенді атсалысып келеді.

Бір жасар Болаттың әкесін 1937 жылғы қыркүйекте тұтқындап әкетеді. Отбасы мүшелері Мағаз Сағындықов 10 жылға сотталды деген жауапқа қанағаттанып жүреді. Алайда сотталу мерзімі өтсе де әке келмейді. Сталин өлгеннен соң бозбала Болат өз әкесін іздей бастаған. КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумының Төрағасы Е.К. Ворошиловқа 1955 жылы жазған хатына Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі «Магаз Сагиндыков 1943 жылғы қыркүйекте Қарағанды облысының қамау орындарында туберкулезден қайтыс болған» деген жауап алады.
Соңғы бір-екі жылда Бөкең әкемнің қабірін неге іздемеймін деген ойға берілді. Осы ойдың жетегімен Болат Мағазұлы 2018 жылдың қарашасында Қарағандыға арнайы келді. Мақсаты – КарЛаг тұтқындарының мүрделері көмілген, елеусіз, ескерусіз жатқан қорымдардың бәрін болмаса да бірін табу. Соған зират мәртебесін беру. Облыстық билік құрылымдарының осыған қатысы бар өкілдермен жолығып, әлі де құпиялық грифінен арылмаған «зират кітаптарын» («кладбищенские книги») қарау, жерленгендердің тізімін көру. Мүмкін болса, Ағаның осы мақсаттарына қол жеткізу үшін мен де алдын ала біраз жұмыс атқардым. Бірақ нәтижесі мардымсыз болды. Зират кітаптарын таба алмадым. Көрсетпеді. Саңырауқұлақ жайлап, бүлінген, көруге, қолға ұстауға болмайды дейді. Негізі құпиялық грифі әлі алынбаған болса кеерк. Бірақ билік өкілдері мәдениетті түрде небір сылтау тауып, іздеген мақсатыңа жеткізбейді.
Ол екі ортада екі Болат бірігіп біраз инстанцияға хат жаздық. Жазамыз, біраз жерден шынайы жауаптың орнына жауапсымақ («отписка») келеді. Мен елеусіз, ескерусіз жатқан қорымдар туралы жазамын, Абай ауданына қарасты «Мамочкино зираты» абаттандырылған деген хат келеді. Ағамен хабарласып, қайтадан жазамын. Қайта-қайта телефон соғамын. Телефонның арғы жағындағы жауапты адам өзінікін, мен өзімдікін дәлелдеп біраз уақыт пен күш кетіреміз. Аға Қызылжарда жатып қарекет жасайды. Бір бума қағаз жиналды. Уақыт өткен сайын қалыңдай беретін қағаз тасқынының толастайтын түрі көрінбейді.

Ақыры парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбековке шықтық. Ол басқа атақ-дәрежелерін айтпағанда КарЛагтың зерттеушісі ретінде танымал азамат. Әңгіме барысында Нұрлан Орынбасарұлы Спасск мемориалы мен «Мамочкино зираты» арнайы зираттар екенін, қуғын-сүргіндердің қазақстандық құрбандарының рухына тағзым ететін жеке зираттың жоқ екеніне ден қойды. Бұл мәселенің бір шешімін табуға жұмыс істейтінін айтты. Сонымен бірге ақсақалдың кезекті кітабын шығаруға көмек беретін болды…
Сонымен, Н.О. Дулатбековтың қолдауының арқасында жаңа жинақ оқырманға жол тартты. Ақсақал ағамыздың кезекті жинағы оның бала кезден көкірегін қарс айырған қайғы-зарын төккен жырлары, тағдыр басқа салған қайғы-қасіретті, түрлі тауқыметті еске түсірген, жан сырын, қайғы-қасірет күйін шерткен жырларымен басталады.

Бұл жинақта автор көргені мен білгенін, тергені мен түйгенін, өкініші мен өксігін, қызығы мен қызуын, тойы мен думанын қатар жырлайды. Жинақ КарЛаг туралы дастанмен ашылады. Одан соң өмірді әр қырынан сипаттаған өлеңдері, құрдастары мен замандастарына арнаулары мен жастарға бағыттаған ұлағаттары оқыман қауымның назарына түседі.
Сонымен бірге ағамыз жастық шақтың толқынды айдынына да шығып кетеді. Махаббатты жырлайды. Неге жырламасқа? Гөте де ақсақал жасында өлердей ғашық болғаны мәлім. Болат Мағазұлы осынау бір ұлы сезімнің небір құпия да тылсым қырларын өзінше бір парасатпен, байыппен, ақылмен, сабырмен көрсетуге тырысқан.

Негізі Болат ағамыз поэзия пырағына жас шағында-ақ қол тигізген. Алғашқы өлеңін облыстық газет жариялаған. Өмірдің қым-қуыт заңдары, тарам-тарам жолдары оны басқа бір бағытқа еркінен тыс алып кетпегенде әдебиет пен поэзия саласында өз орны бар жаңа бір есімді ертеден біліп жүрер едік.

Бөкең қай салаға кіріспесін, өз шамасын өзі білетін жан. Ол жазғанын жасырмайды. Оқырманның асыра бағалауын да сұрамайды. Тек көзбен көріп, көкірегіне түйгенін, жан сырын жас ұрпаққа, жаңа заманға жолдап кеткенді қалайды.
Көпті көрген көкжал ақын сыннан қорықпайды. Дегенмен, тым сыншыл болмайық, автормен бірге сыр шертейік, сырласайық, сыр ашайық. Тек оқырман болып қана қоймай, автормен сырлас, жолдас болуға талаптанайық!

Болат Кенелұлы СЫЗДЫҚ,
заң ғылымдарының кандидаты,
«Bolashaq» академиясының
профессоры


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика