Ұлытау – ұлт руханиятының алтын бесігі

2 октября 2017

Ұлытау – ұлт руханиятының алтын бесігі, ұлттық кодтың бастауы. Дәл осы арада алты Алаштың баласы бас қосып, қазақ мемлекетінің іргетасы қаланған. Хан ордасы бой көтеріп,  үш жүздің баласы жаңа мемлекеттің туын желбіретті. Сондықтан да оның тарихи һәм рухани маңызы жоғары.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы қоғамдық сананы жаңғырту, ұлттық кодтың сақталып қалуына қолдау көрсету туралы бірқатар міндеттемелер қойған болатын. Дәл осы міндеттемелер Қарағанды облысында қалай орындалып жатыр? Оның барысын аймақ басшысы Ерлан Қошанов облыстық мәслихат сессиясында депутаттардың алдында жасаған есебінде баяндап берді.

— Елбасының «Болашаққа бағдар. Қоғамдық сананы жаңғырту» атты мақаласында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін облыста Жобалық кеңселер, сараптау кеңесі құрылып, жұмыс топтары қызмет етеді. Жалпы сомасы 7,6 млрд теңгені құрайтын 275 жоба бекітілген, оның ішінде 4 млрд теңге — ол бизнесмендер, меценаттар, біздің жерлестеріміздің үлесі, — деді Ерлан Қошанов.

Рухани жаңғыру бағдарламасында Ұлытау мега жобаға айналды. Бұл тарихи өлке «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасында негізгі мекендердің бірі болып табылады.

Ұлытау жерінің тарихи маңызы тым жоғары екендігін жоғарыда айтып өттік. Ұлы даланың төскейіндегі осынау қастерлі мекенді өз көзімен көруге құлшыныс білдіріп отырған туристердің саны жыл сайын еселеп артып келеді. Олардың қатарында отандық саяхатшылардан бөлек шетелдік қонақтардың қарасы қалың. Сондықтан да өңірдің туристік әлеуетін арттыру кезек күтірмес мәселелердің бірі.

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың мәлімдеуінше, бүгінгі таңда  Ұлытау өңірінде  «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша қонақ үй орталығы мен этно ауылдың құрылысы жоспарланып отыр.

Жаңадан бой көтеретін этноауыл шетелік туристерге қазақ елінің бай салт-дәстүрін таныстыруға толықтай қауқарлы болмақ. Әрі өңірде жаңа жұмыс орындарының ашылып, экономикалық тұрғыда өрлей түсуіне де септігін тигізеді.

Ерлан Қошанов өз есебінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде облыста Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған шаралардың жалғасын тауып отырғанын да атап өтті. Бұдан бөлек ел болашағы үшін атқарылып жатқан ең маңызды шара  —  қазақ жазба тілін латын графикасына ауыстыру мәселесіне мәслихат депутаттарының да үн қосып, жаңа әліпбиді талқылаудан тыс қалмауын сұрады. 

«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика