Ұлықбек Есдәулет Жазушылар Одағының төрағасы болып сайланды

12 марта 2018

Алматыда Қазақстан Жазушыларының кезекті XV Құрылтайы өтті. Құрылтайда Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының жаңа құрамы бекітіліп, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының жаңа Төрағасы тағайындалды және бақылау-тексеру комиссиясы сайланып, ағалар алқасының құрамы бекітілді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Құрылтай Әнұранмен басталып, екі құрылтай арасында қаза болған 131 ақын-жазушыны бір сәт еске алу үнсіздігімен басталды.

Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының Төрағасы Нұрлан Оразалин сөз сөйлеп, өткен ширек ғасырдағы жеткен жетістіктер мен кеткен кемшіліктерге тоқталды.

Сондай-ақ, құрылтайға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді. Құттықтау хатында Елбасы Қазақстан Жазушылар Одағының ХV құрылтайының ашылуымен құттықтап, құрылтай жұмысына табыс тіледі.

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекет тарапынан жазу­шыларға ұдайы қолдау білдіріп келеді. Атап айтсақ, жыл сайын шығармашыл қызметкерлер мен мәдениет қызметкерлерін мемлекеттік қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясы берiледi. Сонымен қатар, екі жылда бір рет Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығы тұрақты түрде табысталып келеді.

Бұған дейін Нұрлан Оразалин өзінің кезекті рет сайлауға түспейтінін мәлімдеген болатын. Ал жалпы жазушылар төрағалыққа көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулетті құп көрген еді. Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулетті жазушылар қауымының басым көпшілігі қолдады.

Сонымен көптен күткен мәселенің де басы ашылды. 25 жылдан кейін Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы ауысты. Сабыр Адай, Сауытбек Абдрахман, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Ермек Аманшаев бастаған алдыңғы буын ағалар мен қатар Бақытгүл Бабаш, Ақберен Елгезек, Әлия Дәулетбаева, Бақыт Беделхан, Ерлан Жүніс қатарлы жаңа толқынның барлығын қамтыған 151 адам одақ төрағасы атануға үміткер болған екен. Соның ішінен жаңа төраға болып Ұлықбек Есдәулет сайланды.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика