Ұлы отан соғысындағы кеңес үкіметінің алғашқы одақтасы кім?

17 января 2017

Тывалық атты әскерлер1941 жылдың 22 маусымы таңғы 04:00-де фашистік Германия әскері Кеңес одағына тұтқиылдан шабуыл жасады. Еуропаның алтындатылған зәулім астаналарын оп-оңай қолға түсірген Гитлер айналдырған бірнеше айдың ішінде қызыл империяны қарамағына аларына сенімді еді. Жоспар бойынша соғыс қыс түскенше аяқталуы керек болды. Бірақ бәрі басқаша өрбіді, жоспар орындалмады.
Кеңес одағындағы аз ұлттың өкілдері билік тарапынан қанша қысым көріп, қудалауға түссе де, олардың жүрегінде отанға деген ыстық сезім сақталып қалған болатын. Басқыншыларға қарсы қасық қандары қалғанша күресуге бел шешті. Рас Германия жағына шығып кеткендер де болды. Бірақ жалпы халықтың көңіл-күйі немістерді жау деп қабылдап, жеңіс күнін жақындату үшін бар күшін салды.
ІІ дүниежүзілік соғыс кезеңінде әлем екіге бөлінді. Бірінші тарап Германия және оның одақтастары болса, екінші тарапта КСРО, Англия, Франция бастаған антигитлерлік коалиция тұрды.
Тарихи деректерде Германияға қарсы Сталиннің алғашқы одақтасы ретінде Ұлыбритания мемлекеті аталады. Шын мәнісінде КСРО-ның ең алғашқы одақтасы түркі тектес халық мекендейтін Тыва Халық Республикасы болатын. Республика басшылығы 1941 жылы Черчильдің радиодағы әйгілі хабарламасынан 11 сағат бұрын өздерінің Фашистік Германияға соғыс ашатындығын мәлімдеді. Ел арасында қалыптасқан аңызда Гитлер өзіне қарсы тывалықтардың соғыс ашқанын естіп, оны картадан іздеген екен. Бірақ таппай дал болыпты. Олай болатын жөні де бар. Бір кездері Патшалық Ресей мен Қытай Патшаларының бодандығын кезек қабылдаған тывалықтар Ресейде азамат соғысы басталған жылдары тәуелсіздіктерін жариялаған болатын. Ресей жерінен қашқан ақ гвардияшылардың дені әуелде Моңғолия мен Қытай шекарасында орналасқан осы елді паналайды. 1921 жылы олар толығымен жеңіліп, республика аумағын тастап шыққан. Сол кезде тывалықтар дербестігін мәлімдеді. Бірақ оны Кеңес үкіметі мен Моңғолия ғана мойындайды. Ал әлем елдері тывалықтарды Қытайдың провинциясы ретінде ғана бағалап келген.
Соғыс жылдары тывалықтар Кеңес үкіметіне қайтарымсыз негізде құны 10 миллион рубль 5 эшелон (389 вагон) сыйлық, үш ұшақ эскадрилиясын, елдегі барлық алтын қоры мен кен орындарын (шамамен 35 млн. рубль), 50 мың әскери ат, 52 мың шаңғы, 10 мың шолақ тон, 16 мың байпақ, 19 мың қолғап, 67 мың жүн, жүздеген тонна ет, май, ұн, қант және басқа да ауылшаруашылығы өнімдерін жіберді. Сонымен қатар, Украинаның азат етілген аймақтарына сыйлық есебінде 27 мың бас ірі қара, экспорт есебінде 700 мың бас мал жібереді. Соғыс жылдарындағы тувалықтардың материалдық көмегі 19 миллион ақша немесе 66,5 миллион рублды құрады.
Орыс деректерінде соғыс жылдары Моңғолия мен Тыва тарапынан көрсетілген материалдық көмектің үлесі 35% болған. Қалған 65% көмек сырт мемлекеттерден әкелінді.
Тыва жастары майданға қанша сұранса да әуелде КСРО билігі оларды Германиямен соғысқа араластырмай, тек материалдық көмек алумен ғана шектеліп отырды. Бұл шығыстан жапон әскері басып кірсе, алдын тосу мақсатында жасалған болатын. Оларды тек 1943 жылы ғана майдан шебіне алды. Бұл кезде Жапонияның КСРО жеріне басып кіру қаупі сейілген болатын.
1943 жылдың 20 мамырында Қызыл қаласында тывалық сарбаздардың алғашқы легін салтанатты түрде майданға шығарып салды. Олар одақтастарының жерін қорғауда ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Қан майданда қынадай қырылып жатса да, кері шегінбей, табандылық танытып, жеңіс күнін жақындатуға барын салады. Соғысқа тывалық жігіттермен қатар қыз-келіншектер де тартылған. Олардың дені «КСРО батыры» атағын алды.
Вермахт офицері Г.Рмеке естелігінде тывалықтар туралы былай деп жазады: «Олардың шабуылы адам шошырлық деңгейде болды және біздің солдаттарға үлес қосты. Бізге қарсы варварлардан құралған тобыр шабуыл жасады, олардан аман құтылу мүмкін емес еді».
Соғысқа кірген 10000 тывалық сарбаздың тек 300-і ғана үйлеріне аман-есен оралды. Басқасы майдан даласында жанмтапсырды.
1944 жылдың 17 тамызында Тыва Халық Республикасының Кіші Құрылтайының VII сессиясында республиканың КСРО құрамына кіруі туралы декларация қабылданды. Тывалықтардың әрі қарай тәуелсіздігін сақтап қалуы мүмкін емес болатын. Олар елдегі барлық материалдық-рухани қорды Кеңес үкіметіне көмек ретінде аударып жіберді. Экономиканы қалпына келтіру үшін олар жандарын беріп қорғаған елдің құрамына Одақтас республика ретінде емес, автономиялы облыс мәртебесінде кіруге мәжбүр болды.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАН

«Қасым» порталы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика