Ұлы Арман. (Керім АЯНҚЫЗЫ)

1 Сәуір 2018

«Тарихта ізі қалған дара тұлғалармен кездесудің киелі орны  – Театр сахнасы»  – дейді. Расымен, театр өткен, болған оқиғаны шынайы түрде көрсетеді. Қойылымды тамашалағанда құтты бір сол кезеңде жүрген сияқты сезінесің өзіңді… . Нағыз актер саған өмірде актердың бар екенін ұмыттыру керек.  Тіпті, өзіңнің көрермен екеніңді ұмытасың.. Сен  тура сол сәттің куәгері болғандай әсер аласың.. Шынайы кейіпкерлер, дауыс – барлығы көз алдында.. Неге бұлай толғанып отырмын? Себебі, мен кешегі қойылымнан сондай әсер алып, әлі де айыға алмай отырмын. Қандай қойылым дейсіз ғой? Басынан бастайын.
Сәрсенбінің сәтті күні Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры өздерінің 84 – ші маусымының ашылу салтанатын өткізді. Ашылу салтанатында театр әртістері мен шығармашылық топ қызметкерлерін көрермендер қызыл кілемнен қарсы алып қошемет көрсетті. Жылы лебіздер айтыла келе, салтанатты кеш  «Ұлы арман» атты тарихи драмалық қойылыммен ашылды. Авторы белгілі жазушы-драматург – Думан РАМАЗАН, режиссері – Айбек ҚЫРЫҚБАЕВ.     Драма бар қазақтың басын қосып, елі мен жерін сақтап қалған Абылай ханның өнегелі өмірі туралы баяндайды. Қойылым басы Абылайдың аң аулап жүрген сәтінде Жоңғар шапқыншыларының қолына түсіп қалған тұсынан өрбейді. Қоңтайшы Қалдан Сереннің: «Абылайды ұстап әкелген адамға қызымды берем» – деген жарлығынан соң Қалмақ батыры Жалбы ноян Абылайды ұйықтап жатқан жерінен ұстап алады. Қоңтайшының алдына келген Қазақ батыры жауға басын имейді. Өткір тілі, ақыл – парасаты, ержүректілі , болмыс-бітімі – нағыз батырға лайық еді. Сонысымен-ақ Қалмақ қонтайшысының мысын басып, тектілігін көрсетті. Аблайдың сағын сындыра алмай, сөзден сүрінген Қонтайшы ақыр соңында:
-Сөз қылыштан өткір, біз жеңілдік» – дейді өзінің нояндарына. Абылайдың қайраткерлігі мен өр мінезін Қоңтайшы қызы – Топыш та ұнатты. Сөйтіп, қоңтайшы оған бас бостандығы мен қызын да сыйға тартты. Абылай қамауда болғанда қалмақ ноғайы – Әмірсанамен достасып, онымен мәңгілікке серттесті. Ең қызығы – Әмірсананың тегі – қазақ болуы еді.  Соңында берген сертінде тұрмаған Қонтайшыға ызаланған, әрі намыстанған Жалбы оған  «у» беріп қасақана өлтіреді. Кейін Абылайдың ордасына барып, Топышқа да қанжар салады. Ал, Қонтайшы өлген соң билікке таласқан қалмақ билеушілерінің басы бәлеге қалады. Осы кезде Әмірсана Абылайды паналап, көмек сұрайды. Жоңғарлар қытайдан ойсыра жеңіледі.. Бұл сәттерде Абылай өз елінің қамын ойлап, Әмірсананың «Қытаймен соғысуға көмектес» –  деген өтінішін тыңдамай халқын, жерін сақтап қалады.  Әмірсана Ресейден көмек сұрап барған жерінде сол елдің босқыншыларының қолынан қаза табады. Қалмақ қызынан туған Қасым Абылайдың жолын жалғастырушы мұрагер болады. Қойылым осылайша аяқталады. Бұл драманың тәрбиелік мәні өте зор. Ержүректілікке, батырлыққа, патриоттылыққа тәрбиелейді. Абылай ханмен тілдесіп қайтқандай болдық. Қазақ елінің сақталып қалуы осындай батырларымыздың арқасы! Солардың ержүректілігін, қайсарлығын, ақылдылықтарын өзімізге үлгі қылып, ұрпақтан – ұұрпаққа жеткізіп отыруымыз һақ! Оған осындай қойылымдардың әсері мол болмақ. Сондықтан, тарихи драмалар үзілмесе , жалғасын таба берсе деген үміттеміз!


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика