Ұлттық иммунитет және психологиялық соғыс

7 января 2019

ПознерИнтеллектуалды бағдарлама керек

Мәскеуде тұрып жатқаныма үш жылға жақындады. Елдегі жаңалықты фейсбуктен, жалпы, интернеттен біліп оты­рамыз. Елде жүргенде де теледидарды сирек көретінмін. Тіпті, үйде теледидар болса да, қоспай, екі жыл теледидарға қарай алмай қалған кезім бар. Бірақ, сол екі жылда әлем әдебиетінен біраз кітап оқыдым.
Ресейлік бағдарламалардың ішінен Познердің сұхбатын үзбей көруге тырысам. Интеллектуал. Біздің журналистердің арасында «Интел­лектуалды бағдарламаны ешкім көрмейді, рейтингі төмен» деген пікір жиі айтылады. Түсінбеймін және түсіне алмайтын шығармын. Қоғам­ның  интеллектуалды деңгейін көтеру үшін интеллектуалды бағдарла­малар керек.  Сол Познердің бағдарламасын талқылап отырған талай қарапайым орысты көрдім. Демек, журналистер «Интеллектуалды бағдарламаны ешкім көрмейді» демей,  өзіне «Менің интеллектуалды бағдарлама дайындауға шамам келе ме?» деген сұрақты қою керек. Біздің қазақ – табиғатынан текті, интеллектуал халық.
…Елге барған сайын теледидардан барлық арнадан беріліп жатқан үндінің арзанқол фильмдерін көріп, жылағым келеді.  Бұл – ойын, қатыгез ойын. Халықтың жүйкесімен ойнайтын  «психологиялық соғыс» ойыны.
Ұлттық иммунитетті әлсірететін фильмдерге тосқауыл қоймай, ұлттың болашағы туралы әңгіме айту қиын.

Құрметке – құрметҚұрметке-құрмет

Осыдан төрт жыл бұрын ауылда жаңа үй салдық. Қоныс тойын тойлаған әке-шешемнің үйіне анамның құрбысы – кәріс әйел шашу шашып келіпті. Анам бір үйге тойға барса, баяғы кәріс құрбысы ол үйде де «жекжатым» деп, шашу шашып жүр дейді. Қазақтың дәстүріне құрметпен қарайтын кәріс апай өз ұлтының дәс­түріне қарағанда қазақтың дәстүрін жақсы біледі.
Қайбір жылы біздің ауылдың қазағы мен кәрісі құда болды. Кәрістер құдаларын шақырғанда қазақ көршілері киіт кигізіп, құда­ларын үйіне шақырды.
Ауылда қаншама кәріс тұрса да, кәрістер мен қазақтардың арасында кикілжің болғанын көрген де, естіген де емеспін.
Әкемнің ағасының Тимофей деген досы болатын. Марқұм көкем ет асқан сайын Тимофейді отбасымен қонаққа шақыратын. Тимофей бір шелек салатын көтеріп, бала-шағасымен келуші еді. Сол Тимофейдің әйелі қазақтың ұлттық тағамын үйреніп, кейіннен көкемді де қонаққа жиі шақырып жүруші еді. Бүгінде көкем де, Тимофей де бұл өмірде жоқ. Бірақ, сол сыйластық, мейірім олардың балаларының арасында сақталып қалды.
Өткенде ресейлік қазақ қыз маған суреттерін көрсетіп жатты. Суретте басына орамал таққан орыс келіншек бауырсақ пісіріп жүр. «Көршіміз Омбыға Қазақстанның Семей өңірінен көшіп келген. Орыс болса да, қазақтың бүкіл салт-дәстүрін біледі. Анамыздың жылында өзі келіп, бауырсақ пісіріп, етке қамыр жайып, көмектесті. Қазақшасы біздің қазақшамыздан жақсы. Қазақтар туралы өте жылы пікір айтып отырады» дейді.
Қазақтың нанын жеп, суын ішкен өзге ұлттар қазақтың тілін, cалт-дәстүрін білсе, қазаққа құрметпен қараса, ішім жылып, танымасам да, ол адамға құрметпен қараймын.

Бах әйелінің шығармаларына жиендік жасады ма?

Соңғы жылдары әйгілі композитор Бахтың шы­ғармашылығы туралы дау ушығып тұр. Бәлкім, Чарльз Дарвин атындағы Австралия университетінің музыка про­фессоры Мартин Джарвис бір­неше жылын арнап, «Композитор Бахтың бірнеше шығармасы екінші әйелі Анна Магдаленаға тиісті» деп мәлімдеме жаса­мағанда, ешкім де Бахтың талан­тына күмәнданбас еді.
БахӘлемнің музыка тарихында Бахтың есімі Бетховен, Моцарт, Шопендермен қатар аталады. Сол себепті болар, алғаш рет 2006 жылы профессор Мартин Джар­вис «Бахтың бірнеше шығар­масын әйелі Анна Магда­лена жазды» дегенде көптеген музы­катану­шылар қар­сы шық­ты. Тіпті, кей­біреулері «Мар­­­­тин Джарвис әйгілі Бах ар­қылы өзіне пиар жа­са­мақ­­шы» деп сал­­ды. Ал Мар­­­­тин бол­­са, «Әлі ме­нің өті­рік айт­па­ға­ны­ма көз­деріңді жет­кізем» деген бола­тын. Былтыр, яғни, арада се­гіз жыл өткеннен кейін Мартин  Джар­вис тағы да Бахтың «Гольдбергтің Вариа­ция­сы» және «Темпе­ралды клавир» циклі  Бахтың әйелі Анна Магдаленаға тиесілі» деп өз зерттеуінің қоры­тындысын жайып салды. Бұл жолы әлемнің композиторлары мен музыка­танушылары шыны­мен ойланып қалды. Себебі, профессор Мартин Джарвистің дәйектері көңілге қонымды еді. Тіпті, профессор  ғылыми тұрғыда зерттеп, мақала жазып қана қоймай, бұл туралы деректі фильм де түсірді.
Әлемде танымал шығарма­шылық тұлғалардың арасында бұған дейін де әйелінің шығар­маларын пайдаланып, атағы аспандағандар болған. Бірақ,  Бах – әлемде қатардағы көп танымал композитордың бірі емес, талан­тымен әлемді  тамсандырып, есімі ғасырлар бойы әлемдік ком­позиторлардың тізімінен түспей келе жатқан  тұлға ғой. Талай композитор Бахты идеал тұтып, ауырып, оған  еліктеп,  оны му­зыканың пірі санағанына үш ғасырдан асты.  Бетховен Бахтың шығармашылығын өте жоғары бағалаған.
Бахтың бірінші, төрт бала­сының анасы Мария қайтыс болғаннан кейін Бах танымал, талантты әнші Анна Магдаленаға үйленеді. Ол кезде Аннаның жасы жиырмада, ал  Бах отыз алтыда еді. Анна  күйеуіне қолжаз­баларын көшіруге көместеседі.  Себебі, Аннаның музыкалық білімі бар еді. Төрт баласы бар, мінезі қиын, өзінен он алты жас үлкен ер адаммен өмір сүру Аннаға да оңай болған жоқ.  Бахтың балалары, әсіресе, үлкен қызы Аннаны өз аналарының орнына қабылдағысы келмей, әкелерін қызғанды. Осының бәріне көну он бес жасында танымалдылыққа қол жеткізген, талантты әнші  Аннаға оңай болған жоқ.  Бірақ, ол Бах үшін, күйеуі үшін өзінің карьерасын құрбандыққа шалады.
Профессор Мартин Джарвис: «Бахтың екі шығармасын әйелі Анна  жазды», — десе де, ешкім де әлемдік музыка тарихынан  Бах­тың есімін өшіре алмайды. Себебі, Бах – өзге шығар­ма­ларымен-ақ мәңгілік жалына жармасқан композитор.

Вагнер

Оны өз кезінде «зұлым» деп атап, жек көр­гендер аз болмады. Әлі күнге дейін оның көзқарасын сынап, «еврейлерді  жек көріп, тұтас бір ұлтқа қарсы жұмыс істеді» деп айыптайтындар бар.Вагнер
Композитор Вильгельм Рихард Вагнер  еврейлерге деген жеккөру сезімін жасырған жоқ, ашық мақалалар жазды.  Мысалы, «Музыкадағы еврейлік» атты мақаласы Лейпциг консерваториясының профессорларының қарсылығын тудырды. Тіпті, кейбір мемлекеттерде әлі күнге дейін Вагнердің бұл мақаласы экстремистік материалдар  тізіміне кіріп, оқуға қатаң тыйым салынған. Вагнер өзінің «Пар­сифаль» симфониясына Герман Леви есімді еврей дирижер ететінін білгенде жынданып кете жаздайды. Вагнер  «Менің симфонияма еврейдің дирижер етуге құқы жоқ. Герман шоқынса ғана дирижерлік етуге рұқсат етемін» деп талап қояды. Герман Леви – мықты, өте талантты дирижер еді. Әрине, Вагнердің ұсынысына Герман қатты ашуланады. «Мен өзімді, өз сенімімді сата алмаймын» дейді ол.
Композитор Вагнерді «бұзылған» деп жек көріп, теріс айналған достары  да аз емес. Себебі, Вагнер елуден асқан кезінде өзінің жақын досы, композитор Ференц Листің қызы  Козимаға ғашық болып, екеуінің қарым-қатынасын бүкіл жұрт біледі. Досының қызы, өзінің көз алдында өскен кішкентай Козимаға «ғашық болам-ау, ол да мені сүйіп, күйеуінен, отбасынан бас тартады» деген ой Вагнердің басына ешқашан келген емес. Козиманың әкесімен ғана емес, Козиманың күйеуімен де Вагнер жақын дос еді. Достыққа қалай сызат түсіруге болады? Козимадан бас тартса, екі досын сақтап қалады, дос-дұшпанның өсегінен құтылады. «Жо-жоқ, өсек-аяңнан қорқып, бақытсыз ғұмыр кешкім келмейді. Козимадан өлсем де айрылмаймын» деген тоқтамға келеді Вагнер.

Вагнерді де, Козиманы да қоғам аямады. «Бұзыл­ғандар», «моральды аяққа таптағандар»  деп табалап жатты. Дос-жаран, туған-туыс, бәрі де олардан теріс айналды. Әрине, Козиманың күйеуі Ханс әйелінің опасыздығын  кешірмеді. Бірақ… ол әйелінің Вагнерді шын сүйетінін сезді. Ханс та – пианист, композитор еді.  Жалпы,  Ханс  Кози­маны сүйіп  үйленбеген. Ол Козиманың әкесі Ференц Листің танымалдылығы арқылы үлкен даңқ пен абыройды аңсайтын. Онсыз да жылуы жоқ отбасында ұрыс-керіс көбейеді. Козима кезекті ұрыстан кейін күйеуін тастап, екі баласын алып, Вагнерге кетіп қалады. Қоғам «Вагнер мен Козиманың отбасылық өмірі ұзаққа бармайды» деп «тон пішсе де», олар бақытты еді. Козима Вагнерге  екі қыз, бір ұл сыйлайды.
Вагнер алғаш рет жиырма үш жасында өзінен төрт жас үлкен Минна есімді сұлу әншіге  үйленеді.  Олардың табиғаты, өмірге деген көзқарасы мүлдем кереғар еді. Олар күнде ұрыс-керістен көз ашпайды. Минна Вагнердің шығармашылықпен айналысуына жағдай  жасамақ түгілі, оны шығармашылық адамы ретінде түсінбейді. Ол кезде жас Вагнердің тапқан ақшасы ештеңеге жетпейді.
Кедейшіліктен, жоқшылықтан қатты қорқатын, байлықты қатты жақсы көретін және күйеуіне «нан болатын дүние жазшы» деп жалынатын әйелін Вагнер бір жағынан қатты аяп, мүсіркейтін. Тіпті, әйелі Миннаның  еркелігінен қатты шаршағанда  «саған тамаша, ерекше зат  ретінде ғана қараймын» деп хат та жазыпты. Қырықтан асқанда Минна ауруға шалдығады. Вагнер торығып, бәрінен шаршап жүрген кезінде Козиманы жолықтырды. Ауру Миннаны Вагнер тастап кетпей, шамасы келгенше қарап, бақты.  Вагнер  Минна дүние салғаннан кейін екін­ші рет Козимаға үйленіп, отбасы жылуын сезінді.
Миннаның өз өміріндегі рөлін Вагнер жақсы түсінді, әрине. Минна Козима секілді Вагнерге шығармашылықпен айналысуына жағдай жасамаса да, сұлу, ерке Минна Вагнердің музасы еді. Миннамен бірге өмір сүрген кезінде қаншама танымал шығармаларын жазды.

Аягүл МАНТАЙ


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика