Ұлпан туралы

2 марта 2019

Ұлпан туралыҚазақ әдебиетінің классик жазушысы Ғабит Мүсі­репов «Ұлпан» атты романында қазақ әйе­лінің әншейін қиялдан тумаған, жал­ған дәріптелмеген, өмірде нақты про­то­типі бар көркем бейнесін жасады. 

Отбасы институты, ер мен әйелдің арасындағы табиғи үйлесім бұзылуы салдарынан Батыс қазір ерекше зардап шегіп отыр. Орыс топырағында да некебұзарлық, ажырасу, өз күйеуінен жерініп, өз­ге ерді пір тұту, ашыналық құ­бы­лыс қасіреті бар екенін классик жазушы Лев Толстой «Анна Каре­ни­на» атты қос томдық романында терең ашып көрсетті. 

Ғабит Мүсірепов «Ұлпан» атты жи­нақы романында алдына мұндай мақ­сатты қойған жоқ. Ұлпан ерден безген, сүйіспеншіліктің оты­на күйіп, басқа ерді сүйгені үшін қарекет қылған, ұябұзар әйел емес. 

 Керісінше, «Ерді кебенек ішінде таны» дейтін халық даналығынан туған дарқан мінез, нағыз ерді ардақтау арқылы елдіктің іргесін бекіткен, халқының ризық-бере­кесін қарақан басының бақытынан артық санаған өте ақылды, дана, дегдар әйел болуымен баурайды. «Алтын бас­ты әйелден бақыр бас­ты еркек артық», «Байтал шауып бәйге алмас» деп қарайтын елде Ұлпан сияқты қайратты жанның болмысы бағалана бермейді. 

Керей ішінде Сибан руының бас көтерер адамы, биі Есенейге Ұл­пан қыз қапалақтаған қар астында ұшы­расады. Есеней еркекшора киінген, батыл сөйлескен Ұлпанның қыз екенін байқамай қалады. Оның қыз екенін Есенейге дереу айта қалып, жүрегіне шоқ түсіріп жіберген «түркпен» Мүсіреп: «Ие, қыз!.. «Міне, айыбым!» дегенде көз құйрығымен өзіңді бір шарпып өткенде неғып байқамадың?» дейді. Жазушы «шарпып» деген сөзді текке қолданып тұрған жоқ. Махаббат оты демде тұтанғанының тұспалы. Романның дилеммасы мен драмасы осы эпизодта бірден жарқ етеді. 

Қазақ әдебиетінің драма жанры мен кино өнеріне өшпес олжа са­лып, «Қыз Жібек», «Ақан сері – Ақ­тоқ­ты» сынды шедевр дүниелер ту­дыр­ған Ғабеңнің қаламы жазуда әбден ұш­талған, стилі мықты, қу сөзге әсте жоқ. Қысқа да нұсқа. 

Есенейдің ағайыны «түркпен» Мү­сірепті елші қылып, өзіне сөз сал­ға­нын естігенде Ұлпан жаны тосырқау, жатсыну­ды сезінеді. Бұл жазмыш сөзді естіген сәті жас қыздың жүрегіне қанжардай қадалды. Әкесі Артықбай батыр қа­тар­лы, өзінен кем дегенде қырық жас үлкен Есеней, ел ағасы, көсем, патриарх.  
«Ағашқа асылып өлмесең құтыла алмайсың. Есенейден арашалап алып қалар адам жоқ. Айтты – болды.  Ба­сың болса ие бер, тізең болса бүге бер». «Ұлпан бір түсініксіз күлкімен кү­ле бас­та­ды. Жынданып кеткендей аты­нан ауып, ар жағына қарай құлап барады». 

Ұлпанның жас өмірін қимайтын, үл­кен кісіге күйеуге барғысы жоқ бал­ғын көңілін жазушы шебер пси­хо­логиялық иірімдерімен бере алған. 

Есеней Ұлпан үшін кемітетін ер емес, ердің ері, («Шіркін-ай, бұдан қырық жыл бұрын қандай болды екен? Бұған кездеспегенде кімге кездесер едім? Сөз жоқ, бір жасқа кездесер едім. Сол жасым Есенейдің оннан біріне тұрар ма еді? Кім білсін…жоқ, тұрмас еді!») әттең, жасы ғана жасына сәйкес келмейді. Ұлпанның мықтылығы сонда, ол әзелде жаны қаламаса да Есенейге күйеуге тиюді мұрат қылды. Ол елдік мұрат. Кез келген шөпжелке қыздың қолынан келмейтін, тіршілікті дүниемен өлшейтін кейбір ойы шолақ, таяз әйел затының түсіне кірмейтін ұлы мұрат. Ұлпан жайнаған жастық дәуренін осы елдік мұрат жолына қиды. Есенейдің беделі мен билігін ол қараңғылық құрсаған елін алға жетелеу үшін пайдаланды. 
Қазақ байлығы жылқысында. Есеней – исі Сибанның бай адамы, ел қорғаған бас батыры, биі. Оның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. 

«Есенейдің құрығы мойныма түсе қалса, оны алып кететін күш біздің аз ғана ауыл кірме Күрлеуітте жоқ. Құдай салды – біз көндік. Бірақ, ағаңның есінде болсын – Ұлпан арзанға түспейтін қыз». 

Ол Есеней ордасының бәйбішесі болғысы келетінін, «Мен үлкен үйге кіремін де, төрінде отырамын» деп кесімін алты қарыс азуын айға білеген биге өз аузымен айтады. Үлкен үй – билік. Есенейдің көзі тірі­сінде-ақ, Ұлпан бес болыс Сибан­ның қамқор анасына айналды. Сөйтіп, оның құрбандығы ақталды. Ғабит Мүсірепов осы бір адамдар арасындағы аса күрделі қарым-қатынасты диалог, оқиғалар арқылы табиғи суреттейді. 

Ұлпан даму дәрежесі артта қал­ған жұпыны елге қанатымен су сепкен қарлығаштай әрекет қылды. Монша, қыстық үй сияқты сол кездегі кедей тірлік, надандықтан езілген елге жақсылықтар нышандарын алып келді. Әйтпесе, қыс бойы киіз үйде отырған қазақ руларының жас баласы қысқы ызғарды көтере алмай, өкпесіне суық тиіп, тез шетінеп кететін еді. 

Ұлпанның ел анасына айналған тұсы Есенейдің қалың жылқысын қарауындағы елге бөліп беретін, кісі ақысын жеуді ар санайтын бекзат адалдығы. Бұл мырзалық деуден гөрі имандылық, теңдік белгісі. 
Есеней өлген соң Ұлпан бекзат­тығынан айырылған жоқ. Әттең, ол қыз емес, ұл болып туатын жан.  

«Ұлпан бұл кезде қара жамылған қаралы әйел. Он ауыл Сибанды Есенейдің қазаны мен қолына қарап телміріп отырудан біржола құтқарды. Қашаннан Есенейдікі болып келген кең жерді әр ауылға бөліп берді. Мұнысы жалғыз бұл ел емес, жалпы Сібір казактары үшін жаңа бір үлгі еді. Оның аты не екенін Ұлпан өзі білген емес. Кедейлік жаншып, ділгірлік сорына белден батып отырған жоқ-жітікке жаны ашыды да, қолдан келерін істеді де берді. Қазір Есенейдің малы екі есе азайды, оның есесіне ел Сибанның малы он есе көбейді. Әр үй өз текесін, өз айғырын мақтасып отырады. 

Ел аздап егін салады, шөп шабады. Бала-шаға дірдектеп қыс бойы киіз үйде отырмайды, жылы, қысқы үйде отырады. Әсіресе, осы қысқы үй үшін ел-жұрты Ұлпанға қатты риза». 

Ұлпан өзін Есенейден жоғары қоймайды, артық сезінбейді, байлықты малданып, айналасына ызғарын шашып, бекер өктемдік қылмайды. Өйткені, оның бойында «Қырық есекке жүк болатын» сайқалдық, күншілдік, ардан безу жоқ. «Жеті жылдан бері малымен болып кеткен адамның әділ би деген атағы көмескі тарта бастап еді. Ұлпанның атағымен бірге қайта көтерілді. Ұлпан олай ойлай қоймаса да, Есеней солай сезінді. 
– Ақнарым, сен мені адам қыла бастадың, – деді аттанарда. 
– Жоқ, Есеней, сен көлеңкең күндік жерге түсетін бәйтерексің. Мен сенің саяңда шырылдаған бозторғаймын. Менің құдайдан бірінші тілегім сенің амандығың! – деді Ұлпан. – Сенсіз мен кім болар едім?.. ». 

Расында солай. Қазақ әйелді еш­қашан ерден асырмайды. Бұл оң көз­қа­рас, жаугершілікте ел қорғаған ерлер, мал табатын, отбасын асыраушы ерлер, нәсілді сақтайтын ерлер болған соң туған әділетті өмір заңдылығы. Н.С.Лесковтың «Мценск уезінің Макбет ханымы» («Леди Макбет Мценского уезда») атты повесінде махаббат жолында ада­сып, көңілдес еркекке бола өз ерін өлтірген әйелдің бейнесі сом­далған. Ұлпан ақ жүрек, Ұлпан адал, Ұлпан нағыз қазақ әйелі. Ол қа­за­қы танымнан шығандап шық­пай­тын дәті берік, намысы күшті әйел. 

Мемлекет басқаратын адамның бүкіл нышаны, қайраткерлігі, үлкен жүрегі, мейірім шуағы, имандылығы Ұлпанның бойында түгел бар. Оқы­май қалғаны бөгет болмаса Ұлпан тәрізді әйел қазіргі заманда ең биіктен көрінер еді. 
Есеней

Есеней – тарихи тұлға, атақты Сырым батырдың жиеншары. «Сырымның кісесі Есеней үйінің бір қара сандығында жетпіс жылдай жатты. Есеней – ауыр сүйекті, балуан денелі адам. Бар өмірі ат үстінде өтіп келе жатқандықтан, үсті-басы қол батпайтын білеудей-білеудей бұлшық ет, қарны шыққан емес». 
Заманда болған ер Есе­нейдің әділ­дігі ә дегенмен айқын болды. Жас жігіт кейпінде келген Ұлпан Қаршығалы шұбарын паналап қонып қалған үш ауыл кірме Күрлеуіттің арызын қыр шонжарына жасқанбай, тік айтқан аталы сөзіне дән риза болып тыңдайды. Қос ұлы тірі болғанда жігіт болып өсер еді-ау деп балаға зәру би іштей сүйсініп, қызыға қарайды. Оның қыз екенін білгенде көңілі өзгеше құйқылжиды. Өзін өлімнен құтқарған Артықбай батырдың қызы Ұлпан. Нышан табылды, жүрек бұлқынды, енді өмір өрбиді. Автор тіршілікті, құс жолындағы, жер бетіндегі мәңгілік тартылысты, айналысты түйсік, ибамен береді. 

«Есеней қазір діндар адам болғанымен бір кезде аса адуын, озбыр би болатын. Орыс шекарасын паналай отыратын Нұралы деген момын елдің барлық жерін тартып алып, далаңқы жайлауға айдап тастағаны бар-ды. Момын ел қарғап-сілеп кеткен екен – келер жылы Есенейдің екі ұлы қара шешектен бір күнде, бір сәттің ішінде бірге өліп кетті». 

Ғабит Мүсіреповпен елдес, жерлес, заманы бір көрнекті жазушы – Сәбит Мұқанов. Сәбеңнің «Халық мұрасы» атты кітабында: «Біздің елде «бес мың жылқы болыпты» деген Есеней сабаны алты айғырдың терісінен тіктіріп, атын «Тай жүзген» қойған екен. Сол сабаны ысқа қойғанда, ауыз жағы қурап кетіп, бұған ашуланған Есеней ыс салған адамның үйірге түсіп тұрған айғырын сойғызып, терісін сабаның құрғаған аузына жаматқан» – делінген. 

Билік иесі болу – зорлықшылдық. Сәбең мен Ғабең айтқан осы екі эпизод Есенейді ақтап тұрған жоқ. Оның қатыгез, момынды ренжіткен озбырлығын танытады. Қазақ ұғымында киелі мал болады. Бір елдің күнкөріс жерін тартып алу, үйірге түсер ата малды рәсуа қылу – күнәһар зорлық. Оның қарғысы болады. Бірақ сол кездегі қазақ дәстүрлі қоғамында бұл үйреншікті қалып болған. Бұл қатігез мінез аламандық, абадандық саналған. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» атты роман-эпопеясындағы ру арасы түгілі, ру ішіндегі сұмдық тартыс, ағайын араздығы қашаннан қазақ әлеуметінде болып келеді. Өйткені, ол өктемдік айдан түскен жоқ, тегіс адамзат қоғамына тән теңсіздік идеологиясы, зорлық-зомбылық. 

Есеней бейнесі романның өне бойы біртіндеп ашыла береді. Қартайған сәтінде жолыққан Ұлпан – оның бақ құсы, әрі қорғаушы періштесі. 

Романда Есенейдің інісі Емен­алы образы жан-жақты ашылған. Ұлпан адуын сарықарын бәйбіше, жалғыз қайнысының әйелі, абысыны Айтолқынды ә дегеннен орнына қойып, мүйіздеп алады. Оның үлкен үйді өзі билеп-төстеп қалғанын біледі. Қазақ салтында жап-жас Ұлпанның ересек Айтолқыннан жолы үлкен болып саналады. Мұны ол билік, байлық үшін істемейді. Ұлпанның статусы – ел анасына айналу: «Ұлпан Сибанның ең үлкен әйелі, ел бәйбішесі!». 

«Жабағы сұрайды, қыл сұрайды, сүт сұрайды, ұн сұрайды, киіз сұ­райды, шай сұрайды, бөрікке тыстық, көйлекке түйме сұрайды, жайлауға көшетін көлік сұрайды… 

Ұлпан ешкімнің қолын бос қай­тармай бере берді. Мырза келін атанғысы келіп берген жоқ, әлденеге іштей наразы, әлденеге іштей намыстанып үлестірді. 

Қандай әдемі қыз-келіншектер қайыршыдай жалаңаш, қайыр­шы­дай сұраншақ. Шешелері әдейі ертіп әкелетін балалар өңкей мес қарын, ши борбай, ірің көз… бұ­ларға өмір тілеу, бақыт тілеу мазақтау сияқты сезіледі». 

Кедейлік, жігерсіздік, жоқтық шегіне жеткен зардабын Ғабит Мүсірепов «Этнографиялық әңгі­ме» атты шынайы суреттеулерге толы әңгімесінде ашып көрсетті, сатиралық образ жасады. «Ұлпан» атты романындағы кедейлік басқаша сипатта. Елге жаңару керек. Заман лебі солай соғады. Ұлпан соны түсініп, Есенейдің бес мың жылқысының жартысын қол астындағы елге бөліп береді. Туған жұртының әл-ауқатын көтеруге ол жанын салады. Артынан тұрмысы түзелген, тоғайған ел Есенейден ештеңе дәметпейтін болып кенелді. Бұл Ұлпандай дана әйелдің арқасы екенін Ғабең сүйсініп суреттейді. 
«Бұл араның қазағына егін салдырды, шөп шаптырды, қыстау салғызды. Бұл елді қазір жартылай отырықшы дей аламыз», – дейді жазушы ұлық орыстың аузымен. 

Ұлпанның қайраткерлігі кісі ақысын жемеу сияқты имани ұғымда тіпті жарқырап көрінді. 
«– Есеней-ау, мына қараша ауылды сен неғып көрмей жүрсің? Өзіңе ұят қой! – деді. 
– Осы қырық үй малшы-жалшылардың қырық жылдан бергі жалақылары сенің мойныңда кете беріпті… обал ғой, – деді. 
– Айналайын Ұлпанжан, соны маған ендігәрі айтпайтындай болып, өзің тындыршы, екеумізге екі айғырдың үйірі жылқы қалдырсаң болды. Менің ендігі байлығым жалғыз сен… асырарсың бірдеңе қылып…». 

Ерлі-зайыпты екі адамның арасындағы осы диалогтан айқын, елге тұтқа Есеней мен оның сүйіп алған қосағы Ұлпанның жаны таза жан екендігі. «Еркексің ғой сен, еркексің, Есенейжан!» дейді ол әйеліне, билігін ғана емес, өзінің Есеней атын қоса қиып. 

«Қатын қайраттанса қазан қай­натады» деп түсінген қазақ қоға­­мын­дағы стеротипті Ға­бит Мүсіре­пов бұзып отыр. Сүйіс­пен­ші­­лік хисса-дастандарында дәріп­­те­летін қыз-келіншекті әлеуметтік биік­ке көтерді. Өйткені, Ұлпан атаме­ке­нінің елге сыйлы, аяулы адамы. 

«Жас әйел Ұлпан асқан ақылды адам еді. Өз айтарын әуелі Есенейге айтқызып алып, өз байламын әуелі Есенейге байлатып алып жүр. Есеней де «мына қатын былай деп еді» деп Ұлпанның атын шығара сөйлейді». 

Жазушы Есеней мен Ұлпан екеуінің арасындағы шынайы жарасымды дәл бейнелейді. Ол тіпті өз атасы «түркпен» Мүсіреп пен әжесі Шынардың алғаш шаңырақ көтерген кезін бейнелейтін тұстар­ында мол. Ұлпан Шынарға еркін­дікті уағыздайды, бірақ ол лағып кету емес. 

Ұлпан әйел бақытын сезіне алған жоқ. Ол басқа бір құдіретті сезінді. «Ерте тоқыраған аналық» дейді автор, бір қыз туған Ұлпан, сол жарығынан ерте айырылып, мерзімінен бұрын ажал тапты. Қара ниетті адамдардың көре алмаған, қызғаншақ кесірі тиген шығар, романда бұл сарын, сүйікті қызы Біжікеннің қаза болуының сыры ашық айтылмайды, астыртын беріледі. 
Ұлпанның айналасы

Еменалы ескілікті тұрмысқа әбден үйренген, кертартпа. «Ата-бабамыз киіз үйде туған, сонда өлген» деп ол қасарып жалғыз оты­рады. Ұлпан оны елмен бірге көші­реді. Соған ақылы жетеді. Есе­нейдің інісі болған соң ол басын­да әйелі Айтолқын екеуі «ана жалаң бұт келген тоқал» деп бұй­рығына шамданатын Ұлпанды жек көрді, бірақ беделі, мәртебесі зорая түс­кен жеңгесінің адамшылығын, ел қамын ойлаған даналығын мой­ындауға мәжбүр: «Сенемін, Ұлпан, сенемін. Сен бір әулиедей адал адамсың ғой. Бірақ, мен Есенейдің малын талап жатыр деген атаққа қалмаймын. Бір лағыңды алмаймын. Өзім де сотқар едім, балаларым менен ұзап қайдан барсын». 

Бұл кісілік, жөн білгендік емес пе! Еменалы жаман адам болса, ең әуелі Есеналы өлген соң артында қалған үйір-үйір малға талас қылар еді. Ол тіпті, Ұлпан үш ұлдың еншісі деп бөліп берген тиесілі малды алмай қояды. Онысы бекер болды, Есенейден қалған тұяқ Біжікенді аман сақтай алмаған күшік күйеу, қайырсыз Торсанның игілігіне айналды. Еменалы Абай өлеңдерінде шенеген малдан басқада ісі жоқ сасық бай емес. Иманы түзу. 

Еменалыны ықтырған Ұлпан тік айтқан шындық. Ұлпан қандай батыр, ірі сөйлейді! «Сибан сені Есенейдің алдында айыпты санайды. Айыпты екенің өтірік пе? Тыжырынбай тұра тұр! Сен Есенейдің өліміне де ортақсың! Есенейге ең соңғы тиген қара шоқ­пар сенікі болатын, содан кейін Есеней бір күн төсектен тұра алды ма? Тұра алған жоқ! Енді сен сол Есенейдің қатыны Ұл­пан­ға әмеңгер болып Есенейдің төсегіне жатқың келетін көрінеді. Есің бар болса, енді Есенейдің төсегіне ешкім жақындамасын деп ағаңның аруағын қорғай жүрер едің-ау! Оны ойлаудың орнына өзің жатқың кепті. Әмеңгерлік хайуандықтың бір түрі емес пе? Ұялсаңшы! Есенейдің жалғыз мұрагері менмін деп дауласқалы отыр екенсің. Өзіңе керегі мал ма? Қанша керек өзіңе? Күні ертең үш балаңды ертіп кел де қанша мал керек болса, соншасын айдап жүре бер. Маған мал керегі жоғын неғып түсінбей жүрсің? Биыл Есенейге ас беремін депсің. Беріп көрші, бір Сибан қатынасар ма екен! Сонда қандай масқараға ұшырайтыныңды білемісің сен! Есенейдің асын биыл өз үйі берді, келер жылы сен бер. Ашпа аузыңды, жықтыр үйіңді! Көш жайлауға!». 

Сөйтіп, Еменалыға Сибанның қалаған жерінен қоныс берген Ұлпан оның тоңторыс қырыстығын жеңді. Ұлпанның небір ділмәр шешенге лайық аталы сөзінде ескі қазақ тұрмысының бүкіл айқын белгілері тұр: рулық, әмеңгерлік, ағайын араздық, малға талас, жерге талас, ас беру, көш, мал ашуы, мораль мәселесі. Аталы сөзге арсыз тоқтамайды. Еменалы Ұлпанның ақ сөзіне тоқтайды. 

Еменалы түгілі Есеней кеткен соң жесір әйелді талап алғысы келген болыс-билерді ақылымен жеңген Ұлпан. 

Романда этнографиялық деректер мол. «Балалар бай, кедей деп алаламай көш бойында кетіп бара жатқан барлық әйелдерден бәйге алады». Алтыбақан, бастаңғы, т.б. 

Жазушы өз атасы Мүсірепті ерекше сүйіспеншілікпен сурет­тейді: сыбызғышы, күйші, атқұмар, әдемі киімді ұнататын, сері. Авто­портрет сияқты. 

«Түркпен» Мүсіреп пен Шынар­дың ауылындағы сауық-сайранды суреттейтін тұстарында жазушы қазақ мінезін, үлкендерден ығысып, жастардың булығып тұратын сәтін шебер суреттейді. «Отау үйлерде жас келіншектерге бір теңдік тиіп қалады. Өз үйлерінің төріне шыға алмайтын жас келіндер төрге шығады. Еркектермен бірдей құрметтеледі. Қыз күнінде бар өнерлері, келін болып түскен соң құмығып қалатын өнерлері осындайда бұзып-жарып шыға келеді». 

Романдағы Торсан Тілемісов бейнесі жаңа низаммен бірге қазақтың тұрмысында көп өзгеріс болғанын ашады. «Ел биледі бір сымпыс» деп Абай осындай типті жырлайды. Зар заман ақындары: Шортанбай, Дулат («Қазақтан шыққан кәпір») бұлардың образын өлеңмен таңбалап кетті. 

Бұлар әуелі орысша оқып келеді, тілмәш, ауылнай, болыс болады. Сосын қара халықты ақ патша үкіметімен қосыла қанаудың, баюдың жолына түседі. 

Торсан Тілемісов И.А.Гонча­ровтың «Обломов» атты романын­дағы Андрей Штольц образын еске салардай. Пысық. Әкесі Тіле­містің Есенейде кеткен кегі бар. «Бұдан он жеті жыл бұрын Есеней Тілемістің әкесіне шошқа бақтың деп дүре соқтырған еді». Мұсыл­маншылықты ел ағасы басқаша қалай қорғайды?! Соны білер-білмес, бірақ Есенейге өштіктің уытын осы күйеу бала Торсан алады. Ол Есенейдің шаңырағын ортасына түсіріп, отын сөндіріп тынды. 

«Талпақ танау» атты керемет әңгімесінде Ғабең қазақ же­рі­не шошқа әкелінген сәтін траги­комедияға айналдырып, сатира, юмормен көркем суреттейді. Сондықтан, Есенейдің бір момын қазаққа шошқа бақтың деп дүре соқтырғаны қорлық-зорлық емес, ашынудан туған әрекет деп жазушы ақтап тұрғаны  
айқын. 

Керей-Уақ туыс ел. Құдалық сөй­лес­кен Шайғөз-Уақ руының кісілерін тың­дап, Ұлпан Есенейден туған жал­ғыз қызы Біжікенді Торсанға қосуға қи­ды. Торсанды қызының теңі деп білді. 

Торсан тектілік таныта алмады, ақыры қызы кенет қайтыс болған Ұл­панның сорына Есенейден қалған қара шаңырақты мал-мүлкімен, жерімен қоса иемденіп, Жәуке деген ұятсыз әйелі екеуі бұл әулеттің түбіне жетті. 

Жәуке тұрмыста аз кездеспейтін шайпау әйел. Ақылы өзінен аспайтын нашар, әйтпесе, Жәуке де Күрлеуіттің қызы. Ұлпанды апалап сыйлап тұрса, байлық иесі Ұлпан екенін білсе, бұндай сорақы сұмдықты жасамас еді. Ұлпан ана өз үйін өзінен қызғанып, құзғынша тартып алған Торсан мен Жәукенің тексіздігін, жалғыз қызы Біжікеннің беймезгіл ажалы салған күйікті көтере алмай мерт болады. 

Романның басы мен аяғында кездесетін бір жаңылтпаш сөйлем арқылы Ғабит Мүсірепов «апама жездем сай», пейілі теріс Тор­санға дәл табылған тоғышар, дүниеқоңыз, қаты­гез жартысы Жәукенің характерін білдіретіндей: 

«Ұлпанды кіші баласы Мыр­заш­қа айттырып қой­ған Тү­лен­нің әкесінің әкесі Тілепбайдың ше­шесінің сіңлісі Ақбайпақтан туған Қарабайдың Қайыркелдісінің жиені Игембердінің немере қызын алып отырған Ырым­бектің Жәуке деген қызы бар еді. Торсан соған үйленді. 

Ырымбек Ұлпанның жылқы­сын баға жүріп, бұл кезде байші­кештеніп алған еді». Алпамыс батыр жоқта елді билеген Ұлтан құл, оның сақау қатыны Ба­дамша еске түседі. Біреу­дің басындағы құдай берген ба­ғын күндейтін адамдар жарық дүниеде аз емес. «Біреу өлмей біреуге күн жоқ» деу сондай қара ниет­ті адамдардың философиясы. 

Торсанның сол елде ұзақ жыл бай, әкім болғанын Сәбең көркем шығар­маларында жазады. 
Романда қазақтың әлеуметтік өміріне үлкен өзгеріс ене баста­ға­ны Ұлпан Есенейдің қырық жыл­қысын саттырып, сауда жаса­ған Тобыл базары, орыс, татар сау­дагерлері, жерге қатысты ұғым­дар арқылы ашылады. Қабан мен Жетікөлдің арасында әйелдер мо­нас­тыры салынғанын жазушы Тұр­лыбек бидің аузына салады: «Сондағы екі жүз он тоғыз қыз­дың бәрі жесір қатын емес пе? Әйелді жарылқағаның осы ма?». Бұл қазақы танымнан бөлек целибат, некесіздік ұғымы жат мұсылмандық ұғым. 

«Шынына қалғанда Байдалы он бес десятина дегеннің қанша жер екенін дәл шамалай алмайтын адам еді. Тек өлшеп берілгендікке қарсы. Ол өлшеуі жоқ жерге, өлшем-шегі жоқ, ата қуалаған билікке үйренген адам». 

Жазушы дәл осы ойды қан­дай мақсатпен айтып отыр?! Шынту­ай­тында, ол Байдалы биді жақтап отыр. Өлшеуі жоқ кең далаға ие болу бүкіл қазаққа тән сана. Ол ішпей-жемей көңілді тоқ қылатын кеңдік, азаттық. Ғасырлар бойы сол кеңдікке әбден үйренген, жау­дан зұлымдық келмесе құдай өлтірмейді деп дүние танитын таза ел. Оның қарадай тарылғанын қай қазақтың жаны қалайды. Бұл өзі қанмен, текпен берілетін қасиет. 

Романдағы колоритті образ – Қожық қарақшы. Қасқыр қуып, көлдегі жылымға ат-матымен құлап кеткен Есеней суық далада дерт жабыстырып оралды. Ақыры, сол апат оның түбіне жетті. Олар түнде бір жылқышы қосына кездесіп, Қожықтың қосы екенін білген соң қонбай кетеді. «Қожық ұры, атақты сотқар еді. Жүз жігіт баукеспе ұры ұстайды. Жолаушы тонайтын жолбасарлары да бар. Талай кедей ауылдарының жылқысын тал түсте тартып әкетіп, теңдік берген емес». Ол Есенейдің қас дұшпаны. Қожық барымташылықты ұстанған, бұ­рынғы дәуірде әр елде, әр руда кездескен қанішер ұры. Қазіргіше мафиоза басшысы, «крестный отец». Аламандық адамзатта өзгермейтіні қайран қалдыратын құбылыс. 
Роман кейіпкерлері Ғабеңнің рулас, аталас туыстары шыққан ортасы. Ғабең өз ортасының шындығын жазып отыр. Психологиялық портрет жасауда деректі тұлғалар болған соң жазушы қаламына оңайға соқпасы анық. 

Романдағы Шыңғыс төре, Кене­са­ры сұлтан тұлғасына, оның ұлт-азаттық қозғалысына жазушы салқындық танытады, оны билікқұмарлық деп бағалайды. Төре тұқымынан кілең жа­ғым­сыз бейне жасайды. Қазақтың елді­гін бекіткен, басын қосып, жоң­ғар­дан теңдік әперген, Бұқар жырау, Үмбетей жырау, Тәтіқара жырау артқы ұрпаққа аманат қылып, ұмы­тылмас бейнесін жырға қосқан ер Абылай ханның тұқымы Кенесарыны Мағжан сүйіп жырға қосқан, қазақтың талай ақындары дәріптеген. Советтік дәуірде өмір сүрген жазушы бұл ретте идеологияның әсерін бастан кешкен жоқ па, сол ісіне артынан өзі өкінген жоқ па? – деген күрделі сауал туындайды. 

Ғабең діни білімі жетік ғұлама Науан хазіретті Ақан серіге қарсы қылып суреттегенмен, өмірде бұл екі тұлға бір-біріне қарсы болмаған деседі. Шығармашылықта рухани қай­шы­лықтар жүрмесе, жазушы қоғам­ды өз ырқымен бағаламаса, онда тіршіліктің жұмбағы оңай, қитұрқысы жоқ, бір клеткалы инфузория сияқты арзан болар еді. 

Еліміз тәуелсіздік алған соң қазақ баспасөзінде Сәбит, Ғабит, Ғабиден сияқты ірі жазушыларды сынап, олар советтік социалистік әдебиетті жасады, күні өтті, енді олардың бізге керегі жоқ деп жар салып жүргендердікі теріс, әбестік, ұят қылық. «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық» деген шала ес ұғым әдебиет пен өнерге мүл­дем жүрмейді. Мұны айтып жүрген топ негізінен прозаға үмітті. Бұлай жер өртеп ат шығарудың қажеті қан­ша? Әдебиет кең әлем. Мықты болсаң жерде қалмайсың. 

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА, 
жазушы. 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика