Ұлмекен Мырзабекқызының өлеңдер топтамасы

5 Наурыз 2018

Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық Университеті, Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің 2017 жылғы түлегі.  1995 жылы, 4 тамызда ОҚО, Шардара қаласында дүниеге келген. Ы. Жақаевтың 125 жылдығына орай өткен мүшәйраның Бас жүлдегері.  «Шабыт» шығармашылық жастар фестивальінің Дипломанты. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өткен бірнеше мүшәйралардың Жүлдегері.  «Арман аралы» атты жыр жинағының авторы


Ай, маған сұлулық берші,

Бір кейіп жасайын.

Таң, маған жылулық берші,

Сырымды ашайын.

Күн, маған жылу, нұр берші,

Бір жарық жағайын.

Жер, маған сұлу гүл берші,

бір ауық тағайын.

Бал-бұлақ, суыңды берші,

Жолыма шашайын.

Мөп-мөлдір тұнығын берші,

Шөлімді басайын.

О, Тәңір, ғаламды берші,

Кеудеме салайын.

Қолыма қаламды берші,

Бір өлең жазайын.

*******

Теңіз. Арман аралы.

Ол әлемдердің шетінде.

Ауасы қалқып барады,

Бұйда бұлттардың бетінде.

Иінін салған тауларға

Созылтып көсе мойынын.

Тербелген толқын таңдарда

Ән салар әсем, ойы мұң.

Теңіздің түбі қазандық:

жанды да жансыз кіл көсең.

Алабы алып бұл елде,

Табиғат, өзі – Күн-көсем.

Бәрі, бәрін… тәрк етіп,

Кең тыныстап, сәл күліп.

Су еліне сүңги сап,

Кетсем ба екен мәңгілік?

КҮЙ

Жарығым менің, жанарым менің,

Жаныма дәру жазарым едің.

Бұлттармен бірге барады көшіп,

Ауада қалқып ажарың сенің.

Мақпалым менің, мақтаным менің,

Өлеңмен бірге жатталып едің.

Сөзімді сезім сазымен демеп,

Қаламға ғана ақталып едім.

Көңілдің демеп күйік күндерін,

Сенімен ғана биікпін дедім.

Көңілді мұнша көркем сөйлеткен,

Білмеймін, менің сүйіктім бе едің?!

Ғұмырым менің, жуық тағдырым,

Қай жерде сені ұмыт қалдырдым?

Көңілден ғана жауатын бір сәт,

Сен өзі кімсің, суық жаңбырым?

Күндер!

Бола жатса келісім,

Бала жатар жаңа Өмір?

Сен келіссең, мен үшін

Көңіл жақта жаңа өңір.

Қорқынышты ал менен,

Мәрт көңілің сол сенің.

Сауға болсын ал сенен,

Сыйлап кетші зор Сенім.

Мен берейін қайғыны,

сен қабыл ал шошынбай.

Мен білмеймін қай күні,

Шаттық орнат досымдай.

Бөленгенде ізгі, ақ таң,

Махаббатқа мерейім.

Жүрегімді сыздатқан

Жалғыздықты берейін.

Дәтке қуат бітіріп,

Сен бергенде қайратты.

Күмән тұрмай кідіріп,

Саған көзін байлапты.

Сағынышты, күтуді,

Тағы сыйса өкініш.

Ақтарып сап берейін,

Алып кетші, өтініш.

Қой, не керек? …сыйлар ма ең,

мәңгі бітер Бақытты.

Ал мен саған сыйлар ем,

мына жалған Уақытты.

Сұр бәтеңке

Тарса, темір қойған соң қадау қылып,

Тар кепенің ішінде қараңғылық.

Сықырлауық есіктің саңлауынан

Қараша жел соғады қадам қылып.

Міз бақпайтын қалпынан марғау қылық,

Қозғалғандай зіл-батпан жарау құлып.

Ақ шуаққа талпынды сұр бәтеңке

Қожайыны секілді Адамды ұғып.

Ақ шуаққа, ауаға талпынады,

Шаң кептелген мойыны шарқ ұрады.

Бір-біріне байланған қара баулар,

Қан жүргендей өзді-өзі тартынады.

Қожайыны басқа ойға қимай бөтен,

Сұғанақтап сүңгиді,

(Қимайды екен).

Бұған таныс сол табан, сол башпайлар

Қу, дүние-ай, ендігі сыймайды екен.

Бәрі өткінші, дәурені майлы жақпа,

Көкірегіңді асқақтат, асқақтатпа.

Резіңкелер қатары – монша оты боп,

Ал еркіндік алып ұш Аспан жаққа.

Өзім туралы

Қуаныш күлкіде,

Қызғалдақ бір дауыс.

Білмеймін, бұл кімде?..

Бұрыннан жүр таныс.

Бұл – менің шаттығым

Ұмытып қалдырған.

Ақ демім, аптығым

Ақ желді талдырған.

Келбетім тұр көкте

Нұр шуақ жүздіріп.

Ал бұлттар үркек пе,

Тұр оған үздігіп.

Көркімді құралай

Көздеумен армандап.

Алалай-бұлалай,

Әнекей, орман жақ.

Тұр мұнда бір әйел,

Ол, әлде, анам ба?

Ақ жамал – үр әйел,

О, ғажап, нанам ба?

Айта алмай шатпақ жыр,

Бар деймін үйде кім?

Желпиді аппақ нұр,

Аппақ шыт көйлегін.

Дәл менен аумайды,

Аумайды бұ жалған.

Көңлімді аулайды,

Басымды бұралман.

Әуен

Көктем. Гүл. Әуенді шалғындық,

Бастарын шұлғиды қурайлар.

Аппақ шық, айнала балғындық –

Көктеме таңында туды ойлар.

Аралар ән салып оянды,

Көбелек секірді гүлден-гүл.

Атырап ақ нұрға боялды,

Күн шуақ!

көркіңмен түрлендір.

Самал жел – Алланың әуені,

Еседі бір майса ынтығып.

Сағыныш, сары мұң әлемі,

Көшеді, бір жылап, бір күліп.

Таң ата жол жаққа үңілдім,

Қарлығаш келіпті мекендеп.

Далаға аптыға жүгірдім,

Мен Сені оралды екен деп.

2018 жыл, 26 ақпан

Әр өлең – бір дұға

Бір өлең жаз, жаным, жүрекпен,

Жаз, жаным, аршылып.

Сезімнен кешегі бір еккен,

Көктесін тал-шыбық.

Сімірсін сусындап көк пен жер,

Бір жақсы дұға ет.

Гүлденсін, түрленсін көк пен бел,

Сейілсін бұла кек.

Ақ самал алдымнан уілдеп,

Бір дұға еседі.

Бұралаң баурыңа бүйірлеп,

Орнықпақ деседі.

Ақ өлең жолдансын әлемге,

Жасасын, игілік.

Салынсын сазды бір әуенге,

Билесін илігіп.

Аналар әлдилеп ән салса,

Толысқан жыл-айы.

Жүректен жүрекке арналса,

Ол – бақыт шынайы.

Жүргенше алыстан ынтыға,

Ғашықтар қосылсын.

Әр өлең, шынында, бір дұға,

Дұғалар оқылсын.

Жеңіс әуені

Белгісіз күйде жүрмін үздігумен,

Үздігумен…

жол жақты сүздігумен.

Хабарласып, хат жазып, келмесеңіз,

Айтыңызшы, сұрармын сізді кімнен?

Мен бақыт күтіп жүрмін күннен, айдан,

Білмеймін, келетінін қашан, қайдан?

Махаббат миуасы ауада тұр,

Барады қалқып сезім қанат жайған.

Ақ ауа!

Сәлемімді айт оған деген,

Жақында бір қоңырау соғам дегем.

Мөп-мөлдір сезімімді айт, нәзік жүрек

Жартысын бөліп алып соған берем.

Екеумізге су, ауа, ай да ортақ,

Бір жүрекпен соғамыз қайда болсақ.

Жараламыз біз қайта екеу болып,

Басқа өмірде қайтадан пайда болсақ.

Міне, мен де дайынмын!

Келді алыс таң,

Ақ ниеттер күмәнді жеңді алысқан.

Теңімменен табыстыр,

Уа, Жаратқан,

Шегі болар аңсаудың енді алыстан.

2018жыл, 17 қаңтар

КЕШІРІМ

Теоремасы

Сен мені кешермісің?..

Кешір десем,

Кешір, кешір. Көктемен кешірмесең.

Көңілімді күрмеусіз бұғаулаған,

Елесім де сен болдың, есімде сен.

Көңілімнен қойсам ба күн шығарып,

Күн шығарып, аяулы үн шығарып.

Сол ақ нұрдан тояттап тасыр ма едің,

Тасымасаң, мына әлем күрсі, ғаріп.

Кінәлаймыз, несіне, айыптаймыз,

Бағыты бір, бұрылмас қайықтаймыз.

Артығы жоқ, кемі жоқ бір атадан

Таратылған тамырды байыптаймыз.

Мен – жолаушы өмірге, сен – жолаушы,

Кім атымтай жомарт та, кім тонаушы.

Жолаушының азығы жолында деп,

Күндестікті, қайтеміз, құр былаушы.

Қалай мүмкін кешірмеу, тұрса сұрап,

Азат етсін жаныңды қылша қынап.

Мен сүйемін өмірді, адамдарды,

Қанша жылап, тұрсам да қанша құлап.

Талай адам жаныма көшірді мұң,

Кінәладым көп жылдар көшімді мың.

Олар емес, кінәлі өзім екен,

Мен кешірдім…

Сен мені кешір, Күнім!

Кешір, Күнім!


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика